Тәуелсіздіктен тағылым алуға тиіспіз

2207

0

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті ректоры Қылышбай Бисеновпен сұхбат.

– Қылышбай Алдабергенұлы, ұлт мерекесі қасиетті тәуелсіздік күні құтты болсын.

Кешегі кеңестік жүйеде біз саяси, рухани еркін емес едік, яғни, бүгінгідей Мемлекет басшысын сайлай алмадық, маңызды мәселелерді халықтық реформа шешкен жоқ. Дініміз дүдәмал, тіліміз нәгүман болып кетті. Салт-дәстүріміз сарқылған судай нәрін жоғалта бастады. Мұның бәрі адам жанының бодандығы болатын. Атақты орыс ақыны Бальмонт: «Менің жалғыз отаным – еркін жаным» дегенде отансыздығын емес, тәуелсіздігін, еркіндігін айтқан ғой.

Жалпы, тәуелсіздік, еркіндік туралы толғамыңызды айтыңызшы?

– Еркіндік ата-бабаларымыздың қанша ғасырдан бері келе жатқан арманы болды. Бізді сол еркіндікке тәуелсіздік жеткізді. Адам баласына еркіндіктен қымбат ештеңе жоқ. Абайдың: «Еріксіз түскен ылдидан, еркіңмен шыққан өр артық. Қорлықпен өткен өмірден, көсіліп жатқан көр артық» деуі еркіндік мәніне терең бойлатады.

Елбасы Н.Назарбаев отыз жылдық тарихымызға көз жіберіп, парасатты ой толғаған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында: «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын», – деп атап көрсетті.

Шын мәнінде, біз тәуелсіздіктің жыл сайынғы марапат, сыйақы  берілетін мереке есебіндегі сипатына ғана мән бермей, ұрпақ санасына оның тағылымын тарту етуге тиіспіз.

Елбасы егемендіктің алғашқы күндерінен бастап, береке-бірлік пен  ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты қолға алды. Бүгінгі жетістіктерімізге берік заңнамалық іргетас болып қаланған Ата заңымыз – жаңа Конституциямыз қабылданды. Шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөз жүргізілді. Осының бәрін аз уақытта жүзеге асыру оңай болған жоқ. Оған балуандық білек, батырлық жүрек, елін сүйген махаббат керек. Осының бәрі – Елбасының болмысынан табылған тұлғалық кеніш.

Бүгінде Сарыарқаның төрі текеметтің түріндей құлпырып кетті. Есілдің бойын ел жайлап, әлемге көз тіккізген әсем елорданың бой көтеруі –  Елбасының тарихи ерлігі. Сайын далада самаладай жарқыраған осындай сұлу шаһар орнайды деген қиялға келмеген. Елорданы республикамыздың дәл географиялық кіндігіне көшіру идеясы – Елбасының кемел саясатынан, мемлекет тағдырын терең ойлаған табанды ұстанымынан туындады. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Астананың қарыштап дамуы еліміздің өзге өңірлерінің өркендеп, өсуіне серпін берді. Шымкент қаласы халқының саны миллионнан асып, республикалық дербес үшінші қала қатарына қосылды. Екі мың жылдық тарихы бар көне Түркістан кейінгі екі жылдың ішінде облыс орталығына айналып, күн санап өзгеріп, әсем шаһарлардың біріне айналды. Еліміздің өзге өңірлері мен ірі қалаларын да дәл осындай болашақ күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламын»,– деуі де келешекке деген ел сенімін еселей түседі.

Мұндай жақсылықтардың ізі Сыр бойында да сайрап жатыр.

– Түлеген Түркістан секілді кезінде Қызылорда облысы да тәуелсіздіктің шапағатын көп көрді дейсіз ғой.

– Сонау тоқсаныншы жылдардың ішінде елімізде болашағы жоқ елді мекендерді тіршілік көзі түзу жерлерге көшіру мәселесі көтеріліп, пилоттық жобалар қолға алынғаны есімізде. Мұндай елді мекендер біздің өңірімізде де көп болды. Оны айтасыз, тұтас облыстың тарап кету қаупі де бар еді. Алайда, Сыр елін бұл қауіптен Елбасының тікелей қамқорлығы құтқарып қалды.

1992 жылы 30 маусымда «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң күшіне енді. Бұл ізгі қадамның Қызылорда халқына қаншалықты материалдық қолдау болғанын бәріміз де жақсы білеміз.

Елбасы Аралды сақтап қалу мақсатында ғасыр жобасы атанған – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы жөнінде тарихи шешім қабылдады.

