«Сыр елі индустриалды-аграрлық өлкеге айналды»

3592

0

Ел сенімін арқалаған депутаттардың жұмысына баға беретін халық. Сайлауға дейін берілген уәденің орындалуы, көкейтесті мәселелерге үн қосу, елге етене болу – әрбір депутаттың міндеті.

Облыстық мәслихат депутаты, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қайрат Ерназаровпен сұхбатымызда осындай жауапты міндеттің қыр-сыры мен өңірдегі өзгеріс туралы сөз қозғаған едік.

– Қайрат Шаршыбекұлы, халық қалаулысы ретінде кейінгі уақыттағы қоғам тынысына қандай ой-пікір қосар едіңіз? 

– Жалпы  депутат – халықтың биліктегі сенімді өкілі.  Сондықтан өзіме артылған сенім мен жауапкершілікті ешқашан естен шығарған емеспін. Облыстық мәслихат депутаты болу одан әрі шыңдалуыма және халықпен етене жұмыс жасаудағы тәжірибемнің артуына үлес қосуда.  Қазіргі кезде халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, жауапкершілік жүгі де соншалықты артты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен Қызылордада әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жыл сайын жақсарып келеді. Бүгінде Сыр елі нағыз индустриалды-аграрлық өлкеге айналды. Аймақ басшысы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыратын жаңа жобаларды көбейтіп, инвесторлармен жұмысты күшейтті. Нұрлыбек Машбекұлы әкім болып келгелі, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуі, дамуы жолында бар күш-жігерін салып, аянбай еңбек етуде. Кейінгі жылдары қарқынды жұмыстың нәтижесінде «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы басталды. «Анаға тағзым» орталығы мен Отбасы орталығы ел игілігіне берілді. Ал аудандарда қаншама құрылыс жұмыстары жүріп, әлеуметтік нысандар салынуда. Жақында ғана біздің елге іссапармен келген Президентіміз де мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Бүгінде аймақ басшысы облыстағы қанша жылдан бері тұралап қалған мәселелерді көтеріп, қолға алуда. Сондықтан депутаттардың да ел алдындағы жауапкершілігі күннен-күнге артып отыр.

Ал ең алғаш облыстық мәслихат депутаты ретіндегі ұсынысым бойынша экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Балжан Шәменованың қабылдауында болдым. Онда облыстық экономика және қаржы, білім басқармасының мамандары қатысып, Талсуат ауылдық округіндегі №178 орта мектеп пен «Заңғар» бөбекжай-бақшасының бу қазандықтарын сұйық отыннан газға ауыстыру жөніндегі мәселелер талқыланды. Өздеріңізге белгілі, қалаға қарасты Талсуат ауылдық округінің тұрғындары бірнеше жылдан бері «көгілдір отынның» игілігін көргенімен, ауылдағы білім ошағының бу қазандығын сұйық отыннан газға ауыстыру әлі күнге жүзеге аспай келеді. Сондай-ақ «Заңғар» бөбекжай-бақшасының да бу қазандықтарын сұйық отыннан газға қосу көзделіп отыр. Кездесудің нәтижесінде көтерілген мәселелер бойынша облыстық экономика және қаржы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және білім басқармасының мамандары бірлесе отырып арнайы есеп жүргізіп, жоба-сметалық құжаттамасын дайындауға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыратын болды. Одан кейін көптен бері қозғап жүрген мәселе – Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Қараөзек ауылын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету. Осыған орай келесі жылы облыстық бюджеттен жоба-сметалық құжатына қаржы бөлінетін болды. Сондай-ақ қаланың сол жағалауынан салынып жатқан аурухананы толықтай онкологиялық орталыққа беруді ұсындым. Себебі бұл дерт аймақта ғана емес, еліміз бойынша жасарып барады. Осы ұсынысым да қолдау тауып жатса, жақсы болар еді.

– Өзіңіз сайланған округтің тыныс-тіршілігі қалай?

