Тағылымға толы тағдыр

368

0

Саналы ғұмыры қоғамның дамуына арналған, адал еңбекті ту еткен қайраткер тұлғалардың өнегелі өмір жолын насихаттау – тарих алдындағы парызымыз. Бұл ретте, Сыр өңірінің еңбек жылнамасын парақтасақ, аймақтың қалыптасуы мен дамуын сөз еткенде, ел ағасы, еңбек ардагері Медетбек Садырбаевтың есімі ерекше құрметпен айтылады. Тағылымға толы тағдыр иесі ортамызда болғанда биыл 90 жасқа толар еді.

Адал еңбек, терең ізденіс қай кезде де, азамат баласын абыройға жетелейді. Бақытын еңбектен, тынысын тірліктен тапқан Сыр халқы парасаты мен пайымы мол азаматтардан кенде емес.

Сондай ел ағаларының бірі Медетбек Садырбаев Жаңақорған ауданының ғана емес, облыстың ауыл шаруашылығы саласында өз қолтаңбасын қалдырған жан еді.

Ол ел өмірінің ащы кезеңі – ашаршылық уақытында 1933 жылы Жаңақорған ауданы Ақүйік ауылдық кеңесіне қарасты «Бөріойнақ» деген жерде дүниеге келген.

Балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Әкесі Әбдіхалық, Әбдісадық, Кенжебек ағайынды үш жігіт қасиетті жерін қанымен де, жанымен де қорғауға Ұлы Отан соғысына аттанды. Әкесі қан майданда қаза тапты. Аналары Кәдіркүл мен Сейсектің ортасында 9 жасар Медетбек, 7 жасар қарындасы Әлима қалды.

Сұрапыл соғыс талай шаңыраққа қаралы қағаз алып келді. Біреудің балалығын алды, балғын, тәтті кезінен айырды. 1941-1945 жылдар аралығындағы соғысты еске алғанда қабырғасы қайысып, жанарына жас іркілетін жандардың бірі – сол кездегі балалар. Олар бұғанасы қатпай-ақ тылдағы тынымсыз тірліктің қамытына жегілді. Бала болып ойнамады, ерте есейді.

Медетбек те жас күнінде тапшылық пен жоқшылықтың не екенін біліп өсті. Дәннің нан, тамақ болатынын ұғынды. Осылайша ер жеткен соң Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агроном оқуға түсті. Жоғары оқу орнын 1958 жылы бітірді.

Оқуды жаңа бітірген жас маман еңбек жолын «Екпінді» ауылында бас агроном болып бастады. Кейін 1961-1964 жылдары Жаңақорған ауданында тұқым тазалау зертханасында директор болып қызмет атқарды. 1964 жылдан 1995 жылы зейнетке шыққанға дейін әр жылдары «Бірлік», «Қожакент», «Сунақата», «Юбилейный», «Талап» совхоздарында бас агроном, совхоз директоры қызметтерін абыроймен атқарды.

Еңбек жолында Жаңақорған ауданының 7 совхозында бас агроном қызметін атқарған Медетбек Садырбаев ауыл шаруашылығы саласында көптеген белесті бағындырды. Ағамыздың еңбек жолының жемісті кезеңдері туралы Өмірсерік Тақырбасовтың естелігін тыңдағанды жөн көрдік.

– Медетбек ағамызды 1972 жылдан бері білемін. Институт бітіре сала қазіргі Қожакент ауылына экономист болып келген кезім еді. Ол кісі бас агроном екен. 1974 жылы «Сунақата» совхозына ауысып кеткенше бірге қызметтес болдық. Ағамыз есімізде тек жақсылығымен қалды. Білікті маман, өз ісінің білгірі болатын. Агротехниканы сақтауға, күріштің егу мерзімі, жер жағдайын есептеп, барлығына маңыз беріп жүретін. Кадр даярлау ісінде де ауқымды жұмыс атқарды. Қарамағындағы қызметкерлерге қамқорлық танытып, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Кейін еңбегімен елге танылып, совхоз директоры, басқа да жауапты қызметтер атқарған Сман Жұмаділдаев, Бекмырза Шалғынбаев, Асан Нақышпанов сияқты ағаларымыз сол кезде Медетбек ағамыздың қарамағында агроном болып қызмет істеді. Бәрі сол кісінің шекпенінен шыққан білікті мамандар еді.

Ол кезде күріш шаруашылығында тәжірибелі мамандар аз болатын. Саланың қыр-сырын жетік білетін Медетбек ағамыз терең кәсіби біліктілігі, тынымсыз еңбегінің арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен кездескен бірден-бір агроном осы кісі болатын, – деп еске алады Ө.Тақырбасов.

Қай қызметті тапсырса да сапалы, уақытылы, ең бастысы жанашырлықпен орындайтын ол жастайынан өзін іскер басшы, болашағынан үміт күттіретін азамат ретінде танытқан. Ағамыздың сол қажырлы еңбегі туралы «Қожакент» ауылының 50 жылдық мерекесіне орай шыққан «Құтты қоныс – Қожакент» кітабында бригадир Есқожа Ысқақов пен Социалистік Еңбек ері Арапбек Әбиев: «Совхоздың бас агрономы Медетбек Садырбаев күріштің сумен сыланып, күнмен түлеп өсетінін, ол да бала сияқты мәпелеп аялауды қажет ететінін, әсіресе күтіп-баптауды қажет ететінін бізге үйретіп отырды» дейді.

Еңбектің қазанында қайнап, күндіз-түні шаруашылық үшін тер төккен, қызметте абыройлы болған Медетбек Садырбаев отбасында адал жар, ардақты әке, жанашыр бауыр болды. Жұбайы Қалдаркүл екеуі он қыз, бір ұл тәрбиеледі. «Балаларым – байлығым» деп, бәрінің жоғары оқу орнына түсуіне, мамандық иесі болуына бағыт-бағдар берді.

Жалпы аймақтың ауыл шаруашылығына, өзі туған ауданның ғана емес облыстың күріштен аты шығып, мерей-мәртебесінің тасуына, республикаға танылуына оның сіңірген еңбегі өлшеусіз. Биыл абзал азаматтың дүниеден өткеніне ширек ғасыр – 25 жыл толып отыр.

Бір анығы, құт қонып, бақ дарыған Сыр жұртшылығы еңбегімен ел есінде қалған қайраткер-тұлға есімін ешқашан ұмытпайды. Сыр маржанынан тау тұрғызып, туған жерінің қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан ел ардақтысына кейінгі ұрпақ қарыздар.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<