Бүгінде Солтүстік Кіші Арал теңізін және көлдерді қайта қалпына келтіруге байланысты балық аулау көлемінің 8 мың тоннаға дейін жетуі – осы жобаның арқасында келген жетістігіміз.

1995 жылдың 12-13 сәуір күндері Н.Ә.Назарбаев облысымызда іссапармен болды. Өзінің референдум алдындағы сапарын экономикалық дағдарыс пен экологиялық апаттың ащы дәмін татып, өндірістің дамуы баяу, аграрлық сала мен әлеуметтік бағытта шешілмей жатқан проблемалары мол аймақтан бастады. Осы сапарда Елбасы еңбек ұжымдарымен, елді мекен тұрғындарымен кездесті. Арал аймағындағы экологиялық апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау жөніндегі заң, соғыс ардагерлері мен мүгедектерге қосымша жеңілдік беру туралы Жарлық, көпбалалы отбасыларға жасап жатқан қамқорлық, жас ұрпақты тәрбиелеу саласындағы жұмыстар кеңінен талқыланып, облыс халқының қолдауын тапты.

1996 жылы 8 қазанда «Қызылорда арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлыққа қол қойылып, Қызылорда қаласы «Арнайы экономикалық аймақ» болып танылды.

Облысымыздың арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алуына жеке өзімнің де қосқан үлесім болды. Өйткені, осы экономикалық аймақ негіздемесін Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының ғалымдары жазып шыққан еді. Бұл іске мен де қатыстым. Сонымен бірге АЭА кеңесінің мүшесі болдым.

Қызылорда арнайы экономикалық аймағы кәсіпкерлердің,  шағын және орта бизнестің жұмыстарына тың серпіліс берді.Облысымызға, оның ішінде Қызылорда арнайы экономикалық аймағына халықаралық ұйымдардың, шетелдерден Қазақстанға келген инвесторлардың назары аударылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры ЮНИСЕФ Арал экологиялық аймағындағы әйелдер мен балаларды қолдау үшін 5 млн АҚШ долларын бөліп, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар жеткізіп берді. Арал теңізі аймағындағы мұнай-газ қорын игеруге, ауызсу тазалағыштар орнатуға, аудандарда ирригациялық құрылыстарды салу және қалпына келтіруге мүмкіншілік жасалды.

Осыдан отыз жыл бұрынғы Қызылорда теңеу әдісімен айтсақ, қиюы кеткен ескі әбдіредей еді. Қазіргі аймағымыздың бейнесі іші маржан толы алтын сандыққа ұқсайды. Елбасының «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген бедерлі сөзі – ақиқаттың өзі.

– Сізбен әңгіме құрғанда білім саласына соқпай кету кемшіндігіміз болады. Сіз бұл салаға мол үлес қосқан тұлға, профессор, академик дәрежесіне жеткен оқымысты ғалымсыз. Тәуелсіздік білім саласына да бірегей жаңалықтар қосты ғой?   

– 1991 жылдан бүгінге дейінгі кезеңді есепке алсақ, білім беру саласында жүргізілген реформаларға сәйкес, көптеген өзгерістерге қол жетті: білім беру мекемелерінің құзіретті кеңейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді, үш тілде оқыту жүйесі енгізілді; кредиттік жүйе мен білім беру гранты бөлінді.

Қазақстандық білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО ұсынған Халықаралық стандарттық білім беру бағдарламасының классификация өлшемдеріне сәйкес келтірілген. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңының 8-бабына сәйкес, білім алу жүйесі жеті сатыдан тұрады.

Қазақстанның Болон процессіне жедел кіруі нәтижесінде еліміз үш деңгейлі моделге енді: бакалавриат-магистратура-PhD докторантура.

Жалпы, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту арқылы елімізде халықаралық озық тәжірибеге негізделген білім беру әлем бойынша жаһандану үрдісіне көшуде. Сондықтан білім беру жүйесі әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының біріне айналды, қазіргі уақытта мемлекеттің экономикалық жетістіктері білім беру жүйесімен, азаматтардың білімділігімен, мамандардың бәсекеге қабілеттігімен анықталады.

Қазіргі университетті, басқа да оқу орындарын сырттай қызықтаған       жастар оның осы зәулім келбет, зерделі қалпына қалай жеткенін біле бермеуі мүмкін. Әрине, мен бұл сапқа аға ұрпақты қосып отырған жоқпын. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймағымызға кен орындарын игеретін шет ел инвесторлары келе бастады. Қызылорда облысында мұнай өндірісі қарқын алды.

