Қабылбек ҚЫСТАУБАЕВ: «Облыстың өнеркәсіптік әлеуеті әлі де зор»

2052

0

Біз Сыр өңірінде алғашқы рет мұнай кәсіпшілігінің өз өндірісін қалай бастағанын, оның бастауында кімдер жүргенін жақсы білеміз. Алдымен сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Еркін Әуелбековтың, одан кейін басшылық тізгінін ұстаған Сейілбек Шаухамановтың Мәскеу кабинеттерін жағалап, аграрлық аймақты өнеркәсіптік өлкеге айналдыруға деген орасан күш-жігері көп ұзамай жемісті нәтижеге жеткізді. «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінен оңаша шаңырақ құрып, Қызылордада құрылған «Оңтүстікмұнайгаз» мұнай өндіру басқармасы Құмкөлде вахталық қалашықтың іргесін қалап, Сырдың қойнауынан алғаш рет мұнай тасқыны атқылады. Сол алғашқы қадамдардың сәтті жасалуы бүгінде елдің берекесін арттыруымен бірге бюджеттің де кіріс көзін молайтуға едәуір негіз қалады.

Мұнай алқабын игеру қалай басталды? Бүгінде әлемде шикізат өндіруге деген көзқарас өзгере бастаған күрделі уақытта біз үшін мұнай-газ өндірісінің келешегінен не күтеміз? Бұл тұрғыда Сыр өңірінің әлеуеті қандай? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін газетіміздің «Сыр сұхбат» айдарымен беріліп жатқан мақалалар топтамасының кезекті қонағына сөз беруді ұйғардық. Ол – Қабылбек Қыстаубаев, мұнай саласының білікті маманы, бірнеше рет аты өзгерген департаменттерді ширек ғасырға жуық басқарған, қазір ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы.

Ж.А: – Қабылбек Қыстаубайұлы, дәл күні есімде қалмапты, бірақ кешегі «Ленин жолы»,  бүгінгі «Сыр бойы» газетінің тілшісі ретінде сіздермен, яғни Құмкөлдің алғашқы қарлығаштарымен сол 80-ші жылдардың соңғы жыл­дары жүздескен болуым керек. Вахталық қалашықта шетелдік қоныс үйлерді көріп таңырқастық. Мұ­найшылардың еңбек тынысымен танысып, оларға жасалған жағдайдың, қамқорлықтың сонша­лықты керемет екенін сезіну бақыты бізге бұйырыпты. Бақыт дегенім, жүгірген жабайы аң мен ұшқан құстан басқа тірі пендені көрмейтін маңғаз  далада осындай ғаламат тіршілік жасауға болады деген қиялдың өзіне  сыймайтын шаруа ғой…

Қ.Қ: – Таңырқауыңыздың жөні бар. Бұл Сыр өңірінде бұрын-соңды болмаған жаңа сала еді. Ал мұнай кәсіпшілігінің қыры мен сыры сол кезде Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән болғандықтан, бізге алғаш танысып, білісуге келгендердің барлығы осындай көңіл-күй сезімінде болатын.

Ж.А: – Сіздің Сыр тумасы екеніңізді білемін. Халық ұғы­мында жалпақ тілмен айтқанда, Құмкөлге шамасы, бұрынғы мұнай өлкесінен келген болуыңыз керек…

Қ.Қ: – Қазалы ауданының тумасымын. Нақтысы – Ғани Мұратбаев ауылынанмын. Шым­кенттегі химия-технология инсти­тутының мұнай өңдеу факультетін химик-технолог инженері маман­дығы бойынша бітірдім. Оқуды бітірген соң жолдамамен «Ақтөбемұнайгаз» өндірістік бір­лестігінің Кеңқияқ кенішінде еңбек жолымды бастадым. Қы­зылордада мұнай кеніші ашылып, осында шақырылғанда 7 жыл тәжірибе жинақтаған маман еке­німді ескерген болуы керек, Кеңқияқтағы соңғы қызметім цех бастығы болатын. Өздеріңізге мәлім, «Оңтүстікмұнайгазға» Маң­ғыстаудан Мұрат Саламатов басшы болып келді. Құмкөлдің алғаш қазығын қадағандар қатарында Х.Исаханов, Ш.Тілеу­берген, С.Жұманов, Е.Бергенбаев, тағы басқа білікті мамандар болды.

