Төлемнен жалтару – тұтынушыға сын

1472

0

«Жер – өмірдің денесі, су – қаны, еңбек – жаны» деген. Бір сәт су ақпай қалса, әбігерге түсеріңіз ақиқат. Сондықтан әр тамшы судың қадірін білген, ұқыпты жұмсаған, ысырап етпеген абзал. Дамыған елдерде біздегідей суға ысырап жоқ, үнемшілдік қатаң жүйеге түскен. Әр тамшы суды алтынға бағалайды. Ал біздің жайымыз қалай?

«Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мекемесінің басшысы Марат Жәмиевпен әңгіме осы тұрғыда өрбиді.

– Марат Шахматұлы, «Қызылорда су жүйесінің» талай өзгерісті бастан өткергенін білеміз. Қиындықты қалай еңсеріп келесіздер?

– Бұл мекемеге басшы болғаныма екі жылға жуық уақыт болды. Алға­шын­да көп қиындық кездесті. Қиюы қаш­қан шаруа шаш етектен екен. Жұрттың уақытылы жалақы алуына берешек қарыз қол байлай бастаған. Мамандар тұрақтамаған. Кәсіби слесарьлар, электриктер жетіспейтіні байқалды. Еңбек ететін 700-ден астам адамның тағдыры ойландырды. Сонымен, жұмысты өрге бастаудың жолын қарастырдық. Қиындықты жоюда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тікелей өз қамқорлығына алып, қаржы көзін тапты. Кәсіпорында бетбұрыс басталды, бойына қан жүгірді.

– Қалада су жүйесі қанша шақырымды алып тұр?

– Қазір тәулігіне 1017 шақырымдық ауыз су жүйесіне 2,2 атмосфералық қысыммен су жіберіліп тұр. Шындығын айту керек, үйлердің жоғарғы – төртін­ші, бесінші қабатына су көтері­летін дәрежеге жетті. Көпқабатты үйлердің көп бөлігіндегі құбырлар ауыстырылды. Бұл қадам арыз-шағымдар легін азайтты.

– Қазіргі кәсіпорын ғимараты алыс­тан көз тартады. Жөндеуді қолға алған боларсыздар?

– Әлбетте, байқаған екенсіз. Кәсіп­орын 1964 жылдан бері жөндеу көр­меген ескі ғимарат еді. Қала әкімі қаржы көзін тауып, жөндеуге 98 миллион теңге бөлді. Бұрынғы абонент бөлімдерінің орнына заманауи қондырғылар, компьютерлермен жасақталған жеке жә­не заңды тұлғалар абоненттеріне қыз­мет көрсету орталығы ашылды. Тұты­нушылар ыңғайына қарай электронды кезек жүйесі іске қосылды. Жай­лы орын қызметкерлердің ертеңгі күнге сенімін молайтты. Төлем үшін кезекке тұру уақыты қысқарды. Сонымен қатар кәсіпорынның өндірістік базасы да күрделі жөндеуден өтіп, ауласы асфальттанып, автокөлік тұрағы салынды. Қазір халыққа қызмет көрсетуде біз Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі орынға көтерілуді мақсат етіп отырмыз.

– Тұрғындардың суды пайдалану жайынан әңгіме қозғасаңыз?

– Өте күрделі сұрақ. Қалада тұратын 300 мыңнан асатын халықтың 259 мыңы  біздің ауызсуды пайдаланады. Есеп бойынша 75693 абоненттің 65308-інде су есептегіш орнатылған. Байқайсыз ба, біздегі мәлімет бойынша 10 мыңнан аса абоненттің үйінде су есептегіш құралы әлі орнатылмаған және де 30 мыңнан астам абоненттің су есептегіш құралының пайдалану мерзімі өткен, ауыстыруды қажет етеді. Міне, есепсіз аққан суға жанашырлық жоғын осы­дан-ақ байқай беріңіз. Осыдан келіп халықтан 408 миллион теңгедей қарыз өтелмей тұр. Бау-бақшасына есепсіз су ағызып, көлігін әлсін-әлсін жуып жатқандарға не дерсің?! Қазір суды пайдаланудан орта есеппен айына 100 миллион теңгедей қаржы түсіп тұр. Егер есептегішті түгелдей орнатып, ауыстырсақ, ай сайын 200 миллиондай қаржы түсіруге мүмкіндік алар едік. Сол кезде кәсіпорын өзін-өзі ақтауға бастау алары анық.

