Сырбаз

2210

0

Еңбек ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Хамит Ембергенов екінің бірі қолы жетпейтін тоқсан бесті толтырып, жүздің ауылына жол тартқалы отыр.

Бұл жылдар ішінде Қызылорда қалалық партия комитетінде, обкомда, комсомолда, сонан соң ұзақ жыл Сырдария аудандық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімін басқарды. «Білім» қоғамында жүргенде талай жерде лекция оқыды, «Боздақтар» редакциясында көз майын тауысып, сұрапыл соғыстан оралмай қалған ағаларды іздестіріп, бауырларына қауыштырды.

Хамит ағамен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

– Кәмеке, жалпы өмір туралы қандай пікірдесіз?

– Өмір-өзен ағысын тоқтатпайды. Биыл тоқсанның бесеуіне шықтым. Он ұл-қыз өсіріп, отызшақты немере-шөбере сүйіп отырмын. Бақыттымын.

Пенде болған соң төрт жағы құбыла адамды кездестіру тағы қиын. Сүйікті жарым Ләтипа Еспенбетқызымен елу жылдан аса жұп жазбай өмір сүрдім. Жиырмаға тарта құда-жекжатпен құшақтаса сыйластық. Бәрі бір күнгідей секілді. Жүйткіген уақыт. Ләтипадан көз жазып қалғаныма жиырма жылдан асты. Жиырма қыс, жаз, күзді Ләтипасыз өткізудемін.

– Әулетіңіз жайында әңгіме айтыңызшы?

– Біздер Қожжан аталығынан тарайтын Бижановтар әулетіненбіз. Әкем Емберген орта шаруа, сыпайы кісі болды. Анам Жібек ғажап адам еді. Мен шаңырақтағы жалғызы болдым. Әкеммен туыс Мақаш Қалымбетов елге танымал кісі болатын. Мақаң жайында аңыз әңгіме көп. Көп жыл жинақ банкінде колхоз шаруашылығын басқарды, қиянатты да көрді. Әділетсіздікке ұшырап, жазаланды. Бәрінен аман-сау шаңырағына оралып, фәни дүниеге аттанды. Ұлдары, немерелері бар.

– Бір адам ыза жерді баспаса сол нағыз сіз боларсыз. Жан күту жағынан келгенде сізге теңесер адам жоқ шығар, сірә?

– Мен бұл ғұмырымда жетпіс жылдай дүниенің төрт бұрышындағы санаторий-курорттарды шарладым. Қажылық парызымды орындадым. Талай адамдармен тұз-дәмдес болдым. Ұзақ жасау соның құдіреті болар. Ғайбат сөзге жоқпын. Тазалықты жаным сүйеді. Бір ақынның мына өлеңін қайталап айтайын, тыңдашы, керемет шумақ емес пе?

– Адалдық жүр өз үлесін аз алып,

Адалдықты адалдықпен жазалық.

Қандай заман, қандай жағдай туса да,

Сен азайма, айналайын тазалық!

– Бізге сіздің үй бейнебір бас қосатын ақылдастық ордасындай көрінеді. Қонақ үзілмейді, дастарқан әрқашан жаюлы. Таңырқаймыз.

– Лебізіңе рахмет! Мұның бәрінің тігісін Ләтипа жасап кетті. Сыйластықтың тамырын тереңге жайған сол. Құда-жекжаттың басын жиі қосатын. Дос-жарандарға деген пейілі бөлек жан еді.

Біздің әулет заңгер Пазылбек Әбдірахманов, қоғам қайраткері Аралбай Маханбетов, Халық артисі Оралбек Әбдімомынов, қоғам қайраткері Бодаш Уәлиев, Майгүл, Қыпшақбай Жүсіповтермен құдандалық жекжат болып, ұзақ жыл жұп жазбай өмір өткіздік. Сыйластықты жалғастырдық. Тымақ төбесінен, шапан ішінен тозады ғой. Ләтипа осы қағиданы пір тұтып, тамырлатып кетті.

Сонан соң Әбдірейім әулеті Жарылқасын, Қайыркүл, Кеңес Маханбетовтермен сыйластығымызды кір шалған емес. Жалпы құда-жекжатпен өзара сыйластық адамды қартайтпайды. Ұл – өзің, келін – қызың. Құда-құдағи ұғымын биікке көтеріп отыру керек.

– Кәмеке, сіз өмір мектебі дегенді қалай бағалайсыз?

– Мен Еламан Жүнісбаевтың тәрбиесін көп көрдім. Мүсілима Бекқожақызының шапағаты, бауырмалдығы – бір таңға жалғасатын жыр-дастан. Сырбаз Нұрмақ Тоқмырзаев, Нәжіман Күнқожаев, Абдулла Дәулетов, Камаладдин Наурызбаев, Төлек Сақтағанов, Айтбай Ыстықбаевпен қызметтес болдық.

Бір мектепте бірге оқыған Аралбай Маханбетовтің білімпаздығы, қамқор құшағы бөлек еді. Туған інісі Кеңес Маханбетовпен құдандалы-жекжат болдық. Сырбаз, кеңпейіл, артық сөзі жоқ білімпаз. Ленинградтың кеме жасау институтын бітірген. Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаевпен қызметтес болған, тәрбиесін көріп, өсіп жетілген азамат.

Мен өміріме ризамын. Кенже ұлым Жанабаддиннің, келінім Маржанның ыстық құшағындамын. Шара, Қадиша, Ұлжан бастаған қыздарымның ықыласы бөлек. Сәл тұмауратсам қасымнан шықпайды. Шара күн құрғатпай шауып келеді.

– Рухани баю дегенді қалай түсінесіз?

– Жасымнан үлкендердің сөзін бойыма құйып өстім. Тәнеш, Орман, Орақбай, Ораз сынды ағаларымның сөзін тыңдадым, асыл қасиеттерін бойға сіңіруге құштар болдым. Кітапты көп оқимын. Төрт-бес газетті жылда жаздырып аламын. Пошта келгенше шай ішпей күтетін кездерім бар.

– Бүгінгі толқынға қандай тілек айтар едіңіз?

– Татулық, сыйластыққа дақ түсірмей, ағайын-туыс, құда-жекжатты биікке көтеріп жүрген абзал. Ұл мен қызды осыған тәрбиелеу керек. Өткендерді еске алуды ұмытпау қажет.

Буын алмасып, қоғам жаңарған сайын тіршілік ырғағы да өзгеріп отыратыны заңдылық. Әйтсе де ата жолынан айнымау, жақсылықты, тазалықты, өмірге деген құштарлықты ізгі мұратқа айналдыру ең басты құндылық болып қалуы тиіс. Осынша жыл ғұмырымда көкейге түйген көп дүниенің кілті осы деп білдім.

Әңгімелескен

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<