Ел дәулетін еселеген ер

372

0

Соғыстың бар ауыртпалығын көріп, одан кейін талай жыл бейбіт өмірде еңбек еткен қажырлы қаһармандар жетерлік. Олардың әрқайсысы бір отбасының, бір әулеттің, елінің тарихына айналып үлгерді. Сондай жандардың бірегейі – Айғали Тәутенов.

Айғали Ерманұлы 1923 жылдың наурыз айында Н.Ілиясов ауылында шаруа Ерманның отбасында сегізінші бала болып дүниеге келген. Ол үлкендерге қолғабыс ете жүріп, ерте есейеді. Ашаршылық жылдары отбасы туған-туысқандарымен Өзбекстанды паналайды, бірақ, ұзамай елге оралады. 1933 жылы он жастағы Айғали Қызылорда қаласының оңтүстік-батысында 40 шақырымдай қашықта орналасқан Құлкетөбе түбіндегі Хан мектебінде оқып, білім алады. Жетіжылдықты 1939 жылы бітіріп шығып, 1942 жылға дейін колхозда әртүрлі жұмыстар атқарады.

Сол жылдың маусым айында әскер қатарына алынып, Уфа қаласында бір айлық дайындықтан өткен соң, Калинин майданындағы 45-гвардиялық атқыштар полкі құрамында ұрысқа кіреді. Ржев қаласын қорғаудағы кескілескен ұрыста қатардағы жауынгер Айғали Тәутенов ауыр жарақаттанады. Иваново қаласындағы госпитальда бірнеше ай емделген соң қайта сапқа қосылады. Жас жауынгер Ржев, Торжок, Торопец, Великие Луки, Невель, Старая Русса қалаларын, Белорусь, Латвия, Литва республикалары жерлерін азат ету ұрыстарында бірнеше рет жарақат алса да қайтадан қатардан табылып, Жеңіс күнін Кенигсберг қаласында қарсы алды.

– Мен майдан жолын Кіші жерден бастап, Кенигсбергте аяқтадым. От-жалынды кешіп жүріп сол кездегі саяси бөлім бастығы, полковник Л.Брежневпен бірнеше рет кездестім. Ауыр шайқастарда 3 рет ауыр жараланып, 3 рет қайта сапқа қосылдым. Қан төгіп жүріп, Жеңіс күніне де жеттік, – делінген майдангердің естелігінде.

Батырдың жеңісті жолы мұнымен тоқтамайды. Фашистік Германия талқандалғанымен, оның шығыстағы одақтасы Жапония әлі де күшті еді. Мамыр айы аяқталмастан Айғалидың әскери бөлімі Еуразияны көктей өтіп, Жапон милитаристеріне қарсы шайқасқа аттанды. Сөйтіп, №39 Армия қатарында соғысып, 1945 жылдың 3 қыркүйегінде Порт-Артур қаласында Жапонияны тізе бүктірген жеңісті қарсы алды. Әскери қызметті одан әрі жалғастырып, елге 1947 жылдың мамыр айында ғана оралды. А.Тәутенов соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Елге оралған соң да еңбекте ерен ісімен ерекшеленді. Бригадир, ферма меңгерушісі, колхоз бастығы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарған. Қазалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумынан бухгалтерлік мамандық алып, К.Маркс атындағы колхозда есепші болды. Қой фермасында, егіс даласында бригадир қызметін атқарды. Тереңөзек ауданы №1 күріш совхозында (кейін ҚазССР-нің 50 жылдығы атындағы) күріш өсірумен айналысып, өндіріс бригадирі, бөлімше меңгерушісі болып, 1986 жылы 59 жыл еңбек өтілімен зейнеткерлікке шықты.

Ол – мемлекет марапатына, ел алғысына бөленген жан. Есімі Қазақ Республикасының «Алтын кітабына» жазылды. Үздік еңбек көрсеткіштері үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс, қола белгілерінің иегері атанды.

– Елімізде бейбіт еңбек жорығы басталды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру, Отанымыздың күш-қуатын арттыру үшін бесжылдықтар мұратын жүзеге асыруға үлес қосуға ұмтылдық. Сыр байлығы – күріш өсіруде жемісті еңбек етіп келемін. Республикамыздың былтырғы жаңа миллиардына да үлес қостық. Мен басқаратын бөлімше күрішшілері мемлекетке 50 мың центнер сапалы астық сатты. Совхоз бойынша социалистік міндеттеме асыра орындалды. Қазір бесжылдықтың соңғы жылын табысты қорытындылау үшін көптеген ұйымдастыру шараларын қолға алып жатырмыз, – делінген батырдың естелік жазбасында.

Ол үлкен әулеттің басшысы, ынтымағы жарасқан отбасының отағасы болды. Жан жары Кенжегүл Бөжекқызымен бірге үш ұл, төрт қыз өсіріп, оларға өнегелі тәрбие берді.

Ер-азаматтар соғысқа аттанып, елдегі бар ауыртпалық қарттардың, әйелдер мен балалардың мойнына түскен шақта сауаты бар Кенжегүл қоғам өміріне белсене араласып, ауылдық кеңеске хатшы, төраға, колхозға есепші, колхоз бастығы болып қызмет атқарған. Халық шаруашылығы түзеле бастағанда сауда саласында қызмет атқарып, бала тәрбиесі, үй шаруасымен айналысып, колхозда мал және егін шаруашылығында күн-түн демей қызмет атқарған отағасының жағдайын жасаған.

Тыл жауынгері, ардақты ана, аяулы әже Бөжекқызы Кенжегүл 1994 жылы 28 ақпанда дүниеден өтсе, майдангер, соғыс және еңбек ардагері Айғали Тәутенов 1999 жылдың 25 ақпан күні бақилық болды.

Халқымызда «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деген дана сөз бар. Иә, жалындаған жастық шағында оқ пен оттың ортасында болып, Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан, бүкіл ғұмырын ел дәулетін арттыруға арнаған ардақты жан ұмытылмайды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<