Абайдың бір өлеңі

1418

0

Абай сөзін растау, бастапқыда алғаш айтылған қалпында қалдыру мәселесі  абайтану тарихында түбегейлі мән берілген шығармашылық шарт болып келе жатқанына қарамастан, ақынның әдеби мұрасын текстологиялық тұрғыдан ғылыми негіздеу, зерттеу ісі әлі де кенжелеп келетіні әр жылдардағы басылымдардағы бір сөздің әрқалай жазылғанынан көрініп  отыр.

Бір сөздің өзгеріс жолының абайтанудағы зерттеу еңбектерде нақты себептері ара-тұра ұғындырылады. Осы бағытта М.Әуезовтің, Қ.Мұқаметхановтың текстологиялық түйткілдерге аса ден қойған зерттеулері бар. Абайдың әрбір жеке  туындысының басылым дерегін көру өрісін сөзбе-сөз тексеріп қарағанда, мәтіндік тұғырға негізделіп  айтылатын тоқтамдардың орнығу әлеуеті көңіл көншіте қоймайды.

Абайдың Санкт-Петербургте басылым көрген тұңғыш өлеңдер жинағының «Аңшылық туралы» аталып, жеке бөлімде берілген «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіне Абай шығармаларының 1933 жылы басылып шыққан тұңғыш толық жинағынан бастап түсінік берілген. Бұл туындының шығу тарихы Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жаңатайұлының естелігінде айтылады. Осы бір ықшам, оңтайлы, аңшылық өнер туралы қимылға, суретке толы классикалық шығармадағы жеке сөздердің  түп мәтіні тұрғысында абайтануда әлі де үзілді-кесілді ұйғарым жоқ болып тұр. Нақтысы бір тармақ бірде «Көре тұра қалады қашқан түлкі», келесіде «Кере тұра қалады қашқан түлкі», енді бір қолжазбада «Кері тұра қалады қашқан түлкі» болып жүреді.

Абай текстологиясының жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы текстологияның тарихи алғышарттары,  түйткілді тұстарындағы ішкі, тысқы себептер көп айтылған. Дегенмен мәтіндік нұсқаның бұрмалану фактісіндегі жазудың жиі ауысуынан туындаған мәтінтанымдық кедергілерге  де аз жүгінбегенімізбен, жазудың жазылуы мен оқылуындағы ағылшын тіліндегі күрделіліктен де асып кеткен алшақ айырмашылық, Абай дәуіріндегі жазу тіліндегі татар тілінің де өнімді қатысу үлесі туралы 2019 жылдың күзінде «Жас Алаш» газетінде шыққан Абай шығармаларының текстологиясына қатысты мақалалар циклінде абайтанушы Т.Жұртбай тайға таңба басқандай айқындап айтты.

Абай Құнанбайұлының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген үштомдық академиялық толық басылымында жеке өлеңдер мәтіні, жеке сөз қалыбы бағытында алғаш рет ұсынылған ұйғарым, байламдар бар.

Бұл басылым «Жазушы» баспасынан 2020 жылы жарық көрді. Баспаға әзірлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Қазір рухани айналымға түсіп, жоғары білім беруде «Абайтану» арнаулы курстарында текстология проблемаларында теориялық та, тәжірибелік те тұрғыдан қолданысқа, сұранысқа ие болып отыр. Абайдың көптомдығы деп ауыз толтырып айтып жүрген бұл басылымда әр өлеңнің туу себебі, таралу, басылым көру тарихына қатысты толыққанды деректер қамтылған. Академиялық басылым шарттарында осы мәселедегі Ресей, әлем әдебиеттану мектептерінің үлгісін де ұстана отырып, қазақ әдебиетінің белгілі бір ұзақ уақыт аралығында ауызша таралу дәстүрінде жасалу фактісін, бұл шығармашылық дара өрістің Абай өлеңдерінің ел арасына тарауында ықпалды тәсіл болғанына байланысты да қорытады.

Қазақстан Республикасының  Әдебиет пен өнер саласындағы 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған авторлық ұжым дайындаған Абай шығармаларының үштомдық академиялық толық басылымындағы жеке өлең мәтінін текстологиялық тұрғыдан саралау тәсілдеріндегі айқындық, дәйектілік осы бағыттағы мәтінтанымдық зерттеулердің жалғасын табуына да септігін тигізіп отыр.

Қазақстандық әдебиеттану ғылымында текстологиялық сүзгіден мұқият өткізудің теориялық-әдіснамалық негіздемесі текстологияның әлемдік талаптарында енді-енді қалыптасу үстінде. Әдеби мұраның басым қоры негізінен ХХ ғасырдың өн бойында хатқа түсіп, қолжазба көшірмелерде сақталып отырған қазақ әдебиеттану ғылымы үшін текстология күйіп тұрған өзекті мәселе. Абайдың әдеби мұрасына қатысты мәтінтанымдық түйткілдердің де ғылыми ортаны жалпы қауымды ұдайы елеңдетіп, алаңдатып келе жатқандығы даусыз.