1996-1997 жылдары Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының ректоры болып тұрған кезімде сұранысқа сай мұнай саласы мамандарын даярлауға күш салдық. Сөйтіп, «Мұнайгаз кеніштерін игеру және пайдалану», «Мұнайгаз кәсіпшілігінің машиналары мен жабдықтары», т.б. секілді мамандықтарға студенттер қабылдадық. Институт ғалымдары ЮНЕСКО, БҰҰ жоблаларын қолдау қоры, Халықаралық Аралды құтқару қоры, басқа да қоғамдық және экологиялық қозғалыстардың бірнеше грантын жеңіп алды.

1998 жылдың наурыз айынан бастап Үкімет қаулысына сәйкес, Қызылорда гуманитарлық университеті мен Қызылорда политехникалық институты біріктіріліп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болды. Оның ректорлығына мен тағайындалдым. Бұл кезде шыны керек, бізде университеттік білім беру ісі қалыптаспаған. Сондықтан шет елдермен тығыз байланыс жасап, ғалымдарды тағылымдамаға жіберу, университеттің техникалық базасын нығайту, компьютерлік жобалау орталығын құру секілді кезек күттірмес жұмыстарды жеделдетіп қолға алдық. Осылайша, тәуелсіздіктің арқасында уақыт талабына сай классикалық үлгідегі аймақтық көпсалалы университет құрылды. 2001 жылы университет мемлекеттік аккредитациядан, 2004 жылы Ресей мемлекеттік стандартының  «сапа жүйесін тіркеудің техникалық орталығы» сертификаттау орталығы сертификаттау аудитінен өтті.

Университет 2005 жылы Еуразия-Тынықмұхит университеттерінің халықаралық желісіне мүшелікке енді. Мұнан соң Вильнюс қаласында Еуропалық ЖОО қауымдастығының мүшесі болды. 2005 жылы Болонья қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. 2000 жылы университетте ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Қызылорда филиалы ашылды. Мұнан кейінгі жылдары Инновациялық жұмыстар орталығы, Жобалау-конструкторлық технологиялық бюро, екі ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырылды. Ғұлама ойшыл әл Фараби: «Ғылымы жоқ елдің болашағы күмәнді» деген екен, барлық оқу орны секілді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де әрқашан осы ұстанымды шамшырақ етіп алды.

Университет оқытушылар мен студенттері Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Ресей Ғылым академиясының Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты ғалымдарымен бірлесіп, Оғыз мемлекетінің астанасы ортағасырлық Жанкент қалашығының орнына археологиялық қазбалар жүргізді. Қаншама тарихи маңызы бар ескерткіштер зерттеліп, олар мемлекет қорғауына алынды. Бұл жұмыстар бүгінгі күні өз нәтижесін көрсетті және қазба жұмыстары онан әрі жалғастырылып келеді.

Сыр елі – қашаннан-ақ халық өнерін бойтұмарындай қастерлеген өңір. Аралда Нұртуған, Қармақшыда Жиенбай, Шиеліде Нартай мақамы деп аталатын ірі мектептер қалыптасқан. Осы ұлт өнерін өрістете түсу үшін 1998 жылы университетте «Дәстүрлі жыр-өнер» кафедрасы ашылды. Бұл кафедраның дамуы мен өрістеуіне әйгілі жырау, ұстаз Алмас Алматов ерекше еңбек етті.

Университет басқарып тұрғанда әрбір шығармашылық емтиханға Алмас Алматовпен, Шолпан Бейімбетовамен бірге өзім де қатысатынмын. Оның себебі, таланттардың темірқанатын қаққан кезден көз алдымда болғанын қалаймын. Оларды қолдаймын, «өнері озған елдің өзі де биік болатынын» білгендіктен, таланттардың тәрбиесіне, дамуына мән бермей тұра алмаймын. Тәуелсіздік жылдарында көптеген өнер өрендері көз алдымда өсті. Олардың ертең Сыр елінің атын шығаратын өнерпаздарға айналатынына сенетінмін және солай болды да.

Кеше ғана Н.Бекежанов театрында Тәуелсіздік мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Осы жиында облыс өнерпаздары үлкен концерт берді. Мен осыдан жиырма үш жыл бұрын өзім ашылуына мұрындық болған дәстүрлі жыр-өнердің классикалық үлгісіне осы кеште тағы бір мәрте куә болдым.

