Тау тұлғалы, тарлан мінезді талант иесі

729

0

Ұлы дала сарынымен жеткен сонау Қорқыт баба мұрасынан бастау алатын Сыр сүлейлерінің тасқа басып қалдырған тылсым сырлы дүниесі тарихымыздың алтын қорына айналды. Бір ғажабы – олардың бір-біріне ұқсамайтын, даралығы. Осындай бірегей талант иесі, ақын, драматург, «Парасат» орденінің, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты Иран-Ғайып биыл 75 жасқа толды.

Қай заман тұрғысынан қарасақ та, ақын – өз дәуірінің жаршысы, адалдық пен ақиқат жолындағы айнымас күрескер, адами асқақ сезімді жырлап, өмірдің шынайы келбетін кестелейтін суреткер. Сондай-ақ, елдің тарихы мен ұлттың болашағын толғайтын  ақын қолтаңбасы ғасырдан-ғасырға көшетін рухани қазынаға айналры хақ.

Иран-Ғайып та өзі өмір сүріп жатқан қоғамның ақиқатын жырлап, жанын толқытқан ащы шындықты тайсалмай төгіп салады. Ақын кейде арнасынан асып, өлеңнің аясына сыймаған ойын драма жанрында жеткізеді. Автордың айтуынша, «Мен ішпеген у бар ма?» шығармасында Абайдың айналасындағы кейіпкерлер арқылы Тәуелсіздік жолындағы қазақ жастарының көтерілісін, оларға деген отаршыл өкіметтің аяусыз жазалау әрекетін көрсетуге тырысады. Шығарманың соңғы жағында:

– Абай десем, есіме тегім түсер,

Есем кеткен ескіге кегім түсер.

Абай десем, қараңғы халық деймін,

қайғылы алып деймін,

қамаулы жарық деймін –

Абай десем! – деп ұлтының жарқын болашағын аңсап, сол жолда мыңмен жалғыз алысып, айналасындағы ой-санасы қараңғы жұрттың талауына түскен ұлы ақынның тағдырын тап басып танытуға тырысып, ол кешкен күйді өз басынан өткеріп, замана шерін толғайды.

Қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай: «Қазақтың қара өлеңіне қара нардай жүк теңдеп, мәңгіліктің өлмес күйін шертіп, бірде қобыз болып күңіреніп, бірде көктем болып көгеріп, бірде теңіз боп тасып, бірде шөл боп қуарып жүріп азап арқалап, қызыл-жасыл дүниенің қызығына арбалып, шыжығына күйіп келе жатқан бір ақын болса, ол – Иран-Ғайып» деген екен. Шындығында, ақын жырларынан жан жүрегін сыздатқан замана шері, алас ұрған ой, арпалысқан сезімді аңғарасыз.

– Жыр жазамын жат көзге бұрқыраған,

Жарақатым ішімде, сыртым аман.

Күндіз күліп жүремін көппен бірге,

Түнде сары сүйегім сырқыраған –

Кезін аңсап табысқан, шұрқыраған, – деп толғанады ақын. Бұл – әлбетте, ақынға  тән мінез.

Ақын Иран-Ғайып 2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұл ақын шығармашылығына берілген әділ баға болатын.

Қорқыт ата – жалпы түркі жұртына ортақ тарихи тұлға. Халық аузындағы аңыз бойынша замана күйін толғанып, мәңгілік өмір сырын іздеген ол кең дүниені кезіп кетеді. Алайда Қорқыт қанша жыл қашса да, ажалдың құрығынан құтылмайды. Біле білсек, мұның астарында терең философиялық түйінді ой жатыр. Ал, Қорқыт бабаның мәңгі қоныс тапқан жері – Сыр өңірі. Демек талант иесінің бұл тақырыпқа қалам тартуы бекерден-бекер емес.

Қорқыт жайында аңыз халық арасында кең таралған. Оның өмірге келуінің өзі бір тылсым сырға толы. Анасының жатырын үш жыл мекен еткен ол дүниеге келгенде жер бетін үш күн, үш түн қараңғылық басқан дейді. Поэмадағы былайша бейнелеу соның көрінісі:

– Топырақты басынып, қара жерді су алды,

Екі аяқты, жұмыр бастының зәре-құтын ұшырып,

Салып тудым ылаңды.

Мен келген соң сескенді ме, ес көрді ме затымды,

Қорқыт қойды ел атымды…

Қорқыттың жан серігі – қылқобызы. Ұлы даланың тылсым сырынан терең ой түйіп, тәңір қалауын, заманының зар-мұңын қобызына қосылып, сарнатып төгеді. Осынау шығармаларын өмірге әкелу арқылы өнер дейтін құндылықтың көзін тапты. Ал, өшпес өнер туындысын қалдырған адам өмірден өтсе де, оның рухы мәңгі жасай беретініне бұдан бірнеше ғасыр бұрынғы Қорқыт мұрасының бүгінге дейін жетуі дәлел емес пе?!

Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев)  1947 жылы Сырдария ауданы, Абай елді мекенінде туған. Облыс орталығындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатында оқыған ол Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне түсіп, 1970 жылы тәмамдайды. Ал арада он жыл өткенде, яғни, 1980 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсын бітіріп, шығармашылыққа шындап бет бұрады. Еңбек жолына келер болсақ,  әр жылдары Қызылорда облысы бойынша «Білім» қоғамында референт, Алматы қаласындағы, «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, ҚР Білім, мәдениет комитетінің редакциялық-репертуарлық коллегиясының бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазақтың мемлекеттік Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының әдебиет бөлімін басқарған.

Ақынның «Жүрек жырлайды» атты алғашқы жыр жинағы 1974 жылы жарық көрсе, одан кейін «Тың құрбаны», «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Негізгі шаруа», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Алтын ажал», «Киелі күнә», «Хан – Абылай – Сабалақ», «Жәбекшаған», «Гүл Нәр», «Театр Романы», «Қорқыттың көрі», «Мауглидің оралуы», «Махамбет», «Қашғария», «Былыққа батқан қала», «Керкеткен» атты драмалық дастандары оқырманға жол тартып, оң бағасын алды. Ал «Глаза ночи» (1983), «Царь слова» (1984), «Наследник» (1988) атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. Сонымен бірге, ақынның 1990 жылы жарыққа шыққан үш томдық, ал 2006 жылы шыққан 13 томдық таңдамалы шығармалары қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі қазына болғаны сөзсіз. Сондай-ақ, «Шыңғыс хан», «Абылай хан», «Қорқыттың көрі» сынды бірнеше драмалық шығармалары қазақ театрларынан әрі асып, шет елдерде сахналанды.

Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлының сөзімен түйіндесек:

«Ол өрттей боп лаулап, оттай маздады,

Күйінем деп күл боп кете жаздады…

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<