«Мемлекет қаржысы ұқыптылықты талап етеді»

2241

0

Экономиканың басты буыны қаржы-несие саясаты екенін білеміз. Өзім Сыр өңірінде осы салаға жетекшілік жасап, аймақтың гүлдеп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, оның әрбір тиынын көздің қарашығындай сақтай білген белгілі азаматтармен жақын қарым-қатынаста болдым. Жасыратыны жоқ, олардың барлығының бойына дәлдік, жауапкершілік, ұқыптылық пен тиянақтылық тән еді. Барлығына тән осы ұқсастықты соңғы онжылдықтар белесінде аймақтың экономика және бюджетті жоспарлау басқармасын басқарған, қазір облыстық тексеру комиссиясының төрайымы Сәуле Ибрагимқызы Құлымбетованың бойынан байқағандай боламын. Мұндайда осы ұқсастықтың сыры неде деген ортақ сауалдың туындайтыны заңдылық. Сұхбаттың кезекті қонағымен әңгімеміз осы сауалдан басталған еді.

С.Қ: – Мемлекет көп қаржының тағдырын сеніп тапсырған екен, оған аса жауапкершілікпен, әлгі өзіңіздің айтқан ұқыптылықпен қарау біздің төл міндетіміз. Өйткені ол – мемлекет қаржысы. АҚШ-тың ХХ ғасыр басындағы Президенті Теодор Рузвельт: «Біздің халықты Ұлы ететін байлық емес, сол байлықты қан­шалықты тиімді пайдалана білуімізде» деген екен. Біздің маман ретінде көп жағдайда «жоқ» дейтініміз сондықтан. Ақша бөлгенде, әлбетте, барлығын өлшеп-пішіп дегендей, салмақтап алған абзал.

Ж.А: – Қазір Президент мемлекет қаржысын пайдалануға қатысты талапты күшейтті. Бұл орайда, біздіңше, жер-жерде құрылған аудит қызметі қаржыны тиімді пайдаланудың басты буынына айналған сыңайлы. Осы орайда облыстық тексеру комиссиясының төр­айымы ретінде аймақтағы жағ­дайды қалай сараптан өткізер едіңіз?

С.Қ: – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2011 жылғы Жарлығымен аймақтарда тексеру комиссиялары құрылды. Тексеру комиссияның негізгі міндеті – жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асыру. Сыртқы мемлекеттік аудит халықтың өмір сүру жағдайы сапасының серпінді өсуін және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржы ресурстарын басқарудың тиім­ділігін арттыру және заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында жүр­гізіледі.

Мәселен, 2020 жылдың 10 айында 13 аудиторлық іс-шара жүргізіп, онда қаражат көлемі 17,4 млрд теңге болатын (оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі – 49928 млн теңге) 129 нысан қамтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2020 жылы қызметіміздің негізгі бағыты Қызылорда облысына дағдарысқа қарсы іс-шараларға бөлінген 32,8 млрд теңге қаражаттың жұмсалуына аудит жүргізілді.

Жүргізілген аудиторлық іс-шара­лардың қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 11,6 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражаттың іске асырылуын барлық деңгейдегі бюджетте бақылау мен мониторинг жүргізу тапсырмасына сәйкес Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-ші бағытының және «Жұмыспен қам­тудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының» іске асырылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүр­гізді.

Мемлекеттік аудит нәтижесімен 1,1 млрд теңгенің қаржылық бұзу­шы­лықтары, 71 бірлік рәсімдік си­паттағы бұзушылықтар анық­талды. Анықталған қаржылық бұзушы­лық­тардың 40,1 млн теңгесі бюджетке өндіруге, 1 млрд теңгесі қалпына келтіруге жатады.

Мемлекеттік аудит объектілері анықтаған қаржылық бұзушылықтар, жобалау сметалық құжаттамаларының  қойылған талаптарға сәйкес жасалмау салдарынан, қаражат бөлуде әзірленген жобалау сметалық құжаттамада бекі­тілген сома басшылыққа алынбаудан, тапсырыс берушілердің атқарылмаған жұмыс көлеміне қаражат аударуынан, мердігерлердің жобалау құжаттарында белгіленген жұмыс көлемін толық орындамауынан, күрделі сипаттағы шығыстарға жататын жұмыстарды бухгалтерлік есептілікте дұрыс жүргізбеу салдарынан қалыптасты.

Біздің пікірімізше, жалпы Жол картасы бойынша жобаларды іске асыру халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін уақытша арттырғанмен, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге әсер етпейді.

Анықталған қаржылық бұзушы­лықтармен қатар, жұмыс орнын құру  бойынша бірқатар өзекті мәселелер бар. Еңбек ресурстары біліктілігінің еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келмеуіне байланысты жұ­мыспен қамту Жол картасын іске асыру кезінде жұмыс берушілер мәлім­деген бос орындар толтырылмай қалады немесе еңбек заңнамасы бойынша жұмыстан шығарылады. Бұған ендігі жерде жол беруге болмайды.

Әдетте, ревизор мен аудитордың қызметінде қандай айырмашылық бар деген заңды сауал туындайды. Жалпы ревизор ұғымы бұрынғы кезден адамдардың санасына әбден кіріп қалған. Ревизияның мақсаты қаржы-шаруашылық қызметті жүргізуде орын алған бұзушылықтарды анықтап, соған байланысты жауапты лауазымды тұлғаларға орын алған заң бұзушылықтың дәрежесіне қарай тиісті шаралар қолданылатын. Ревизияның қызметі осымен шектелетін.