2011 жылы «Ғылым туралы» заң қабылданды. Ғалымдар ғылыми жобаларға қатысуға, орындауға мүмкіндік алды. Университетте 2012 жылы осы заң аясында мемлекеттің қаржыландыруымен 12 ғылыми жоба жүргізілді. Сонда біз осы мәселеде республика бойынша ЖОО-лар арасында төртінші тұрдық. Бұл үлкен жұмыс болды, біздің мүмкіндіктеріміз ҚазМҰУ-мен, Еуразия ұлттық университетімен, Қарағанды мемлекеттік университетімен салыстырмалы түрде төмен еді, олардан басқа ешкімді алға түсірмедік.

Университетке неге көбірек тоқталдым? Себебі, балаларымыздың көпсалалы оқу орынында заманына сай білім алып, әлемнің озық елдеріндегі біліммен терезе теңестіруі – тәуелсіздіктің сыйы.  

Қазіргі кезде өңірімізде қызмет етіп жатқан, үлкен табыстарымен танылған азаматтардың сексен проценті осы білім қарашаңырағынан шыққан, мен осыны еске түсіргенде сөзсіз марқаямын.

1999 жылы қаңтар айында өткен ҚР Президенті сайлауында Президенттің Қызылорда облысы бойынша сенімді өкілі болдым. 2005 жылы Президент сайлауын ұйымдастыру және қолдау қоғамдық штабына жетекшілік жасадым. Сол кездерде Арал мен Жаңақорған арасын үгіт-насихат тобымен аралап жүрдік. Сонда әрбір елді мекеннен университет түлектері кездесті.  Бірі – ауыл әкімі, бірі – мектеп директоры, бірі – шаруашылық басшысы. Оларды көргенде өз басым төбем көкке жеткендей қуанамын. Солардың сол дәрежеде жүргеніне мысқалдай болса да үлесім бар екенін іштей сезінем.  

– 2007-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болдыңыз. Халқымыздың игілігіне қызмет еткен заңдарды қабылдауға қатыстыңыз. Осы жайында айта кетсеңіз?

– Мен Парламентте өткізген төрт жылымда сексеннен астам заңның қабылдануына қатысыппын.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болдым. Техникалық-кәсіптік білім беру туралы Парламенттік тыңдауды ұйымдастыру комитетін басқардым.

Еліміздегі барлық ГПТУ, СПТУ-дың, яғни, кәсіптік білім беретін оқу орындарының колледж болып құрылуына күш салдық. Себебі, колледж – халықаралық мәртебесі бар оқу орны. Кәсіптік біліктілігіміз халықаралық стандартқа сай болуы керек. Анығырақ айтқанда, кәсіби біліктілік дәрежесін халықаралық еңбек стандарттарына сәйкестендірдік.

Сонымен бірге, жаңадан қабылданған ҚР Еңбек кодексінің, ҚР Ғарыш туралы заңының жұмыс тобына жетекшілік жасадым.

«Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Назарбаев университеті мәртебесі туралы», «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев Қоры» Заңдарын дайындауға қатыстым. 

– Жаңа сіз «дәстүрлі жыр-өнердің классикалық үлгісіне осы кеште тағы бір мәрте куә болдым» дедіңіз. Концерт сізге несімен ұнады?

– Мен қоғамдық іс-шаралардың сценарийін жазып, кейде режиссерлік міндетті де атқара беремін, мұны көпшілік біле бермейтін бір қырым десем де болады.

Бұл концерттің қоюшы режиссерінің жұмысы мықты болған. Бұл жолы оны Қызылорда Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрынан алдырыпты. Оған өзіміздің белгілі мәдениет қызметкері Әзиза Іздіқұлованың жазған сценарийі үйлесіпті. Біз осы сценарий, режиссер мамандығына мән беруге келгенде кемшіндеуміз. Сценарист дегенде жерлестерімізден қазіргі көрініп жүрген Оңталап Нұрмахановты айтуға болады.

Өзімізде бар өнерді жарқыратып көрсететін солар. Сыр елі – өнер қонған ел. Оны өнерпаздарымыз осы концертте барынша биік деңгейде, классикалық тұрғыда көрсете білді. Бұл концертте халықтық өнер де, салт-дәстүріміз де, би де, өнердің шыңы аталатын опера да асқақтады.

«Дидар» би тобының орындауындағы шығармаларды әдеби одамен айтсақ – шедевр!

Осы би ансамблін құруға университет ректоры болып тұрған кезімде өзім тікелей бас болдым. Бұрын аты алысқа кеткен «Сыр сұлуы» құлаққа сіңісті еді, енді оның атын да, заманауи затын да жаңалау керек деген қағидамыз болды. Сол ойымыз іске асты, «Дидар» да өз дидарын көрсете білді.