Ж.А: – Сол уақыттағы оқиғаларға қысқаша шолу жасасақ, ғасырға татитын кезеңдер әп-сәтте көз алдымыздан бұл-бұл ұшқандай болды ғой. «Оңтүстікмұнайгаз» өнім бере бастаған сәтте Кеңес жүйесі ыдырады. Шаруашылықтар күйреді. Әлеуметтік салада ауыр жағдай қалыптасып, жалақы, зейнетақы кешікті. Оның соңында «Оңтүстікмұнайгаз» шетелдіктерге сатылды дегендей…

Қ.Қ: – Бұл – енді үлкен сая­сат. Қаншалықты дұрыс не­месе бұрыс болды дегенге келе­тін болсақ, тоқсаныншы жыл­дардың алғашқы және соңғы кезегінде Қазақстандағы ауыр эко­номи­калық жағдайды шетелдік қаржы  институттары өздеріне тиімді етуге ұтымды пайдаланды. «Оңтүс­тікмұнайгаздан» алған өнімдері үшін барлығы қарыз болды. Алыс-беріс бартерге ұласты. Біз капиталистік экономиканы таңдаған екенбіз, соның заңымен өмір сүруіміз керек. Банкроттың алдындағы мұнай өндірісі сатылды. Басқаша жол болды ма? Бұл сауалдың жауабын тарихтың еншісіне қалдырайық…

Ж.А: – Әңгімемізді түйіндесек, халықаралық валюта қорының та­лаптары бойынша біз нарық заңымен жүруіміз керек болды ғой. Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәйекті, сыңдарлы сая­саткер ретінде қалыптасқан жағдайдан оңтайлы жол тапты. Кейін халықаралық рынокта мұнай бағасы көтерілді. Жергілікті жерде шетелдік компания өзіне жүктелген әлеуметтік міндеттемелерді тиім­ді жүзеге асыра бастады. 2003 жылғы Жолдауда Қызылорда қаласын газдандыру қажеттігі атап көрсетілді. Көп ұзамай ол қарқын алды. Электр жарығын өндіретін газ турбина стансасы пайдалануға берілді. Бір-екі жылдың ішінде облыс орталығындағы 900 көп­қабат­ты үй, жеке сектор газға көшірілді…

Қ.Қ: – Бұл үлкен әлеуметтік саясат әлі жалғасып жатыр емес пе? Аудан орталықтары газға көшуде. Жекелеген ауылдар дегендей… Ал сіз білуіңіз керек, біздегі шетелдік мұнай компаниялары кейбір жылдары экологиялық талаптарды орындамағаны үшін бюджетке миллиардтаған теңге айыппұл төледі. Оған халық игілігі үшін әлеуметтік нысандар салынды. Жолдар пайдалануға берілді.

Ж.А: – Облыс әкімі Икрам Адырбековтың кезінде айыппұлдан түскен қаржыға балалар спорт мектебі, автомобиль жолдары салынды. Қалай болғанда да осының барлығы мұнайшылар есебінен бол­ғандықтан, жақсы нәрсені көрмей кетуге болмайды. Дегенмен, бізді бүгінгі жағдай алаңдатпай қоймайды. Үлкен мінберлерде, Президент тұжырымдамаларында экономиканы әртараптандыру туралы айтылуда. Пессимистік көз­қарастағылар тарапынан тіпті «мұнайдың күні бітті» деген де пікір бар. Сіздің маман ретінде бұған көзқарасыңыз қандай?

Қ.Қ: – Өмірде ешқашан асығыс, үстірт болжам айтуға болмайды. «Қара алтынды» керексіз деу немесе оның бағасы төмендейді деген пікір айтуға әлі ерте. Барлығын сұраныс пен ұсыныс реттейді. Әлемде барлығы бірдей әп-сәтте жоғалып кетпейді. Мұнай сияқты дәстүрлі отынның өмірі әлі ұзақ.

