Ұмытылмас ғұмыр иесі

473

0

Біздер үшін Ұлы отан соғысына қатысқан майдангердің бәрі де мәңгі ұмытылмас ғұмыр иелері екендігі шындық. Осы жауынгерлердің ішінде қызылордалық 19 жастағы өрімдей азамат Тасмағамбет Батыршаев та бар еді.

Тасмағамбет ағамыз майданға жанкештілікпен, Отан үшін кеудесін оққа тосып, өжеттілікпен аттанды. Ұлтының намысын таптатпай батырларша шайқасты. 1942 жылы 11 мамырда Қызылорда қаласының теміржолынан аттанған ол бірден Каспий теңізі арқылы майданға сапар шекті. Ант қабылдап болысымен №97-шекара отрядының 13-заставасында пулеметчик болады. Қолына қару тиісімен әрбір күні өлім мен өмір арасында өтті. Қаншама қарулас достарын көз алдында жоғалтып жатты.

Әрбір операция кезінде ержүректік көрсете білгені үшін қатардағы сержант Тасмағамбет Батыршаевты 1944 жылдың қаңтар айында 3-Беларусь майданының 24-шекара атқыштар отрядының командирі етіп тағайындайды. Осы командирлік қызметті атқара жүріп Кенисберг, Қырым, Украина, Литва жерлерін жаудан азат ете біліп, 1945 жылы мамырда Кенисбергте соғысты ел аңсаған Ұлы Жеңіспен аяқтайды. Соғыс жылдарында ерлігі үшін 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенисбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістен кейін командир Тасмағамбет Батыршаевты Литваның Каунас қаласында әскери қызметін жалғастыруға алып қалады. Әлі де ол жер бірен-саран немістерден тазара қоймаған шағы болатын. 1948 жылы денсаулығы сыр берген соң арнайы әскери комиссияның шешімі бойынша әскер қатарынан шығарылып, елге қайтуға рұқсат етіледі.

Өмірдің небір қиындығын басынан өткерген Тасмағамбет ағамыз елге келісімен бір күнін босқа өткізбей, жаңадан құрылып жатқан «Қызылордаплотинстрой» құрылыс басқармасына жұмысшы болып орналасады. Осы кезеңде Қызылордаға  еліміздің түкпір-түкпірінен тәжірибелі құрылысшыларды жинап, плотина құрылысы қызу бастау алған шақ еді.  Осылай Тасбөгеттің негізі қалана бастады. Осы уақытта Тасбөгеттің керегесі кеңіп, аясы үлкейіп, жан-жақтан жұмысқа келушілер қатары арта түсіп, жаңа қоныстанушылар көбейіп, жаңа ауылға айналды. Көп ұзамай ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы қаулысымен қала үлгісіндегі елдімекен мәртебесі беріледі. Жай жұмысшыдан жолын бастаған Тасмағамбет Батыршаев плотина құрылысына бастан-аяқ белсене араласып бригадир, учаске бастығы, құрылыс прорабы қызметі жолдарына дейін адал еңбегінің, іскерлігінің, ұтымды ұйымдастырушы қабілетінің арқасында көтеріледі.

1950 жылы Тасбөгет поселкелік кеңестің төрағасы болып сайланады. Бұл қызметті 13 жыл зор абыроймен атқарады. Сол кезеңдерде Тасбөгет кенті ішінде темір жол салынады. Сондай-ақ электр станциясы, темір-бетон зауыты, кірпіш шығару, ағаш өңдеу зауыттарын салдыруға тікелей ықпал етеді. Құрылыс және  гидромелиоративтік ұйымдар ашуға мұрындық болады. 1963 жылдан өмірінің соңына дейін Қызылорда облыстық су шаруашылығы басқармасына қарасты ПМК-29 мекемесінде партия ұйымының хатшысы қызметін атқарып, осы мекемеден зейнеткерлікке шығады. Мекеме жұмысшыларының көбіне үй алып беруге зор көмек көрсетті.

Қарапайым жұмысшыдан елге белгілі тұлғаға айнала білген, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Тасмағамбет Батыршаев көзі тірісінде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін, «В.И.Лениннің 100 жылдығы» және әр жылдардағы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медальдарының иегері. Сондай-ақ халық қалаулысына айналып, Сырдария аудандық, Қызылорда қалалық Кеңестердің депутаты болған. «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағын алған. 2010 жылы Тасбөгет кентінде бір көшеге Соғыс және еңбек ардагері Т.Батыршаевтың есімі берілді. Одан тараған ұрпақтар бүгінде мәуелі баққа айналған. 

Осындай адал еңбегімен елінің ілтипатына бөлене білген тұлға, майдангер-марқұм Тасмағамбет Батыршаев биыл мамыр айында 100 жасқа толып отыр. Оның өмірі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге екені анық.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<