Нұрлыбек Жолдасбаев: «Инвесторлардың ауылға деген көзқарасы өзгеруі қажет»

2216

0

Нұрлыбек Қалжатайұлы Жолдасбаев – Сыр аймағына белгілі есім. Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының Сыр өңірінен шыққан санаулы түлектерінің бірі. Жастайынан ел басқарып, ат үстінде жүрді. Бастапқы еңбек жолын айтпағанда туған ауылы «Мәдениет» кеңшарының директоры, аудан әкімінің орынбасары, Жалағаш, Жаңақорған аудандарының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, облыстық бірнеше басқарма басшысы мен департамент тізгінін ұстаған айтулы азамат. Қазір зейнеткер.

Белгілі тұлғамен арадағы бүгінгі сыр – сұхбатымызда мемлекеттің ауыл шаруашылығына қатысты саясатының өзекті мәселелері арқау болады.

Ж.А: – Нұрлыбек Қалжатайұлы, алдымен әңгімемді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда ғана қозғаған өзекті мәселесінен бастағым келеді. Президент санаулы күндер бұрын реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысын өткізіп, бүгінгі таңда биліктегі азаматтардан тың тәсілдер мен тиімді шешімдер күтетінін, мұндай сәтте жо­ғары кеңестің маңызды роль атқа­ратынын атап көрсеткен болатын. Ойыңызды біршама жүйеге түсіру үшін мына мәселені есіңізге сала кеткім келеді. Сол жолы Президент берілетін бастапқы мәліметтердің қа­тарында, әсіресе ведомстволық ста­тистикада түйткілді мәселелер барын айтты. Соңғы уақытта Мемлекет бас­шысы статистика төңірегінде жиі әңгіме қозғайтын болды. Қалай ойлайсыз, экономикада цифрлардың ат­қаратын маңызы ерекше екенін ес­керсек, Президент көп нәрсеге кө­ңілі толмайтынын сездірген сыңайлы. Ол кісі нені меңзеп отыр? Әңгімемізді алдымен Сырдың басты дақылы – кү­ріштің жай-күйінен бастасақ деймін…

Н.Ж: – Бұл – өзі үлкен, жан-жақты қырынан қозғауға тура келетін мәселе. Дұрыс айтасыз, өздеріңізге мәлім, Президент халыққа арнаған Жолдауында стратегиялық жоспарлау жөніндегі кеңес құру туралы мәселе көтерген болатын. Сол Жолдауда статистикаға мән бере отырып, саланың өзіне тікелей бағынышты болатыны туралы айтқаны  есіңізде шығар деп ойлаймын.

Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Әлем өзгеріп жатыр. Ендігі жерде әрбір жасаған қадамымызға байыппен қарау маңызды шарт болып табылады.

Сауалыңыздың соңғы бөлігінде күріш төңірегінде айттыңыз. Рас, күріш – өңірдің басты дақылы. Тіпті елдің күнкөрісі, таяу болашақтың тағдыры ауылдағы осы дақылдың әкелетін табысына байланысты болады. «Мәдениет» кеңшарында дирек­тор болып жүргенімде қоғам­дық формацияның өзгеруіне орай ауылдағы жекешелендірудің алғаш­қы кезеңінің талаптарын жүзеге асырған басшының бірімін. Ауыл­дағы суармалы, жайылымдық және инженерлік жүйеге келтірілген жер­лерді тұрғындарға үлесіне қарай бөліп бердім. Кейін не болды дейсіз ғой? Айтуға, ой қорытуға кейде санаң жете бермейді. Қызмет бабымен ұзақ жыл сыртта болдым. Зейнетке шыққан соң елге бардым. Жердің бастапқы иесі кім екенін анықтау мүмкін емес, барлығының берекесі кеткен. Жер қолдан қолға өткен. Ақыр соңында инвесторларға сенімді басқаруға берілген. Жердің кейінгі иелері банктерден несие алуы үшін оны кепілдікке қойған, қысқасы, саяси тілмен айтқанда жаппай анархия!

Жуырда Сырдария ауданындағы Тоқмағамбетов атындағы ауылда не болғанынан хабардарсыз деп ойлаймын. Жердің шынайы иесі кім? Міне, бұл бүгінгі таңда ел үшін маңызды сауал. Инвестор ауылға қандай игілікті шара істеді? Келісім шартта не көрсетілген? Жер бастапқы иелерінен кейінгі қожайындарға қалай өткен? Шын мәніне келгенде осының барлығы сот арқылы шешіледі. Айталық, бастапқы жер иелері бүгінде өмірден озған делік. Оның балалары немесе заңды мұрагерлері сол жерге иелік етуі тиіс. Осылардың барлығы бізде тек сот арқылы ғана шешіледі.

