АДАМГЕРШІЛІК ТУЫН ЖЫҚПАҒАН АЗАМАТ

377

0

Заңды қоғамның таразысына жиі теңейміз. Ал оны жүзеге асыруда сот саласына айрықша салмақ пен сенім жүктеледі. Осы үлкен міндет үдесінен көрініп келе жатқан судьяның бірі – Күмісбай Құсекеев.

Судьялық қызметінде адал еңбегімен, кәсібилігімен әріптес­тері арасында беделі бекем, абыройы жоғары жан. Мемлекет жүктеген міндет пен халықтың талап-тілегін үйлестіре отырып жұмыс атқаратын ол заңнаманың серпінді өзгерістеріне ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатарда озық жүреді. Ойы орамды, жаны сергек, жаңашыл судьяның өз міндетіне шексіз жауапкершілігі кейінгі толқынға үлгі-өнеге.

Күмісбай Құсекеев 1958 жылы Қазалы ауданының Майдакөл ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Ленинск қалалық кеңесінің депутаты болған. Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1987 жылы тәмамдады.

Жас мамандарды халық шаруа­шылығына бөлу жөніндегі мем­лекеттік комиссияның жолда­ма­сымен КСРО Прокуратура ор­гандарына жіберіліп, Қызылорда облысы прокуратурасының ор­ган­дарында прокурордың көмек­шісі, Қызылорда қаласы про­курорының орынбасары, Арал, Қармақшы ауданы прокуроры, сот қаулыларының заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, облыс прокурорының аға көмекшісі қызметтерін атқарған. Ал, 2008 жылдан бастап Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы лауазымын бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келеді.

Судьялар үшін істі қарау барысында сотталушының, қорғау­шының түрлі айғақтарға толы  қарама-қарсы пікірлерін тыңдап, дәлелдемелерді саралай келе заң негізінде шешім шығару үлкен жауапкершілікті, біліктілікті талап етеді.

Жалпы, адами қасиеттің ең үлкен үрдісі қарапайымдылық екен. Күмісбай ағаның өн-бойына осы қарапайымдылық тамырлап, оның шарапаты шаршы топқа шуақ шашып тұрады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ақиқаттың жолында адамгер­шіліктің туын жықпаған аза­матқа қандай мадақ айтсаң да жарасымды, себебі Күмісбай Құсекеев – еңбегімен өзін қоршаған ортаға таныт­қан бол­мыс-бітімімен, шынайы­лығы­мен лайықты құрметке ие болған азамат.

Осындай өмір мектебінен тәжірибе жинақтаған азаматтың сот саласында жеткен жетістіктері мол. Жеке өмірі де көпке үлгі боларлықтай. Құдай қосқан жары Гүлнар апаймен бірге үш ұл тәрбиелеп, екі немере сүйіп отыр.

Судьяның үлгілі өмірлік жолы, сабырлы мінезі мен салиқалы, салмақты өнегесін – Қызылорда қаласының №2 соты ұжымы мақтаныш тұтады.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<