Ал, кейінгі кезде экономикамызда кеңінен қолданыс тауып отырған бақылаудың түрі – аудит қызметі. Аудит жеке кәсіпорын болсын, немесе экономиканың бір саласы болсын немесе тұтастай бір елдің экономикасын жан-жақты талдап, бағалауға мүмкіндік береді. Мұнда бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар, олардың орын алу себептерін, одан туындайтын салдарларды талдау, қабылданған индикативті көр­сеткіштерге қолжетімділігін, бөлінген қаражаттың нәтижелігі мен тиімділігін бағалау, қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктердің оңтайлы пайдаланылуын анықтау, бизнес-процестегі немесе саладағы жүйелі проблемаларды айқындап, ашу және олардың шешу жолдарын ұсыну бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, аудиторлық есептің негізінде аудиторлық қоры­тынды беріледі. 

Біздің мекеменің атауы тексеру комиссиясы деп аталғанымен, негізгі атқаратын қызметіміз облысымыздың аумағында сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асыру. Яғни, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың жұмсалуының тиімділігін, аймақ экономикасының дамуына, тұрғын халықтың өмір сүру сапасына әсерін бағалау болып табылады.

Ж.А: – Сәуле Ибрагимқызы, облыстың экономикалық есеп-қисаптарына ұдайы зер салып отырамын. Біздің республикадан дотациялы аймақ ретінде көп қаржы алатынымыз неліктен? Оны азайтудың жолдары бар ма?

С.Қ: – Тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, қазіргі таңда Қызылорда облысының барлық аудандары дотациялық күйде өмір сүруде. Бұл дегеніміз аудандардың бюджеттері 80%-ке дейін субвенциялық бюджет болып отыр. Бюджеттеріндегі өз табыстарының үлесі 20%-тен ас­пай отырған жағдайы бар. Бюджет шы­ғыс­тарын облыстық бюджеттен бөлінетін субвенциялар есебінен өтеп отыр.

Біздер өз қызметімізде жыл сайынғы дайындалатын жергілікті атқарушы органдардың бюджетті атқаруы туралы есептеріне қорытынды болып табылатын есебімізде бұл мәселені жан-жақты қарап, талдап, аудан әкімдіктеріне жұмыс бағытын көрсете отырып, ұсыныстарымызды беріп келеміз.

Біріншіден, жергілікті бюджеттің салықтандыру базасын кеңейту жолдарын қарастыру керек деп ойлаймын. Ол үшін, оның бірден-бір көзі болып табылатын нәтижелі еңбекпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту және аудан экономикасына өндірістік жобаларға басымдық бере отырып, сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмыстарды жандандыру қажет.

Екіншіден, мемлекеттік кіріс органымен бірлесіп, салық мәдениетін қалыптастыру керек. Тұрғындар мен кәсіп иелерінің арасында түсін­дірме жұмыстарын жүргізе отырып, салықтан жалтару фактілерін болдырмауға жұмыс атқарылу қажет.

Үшіншіден, бюджет қаражатын тиімді және үнемді пайдалану қағи­дасын басты назарда ұстаған жөн. Бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі екенін естен шығармай, «Көрпеңе қарай көсіл» деген мәтелді есте ұстаған абзал деп ойлаймын.

Ж.А: – Өмір жолыңыз, ұстаздарыңыз туралы не айтар едіңіз?

С.Қ: – Мен сауда саласының маманымын. Кеңес  саудасында бірнеше жыл қызмет атқардым. Кейінірек, дәлірек айтсам, 1997 жылы облыстық экономика басқармасында қызметімді бас маман болып бастап, 2013-2018 жылдар аралығында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында басшы қызметін атқардым, 2018 жылдан бастап тексеру комиссиясының төрағасы қызметіндемін. Шымкент кооператив техникумын, Қазақстан Президенті жанындағы басқару академиясын бітірдім.

Қай салада, қай қызметте болсам да, тәлімгерлерден кенде болғаным жоқ. Алдыңғы буын ағалар мен апалар әрдайым өмірлік, тұрмыстық  еңбектегі жағдайда болсын тәжірибелерімен бөлісіп, аянбай ақыл-кеңестерін беріп отырды. Солардың бірқатарын атайтын болсам, сауда саласында қызмет атқарған кезімде Тәнеш Оразов, Өтежан Жақсыбаев, Раушан Дәукенова, Күміс Махмұтова сынды кісілер болса, қаржы саласындағы қызметімде Камал Шөкенов, Құттықожа Ыдырысов, Қалқазбек Әжібеков ағайлар мен әріптес құр­быларым Балжан Шәменованы, Райхан Ысқақованы айтуға болады.

Осы кісілердің менің кәсіпқой маман ретінде де, азаматша ретінде де өсіп, шыңдалуыма үлкен әсерлері болды, олардың қамқорлық таңытқан сәттері әркез көз алдымда, жүрегімде сақталып тұрады. «Жақсының жақсы­лығын айт, нұры тасысын», дейді дана халқымыз. Мен де өзімнің балаларым мен немерелеріме, әріптес іні-сіңлілеріме ұстаздарымның өмірлік жолын, атқарған ізгілікті істерін ортаға салып, үнемі айтып отырамын.

Әрине, мен үшін ата-анамның берген тәлім тәрбиесінің жөні бөлек. Бұл орайда теміржолда ұзақ жыл қызмет атқарып, өмірден ерте озған Ибрагим әкемнің, ғұмыр бойы бухгалтерлік қызметін абыройлы атқарған Базаркүл анамның маған деген сүйіспеншілігі аса қымбат екенін атап өткім келеді. Бұл жалғанда адамдарға артына қалдырған ізгі іздерінен басқа ақша да, сенімен жақындасқысы келетін басқа да әртүрлі пиғылдағы адамдар да опа бермейді. Мен ата-анамнан осы қағиданы өмір бойы бойыма сіңіріп өстім…

Әңгімелескен

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<