Тәңірі оған ақыл беріп, білімге ынталандырған

2590

1

Ертеректе атақты ғалым Бируни: «Ақыл мен ғылымның неше алуаны Үндістанда екен, онда шыққан кітаптың саны есепсіз. Бәрін қамти алмадым, бірақ «Панчатантраны» аударуға өте құштарлықпен кірістім» депті. Сол құнды сөздердің бірінде Тәңірдің адамға берген сыйының ішінде ең баға жетпейтіні – ақыл, өмірдегі барлық нәрсеге қол жеткізетін күш осы. Ақыл – бар игіліктің негізі, әрбір талаптың кілті. Ол тәжірибе мен білім арқылы келеді… Ақыл адамның бойында байқаусыз жатады, көрінбейді, бетін ашпайды. Парасатты ақыл мен оқымыстылықтан артық ешнәрсе жоқ. Кімге Тәңірі ақыл беріп, оны білімге ынталандырса, өзі талаптанып, соларды жетілдіруге тырысса, табыс кілті сонда делініпті әлгі ақылдың інжу-маржаны жинақталған сол кітапта.

Осынау қысқа да әрі нұсқа айтылған, ықылым заманнан бізге жеткен сөздер менің Бауыржан замандасыма арналған секілді. Ешқандай әсірелеуі, боямасы жоқ, болмысына тұп-тура сай келеді. Өйткені мен ғалым Бауыр­жанды, парасатты, білімді, азамат, көпшіл Бауыржан Елеусіновті білетініме ширек ғасырға жуықтапты.

Біз әлі де жиі кездесеміз. Академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, «мына ит өмірден» жалыққанда таза ауамен тыныс­тау үшін Бауыржанды іздейтіндер көп. Ол жақсы, сергек жүреді, әңгімелесе қалсаң, қандай тақырыпқа болса да жүйрік. Абай өлеңдерін жатқа соғады, өзі де тәп-тәуір ақын, үлкен саясатты талдауға келгенде ешкімге дес бермейді. Математик бола тұра, әдебиетті, тілді, шахматты, тоғызқұмалақты жақсы меңгерген. Кешегі кеңес және Еуропа футболын тамсандырған Блохинмен жүздесіп, доп қуғанының өзі бөлек әңгіме. Айтпақшы, бұл жөнінде сәл кейінірек, бүгінде 60-тың асуына иек артқан замандасыма ең алдымен қоятын сауалдың ретін таба алмай қиналдым.

Ж.А: – Қазақтың біртуар ұлы Асқар Жұмаділдаев облыс әкімі болған Қырымбек Елеуұлының қабылдауында: «Мен шетелдерде көп болдым. Солардың ішінде сауатты менеджерлер қатарының көптігінен Германияны басып озатын ешкім жоқ. Мына Бауыржан, ақыл жөнінен сол менеджерлердің бірқатарынан кем түспейді» дегенін естідім. Меніңше, баға берудің бұдан өткен өлшемі жоқ шығар, сірә… Асқармен қашаннан бері доссыз? Сіздерді жақындас­тырған құдіреттің сыры неде?

Б.Е: – Асқар Серқұлұлы – қазақтың әлемге әйгілі математиктерінің бірі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, 25 жасында кандидаттық, 32 жасында докторлық диссертациясын қорғаған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық әл Хорезми сыйлығының және Халық­аралық Гумбольдт стипен­диясының иегері. Асекеңмен таныстығымыз 1993 жылдан бастау алады. Сол жылы Асекең ҚР Жоғарғы Кеңесінің 13-шақырылымына депутаттыққа кандидат ретінде Қызылордадан сайлауға түсті және 13 бәсекелес ішінен жеңіп шығып, депутат болып сайланды. Қызылорда педагогикалық институтының Мұрат Бақтияр­ұлы (қазір сенатор) бастаған оқытушылары Асқар Серқұлұлының штабында болдық.

2009 жылы облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен Қызылордада «Зерттеу әлемі шексіз» атты облыстың шығармашыл ұстаз­дарының форумын өткіздік. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Бақтиярұлының тапсырмасымен Асқар ағаммен байланысып, «Аға, бүкіл әлем жастарына білім, ғылым үйретудесіз. Енді туған жерге, жерлестеріңізге де қызмет ететін шақ келді», – деп шақырдым. Асекең жұмысы өте көп, барынша қарапайым адам ғой, «Менің тамақ ішу, қыдыруға уақытым кетпесе. Оның орнына жастармен көбірек кездессем, дәріс оқысам», – деген бір ғана өтініш айтты. Мұрнымыз­дан шаншылып, әр сағатымызды жоспарлап, оқушы, студент, жас ғалым және ұстаздармен кездесулер өткіздік. Сол жолы Мұрат Бақтиярұлының ұсынысымен Асекеңе Шиелі ауданының Құрметті азаматы атағы берілді, Біліктілік арттыру институтының профессоры қызметіне қабылдадық. Сол жылдан бері Асқар ағамызбен тығыз шығармашылық және ағалы-інілік байланыстамыз.