Рамазан Таймановпен тең келетін композитор елімізде некен-саяқ. Концертте Рамазанның әуені театрды кернеп тұрды.

Рекеңді біз бүгінде университетке алдырдық, оның композитор ғана емес, музыка профессоры болғаны өзінен бұрын шәкірттерге қажет. Өйкені, әлі талай талант тәрбиелеу мүмкіндігі бар.

Сонымен бірге, Кеулімжай Ботабаевтың да еңбегін бөле-жара айтуға болады. Ол – өте сауатты әрі кәсіби дирижер. Оның сиқырлы таяғынан тарайтын саз құлағыңда тұрып алады. Бұларды айтып отырған себебім, қолда барымызды бағалауымыз керек деген ойым.

Концерттің қоюшы режиссеры ғана сырттан келген. Басқасының бәрі – өз өнерпаздарымыз. Университет, музыкалық колледж, филормония – барлығы қосылғанда бір алып ансамбльге айналған.   

Менің пікірім осы концертті сценарийін бұзбай кез келген сахнаға, шет елге де ұялмай апарып қоюға болады. Шындап келгенде біздің тәуелсіздігіміздің көрінісі осы коцерттен де көзге ұрып тұрды. Сахна сымбаты қандай, мың бұралған бишілердің сәні, дарынды дауыстардың әні, әдемі бәрі! Осының өзі – тәуелсіздігіміздің жемісі!

– Еліміздің қастерлі мерекесі кезінде тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына азаматтықпен, біліммен-ғылыммен атсалысқан өзіңізбен сөз алысқанымыз біз үшін мәртебе. Сондықтан, сұрақтарымызға берген тұшымды жауаптарыңыз үшін алғыс білдіреміз.

Мерекеге орай газет оқырманын, өзіңізді құрметтейтін, алыстан тілекші болып жүрген ағайынды құттықтау мүмкіндігіңіз бар.

– Елбасының сарабдал саясатын жемісті жалғастырып, Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген, әлі қоғамға танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатымен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды. Мұны жастардың Отанға шексіз сүйіспеншілікпен қарап, халқына адал қызмет етуіне жол ашу деп бағалауға болады.

Ұлттың рухани тұтастығы мен ел бірлігін берік ұстанған Сыр халқы Елбасымен бірге татулықтың туын биік ұстап, ынтымақ деген қасиетті құндылықты парасат-пайымымен байыптап келеді. Мемлекеттік тілі – ана тіліне, дәстүрлі дініне, салт-дәстүріне, тарихи таным мен ілім-білімге құмар ізгі қасиеттерімен Сыр елін тұтастай қазақ болмысының алтын діңгегіне балауға болады. Елбасының «Сыр – Алаштың анасы» деп кемеңгерлікпен айтқан сөзі бұған дәлел.

Тарихи ізденістерді ерекше қажет ететін, кейінгі ұрпаққа мирас болып қалатын асыл қазыналарды жарыққа шығару ісі қолға алынып, Сыр өңірі фольклоры антологиясының 1-томы «Жанқожа батыр» жырларының жарыққа шығуы – жастарымызды Отанын, ұлтын сүйген рухта тәрбиелеудің бір тәсілі. Өткенімізді зерделеп, тарихымызды саралайтын атаулы, мерейлі сәттердің бекітілген күнтізбесі бойынша іс-шаралар жоспарын жасап, оны жүзеге асыру жолында жүрген ғалымдарымызға, ұстаздарға, мәдениет өкілдеріне шығармашылық табыс тілеймін.

Ең алдымен жастарымыз аға ұрпақтың тәлімін бойға сіңіріп, аман-сау жүрсін деймін. Елдің ертеңі – солар.

Біз – дана халқымыздың «Ырыс, қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген тәмсіліне сүйенген ұрпақтың өкіліміз. Сондықтан ынтымағымызды қадірлеп, кез келген сыннан сүрінбей өтіп, қоғамның талабын әрдайым ескеріп, межеленген жоспарлардың барлығын орындауға міндеттіміз.

Дала төсін дүбірлетіп, еңбек ырғағымен елдің ырзығын жасап жүрген жандар аман болсын. Тайқазанымызды тасытып, еңбегінің жемісін көре берсін.

Еліміз есен-сау болып, әлемді әбігерге салған кесел келмеске кетсін!

Тәуелсіздігіміз жасасын, Мәңгілік ел мұратын биіктете берейік!

– Аумин, айтқаныңыз келсін.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<