Ж.А: – Ойыңызды сабақтай түсейін. Жуырда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Біз қаласақ та, қаламасақ та, мұнай-газ өндіру саласымен айналысуды жалғастыруымыз керек. Себебі, экономикамыздың мұнайға тәуел­ділігі әлі де жоғары және бірден осы саладан бас тартып, өңдеуші өнеркәсіпке ауыса алмаймыз.

Сондықтан, жұмыс істеп тұрған кен орындарының сар­қыл­ғанын ескере отырып, біз жаңа кен орындарын барлау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс істеуді жалғастырудамыз. Осы жылдың өзінде «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық барлау жұмыстары басталды, бұған 700 млн теңге бөлінді. «Оңтүстік Торғай» және «Сырдария» бассейндері де мұнай-газ перспективасы болып саналады. Осы 3 шөгінді бассейнге алдағы 3 жылда 11 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Саутс ойл» ЖШС қосымша 23 ұңғыма бұрғылау арқылы мұнай өндіруді ұлғайтуды ұйғарды, «Қазгермұнай» БК» ЖШС да осы бағыттағы жұмыстарды бастауды жоспарлап отыр. Келесі жылы барлық көздер есебінен мұнай өндіру саласын дамытуға шамамен 150 млрд теңге, оның ішінде жаңа ұңғымаларды бұрғылауға көп қаржы салу жоспарланып отыр» деді. Осы айтылғандарды қалай бағалайсыз?

Қ.Қ: – Міне, көрдіңіз бе, әртараптандыру, өңдеу саласы өз алдына, бізге қазір шикізат саласынан өзімізді мүлдем алыс ұстауға болмайды. Ол қазір Қазақстан бюджеті кірісінің 40 процентін құрайды. Осы кірістің үлесін басқа салаларға қарай бұру – бұл енді басқа әңгіменің тақырыбы. Есіңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев елімізде геологиялық-барлау жұ­мыс­тарының көлемін ұлғайту керектігін айтты. Мұнай, газ, уран, алтын, бағалы металдар қоры Сыр өнеркәсібінің әлеуеті зор екенін айғақтайды. Демек, облыс әкімінің әлгі сіз айтқан бағдары қолдауға лайық. Мүмкіндігіміз көп.

Экономиканың табыс көзі салықтан құралады. Мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардан тү­сетін салықтан Ұлттық қор құры­лады. Пандемия кезіндегі дағ­дарыстан бізді сол Ұлттық қор қаржысы құтқарып қалды. Ал экономикада өнеркәсіптік әлеует қашаннан біздің тұрмыс деңгейімізді айқындайтын буын бо­лып қала береді.

Ж.А: – Сізді әріптестеріңіз қызметте, өмірде адамгершілік ұстанымыңыз жоғары азамат ретінде құрметтейтінін білемін. Облыстағы мұнай-газ, уран, басқа да көптеген кен орындарында, жылу орталығында, құбырларда соңғы жылдары төтенше жағдайлардың орын алмауының себептерін сіз басқарған департамент маман­дары­ның тиянақты, білікті қызметінің ықпалы деп түсінеді. Сөз соңында отбасыңыз туралы да айтып өтсеңіз.

Қ.Қ: – Әкем Қыстаубай 40 жыл колхозда ферма меңгерушісі болды. Әрдайым «балам, қызметте ұқыпты, тиянақты болсаң, өмір сені алға жетелейді» дегенді жиі айтып отырушы еді. Мен салада 40 жыл, оның ішінде департамент басшысы ретінде 25 жыл қызмет атқардым. Мұнайшы екі ұлым мен екі қызымды әке өсиетімен тәрбиеледім. Жұбайым Ұлзия – зейнеткер. Міне, зейнет жасына да келіп қалдым. Сол тиянақтылық қызметте көп пайдасы тиді. Бәлкім, тағдырдың маған бұйырған сәттілігі шығар…

Әңгімелескен

 Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<