Жаңа бассейндерге зерттеу жүргізіледі

1472

0

«Мұнайшылар күні» қарсаңында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевпен кездесіп, Сыр елінде «қара алтын» өндірушілердің бүгінгі жағдайына байланысты аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Ринат Қалдыбекұлы, мұнай және газ өндірісінің біздің облыс үшін маңызына тоқталып кетсеңіз…

– Біріншіден, өңіріміздің мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. «Қос тойың қабат болсын» дегендей, биыл бұл кәсіби мерекені тойлау еліміздің басты заңы – Конституцияның 25 жылдығы мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Кезінде «Құмкөл» кені­шінің ашылуы – Сыр өңірінің мұнайлы өлке ретінде дамуы мен өнеркәсіптік аймаққа айналуының негіз қалады. Өңірімізде толықтай мұнай-газ клас­тері қалыптасты. Содан бергі уақытта Сыр мұнайы экономикамыздың дамуына зор үлесін тигізді. Өңір экономикасының негізгі локомотиві болды.

Өкінішке қарай, соңғы 7 жылда облыста мұнай өндіру көлемі 5 млн тоннаға қысқарды. Болжам бойынша биылғы жылы тағы 1 млн тоннаға қысқарады деп отырмыз (2019 жылмен салыстырғанда). Жалпы, 2020 жылдың 7 ай қорытындысы бойынша кен өндіру өнеркәсібінің ішінде шикі мұнайдың үлесі 84%, газдандыру үлесі 64%-ті құрайды.

Жалпыөңірлік өнімнің 37%-і  және өңірдегі барлық өнер­кәсіп өндірісінің 70%-тен астамы мұнай өндіруге тиесілі екенін ескерсек, бұл, әлбетте, экономиканың барлық салаларына тікелей және жанама әсер ететіні белгілі. Қазіргі таңда аймақта 22 мұнай компаниясы жұмыс жасаса, оның 11-і өндірумен, 11-і барлаумен айналысады.

– Мұнай кеніштерінің сар­­қылуына байланысты «қара алтын» өндірісі айтарлықтай төмендеп кеткені туралы нақты мәліметтер беріп отырсыз. Ал енді мұнай компанияларының болашақта жаңа кен орындарын игеру арқылы өнім көлемін көтеру жоспарлары бар ма?

– Иә, мен жоғарыда атап өткенімдей, соңғы 6-7 жыл ішінде біз үшін күрделі мәселе мұнай өндіру көлемінің қысқаруы болып отыр (жыл сайын 10-12%-ке). Көмірсутек шикізатын өндіруден түсетін салық түсімдері 2013 жылмен салыстырғанда 45%-ке төмендеді (2013 жылы 597 млрд теңге, 2019 жылы 332 млрд теңге).

Бүгінгі таңда қолданыстағы кен орындары табиғи түрде тау­сылды немесе 95%-тен астам суланды. Мысалы, тек «ҚазГермұнай» учаскелерінде 2 мыңнан астам ұңғыма жабылды немесе консервация­ланды. Сондықтан жаңа перс­пективалы учаскелерді барлау мәселесі өзекті болып отыр. Үкімет қаулысымен бекітілген Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында республикалық бюджет есебінен жалпы сомасы 11 млрд теңгеге үш мұнай-газ бассейні – «Шу-Сарысу», «Оңтүстік Торғай» және «Сырдария» бассейндерін геологиялық зерделеу көзделген. Жұмыстар биыл басталды. «Шу-Сарысу» бассейнін зерттеу­ге республикалық бюджеттен 700 млн теңге бөлінді.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта Энергетика министрлігінде жер қойнауын кешенді геологиялық зерттеу бағдарламасы әзірленуде. Бұл бағдарламада, сондай-ақ, 2021 жылдан бастап бұрынғы Арал теңізі түбінің акваториясын зерттеу көзделген. Мұнай өндіруші компаниялар да шетте қалмайды. Тұрақты негізде жаңа ұңғымалар бұрғылануда. Келісімшарттық міндеттемелер шеңберінде геологиялық зерттеулер жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағытта жұмыс жүргізілуде.

– Мұнайшылардың об­лыс­тың халық шаруашы­лығының түрлі саласына, өнер мен мәдениетке, әлеу­меттік ахуалы төмен топтарға көрсеткен демеу­шілік көмектері туралы жақсы білеміз. Қазір бұл бағытта мұнайшылар тарапынан көмектер көрсетіле ме?

– Аймақтың мұнай компаниялары жыл сайын аз қамтылған отбасыларға, отбасылық типтегі балалар ауылдарына көмектеседі. Мысалы, «Мектепке жол» сияқты түрлі қайырымдылық акцияларына қатысады. Осы акция аясында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға мектеп керек-жарақтарын сатып алады. Бұдан басқа компанияларға тұрақты негізде азық-түлік, киім, тұрмыстық техника және тағы басқа қажетті дүниелер сатып алуға көмек көрсетілетін тұрмысы төмен отбасылар бекітілген.

Мұнай компаниялары ұзақ мерзімді негізде «Арай санрайз» балалар лагерінде жыл сайын тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 1000-нан астам балаға тегін демалыс ұйым­дастырып келеді. (Биыл лагерь жұмыс істемеді). Сондай-ақ, Қазалы қаласында орналасқан 35 орындық «Шапағат» мүгедек балаларды оңалту орталығы,  аз қамтылған отбасы балаларына арналған 45 орындық «Балдәурен» балабақша, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы үйлер және аз қамтылған отбасылар бекітілген.

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<