Абай жинақтарының сонау 1909 жылдан бергі бар тәжірибесін назарда ұстап, қазіргі жаңа өрістеріне ашылған, саясаттан қысым болмайтын ғылыми еркіндігінде жетілген, жетімді маман тапшылығы да белгілі бір мәнде шешімін тапқан уақытта жарық көрген бұл басылым Абайтанудың арғы-бергі тарихын қайта қозғап, заманында тыйым салынған Абайдың Шығысына, Абай мұрасындағы дін негіздеріне де арнайы тоқталып отыруымен де кәделі.

Көптомдықтағы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Лай суға май бітпес қой өткенмен», «Алла деген сөз жеңіл», т.б. дүниетанымдық үйірлі иірімдегі туындылары өлеңнің басылым тарихы, мәтіндік өзгерістері дерегінде кең қамтылған.

Қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері ретінде назарға алынған Мұхтар Әуезов дәстүрінде Абай мұрасын текстологиялық жақтан реттеудің отандық ғылыми мектебін дамытушы, белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұқаметхановтың мәтіндік түзетулеріндегі тарихи-тілдік негіздерде жасалған тоқтамдары да осы жаңа басылымды әзірлеу барысында айналымға тартылып отырған екен. Басылымда Абайдың шығармашылық ғұмырбаянына тиесілі беймәлім мағлұматтардың, ел адамдары айтатын естеліктердің де мәтіндік нұсқаларды саралау үрдісінде ескерілгенін көреміз.

Жинақта қолжазба нұсқалардағы, соның ішінде Мүрсейіт Бікіұлы көшірмелеріндегі бір өлең нұсқасының мәтіндік өзгерістермен берілуінің бір себебі тарихшы ғалым Амантай Исин айтқан («Қазақ әдебиеті»,15.07.2005) бір өлеңнің бір қолжазбада қайта көшірілуі (М.Бікіұлының 1905 жылғы көшірме қолжазбасы – А.А.) Абайдың өз өлеңін өз қолымен қайта өңдеу, көшірме қолжазбадан түзету, өзгерістер енгізу ықтималдығы да жайлы болжамдар айтылған. Бұл көшірме қолжазбалардағы «Жазба» деген белгі бойынша берілген туындыларды Абайдың өз жазбасынан көшірілуі мүмкін деген ойға да бастайтындай.

Басылымның жеке қолжазба, жеке шығарма туынды бағытындағы түсініктері абайтанудың көкейкесті ғылыми негіздерінде қорытылып жазылғаны қазіргі әдебиеттану ғылымындағы академиялық басылым әзірлеу жауаптылығында, тәжірибе байыту мәселесінде де бағалы.

Көптомдықтың 1-томындағы «Көз жұмғанша дүниеден» деп басталатын Абай өлеңінің кімді жоқтап жазылғаны жөнінде 1925 жылғы «Таң» журналында алғаш жарық көргеннен бері 1933,1939-1940,1954,1957,1977,1995 жылдардағы басылымдарда әрқилы деректер айтылып жүрген өлеңге берілген түсінік әрбір мәселенің түп-тамырына тартқан ізденіс, зерттеулердің абайтанудағы үзілмейтін үрдіс мәніндегі орнығуын аңдатады. (Абай шығармаларының академиялық толық жинағы. 3-томдық. 1том/томды құрастырып, баспаға дайындағандар: Матыжанов К.І. Мәдібаева Қ.Қ (түсініктерін жазған), Шапай Т.М, Қыдыр Т.Е, Тұрсынбайұлы Б,  Жұматаева А.Н – Алматы, 2020.-640 бет).

Көптомдықтың Абайдың аударма шығармаларының текстологиясына арнайы зер салғаны, ақын мұрасының ән-өлең бағытын теориялық тұрғыдан саралау ұстанымдары анық байқалады. Нотаға түсірілу, орындалу фактілерін кең монографиялық ауқымда музыка өнеріндегі жаңа өре мен өлшемде зерделеу ұстанымы, алғаш рет Абай мұрасының көшірме қолжазбаларын мейлінше тұтас қамтып сипаттама жасауы – зор жетістік. 1909 жылғы Абайдың тұңғыш жинағының қазіргі қаріпке көшірілген жаңа нұсқасын ұсынып отырғаны қазіргі абайтанудағы өзекті зерттеу  өтімділігімен, Жаңа Қазақстанның жас ұрпағы қайнарына бас қояр рухани қажеттілігімен өлшенсе керек. Бұл академиялық басылым абайтану ғылымын ілгері дамыту міндеттеріндегі дерекнамалық, текстологиялық зерттеу жұмыс тәжірибесімен сұранысқа ие.

Қилы уақыттарда да Абайсыз сөз айтпаған, нендей бір ұстаным, ұғымдық өлшемінде хәкімге жүгінуден танбаған, асыл сөздің сәулелі мазмұнын түзген ұлы Мәнді – адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүйген қазақ баласы үшін ақынның әр өлеңі – рухани қазына.

Абай шығармаларының 2020 жылы жарық көрген тұңғыш үштомдық толық академиялық басылымын әзірлеген авторлар ұжымы еліміздің әдебиет саласындағы мәртебелі сыйлығына лайықты жаңа жобада нәтижелі еңбек жасағанын айтсам деймін.

Айман Айтбаева,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда   университетінің оқытушысы,

 филология ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<