Атпал азамат, асыл жан еді

517

0

Бұрынғылар қимас кісілері өмірден өткенде «Аққу ұшып көлге кетті, Сұңқар ұшып шөлге кетті, Ол адасып кеткен жоқ, Әркім барар жерге кетті!» деп, ағайын-жұртқа көңіл айтады екен.  Елім деп еміреніп, жерім деп жұмылып еңбек еткен, Сыр елінің атпал азаматы, қадірлі әке, халық пен биліктің арасын жарастырар мәслихат жұмысының қыр-сырына бірге бойласқан жарасымды дос, қимас бауыр, әріптесім, шәкіртім Расул Әбутәліпұлының ғазиз жүрегінің тоқтағанына да  қырық күн толады екен.  Иә, Расул бауырымызды әлі де жоқтап, әлі де өзегімізді өкініш пен мұң-зар өртейді.

Жаралы көңіл қаралы хабар жеткен өткен айдың он жетісіне орала береді. Хабардың тұтқиылдығы сондай, тосыннан келген суыт хабар оны білетін Сыр жұртшылығына ауыр тиді. Қаралы азаның батпандай салмағынан есеңгіреп жүрегіміз сыздады, қабырғамыз қайысты, еңсеміз езілді, тынысымыз тарылды…

Бақи дейтін белгісіз дүниенің қандай екенін, жұмырбасты пендеге не ұсынып, не берерін ешкім білмейді. Білетін Ұлы Жаратушы ғана! Біз жұмырбасты пенденің пешенесіне махаббат, сезім, сенім бұйыртқан жалған дүниенің сыры мен сымбатын ғана көріп-білеміз.

Мақтанып-масаттанудан жаны ада, қашанда тынымсыз тірліктің ортасында жүретін, жүрегі мейірімді, ісі қайырымды Расул бауырымызды еске алғанда, көз алдымызға орта бойлы, иманжүзді, ақжарқын мінезді азаматты елестетеміз! Адами болмысы ерекше еді… Еңсесін еңбекпен тіктеп, ұрпақтарына да адал жұмыс істеуді, тек алға ұмтылып, қоғамға қызмет етуді үлгі-өнеге еткен Әбутәліп аға мен Бақыт апа ел үшін туып, елге еңбегі сіңген ұлдары Расулдан ердің жасы – елуге толарына небәрі тоғыз күн қалғанда айырылып қаламыз деп ешқашан ойламағаны анық.

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан үлесі өз алдына, қарапайым тұрғындардың талап-тілегі мен мұқтаждықтарын мінберден жеткізіп отыратын еркін ойлы, қаншама үлкен істерге ұйытқы болып жүрген қайсар жанның халыққа әлі де берері көп еді.

«Углесбыт» серіктестігін құрып, жұмысын жандандырып, талай жыл табанды еңбек етіп, елге елеулі қызмет жасады. Өзінің ашық-жарқын мінезімен үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарады.

Маңдай терімен тапқан несібесін елмен бөлісіп, көптің қуанышын көру үшін аянып қалмаған ардақты азаматтың көптің игілігі үшін жасаған қамқорлығы халыққа аян.

Тындырымды тірлігімен көпшілік алғысына бөленген ол қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатып, қиын кезеңде қашанда елдің мәселесіне ерекше мән беріп, талай жанға қолдау көрсетіп, халықтың алғысына бөленді. Қайырлы ісі мен адамгершілігі, жомарттығы үшін көпке құрметті болды. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты ретінде Сырдария ауданына қарасты «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына енгізілген кент және ауылдық округтер бойынша жолы нашар, тозығы жеткен көшелерді орташа жөндеу жүргізу мәселелерін көтеріп, 2022 жылы облыстық бюджет есебінен Сырдария ауданындағы Бесарық елді мекенінің көшелерін орташа жөндеуге, одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Н.Ілиясов елді мекеніндегі көшелерді қайта жаңғыртуға және Ақжарма ауылдық округінің көшелерін жөндеуге қажетті қаржы қаралды.

