Сапалы дүние ғана сапта тұруы керек

1403

0

Қазақтың саз өнерін насихаттап, оның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Рамазан Таймановтың қазақ композиторлары арасында шоқтығы биік. Мәдениет майталманының талай әні жүрек пернесін дөп басып, тыңдарманның көңіл түкпіріне терең орнықты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнердің өз өкілімен өзара әңгімеде негізінен отандық шоу-бизнестің қордаланған мәселелерін тілге тиек еттік.

– Мәжіліс жуырда мәдениет саласына қатысты заң жобасын мақұлдады. Жобаның фонограмма туралы тұсы қоғамда қызу талқыланды. Осыған байланысты ойыңызды білсек…

– Фонограмма неге керек? Әуелі соған тоқталайық. Кеңес үкіметі тұсында оны телевизиялық түсірілім кезінде дауыстың сапалы жазылуы үшін ғана пайдаланып келді. Екіншіден, ол уақытта фонограмманы қазіргідей кеңінен қолданатын техникалық мүмкіндік болған жоқ. Жас кезімізде талай әншінің сахнада жанды дауыспен ән айтқанын көргеніміз рас. Мәжілісте талқыланған мәселе осыған саяды. Көпшіліктің қалауы – фонограммаға тыйым салу. Алайда, оған халық та, әншілер де дайын емес. Ол үшін вокалды аспаптар ансамбльдері сахнаға қайта оралуы тиіс. Кеңес заманында Ескендір Хасанғалиев, Роза Бағланова секілді қас таланттардың даусы радио мен телевидениеге симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жазылып жіберілетін. Өздері сахнада табиғи дауыста өнер көрсететін. Өйткені әлгіндей оркестр әншілермен ілесе жүрді. Қазіргі эстрада өкілдеріне бүгін-ертең фонограммадан қол үзу қиын. Неге? Дайын тұрған оркестр жоқ! Оның орнына уақытша болса да минусовканың көмегіне жүгінген жөн. Минусовка деп отырғанымыз – әннің мбаппасы. Ал телевизиялық жобалар сапалы шығуы үшін бәрібір фонограмма керек.

– Жанды дауыста ғана ән айту керек болса, эстрадада әншілердің қанша проценті қалар еді?

– Шамамен 60-70 проценті сахнаға шыға алмай қалар еді. Нағыз өнер иелерін халық таниды. Кеңес үкіметі кезінде әншілер саусақпен санарлықтай ғана болды. Себебі көркемдік кеңестің сынынан өту дегенің оңай емес. Оркестрден қалып қойса немесе озып кетсе, «бара бер!» дейтін.

– Бір кездері атақты Шәмшінің өзін қатты қобалжытқан көркемдік кеңес бізге де керек сияқты. Әйтпесе, қазақ эстрадасы сыннан көз ашпай келеді. Мәні жоқ ән, өлексе өлең қаптады….

– Керек. Міндетті түрде. Көркемдік кеңес қара өлеңнің өзін басылымға жариялауға болады-болмайды деп сұрыптап беретін. Осының арқасында сапалы дүние ғана сапқа тұрды.

– Оның сүзгісінен сіздің әндеріңіз өткен бе еді? Кеңес жұмысының шетжағасын көрдіңіз ғой…

– Кеңестің қатаң іріктеуінен жеті-сегіз туындым өткен. Олардың қа­тарында бойтұмарым саналатын «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген әнім бар.

– Хайп қуған эстрада өкілдері пайда болды. Атақ шығару неге арзандап кетті?

– Оның ғұмыры ұзаққа бармайды. Осы орайда ақын Фариза Оңғарсынованың:

«Талантты болу қауіпті

Талантсыздардың ішінде» деген шумағы есіме түсіп отыр. Бірақ уақыт өзі бәрін елеп-екшейтінін ескеруіміз керек.

– Той-бизнесті шоу-бизнестен бөліп қарау тойшыл қазақ үшін қаншалықты орынды?

– Бір ғана айтарым, әншілер үшін де, тыңдарман үшін де той мен сахна әнінің еш айырмашылығы болмай қалды. Бұл – қазақ өнеріне жасалған қастандық дер едім.

– Әнді сату әбестік емес. Сіз жаз­ған дүниелердің ішіндегі қымбаты қайсы?

– Кез келген еңбектің өтеуі болуы тиіс. Бұл шариғатта да бар. «Құлдың ақысын маңдай тері кепкенше бер» дейді. Менің де әндерімнің ішінде жоғары ақы төленгендері бар. Бірақ оны тәптіштеп айтудың не қажеті бар?!

– Отандық эстрадада әнге жиендік жасау қалыпты жағдайға айналған сияқты. Сонда бізге сазгер жетіспей ме, қалай?

– Әндердің көпшілігі – плагиат. Айналып келіп өзімізді мақтаймыз тағы. Мәнді де мағыналы, тағылымды да салмақты дүниелер шығарған композиторлардың көшін вальс королі Шәмші бастайды. Оның ізін жалғаған тәуір композиторлар аз емес. Облыстан оның қатарына Сәбит Ұлықпанұлы, Талғат Нағашыбаев, Алтын Бекен­ова сынды іні-қарындастарымды қосар едім. Алайда бұл жерде мәселе тыңдарманның талғамына келіп тіреледі. Адамдардың көбі қазір жедел ырғақты жеңіл әнге үйір. Сұранысқа сай арзанқол ән айтушылардың наны да, дәурені де жүріп тұр. Маған «той әнін шығарып беріңізші» деп келетіндер бар. Ол үшін көп уақытым кетпейді. Бірақ ұятым жібермейді. Мәтініне қатты мән беретін болған соң да шығар, әндерім өте көп емес.

