Жартығасырлық ұстаздық жол

359

0

Алты Алаштың анасы атанған Сыр елінің топырағынан небір текті тұлғалар нәр алған. Олардың қашанда қарапайым қалпынан айнымайтын адами қасиетін, бойындағы кісілік пен кішілікті, бітім-болмысын көргенде марқайып қалатынбыз. Сабырлылық пен сыпайылықты, адамгершілікті ғұмыр бойы серік етіп, ел-халқы үшін еңбек еткен сондай текті тұлғалардың бірі – ұлағатты ұстаз, біздің әулеттің көшбасшысы болған Батырхан Остаев. Бұл кісі туралы көргендеріміз бен көңілге түйгендерімізді айтсақ, туабітті тектілігіне, шәкірттердің ғана емес, ұстаздардың ұстазы атанғанына тәнті боласыз. Елу жыл бойы бар білгенін бала бойына сіңірген тағылымға толы өмір жолы үлгі тұтарлық. Көзі тірі болғанда 85 жастың биігіне шығатын ағамыздың ұрпақтарға ұлағат болар ғибратты ғұмырына тоқталайық.

Батырхан Остаев 1937 жылы Қызылорда қаласына қарасты Ж.Маханбетов атындағы елді мекенде дүние есігін ашты. Көнекөздердің айтуынша, әкесі Остай да аузын ашса жүрегі көрінетін, нұрлы жүзінен имандылық шуағы төгіліп тұратын абыз ақсақал болған көрінеді. Осы кісінің ұйымдастыруымен кезіндегі 3-4 шаруашылық бір шаңырақ астына топтастырылып, Киров атындағы совхоз (бүгінгі Ж.Маханбетов ауылы) бой көтерген. Остай атамыз осы шаруашылықты басқарып, ел-халықтың еңсесін тіктеуге бар күш-жігерін жұмсайды. Әуезхан, Батырхан, Сәдірхан, Болған, Ақкенже есімді балаларына тәлім-тәрбие берді.

Батырхан аға Қызылорда қаласындағы №1 Мамыр мектебінен орта білім алды. Алдағы асқар шыңдарға шықсам деген талаппен Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика фаультетін бітірді. Барлық мамандықтың анасы – мұғалімдікті иеленіп, 1960 жылы күрмеуі қиын, сүрлеуі мол ұстаздықтың ұлағатты жолына түсті.

Еңбек жолын №143 орта мектепте қатардағы мұғалім болудан бастады. Ол кезде мұғалімдікті таңдаған адам «шу» дегенде шауып кететіндей әмбебап болуы керек. Бәкең осындай сындарлы шақтардан сүрінбей өтіп, биіктерге өрледі, яғни, 1969-1971 жылдары мектептің тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Сосын 1971 жылдан 2003 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқарады. Жарты ғасыр бойы мектептің тірегі де, жүрегі де болуы Алланың берген бағы шығар.

Басшылық қызметте жүргенде Сыр өңірінің ғана емес, еліміздің игілігіне жараған қаншама педагогикалық жобалар жасады, білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Саралап айтар болсақ, көрнекіліктерді картотекаға түсіру, әр пәнді сынып журналының бір бетіне жазу, мектеп басқаудың пәндік салалық жүйесі, тағы басқа ондаған игілікті іс Бәкеңнің басқаруымен өмірге келген. Бұл ұтымды ұсыныстар мен жарқын жобалардың, жоғарыда айтқандай, еліміздің барлық аймағының білім ордаларында қолдау табуы тектен-тек болмаса керек.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, ол – кезінде облыс бойынша мектеп директорлары арасында бүкілодақтық педагогикалық оқуға қатысқан бірден-бір басшы. №143 мектепке басшылық жасаған жылдары осы оқу ордасының мұғалімдері Баттал Жүсіпбековтің бүкілодақтық, ал Қадыр Әмзеев пен Мырзахан Жәкеновтің республикалық педагогикалық оқуларға қатысуы мен ұстаздардың облыстық мұғалімдер сайысында көш басына шығуы – Бәкеңнің жартығасырлық тәжірибесінің жемісі. Сондай-ақ, ондаған мектеп мұғалімінің кезіндегі Кеңес Одағы мен Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» белгілеріне ие болуы да – оның ерен еңбегінің еншісі.

Батырхан аға өмірден көргендері мен көңілге түйген жүрек жазбаларын кейінгі ұрпаққа ұлағат етуден де қалыс қалмаған. Оның қарымды қаламынан «Мектеп – білім ордасы», «Елу жылда ел жаңа», «Мектеп басқарудың пәндік салалық жүйесі», «Қармақшы шежіресі», «Ойлар көмбесі» ой-толғамдары, «Шағын комплектілі мектептерде  гимназия, лицей топтарын ұйымдастыру жолдары» жинақтары мен 550-ден астам ғылыми-әдістемелік мақала туған.