Сонымен бірге, тұрғындарға қажетті Сырдария ауданындағы ескіріп, тозығы жеткен узи аппаратының мәселесін көтеріп, нәтижесінде Сырдария аудандық ауруханасына Узи аппараты сатып алынды. Одан бөлек, ауданның елді мекендерін газдандыру, «Сырдария» спорт клуб ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, жарықтандыру, көшелерді орташа жөндеуден өткізу, жаяу жүргіншілер жолы мен мектеп құрылысын салу сияқты мәселелерін де мінберде көтеріп жүрді. Халық қалаулысы ай сайын мұқтаж отбасыларға азық-түлік тарататын. Аудан тұрғындарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп, ауданның бірнеше елді мекенінде, кент орталығында көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй құрылысын жүргізді. Пандемия кезінде халық денсаулығын қорғауда ауруханаға қажетті медициналық жабдықтар алып беріп, науқастарға дәрі-дәрмекпен көмектесті. Осындай ізгі қасиетінің арқасында Президент Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Туған елін түлетуге, өңірімізді дамытуға атсалысқаны үшін «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.

2020 жылы «Жомарт жүрек» аудандық кезеңі бойынша «Жыл меценаты» номинациясымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Үш рет аудандық мәслихаттың, екі рет облыстық мәслихаттың депутаты атанып, елдің сенімін арқалады. Есімі кітаптарға енді, еңбегі республикалық, облыстық, аудандық газеттерде дәріптелді. Өзі туып-өскен, азамат болып қалыптасқан Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанды.

«Өмір барда – өлім бар, өзгеру бар. Өлмес өмір жоқ. Сынбас темір жоқ. Бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады. Тек мәңгі бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі» деген Қорқыт бабадан қалған дана сөз бар. Яғни, адамның артында қалған ізі, ол – жасаған ісі. Іс те өз мақсатына қарай бағаланады. Ол бағаны да өзің қоймайсың, қоятын өзгелер. Әділ бағаны беретін Уақыт пен Халық – қашанда қатесіз сыншы! Расул әріптесіміз өмірден өтсе де оның ізгі істері ел жадында сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жылжыған сайын, оның азаматтық тұлғасы биіктей беретіні сөзсіз.

Ол өлім түгілі өкпеге қимайтын нағыз ақкөңіл азамат еді. Амал нешік бәріміз өң мен түстің ортасында жүргендей аяқ астынан болған қайғылы қасіретке көңілімізді сендіре алмаймыз. Бірақ тағдырдың салған салмағын көтермеске шарамыз жоқ.

Тас түскен жеріне ауыр. Әрине, ұмыта алмайсың, сағыныш сазы жүрегіңді үнемі тербеп тұрады. Ол жай адам емес, халықтың ауыр жүгін арқалаған халық қалаулысы еді. Ойлаған мақсатына жете алмай, дүниеден озды. Бір кем дүние деген осы шығар сірә?!

Енді, міне, Расул бауырымыз туралы өткен шақпен сөйлейтініміз қынжылтады. Пенденің қолынан басқа не келеді?! Дұғамызды оқып, іштей Құран бағыштаймыз.

Осындайда Әбіш Кекілбаевтың «ештеңенің қадірін білмеген, ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайлардың бетін аулақ қылғай! Ал өткенімізде Жақсылардың болғанына сенетін адам бүгінде Жақсылардың барына сенеді. Ал Жақсылардың барына сенетін адам өзі де Жақсы болуға тырысады. Ал Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ. Ал Жақсылық жасаудың жаман атқа ілігуден   аулақ болудан басқа жолы жоқ. Ләйім, әрқайсымызды, бәрімізді, жалпақ жұрт жамағатымызды Жаманаттан, Жаман Аттан сақтағай! Жақсы тілегімізді жөн тыңдап, жөн түсінер Жақсы құлақтар мен Жайсаң Жүректер көбейе бергей!» дегені еске түседі. Уақыт шіркін бәрін ұмыттыратын болар. Дегенмен, Жақсыларымызды қадірлей білгеніміз өзімізге құрметпен қарағанымыз болар.

Халқымыз аруақ еске алған сайын бір аунайды деуші еді, ағайын-туыс, ұрпақтары мен әріптес-қызметтестері еске алып жатқан аяулы әріптесіміз, ардақты бауырымыздың алды пейіш, арты кеніш болғай! Алла алдынан жарылқап, жатқан жері жайлы, арты қайырлы болғай. Ендігі жерде марқұмның қалған өмірін, қызығын артында қалған ұрпағына берсін! Ағайын-туыс, ел-жұрты аман болсын деп тілейік.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<