– Демек, қара өлең мен ұйқастан бейхабар болмадыңыз ғой…

– Алматыда Құдайберген Қазыбеков есімді ақын болды. Марат Омаров, Марат Ілиясовтар орындап жүрген әндердің көбінің сөзін жазған. Мықты ақын. Бірақ танымал емес. Әннің мәтініне көңіл бөлуді сол кісіден үйрендім. Кейін авторлармен өзім сөз таластырып отыратын болдым. Гүлнұр Оразымбетованың бағын ашқан «Қорқыт-Қобызды» ақын Оңталап Нұрмаханов жазды. Алтыншы нұсқасын ғана ұнаттым. «Азия» тобының орындауындағы «Сыр-Ана» атты әнім үшін Шаһизада Әбдікәрімов жеті-сегіз рет қағаз шимайлаған.

– Пьесаларда да қолтаңбаңыз қалған көрінеді. Сол туралы айтып беріңізші…

– 1998 жылы Қазақстанның халық артисі, режиссер Ерғали Оразымбет­ов «Қыз Жібек» операсының бірінші актісіне фонограмма жазуды сұрады. Соған жарты жыл уақыт жұмсадым. Кейін облыстық театр режиссері Хұсейн Әмір-Темірдің сұрауы бо­йынша тағы бірнеше спектакльді әнмен әрледім. Сол қойылымдарды шығармашылық ұжым өнер додаларында сахналағанда театр сыншысы Әшірбек Сығай музыкасын жоғары бағалапты. Кейін марқұм Әшірбек ағамен кездесудің сәті түсті. Мені «ғұламам» деп атап, төбем көкке бір елі жетпеген еді.

– Композитор болмағанда кім болар едіңіз?

– Оқушы күнімде ән айтуға әуестігім байқалған. Қызылордаға келген соң ансамбльдің сүйемелдеуімен төрт жыл бойы қалалық паркте өнер көрсеттім. Айлық жалақым – алпыс сом. Бірақ қырық жыл бұрын суықтан даусыма зақым келіп, одан біржола қол үзуге тура келді. Ал бала күнгі арманым шопыр болу еді.

– Сазгерлік өнерге қалай келдіңіз сонда?

– Қызылорда политехникумын бітірген соң су инженері болып бес жыл еңбек еттім. Сонымен бір мезгілде вокалды аспаптар ансамблінің жұмысымен айналыстым. Бір күні кәсіптік училищеге шақырып, сонда мұғалім боп орналастым. Онда өткізген жеті-сегіз жылда екі ансамбль құрып, ауыл-ауылды аралап, дарынды жастарды іздедік. Нәтижесінде жігіттер мен қыздар ансамбльдері пайда болды. Соның бірі Алматыдағы республикалық байқауда топ жарып, мерейімізді тасытты. Бүгінде есімі елге танымал әнші Жеңіс Ысқақованы да өнер жолына осылай бағыттағанмын. Он жыл комбайн айдадым. Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледжге отыз бір жасымда оқуға түсіп, оны бітірген соң бір жылдай симфониялық оркестр құрамында жүрдім. Ауылыма оралып, өңірдің мәдени өркендеуіне үлес қостым. Соның қайтарымы ретінде бүкіл атақ-марапатты алдым. Ең бас­тысы, талай жас таланттың тынысын ашып, томағасын сыпырдым.

– Иә, киелі Сыр топырағынан шыққан талай әнші сізді ұстаз тұтады…

– Олардың қатарында Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, Руслан Садықов, Нұрболат Сейітмұратов, Алмас Кішкенбаев, Тахауи Рахмет­ов және тағы басқалар бар. Қазіргі күні әнге әуес балаларға Бағдагүл Есмұрзаева қарындасым екеуміз бірге жол көрсетіп келеміз. Бұл жерде жыр елі – Сыр елінен шыққан мөлдір бұлақтардың көзін ашып, өнер айдынында жүздірген Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, марқұм Қаракөз Ақдәулетованың еңбегін айтпасқа болмайды.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Көп жыл бұрын Қызылордада өткен айтыстар, одан бөлек жыраулардың даусы басылған дискілерді таптым. Облыстық радио жабылғанда олар қажетсіз болып қалса керек. Ендігі ойым – соларды іріктеп, зерттеп-зерделеу.

– Сөз соңында тойханаларды жауып, тойды өткізу форматын өзгерту керек дегенге байланысты пікіріңізді білсек…

– Тойдың форматын ауыстыруға келісемін. Арнаумен ашылып, жыр-терме, халық әндері көбірек орындалып, ұлттық салт-дәстүрге негізделсе, қазақы иіс аңқып тұрар еді.

– Карантин тұсында көптеген мәдени шара онлайн түрде өтті. Әлеуметтік желінің мүмкіндігін сіз қалай пайдаландыңыз?

– Карантин кезінде өнер және мәдениет саласының қызметкерлері қарап қалған жоқ. Онлайн түрде өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оған өзіміз де хал-қадірімізше араластық.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<