Өкінішке орай, елде бүгінге дейін осының барлығы заң жүзінде реттелмеген. Мемлекеттің өзіндік талабы бар. Егер жер иелері оны өз мақсатына пайдаланбаса, бел­гілі мерзім өткен соң, мемлекет өз меншігіне алып немесе басқа тұлғаларға беруі тиіс. Әңгіме талап бойынша егіншілік  мәдениетін сақтау, басқаша айтқанда, ауыспалы егіс тәртібінің орындалуы туралы болып отыр. Оның заңдылығын тексеретін, шешім шығаратын тиісті инспекциялар бар.

Президент тұжырымдамасында айт­қандай, көп түйткілдің түйінін тар­қататын мезгіл әлдеқашан пісіп жетілді. Біз қазір нарық заңымен жұмыс жүргізуге дағдылануымыз керек. Ауылдағы әртараптандыру мін­деті қойылған екен, ол орындалуы қажет. Жалған мәліметтерді қағаз ғана көтереді. Біз тіпті көтеріңкі цифрлар қуалап, күріштің әр гектарынан жаппай 60 центнерден өнім алдық дегенге дейін барып жүрміз. Елде осыншама өнім алатын жекелеген звено жетекшілері бар. Бірақ олар некен-саяқ. Негізінен күріштен алынатын өнім 40 центнерден көп аспайды. Жұмысты тиімді ұйымдастырса, осының өзі жеткілікті. Қазір мемлекет күрішке қатысты субсидия беру көзқарасын өзгерте бастады. Көктен жауып жатқан қаржы жоқ, бюджет тапшы, бізге осыны түсінген абзал. Осы орайда, айта кетейін, әкімдердің рейтингін белгілеу кезінде ауыл шаруашылығы өнім­дерінің молшылығына қа­рай бағалау критерийлері бар. Осыдан түпкілікті ары­луымыз керек. Міне, статистика сонда ғана жөн­ге түседі. Бұл дегеніңіз байыпты стратегиялық жос­парлаудың алғышарты болып табылады. Прези­денттің бастамасымен атал­ған мәселеде оңды жа­ғына қарай көзқарас қалып­тасып жатыр. Бұған тек қуануымыз керек.

Ж.А: – Ойды ой қоз­ғайды. Кешегі Кеңес Ода­ғының соңғы жылдарын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Дәл есімде жоқ, шамасы, 1989 жыл болуы керек, Кеңес Премьері Николай Рыжков халық депутаттары алдында баяндама жасап, экономикадағы берекесіздіктің жәй-күйін жайып салды. Баяндамада ауыл шаруашылығы өнімдері өңделмей, қоймаларда іріп-шіріп жат­қанын, қағазда көтеріңкі цифр­лардың өріп жүргенін қынжыла айтқан еді. Сонда қалай? Нарықты игере алмай, сол сүрлеуге қайта түскеніміз бе?

Н.Ж: – Міне, көрдіңіз бе, біздің сырқатымыздың түп-тамыры қайда жатқанын? Бірақ ол келмеске кетті. Жоспарлы экономика өтірікті көтере алмады. Ақыры қожырап, тігісі сөгіліп, құлап тынды. Біз қазір нарық жағдайындамыз. Ел ағаларынан бастап, қатардағы шаруа осыны мықтап жадынан шығармауы керек деп ойлаймын. Нарық экономикасының 300 жылдық тарихы бар. «Көш жүре түзеледі« деген емес пе, бүгінгі жақсы қадамдар оңды нәтижеге жеткізетініне сенімдімін.

Ж.А: – Жаңа ауыл инвесторла­рының жауапкершілігі туралы әң­гіме қозғадыңыз. Бізде барлығы сон­шалықты эгоист емес шығар деп ой­лаймын. Елді көркейтіп, берекесін асы­рып отырған азаматтар да аз емес…

Н.Ж: – Сізбен келісемін. Жа­лағаш­тағы «Байтабын», «Таң» ша­руа­шы­лықтарының төрағалары – ел­­­дің игілігін арттырып жатқан аза­мат­­тар. Елімізге белгілі еңбек ері Абзал Ералиевті алыңыз. Мадақ­тау да, мақтау да оларға орынды берілген. Барлығы бірдей емес, әрине. Көктемде төрағаларға қарызға ақша беріп, күзде өнімдерін сыпырып алып кететіндер аз емес. Тіпті қатардағы шаруа олардың «есептерінен» мүл­дем бейхабар. Елдің есебінен байып жатқан төрағаларды да білемін. Қазір жастардан механизатор таппайсыз. Нан табу қамымен қала­ларда жүр. Елде жағдай жақсы болса, туған жерінде қалар еді ғой. Ал Қазақстан халқының 40 проценті ауылда тұратынын ескерсек, бұл – үлкен түйткілді мәселе.

