Әке аманаты

873

0

Елімізде 2016 жылдан бастап 1 наурыз – Алғыс айту күні болып белгіленді. Бұл – репрессия жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділікке, жомарттыққа ризалық білдіретін рухани дәстүр күні. Аласапыран жылдары қазақ даласына көптеген ұлт өкілдері жер аударылып келді. Солардың барлығына ата-бабаларымыз пана болды, қолындағы барымен бөлісті. Сол келген ұлттардың көпшілігі кейін тарихи отандарына қайтты. Еліміздің азаматы болып қалғандары да бар. Қазақтың қайырымдылығын көрген осы ұлт өкілдері әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, алғысын айтады. Ұлтымыздың бауырмалдығын, мейірімділігін үлгі етіп, ризашылық сезімін өздері түгілі балаларының да бойына сіңіріп кеткен. Соның бір оқиғасын сіздерге баяндайын.

Мен зейнетке шыққанша Шиелі ауданының «Қазақстанның 30 жылдығы» совхозында, қазіргі «Балаби» ауылында қызмет еттім. Жұмыс бабымен Қызылорда қаласындағы облыстық материал­дық-техникалық жабдықтау базасына жиі келіп, ондағы мекеме бас­шыларымен, қойма меңгеру­шілерімен, басқа қыз­меткерлерімен жиі ара­ла­сатынбыз. Бір жылы, шамасы, 1990 жылдар болу керек, базаның екі қызметкері, бірі Мақсұт деген жігіт, екіншісі есімде жоқ, екі «КамАЗ» жүк көлігімен Кавказдағы Черкесск қаласына іссапарға барып, күріш жинайтын комбайнға жүріс бөлігі ременін алып келу керек болды. Екеуі ойлана келіп, екі «КамАЗ»-бен бос барғанша, қауын апарып сатып, пайда табайық депті. Ол кезде біздің ауылдың тұрғындары қауынның өтімді сорттарын егіп, кәсіп ететін. «Екі «Кам­АЗ» қауын тауып бер, ақысын келген соң береміз» деп маған келіп, ауылдың екі-үш тұрғынынан қауын алып кетті.

Содан олар Черкесск қаласындағы ремень шығаратын зауыт жұмысшыларына аздап қауын сатып, қалғанын сондағы сауда кооперативінің өкіліне ақысын тауар өткеннен кейін алатын болып келіседі. Ақша қолына тие қоймаған соң әрі күріш жинау науқаны басталуға жақын болғандықтан, екі «КамАЗ»-ға тиелген ременьді Қызылордаға тездетіп жеткізу үшін біреуі қайтып кетеді. Ал Мақсұт ақшаны күтіп Черкесскіде қалады. Біраз уақыт өтті, қауынның ақшасы егелеріне уақытылы беріле қоймаған соң, сауданың арасында дәнекер болған менен сұралды. Мақсұттың өзі – қолқайыры бар, елпілдеп қалған жақсы жігіт. Ол кезде хабарласатын қазіргідей телефон да жоқ, аман ба екен деп уайымдай бастадық.

Бір күні Мақсұтымыз аман-есен келіп, тұрғындардың ақшаларын қайтарып, көңіліміз орнына түсті. Жайшылықта Мақсұттан кешігуіне не себеп болғанын сұрадым. Екі «КамАЗ» елге қайтып кеткеннен кейін, зауыттың төңірегінде ақша күтіп жүрген мұны ұлты орыс рэкет жігіттер «Мос­квич» автокөлігіне мінгізіп әкетіп, жер үйге қамап тастапты. «Менің жазығым не?» десе, «Сендер 20 тонна қауын алып келіп саттыңдар, бірақ бізге тіркелген жоқсыңдар» дейтін көрінеді. Мақсұттың «бартер» деген сылтауына құлақ аспапты. Сол үйде, ұмытпасам, 12 күн қамалып жатыпты. Тамақ, телевизор, басқа жағдайлар бар. Бірақ өлтіріп жіберсе де, ешкім білмейтіндей, сұрауы жоқ жағдайда екен.

Содан он үшінші күні оны бір жігіттер келіп босатып алады да, кооператив өкілі қауынның ақшасын толық қайтарады. Мұны қамаудан босатқан жігіттің ұлты қарашай екен. Қамаудан босатылу оқиғасы былай болады:

Кооперативке өткізілген қауынның ақшасын қайтаруға келген өкілдер Мақсұтты таба алмай, зауыт адамдарынан сұрайды. «Осы төңіректе жүретін еді, біраз болды көрінбей қалды» дейді де, Мақсұттың рэкеттің қолында түскенін, қамауда екенін жобалайды.

Рэкет атаманы қарашай ұлтының жігіті, мұсылман болғандықтан, Мақсұтты бір тапса, сол табатынын айтып қалады. Бірақ ол науқастанып ауруханада жатқан екен. Оған жолығып, жағдайды айтады. Қарашай жігіті ауруханадан шығып, Мақсұтты тапқызып, оны қамаудан босатады, қой сойып, бір күн үйіне қонақ етеді.

Ертеңіне Минеральные воды қаласынан Шымкентке дейін ұшақ бар екен, соған билет алып береді, әуежайға дейін жеткізіп салады. Мақсұт «Қорқынышым ұшаққа отыр­ған соң барып басылды» дейді.

Жолға шығарда қарашай жігі­ті­нен оған не себептен осынша жақсылық жасағанын сұрапты. Сөйтсе, оның әке-шешесі соғыс аяқталар кездегі репрессияда Қазақ еліне, қазіргі Жамбыл облысына жер аударылдық деп айтып отырады екен. Әкесі қайтыс боларында «қазақ деген ұлтты көрсең, оларға жақсылық жаса, себебі сол халықтың жақсылығының, қайырымдылығының арқасында біз аштан өлмей, аман-есен елге оралдық. Қазақтар бізге баспанасынан орын бөлді, нанының жартысын берді. Өздерінің де жағдайлары нашар кез еді. Соған қарамастан барын бізбен бөлісті, соның арқасында аман қалдық» деп тапсырыпты. Содан оның көріп отырған алғашқы қазағы біздің Мақсұтымыз екен.

Қазір репрессия жылдарында Қазақстанға жер аударылған ұлт өкілдері қазақ халқына ризашылығын білдіргенде, әке-шешемнің бір әңгімесі есіме түседі. Соғыстан кейінгі жылдары біздің жерде жапон тұтқындары болып, әртүрлі жұмыстарға жегіліпті. Солардың алақандарын жа­йып нан, су сұрағанын көргенде, менің шешем «бұлар да Алла тағаланың жаратқан жандары ғой» деп аяп, айран апарып береді екен. Қазір ойлаймын, «сол айранының дәмін татқан жапондар еліне аман-есен жетті ме екен, менің шешемнің айран бергенін айтып, алғысын білдірді ме екен?» деп. Әрине, қайырымдылық біреуден алғыс алу үшін жасалмайды. Ата-аналарымыз репрессия жылдарында басқа ұлттарды рахмет алу үшін бауырына басып, қайырымдылық жасаған жоқ.

Менің әкем кішкентай ке­зімде «біреудің ала жібін аттама, біреуге қолыңнан келсе жақсылық жаса, жаманшылық жасама, біреуге істеген жақсылығың өзіңе жақсылық болып, жамандығың жамандық болып қайтады» деп отыратын.

Осыларды ойлай келе, өзге ұлт өкілдерінің көрген жақсылығы елімізге жақсылық болып қайтады, қазақтың пейіліне береді, еліміздің болашағы жарқын болады деп үміттенемін.

Ұзақ ОРАЗОВ,

зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<