– Облыстық мәслихат депутаттығына №16 сайлау округі бойынша Ақсуат, Ақжарма, Қызылөзек, Талсуат ауылдық округі мен Тасбөгет кенті, СПМК-70 шағын ауданы атынан сайландым. Осыған дейін Қызылорда қалалық мәслихатының IV, V, VI, VII шақырылымдарының депутаты болдым. Сондықтан бұл аймақтардың тыныс-тіршілігімен жақсы таныспын. Қалалық мәслихатқа «Ақмешіт» шағын ауданы мен Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтері бойынша сайландым. Бүгінде Талсуат ауылдық округінде жаңа мектеп салынып, балабақша күрделі жөндеуден өтті. Ауызсу, жол, жарық, «көгілдір отын» мәселесі шешілді. Мәдениет үйі, мешіт, балалар ойнайтын алаңдар бой көтерді. Өз демеушілігіммен спорттық кешен салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Айнакөл, Қаракөл, Қараөзек ауылдарына сапалы ауызсу тарту үшін жоба-сметалық құжаттарына өз  қаражатымнан қолдау көрсеттім. Аталған ауылдардың жол жөндеу, электр жарығын тарту, аяқсу мәселесінің оң шешілуіне ықпал еттім. Сондай-ақ «Ақмешіт» шағын ауданының да мәселелеріне бей-жай қараған жоқпын. Ең бірінші, көпқабатты үйлердің ауласын жөндеу, балалар ойын алаңдарын, жаяу жүргіншілер жолын салу, өжірелерді тазарту жұмыстары осы ауданнан басталды. Бүгінде облыстық мәслихат депутаты, «Қазақстан Халық партиясы» облыстық филиалының төрағасы ретінде №16 округ бойынша барлық ауылды аралап, халықпен жиі кездесіп жүрмін. Халықтың әрбір ұсынысы маңызды. Жүздесу барысында ауылдағы күрмеуі шешілмеген мәселелер қозғалады. Жергілікті тұрғындардың басты талабы – ескірген электр желілерін және тозығы жеткен трансформаторларды қайта ауыстыру. Сондай-ақ ауыл орталығына полиция бекетін салу. Осы жазда Ақсуат ауылдық округі мен «Сабалақ» саяжайында ауызсу мәселесі көтеріліп, ауыл тұрғындарымен кездестік. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала әкімі Асылбек Шәменовтің бастамасымен аталған ауылға жерасты су ұңғымалары қазылып, бұл мәселе де оң шешімін тапты. Қазіргі кезде Ақжарма ауылдық округіне қарасты Баймұрат батыр ауылына дәрігерлік амбулатория салынып, халықтың басты сұранысы орындалуда. Сондай-ақ маусым айының ортасында ауа райының қолайсыздығына байланысты қалаға қарасты Тасбөгет кентінде бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ұшты. Осыған орай демеушілікпен кенттегі №69 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеуден өткіздік. Бір сөзбен айтқанда, атқарылған іс те жетерлік, алда жұмыс та көп. Бәрі өз уақытымен шешімін табуда.

– Тұрғындар қабылдауыңызға қандай мәселемен келеді?

– Бүгінде халықтың басым көпшілігі ауылдың әлеуметтік жағдайын, инфрақұрылым мәселелерін көтереді. Осы жазда Қызылөзек, Талсуат ауылдық округінің әкімдері хабарласып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауыл көшелерін асфальттауды енгізу мақсатында тез арада жоба-сметалық құжатын әзірлеу керегін айтты. Ауыл халқының игілігі үшін 2 млн теңге қаражатқа жоба-сметалық құжатын әзірлетіп бердім. Сондай-ақ осы ауыл тұрғындарының өтінішіне орай аяқсу айдайтын маторлы насостарға 1 тонна дизель отынын алып беруге көмектестік. Бүгінде сайлауалды бағдарламамдағы уәдемді орындап, елдің талап-тілегінің оң шешілуіне барынша ықпал етіп жүрмін.

– «Қазақстан Халық партиясы» атынан мәслихат мандатын иелендіңіз. Бүгінде партияның саяси аренадағы орны қандай деп ойлайсыз?

– 2020 жылдан бері Қазақстан Халық партиясының мүшесімін. Бұл партияның басты ұстанымы – «ел үшін! жер үшін! билік – халыққа!» Біздің партия Халықтық Үкімет құрамын ұсынады! Басты мақсатымыз: Әділ Президент – Ықпалды Парламент – Халықтық Үкімет. Бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінде 5 депутатымыз бар. Олар мінберден әлеуметтік салаға қатысты түрлі сауал жолдап, көптеген мәселелерді көтеріп жүр. «Жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі» бастамасын көтерді және бұл түзету ҚР Конституциясына енгізілді. Сондай-ақ әйелдердің 58 жаста зейнетке шығу қозғалысын қолдады. «Артспорт» бастамасы қолдау тауып бүгінде қаншама бала спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерде тегін оқып жүр. Сондықтан Халық партиясының саяси аренадағы орнын жоғары бағалар едім. Өйткені партия өз мақсат-міндеттері жолында аянбай еңбек етіп, жан-жақты жұмыс істеуде. 

– Тәуелсіздіктің ең басты сыйы деп нені атар едіңіз?

– Тәуелсіздік – қасиетті де киелі ұғым. Сондықтан оның қадірін ұғынғандар күн сайын тәубе деуден жалықпаса керек. Тәуелсіздіктің ең басты сыйы – бостандық. Егемендік алып, ес жиғалы бері жеткен жетістік пен жеңісті күндер аз болған жоқ. Бағындырар биігіміз бен алар асуымыз әлі алда. Ең бастысы, болашақ жастарымыз тәуелсіздік туын әрқашан жоғары ұстап, жақсылыққа ұмтыла түссе бақыт баянды бола береді.

– Пікір бөліскеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<