Мектеп басшылығында жүргенде:

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейтін болсақ, біздің тербетіп отырған бесігіміз – мектебіміз. Мектеп – білім тірегі болса, ұстаз – оның жүрегі. Ендеше, біздің жүрегіміз ұрпақтардың келешегі кемелденсе екен деп соғуы керек» дейтін.

Бәкеңнен білім мен тәрбие алған есімдері елге танымал шәкірттері жетерлік. Академик, педагогика ғылымдарының докторы Б.Момынбаев, әр саладағы ғылым докторлары Ә.Тоқтамысов, Б.Қаратаев, ғылым кандидаттары Н.Байқадамов, А.Баймолдаева, Қ.Адыранов, А.Әбуова, Р.Үсенбаева, Қ.Ерімбетова, А.Айтбаева, А.Остаева – осы мектептің танымал түлектері. Ол кісіден ғалымдар ғана емес, өлең өрнегін кестелеген ақын да, егін салған диқан да, төрт түлікті түлеткен малшы да, құрыш қолды құрылысшы да, ұлағатты ұстаздар мен шипалы қолды дәрігерлер де дәріс алған.

Ол ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі арқасында білім саласының өсіп-өркендеуіне, оның ішінде №143 мектептің республика көлемінде танымал болуына өлшеусіз үлес қосып, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Білікті басшының арқасында осы мектептің бірнеше жыл бойы үздік деп танылып, іс-тәжірибесінің ҚР Білім министрлігінің қолдауымен республика аймағына таратылуы да тектен-тек болмаса керек. Білім ошағында мектеп тарихын түгендеген музейдің іргетасын қалады. Сондай-ақ «Әлі Арыстан» мешітінің салынуына да сүбелі үлесін қосты. Зейнет демалысына шықса да қол қусырып қарап отыруды қаламайтын. Бабалар рухына бас иіп, тағзым жасайтын алаңның өңі қашқанда белді азаматтардың басын қосып, «Тағзым» алаңын салуды ұйымдастырған болатын. Алаң Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойында ашылды. Үш деңгейлі спорт алаңының салынуы, ауыл саябағының жасыл желекке бөленуі осы Бәкеңнің бастамасымен жасалған игілікті істер еді.

Батырхан аға Остаевтың елге сіңірген еңбегі ескерусіз қалған емес. 1982 жылы Ереванда өткен Бүкілодақтық педагогикалық оқудың дипломаты атану – екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Сондай-ақ, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қызылорда облысының құрметті қызметкері атанып, «Жыл директоры – 1992» сайысының жүлдесін иеленді. КСРО Оқу министрлігі мен ҚР Білім министрлігінен, облыстық білім басқармасынан, одан бөлек әр уақыттағы облыс, аудан әкімдерінен алған Алғыс хаттары мен марапаттарын санамалап айту әсте мүмкін емес. «Өмірі – үлгі-өнеге» марапатын, «Құрметті директор» атағын алуы да – ерен еңбегінің бағасы. Сондай-ақ «Қызылорда облысының Құрметті ардагері», «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Бәкең 1960 жылы Қанбибіш Момынбаева жеңгемізбен шаңырақ көтерді. Ақыл-парасатымен, қонақжайлығымен, берекелі де мерекелі дастарханымен көпке үлгі-өнеге бола білген Қанбибіш тек әулеттің ғана емес, ауылдастарының ерекше құрмет тұтар анасына айналған. Содан да ауылдастары оны әжесінің атауымен «Тай ана» десе, келіндері «жүйрік абысын» деп ат қойып, айдар таққан. Бұл кісінің қолынан қазақтың талай текті тұлғалары дәм татқан. Тек қана қонақ үшін деп бие байлап, қымыз сапыратын бұл үйден қысы-жазы қонағы үзілмеген.

Алла жарастырған жұп өмірге бес ұл мен бес қыз әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Олар бүгінде сан алуан салада, бірі құқық қорғау, енді бірі құрылыс, халыққа қызмет көрсету саласында еңбек етсе, тағы бірі жеке кәсіпті нәсіп еткен.

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, Остаевтар әулеті – ұстаздар дистанциясы. Облыстық білім басқармасынан алған деректерге көз салсақ, бұл әулеттің білім саласы бойынша еңбек өтілі 843 жыл екен. Әулеттің 47 мүшесі білім саласында еңбек еткен, бүгін де сол жолды жалғағандар жетерлік.

Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаз Батырхан Остаев ағаның салып кеткен сара жолы бүгінгі және ертеңгі жастар үшін тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып қала бермек. Осыған орай жаны жайсаң жанды ұмытпау, игілікті ісін ұрпақтарға ұлағат етіп қалдыру – бізге парыз. Осы орайда көп көкейінде жүрген бір толғақты ойды орталарыңызға салғым бар. Ауыл тұрғындарының жарты ғасырдан астам уақыт бойы, оның ширек ғасырдан астамын мектепке басшылық жасаған аға есімін осы мектепке берсе деген ұсынысы бар. Сонда елі үшін жасаған ерен еңбегі көпшілік жадында мәңгілікке сақталатын болады.

Әсет ТОҚТАМЫСОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<