Әкемнің ордені

970

0

Әлі есімде, 1986 жылдың көктемі болатын. Сол күні күн де сәулесін ерекше төгіп, жарқырап тұрды. Студент кезім, үйде едім. Әкем көптен төсек тартып жатқан болатын. Ал анам әкемнің қасы-қабағына қарап күндіз-түні зыр жүгіріп тыным таппайтын. Әкемнің бөлмесіндегі темір керуерттің қол созым жеріне қоңырау орнатып қойғанбыз. Анам қажет болса, дөңгелектің тетігін басатын.

Біз анама әзілдеп: «Сіз әкеміздің хатшысы болдыңыз» дейтінбіз. Ол кісі болса қабақ шытпай жүгіре жөнелетін. Сол заманда үйге телефон құру өте қиын болатын. Алайда Жеңіс сарбазына құрмет пен қамқорлық зор еді. Үй де берді, телефонды да кезексіз өздері орнатты. Соғыс ардагеріне жеңілдікпен арнайы дүкен де ашып қойған. Бұл қамқорлыққа әкем мен анам дән риза. Сондай шуақты күннің бірінде таңертең ертемен ақ телефон безек қаға жөнелді. Тұтқаны өзім алдым. Әр жағынан қоңыр дауысты ер кісі әскери комиссариаттан екендігін айтты.

– Бұл Асқар Қожахметовтің үйі ме екен?

– Иә, дәл өзі, – дедім мен. – Сіз кім боласыз?

– Мен ең кенже қызымын.

– Кәмелетке толғансың ба?

– Әрине, –дедім мен аң-таң болып.

Әрі қарай өз шаруасын айтып, бастырмалатып, сөйлеп жатыр.

– Ол кісіге Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ең жоғары награда – орден тапсыруымыз керек. Жүре алады ма? Алып келе аласыз ба?

Мен күмілжіп қалдым. Бір жағынан қуанышты хабарды естіп, толқып тұрмын. Дереу еңсемді тіктеп, жауап бере бастадым. Әкемнің төсек тартып жатқандығын қинала жеткіздім. Ол кісі де көп ойланбастан, «өзің келіп орденді алып кет» деп қатқыл үнмен тіл қатып, тұтқаны қоя салды. Әскери адам қанша дегенмен бұйыра сөйлейді ғой.

Арадағы әңгімені дереу барып әкем мен анама жеткіздім. Ол кісі бұл қуанышты хабарды естігенде қатты толқыды. Дауысы дірілдеп, иегі кемсеңдеп мені өзіне тартып, маңдайымнан сүйді. Әкемнің жанарындағы мөлтілдеген жасы сақалын жуып жатты. «Қолыңды жай, бата берейін, айналайын! Менің ерлік жолым мен өнегем саған бұйырсын! Жолымды саған бергелі тұрмын, балам! Кеудең үнемі бүгін алатын ордендей жарқырап тұрсын! Құрметке бөлене бер, жарығым! Бұл Алланың саған бұйыртқан бағы шығар. Ақ жол!» деп тебіренген болатын.

Міне, осылай мен әскери комиссариатқа өздері шақырған уақытта тез жеттім. Кірер есіктегі жас жігіт маған сауал қоя бастады.

– Не үшін келдіңіз? Кім боласыз?

– Орден алуға келдім, – дедім дауысымды қатайтып.

– Сіз соғысқа қатысып па едіңіз?– деді ол күлімсіреп. Мән-жайды ұғынған соң есікті ашып, ішке кіргізді. Алдымнан орта бойлы, жоғары шенді кісі күтіп алды. Ол дереу қорапта тұрған орденді әй-шәй жоқ жарқыратып кеудеме тақты да берді. Мен не дерімді білмей, үнсіз кеткенді тағы жөнсіз көріп.

– Рахмет! Отаныма адал қызмет етемін!, – дедім. Ол кісі қолын шекесіне қойып, маған құрмет қылды. Мен де солай жасадым. Бірақ осы күн менің жадымда сақталып қалыпты. Әкемнің толқыған сәті, мендегі тебіренген жүрек лүпілі. Әттең сол күнгі берген батасы маған берген соңғы аманаты екенін кеш біліппін.

Көп ұзамай әкемнің де сұм соғыстың зардабын көрген жүрегі тоқтады. Уақыт дөңгелегі зырлап өтуде. Ал әкемнің көзіндей сол орден 35 жылдан бері төрімде Жеңіс салтанатындай жарқырап тұр!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<