Ауылдағы звено жетекшісі мау­сым кезінде айына 70 мың теңге жалақы алады. Жылға шаққанда 35 мың теңгеден келеді. Механизаторлар да, басқалары да сондай жалақымен жүр. Қазір нарықта күріштің бағасы – сонау жоспарлы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Әңгіме табыстың әділ бөлінуіне қатысты болып отыр ғой. Елдегілер жерін инвесторларға сенімді басқаруға беріп, өзінің адал жалақысын ала алмайды. Бұл жерде әлгі пысық инвесторлардың әлеу­меттік жауапкершілігі жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз. Міндет­теме шарттары жасалмаған. Жасалғанның өзінде орындалмайды. Осының барлығын елдегі ағайынның заңды білмейтін,  өз мүддесін қорғай алмайтындығынан көремін.

Ж.А: – Айта беретін атакәсіптің жай-күйіне тоқталсақ. Мемлекеттік қолдау жеткілікті беріліп жатыр. Бірақ нарықта әлі қымбатшылық. Мал басы артып жатқанын білеміз. Жағдайдың түбегейлі жақсарып кетуіне не кедергі деп ойлайсыз?

Н.Ж: – Соңғы жылдары мал басы өсті. Бұған тек қуануымыз керек. Бірақ Cыр өңірінің өз ерекшелігі бар. Суармалы егіншілікте, әдетте, мал өнімдерінің өзіндік құны қым­батқа түседі. Солтүстік, Батыс өңір­лерде жауын-шашынмен өсетін да­қылдар бізде суармалы егін­шілікке күні қарап отыр. Соңғы жыл­дардың көлемінде жоңышқаның бір пресі екі есе қымбаттады. Менің тә­жірибемнен көңілге түйгенім, Қы­зыл­орданың жағдайында бізге жо­ңышқа, жүгері сияқты мал аз­ғындық дақылдарға мемлекеттен  жеткілікті субсидия бөлінсе, құба-құп болар еді.

Мемлекет малға көп көңіл бөлуде. Өзіңіз білесіз, миллиардтаған тең­ге субсидия беріледі. Әңгіме оның қаншалықты әділ бөлінуіне қатысты болып отыр. Соңғы жылдары Үкі­мет бұл саладағы ақша бөлу­дің қан­шалықты тиімді және тиімді емес­тігіне назар аудара бастады. Кезінде ақша молынан берілді. Қазақстанның бюджеті негізінен мұнайдың баға­сына қатысты болғандықтан ши­кі­­зат нарығы өскенде жаппай тең­­гер­­мешілікке жол беріліп, жал­пақ­ше­шейлікке барғанымызды жасыр­­­ғым келмейді. Соңғы уақытта талап өзгерді. Енді үнемдеу саясатына көбірек көңіл бөлінетін болады. Өйткені уақыт басқа талаптарды алға тартуда.

Ж.А: – Үлкен қызмет жолдарынан өттіңіз. Өткен жолыңызға, тағдырыңызға ризасыз ба?

Н.Ж: – Ертеректе бір данышпан: «Аспанға қол жайып біреуді айыптамадым, төменгі істермен айналысып жоғарыға жеттім», – депті. Сол сияқты өмірімнің барлық жолында тындырған, тындыра алмаған істеріме шүкіршілік жасадым. Тағы бір ұлы адам  айтқан «Бақыт күле қарап тұрған адаммен тайталасуға болмайды» деген ұстанымды өмірі­нің кредосы деп түсіндім. Өзің жақсы болсаң, өзге жұрт сыйлайды, құрметпен қарайды.  Конфуцийден «басқарудың мәнісі неде? – деп сұрапты. Сонда ол «патша – патша, құл – құл, әке – әке, ұл – ұл болса, басқарудың мәнісі осы» деп жауап беріпті. Зейнетке шыққан соң соңғы қызметте көп отырмай кетуге арыз жаздым. Ешкім арыз жазуға зорлаған жоқ, таңырқасты. Менің пайымдауымда, әркімнің өз орнында өз қызметімен айналысқаны абзал. Әр саланың өз маманы болуы керек. Соларға сүйенгенде жақсылыққа жетуге болады. Қаланың сыртында мал ұстап, бие сауып дегендей өзіме де, өзгеге де сауапты тіршілікпен айналысып жатқан жайым бар. Сауапты дейтінім, кешегі  пандемия кезінде бірқатар науқастарға тегін саумал тараттым. Ел ризашылығын алдым. Меніңше, осыдан артық қандай бақыт болуы керек?

Тағдырыма ризамын.

Әңгімелескен

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<