– Сіз әлгі әзірде 45 мыңдай тұрғын суға ақы төлемей отыр деп қалдыңыз. Бұған не кедергі?

– Бұқараның санасын ояту керек. Кәсіпорын әр ай сайын жалақы үшін 65 миллион, салыққа 25 миллион теңгедей, тағы да басқа қаржы жұмсап отырғанын түсінуіміз керек. Бізде сөмке ұстап жүрген тексерушілер жетерлік, амал не, әлі де ықпалы нашар. Газға, жылуға, жарыққа ақы төлеуге бетбұрыс бар, ал суға төлеуге келгенде енжарлық басым. Біз «судың  да сұрауы бар» деген қағиданы санаға батыл ендіре алмай келеміз. Насихат жұмысындағы осал тұсымыз осы. Жекешелендіру кезінде кәсіпорын әлдебіреуге болмашы қаржыға сатылып кетті. Содан ақыр соңында 405 миллион теңгеге кәсіпорынды қайта сатып алдық. Міне, көрдіңіз бе, шығын қайда жатыр? Осындай келеңсіздіктерден бастау алған шығын әлі еңсе көтертпей келеді. Дегенмен, таяу уақытта бұл қиындықтан да шығамыз. Атам қазақ «күннің жаманы кетеді» деген ғой. Сол сияқты қазіргі індеттен де шығамыз.

– Алда қандай міндеттер тұр?

– Міндет көп. Аз уақыт ішінде қала әкімдігінің қолдауымен 62 насос стансасының 23-і жаңарды, ондағы кәріз жүйелері жөндеуден өтті.  Бұлайша шұғыл жөндеу жұмыс­тары жасалмаса, су пайдалануда күтпе­ген қиындықтар кездесер еді. Бұл уақы­тылы қолға алған іс болды.

– Кәсіпорында техника, кадр мәсе­лесі толық шешілді деп айта аласыз ба?

– Кадр – біздің тірегіміз, Мырзабай  Сейділдаев, Наурыз Баярыстанов сынды мақтаныш етер мамандарымыз бар. Олар – ұстаз, тәрбиеші, тәлімгер. Біздің жұмыс техникаға тәуелді, сондықтан қолданыстағы техникаларды біртіндеп күрделі жөндеуден өткізудеміз. Қазір 40-тан аса техника түрі бар. Жақында бірнеше қуатты насос машиналарын күрделі жөндеуден өткіздік. Ал кадр мә­селесіне келсек,  электрик, слесарь­лар жетіспейді. Сондықтан жас маман­дарды оқытуды қолға алып жа­тырмыз. Жақында өзімізден жөндеу орта­лық­тарын аштық. Мұнда оншақты маман жұмыс істейді. Енді қолда бар техниканы, электрқұрылғы жабдықтарын өзі­міздің мамандар жөндейді. Бұрынғыдай қолда бар құрылғыларды жөндеуге жер-жерге сабылмаймыз.

Насос стансаларын одан әрі жа­ңарту, ескірген құбырларды ауыстыру қарекетіндеміз. Бізде 180-ге жуық ардагер есепте тұрады. Олардың мұң-мұқтажына сергек қарамай болмайды. Білікті кадрларды оқыту, үйрету аясын кеңейтудеміз. Қысқасы, атқарар іс көп.

«Қызылорда су жүйесі» ерте ме, кеш пе бойын тіктейді. Тек жұрттың суға ақы төлеуге деген ықыласын ауда­рудың жолын қарастыруымыз керек. Бүгінгі сұхбаттағы біраз әңгіме жұрт­қа ой салар, қозғалыс туғызар деген сенімдемін. Әрбір тұрғын «судың да сұрауы бар» деген қағиданы берік ұстаса, кәнеки!

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<