Асыл бейне

703

0

Көбейсін Исаұлы жайлы бір үзік сыр

Өмірдің тосын сыйы таусылған ба, сірә? Атам қазақ: «Жер төбесіз, ел төресіз болмайды» деген пайымды бекер айтпаса керек. Осынау сан қилы тірліктің сан алуан сүрлеулерінде арман-мұратыңды аңсап, ағындап жүргенде талай жайсаң жандармен жолың түйіседі. Сондай тумысы бөлек тұлғалардың бірі де бірегейі Исаев Көбейсін ағамыз болатын.

Мен Көбейсін ағамен сонау 1970 жылдары табысып, ол кісі өмірден өткенше сыйлас та сырлас болғанмын. 1973 жылы Қызылорда облыстық комсомол комитетінде лектор болудан еңбек жолымды бастасам, Көбекең ол кезде Тереңөзек аудандық партия комитетінде хатшы болатын.

«Тектіден текті туар, ата жолын қуар» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Халықта сондай-ақ «Көнсадақты тартқанда көр, Көншоқай атты шапқанда көр» деген аталы сөз бар екен. Көбекеңнің арғы атасы – Көнсадақ көрінеді. Сонау бір зұлмат жылдары төрт баласымен Түркіменстан арқылы Ауғанстанға қоныс тепкен Көнсадақ 76 жасында елге оралады. Көнсадақтың бір баласы Ақпанбеттен өмірге Көбекеңнің әкесі Иса келеді.

Иса әкелері жаз айларында Ақирекке шығыр салып, азын-аулақ егін ексе, қыс айларында Қамбаш көлінен балық аулап, күнкөріс қамын жеген. Өкінішке орай, Исекең бар-жоғы 43 жасында келмес сапарға кетіп, артында екі қыз, төрт ұлы қалады. Ашаршылық пен жоқшылықтың салдары, оның үстіне әкелерінен ерте айырылуы Көбейсін ағаны ерте есейтеді. Яғни, буыны бекіп, бұғанасы қатаймаған он екі жасында қайықтың ескекшісі болып жұмысқа қосылып, үлес балығын алып, үй  асыраушысы болады.

Көбекеңнің балалық дәурені ХХ ғасырдың қайғысы мен қасіреті мол қиын кезеңге тұспа-тұс келеді. Сол бір сүреңсіз жылдар Көбекеңді ширатты, шынықтырды, антына берік азамат етіп қалыптастырды. Отбасы Арал теңізі жағасындағы елді мекендерге көшіп-қонып жүргендіктен, мектептерде бар-жоғы екі-үш жыл оқып, 1941 жылы 19 жасында армияға шақырылып, соғысқа аттанады.

«Бізді Ақтөбе қаласындағы ұшқыштар әскери училищесіне апарды. Осы жерде үш ай әскери дайындықтан өтіп, Куйбышев қаласында алғашқы ұрысқа кіріскенбіз. Содан соң 37-ші атқыштар бригадасымен Сталинград, одан соң Астрахань, Одесса қалаларын азат ету шайқасына қатыстық. Әрбір метр жер үшін жан берісіп, жан алысқан ұрыс болды. Осыдан елімізге аман-сау оралғанымызға шүкіршілік етеміз» дейтін ол кісі.

Иә, Көбекең айтқандай, Қара теңіз жағалауындағы қаланы азат еткеннен кейінгі майдан Молдавияда, одан соң Венгрия астанасы Будапеште жалғасады. Адамзат өміріндегі ең алапат соғыстан аман оралып, ерліктері үшін «Отан соғысы»  орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. 1945 жылдың желтоқсан айында туған топырағына оралады. Келісімен еңбекке араласады.

Ұлы Отан соғысы жылдары орыс тілін жетік меңгерген Көбейсін Исаев жоғарғы жақтың нұсқауымен 1945-1948 жылдар аралығында Арал мемлекеттік балық тіресінің әскери бөлім басшысы, Арал балықшылар кәсіподағы хатшысы қызметтерін абыройлы атқарып, бертін келе Арал аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалады. Осы жылдары Көбекеңнің бітім-болмысы, білімділігі мен біліктілігі, тура жолдан жаза баспай жүретін жаратылысы облыстық партия комитетінің назарына ілігіп, 1952 жылы кезінде дүркіреп тұрған жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Бұл дегеніңіз, ол кезде екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болатын.

Иә, жоғары партия мектебімен бірге Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетінен дәріс алып, 1955 жылы қос дипломды иеленген Көбекең Арал машина-трактор станциясының партком хатшылығына тағайындалады. Оның сұрапыл соғыста шындалғандығы, іскерлігі мен көрегендігі көптің көзіне ілігіп, қызметтік өрлеуге жол ашылады. Алдымен Арал аудандық партия комитеті саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, кейін саяси-ағарту үйінің меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Ал 1963-1975 жылдары Сырдария, Тереңөзек аудандық партия комитеттерінің идеология саласы бойынша хатшысы қызметтерін атқарады.

Жоғарыда айтқандай, мен Көбекеңмен сол жылдары ағалы-інілі болып араластық, атқарған істеріне риза болатынмын. Менің пайымдауымша, Көбекеңді аймақтың сол жылдардағы бірінші идеологі деп бағалауға болады. Идеология дегеніміз – болашаққа бағытталған мәртебелі міндеттерді ұтымды ұйымдастыру, насихатты басқару мен бақылаудың құралы. Қайдан шықтық, қайда барамыз, қалай жүріп келеміз деген сан алуан сұраққа жауап беретін құрал. Осы идеология құралын ұтымды пайдаланып, оның ұйымдастырушысы, көшбасшысы, ісбасшысы болып Көбейсін ағамыз жүретін.