2016 жылы Асқар Серқұлұлы 60 жасқа толды. Мерейлі мерекеге сәйкес сенатор Мұрат Бақтиярұлының пәрменімен Асекеңді елге шақырттық. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдап, бағалы сыйлық тапсырды, иығына шапан жапты. Сол жиында облыс ғалымдары атынан сөз сөйлеп, Асекеңнің көпшілікке беймәлім қырлары жайлы айттым. «Сыр бойы» газетінің толық бір бетіне «Академик Асқар» деген мақалам шықты.

Ж.А: – Бауыржан Тәжімағам­бет­ұлы, сіздің ежелгі Русь астанасы Киев аспирантурасында оқығаныңыздан, әлемге аты мәшһүр академик Патонның өзі бағалап, атақты білім ордасында өзіңізді талантты шәкірт ретінде көрсеткеніңізден хабардармын…

Б.Е: – Н.В.Гоголь атындағы Қызыл­орда педагогикалық институтты «физика-математика» мамандығы бойынша бітірген бойдан Украинаға, Киев қаласындағы Тарас Шевченко атындағы ұлттық университетке ғылыми стажировкаға жіберілдім. Әлемге әйгілі академиктермен, Социалистік Еңбек Ерлерімен, мықты ғалымдармен қоян-қолтық араласу бақыты бұйырды.

Ғылыми жетекшім Владимир Савельевич Сперкач деген физика-математика ғылымдарының док­торы, профессор, үлкен ғалым, Акустикалық спектроскопияның Одақтағы ең мықты маманы еді. Өзі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі болатын. Өте білімді, адал және барынша қарапайым жан еді. Біздің зертхана сол кездегі Одақта алдыңғы орында тұратын. Демалыс күндері Орталық ғылыми кітапханаға барып, азаннан кешке дейін арнайы ғылыми әдебиет, журнал қараймын. Университеттегі белгілі ғалымдардың лекцияларына, әртүрлі конференцияларға қатысып, жиі баяндамалар жасаймын. Әйтеуір бір тыным жоқ. Сол тынымсыз еңбектің арқасында аспирантураны бітірген соң 3 күннен кейін Киев университетінің арнайы Ғылыми Кеңесінде диссертациямды қорғадым.

Бірде Ғылыми жетекшім мақала жазуды тапсырды. Соны 10 рет жазып бардым. Барған сайын «мына жері дұрыс емес, ана жері дұрыс емес, сөйлемдерің шұбалаңқы, артық сөздер көп» деп ескерту жасап қайтарады. Ең соңында барып «Міне, енді дұрыс болды. Мақала осылай жазылады. Енді жаза беруіңе болады» деген. Сосын кафедраның жас оқытушылары мен аспиранттарына «Бауыржан осы жерде жүргенде мақала жазуды үйреніңдер» деп айтқаны әлі есімде. Сонан бері мақала жазуды әдетке айналдырдым. Қазіргі кезге дейін 480-дей мақала жазыппын, басым көпшілігі АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Италия, Испания, Польша, Венгрия, Норвегия, Ресей, Украина, Өзбекстан және Қазақстанның белгілі басылымдарында жарияланды. Оған қоса 26 кітап шығарыппын. Оның ішінде монографиялар, оқу құралдары, әдістемелік құралдар, шығармашылығыма арналған кітаптар, ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Физика және астрономия. 9 сынып» оқулығы 300 мың данамен қазақ, орыс, өзбек және ұйғыр тілдерінде шықты.

Аспирант кезімде Киев Университеті қаражатын төлеп, Украинаны және бұрынғы Одақты аралап, ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасадым. Украинадағы конференциялар украин және ағылшын тілінде өтетін. Орысша сөйлегендерді қабылдамайтын. Мен кіріспе сөздерімді украин тілінде айтып алып, орысша баяндама жасайтынмын. Киевтегі бір халықаралық конференцияға бүкіл Орталық Азия мен Қазақстаннан жалғыз өзім қатысып, украинша бастап сөйлеп, украин тілінде аяқтағанымда Украина Ғылым академиясының 1964 жылдан бері президенті, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Б.Патон қолымды алып, «мұны украин тіліне, украин халқына үлкен құрмет деп бағалаймын», – деп алғыс айтқан еді. Факультет және кафедрадағы іс-шараларда тек украин тілінде сөйлейтінмін. Ол кезде Қазақстандағы 2 үйі бар қойлы ауылдағы сарайда орысша ұрандар ілініп тұрса, Киев­тің орталық көшелерінде украин тілінде ұрандар көз жауын алатын.

Ж.А: – Сіздің «Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Қызыл­орда облыс­тық бөлімшесіне басшы­лық жасағаныңыз­ға ұзақ уақыт болды. Осы оқу жүйесінің құрылуы қандай қажеттіліктен туындады?

