Адам бағасы уақытпен емес, қоғамға, елге жасаған ісімен өлшенеді.Биыл тірі болғанда 70 жасқа келетін Нұрлыбек інім әу бастан әділетсіздікке жаны қас, әлсіздерге көмек беруге дайын тұратын. Адамға деген жанашырлығы, қолынан келсе жақсылық жасауға бейім болатын. Мына дүниені тәрк етіп, өмірден беймезгіл өтті. Зымыраған күн, ай, жылдар қайырылмай барады. Өйткені уақыт адамзаттың еншісінде емес.
Өмірден өтсе де көңілден кетпейтін асыл азаматтар әлі де арамызда жүргендей болады. Сыйластық арқасында бір туған бауырдай болып кетеді екен.
Аудандық партия қызметінде ұзақ жыл қызмет жасаған ағамыз Мажит Сағидатов «Ел үшін еңбек етсеңдер, біреуге міндет қылмаңдар. Ол – өзіңнің азаматтық парызың мен туған жерге перзенттік қарызыңды өтегенің. Еңбегіңнің бағасын халық береді. Сол халқың сені қолдап, сөзіңді сөйлеп жатса, онда жақсы адам болғаның, шынымен бағының жанғаны. Халқыңа жағам десең, еңбек етіп, өзіңді көрсет. Әділ бол, басшы болу – өз ісіңмен үлгілі бола білу» деп кеңесін айтып отыратын. Мен ауылдық кеңестің төрағасы (әкім) болып он жыл қызмет атқардым, Нұрлыбек Қалжатайұлы совхоз директоры болатын. Ол егін және мал шаруашылығын жетілдіру бағытында аянбай еңбек етіп, ауыл, аудан, облыс экономикасын дамытуға лайықты үлес қосты. Тәжірибесі мол, іскер басшы ретінде сабырлы, сыпайы мінезімен, ұйымдастыру қабілетімен, еңбексүйгіштігімен ел құрметіне бөленген азамат болатын.
Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын, Тимирязов атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. «Мәдениет» совхозын басқарған кезде тәжірибесі толысқан, ұйымдастыру қабілеті зор маман біз қазір айтып жүрген ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, кәсіпкерлікті, шағын өндірісті дамытуға белсене кірісті.
Ауылда 1000 бас сиырға арналған кешен тұрғызды. Сырттан сүт өнімдерін өңдейтін цех әкелді. Өзімізде ұн өнімдері дайындалды. Өсімдік майы цехын ашты. Күріш ақтайтын диірмен, бұдан басқа да игілікті істерді үйлестіріп, қыруар тірлік атқарды.
Совхоз сол жылдары аудан бойынша күріштен рекордтық өнім алып, жұмысшыларға автокөлік, қосымша, шет елдерге саяхат жасауға жолдама берілді. Халықтың әл-ауқаты көтеріліп, бір серпіліп қалды.
Жалағаш ауданы әкімнің орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Жалағаш және Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды.
«Мәдениет» ауылы 100 мың центнер күрішті үш рет жинады. Облыста алдыңғы қатардан көрініп, «Күріш фабрикасы» деп аталды. Еңбек дәстүрін жалғастырғаны үшін облыс жеңімпазы болып, ауылға «Волга» машинасы бәйгеге берілді. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, сөз сөйледі.
Ардақты ініміз отбасында келініміз Қатира Жүнісқызымен 3 ұл тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі жоғары білімді мамандар, халыққа қызмет етуде. Нұрлыбек Жолдасбаевтың ағайын-туыс ортасында жанашыр, кішіпейіл мінезімен, шексіз қамқорлығы, жүрегімізге ұялаған жарқын бейнесі ұмытылмақ емес.
Қуандық АХМЕТОВ.
Жалағаш ауданы,
«Мәдениет» ауылы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<