Көбейсін Исаұлы идеология жұмыстарын шебер пайдалана жүріп, ел-халықты іргелі жұмыстарға жұмылдыра білді. Мен білерде аудандағы барлық мәдени-көпшілік шаралардың ұйымдастырушысы да, басқарушысы да болды.

Ол бүкіл саналы өмірінде адам тәрбиесімен айналысқан, тәрбиені тәңір деп бағалаған адам жанының инженері болатын. Ешкімнің ала жібін аттамайтын тумысы бөлек тұлға еді. Қай жерде болсын өзінің емес, халықтың қамын күйттейтін, жоғын жоқтайтын жан еді.

Айтқандай, Көбекең есімі республикаға танымал мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі Тереңөзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаевпен қызметтес болып, тонның ішкі бауындай аралас-құраласта жүретін. Олардың сыйластықтары да адам  баласы қызығарлықтай болатын. Атқарған іс-шаралары ғана емес, әзіл-қалжыңдары да жарасатын еді. Ауданның өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан Көбекең 1975 жылы Қызылорда облыстық киноландыру басқармасы бастығы қызметіне тағайындалды.

Бұл кісінің ұтымды ұсынысы, батыл бастамасымен аймақта кинотеатрлар жергілікті бюджет қаржысынан жарыса салына бастайды. Сол жылдары Тереңөзек, Қазалы, Тасбөгет кенттерінде кинотеатрлар салынып, көрермендер қуанышқа кенелген еді. Сондай-ақ, Көбекеңнің бұл салада басшылықта жүрген жылдары қазақ өнерінің саңлақтары Сұлтанахмет Қожықов, Кененбай Қожабеков, Асанәлі Әшімов және Абдолла Қарсақбаевтың Сыр еліне келуі тарихта алтын әріппен жазылып  қалды. Олар өз кинотуындыларын алып келіп, көрермендермен кездесулерінен біз де қалыс қалмайтынбыз.

– Көбейсін Исаұлының басқаруымен облыстық кино саласы үлкен жетістіктерге жетіп, республикалық социалистік жарыстың бірнеше дүркін жеңімпаз атанып, ауыспалы «Қызыл туын» жеңіп алатын.

Ал 1983 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, «Қызыл ту» иеленуі керемет жаңалық болды, – дейді еңбек ардагері, КСРО және ҚР Киномотографиясының үздігі Тауасар Тұрсынбайұлы.

Әлгінде айтқандай, Көбейсін ағамыздың жаратылысында көпшілік адамда кездесе бермейтін ерекше бір қасиеттер болатын. Ағамыз заманындағы қағидалардан қағыс қалмай іс тындыратын. Үйін көргенде   кітапхана дерсіз. Өйткені, үйі оқу залы іспеттес, кітап пен газет-журналдарға толып тұратын. Оқудан бас көтермейтін. Бәріне де уақыт табады, көңіл бөледі.

Қым-қуыт тіршілікте жүріп қолы қалт еткен сәтте аңшылыққа шығатын, әсіресе балық аулауға қызығушылығы зор болатын. Тәуліктің қай мезгілі болмасын, құрал-жабдығын, сауыт-сайманын жедел жинап, балық аулауға баратын. Көбекеңнің тағы бір қыры – шежірені шебер тарқататыны. Тарихқа жетік болғандықтан, ағамыздың айтар әңгімелері құлақ құрышын қандыратын. Тағы бір кәсібі – құс өсіру еді. Ол кісі құс етімен, жұмыртқасымен өз отбасын ғана емес, ағайын-туыс, көрші- қолаңды да қамтамасыз еткен көрінеді.

Иә, Көбейсін Исаұлының қай салада жүрмесін елге сіңірген еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен», «Құрмет белгісі» ордені және «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал ол кісі марапаттың ең маңыздысы ел-халықтың алғысы дейтін еді.

Көбейсін ағамыз 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Әйтсе де қажырлы ел атасы еңбекке араласып он екі жыл бойы облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы қызметін абыройлы атқарды.

Жаратқан ием ағамызға Мәрия есімді жаны жайсаң жар берді. Ол да текті әулеттің ұрпағы болатын. Ұлағатты ұстаздықты кәсіп етті. Мәрия жеңшеміздің қазаны оттан түспейтін, дәмге толы дастарханы жиылмайтын.

Олар өмірге сегіз бала әкеліп, көздері тірісінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ұл-қыздарының бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салаларда қызмет жасады.

Өмір деген – осы. Артында өшпейтін із қалдырып, ғибратты ғұмыр кешкен Көбейсін ағамыздың туғанына биылғы мамырда 100 жыл толады екен. Көзі тірісінде Көбекең «Мен мың жасадым» деуші еді. Оның себебін сұрағанда «Өздеріңдей жайсаң жандармен жүздескенімді бір жасқа балаймын. Ал менімен сыйластығы мол мыңдаған азамат бар» дейтін еді.

Ұлы Отан соғысына қатысып, Отан үшін кеудесін оққа тосқан майдангерді еске алу – ұрпақтар парызы. Абзал аға, жауынгер жанның жарқын бейнесі көптің жадында сақталып қала береді.

Биғали ҚАЮПОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері,

экономика ғылымдарының кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<