Б.Е: – Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды жан-жақты дамыған ұстаздар ғана тәрбиелей алады. Олардың білімін жетілдіру қажеттілігі туындап, ҚР Білім және ғылым министрлігі алдына белгілі ғылым докторы, профессор Гүлнас Кенжетайқызы ұсыныс жасады. Міне, осыдан барып ұлттық орталық құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы қаулысына сәйкес елімізде ТМД елдері арасында ешқандай баламасы жоқ, біліктілік арттырудың жаңа жүйесі – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. Оның құрамына Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институты, Алматы, Астана қалалары және 14 облыс­тық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институттары енді. Бұрын әрқайсысы өз бетінше жұмыс жүргізіп жатқан институттар бір жүйеге біріктірілді. Басқарма төрағасы болып ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Г.К.Ахметова тағайындалды.

Оқытушыларымыздың шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен орталықтарында білім көтеруіне барлық жағдай жасалды. Ұлыбритания, Франция, Австрия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Авс­тралия және Ресейдің беделді оқу орталықтарында болып, алған білімі біліктілік арттыру курстарында пайдаланылуда.

Ж.А: – Бәуке, сіздің спортпен де айналысып тәуір нәтижеге қол жеткізгеніңізді білеміз. «Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым…» атты кітабыңыздағы өлең жолдарын оқып шықтым.

…Уақыт, шіркін, өткендей

жылжып баяу тым,

Ойласам сені, ардағым әкем, аяулым.

Асқар тау барда шалықтап

жүрген көңілім,

Бүгінгі күні қайтемін енді, жаяу­мын, – деп сыршыл ақындық жүрегіңізбен тебірене жыр жолдарын арнапсыз. Енді отбасыңыз жайлы бірер сөз айтып өтсеңіз…

Б.Е: – Жастайымнан спортпен айналыстым. Аптасына 5 күн күреске, оның 3 күнінде күрестен шығып футболға қатысатынмын. Еркін күрес пен қазақша күрес­тен аудан, облыстың чемпионы атандық. Республикалық біріншіліктерде жүлдегер болдым. Жастар арасындағы Қазақстанның чемпионы атандым. «Былғары доп» турнирлерінен бастап күні кешеге дейін доп теуіп келдік.

Зәмзеш анам есте сақтау қабілеті өте жоғары, 30-40 жыл бұрынғы жағдаяттарды қазір болғандай айтып отыратын. Бір сәт те қарап отыра алмайтын еңбекқор және ерекше мейірім шуағын төгіп тұратын жан еді.

Әкеміз Елеусінов Тәжімағанбет бүкіл ғұмырын есеп-қисап жұмысына арнады. Ұлы Отан соғысы жылдарында мектепке мұғалім жетіспеген жағдайда 7-сыныпты бітіргеннен кейін үздік математик-оқушы ретінде мектепке математика пәні мұғалімі болып жұмысқа қабылданады.

1950 жылдан бастап шаруа­шылықта есеп-қисап жұмыстарының маманы болмағандықтан, арнаулы білімі жоқтығына қарамастан Молотов атындағы колхозда бухгалтер қызметін атқарған. Шаруа­шылық тікелей Москваға, СССР Қорғаныс министрлігіне қарайтын №22 әскери совхоз болып құрылғаннан кейін бас бухгалтер дәрежесіне дейін жоғарылап, осы қызметті 25 жылға жуық зейнетке шыққанша абыроймен атқарды.

Барлығымыз кітап, газет оқып, теледидардан күнде жаңалықтар көретінбіз. Ауылда біздің отбасы жайлы «Өзге үйдің балалары ойыншықпен ойнаса, Тәжімағанбеттің балалары кітаппен ойнайды» – деп айтатын. Балалардың барлығы мектепте үздік оқыды.

Балалар дегеннен шығады, қазір жұба­йым Зағира екеуіміз немере сүйіп отырған жағдайымыз бар. Үлкен ұлымыз Әкімжан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бакалавриатын, Ресей Федерация­сының Қазан қаласындағы А.Н.Туполев атындағы федералдық авиация университетінің магистратурасын бітірді. Қазір Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясында басшылық қызметте. Қызымыз Тоғжан Нұр-Сұлтан қаласындағы медакадемияның түлегі, Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медуниверситеттің магистратурасын бітірген. Нұр-Сұлтан қаласында емханада еңбек етеді. Онан кейінгі қызымыз Балжан Еуразия университетінің бакалавриатын және магистратурасын аяқтаған. ҚР Әділет министрлігінде қызмет жасайды.

Кенжеміз Сабыржан Еуразия университетінің бакалавриаты мен магистратурасын, Азаматтық авиация академиясының бакалавриатын бітірген. Ресейдің федералдық навигация орталығында 10 айлық тағылымдамадан өтті. 2019 жылы барлық сынақтарды ойдағыдай тапсырып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Президенттік Жастар резервін» құрайтын 300 жастың құрамына қабылданды.

PS: Бірқатар мемлекеттік марапаттар иесі Бауыржан Елеусінов Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қармақшы ауданының құрметті азаматы атағын иеленді. Бұл – парасатты, білімді азаматтың лайықты еңбегінің тағы бір жемісі.

Әңгімелескен

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<