Әминаның аялы алақаны

761

0

Ғылымға сүйенсек, зағип жандардың сезу қабілеті, әсіресе саусақтарының сезімталдық қасиеті зор болады екен. Әминаның да  қасиет дарыған алақаны, жасаған массажы талай баланың дертіне дауа болып жүр.

Әмина 1985 жылы 20 қаңтарда Қызылорда қала­сында дүниеге келген. 1991 жылы  №43 мектеп табал­ды­рығын аттайды. Оны бітір­ген соң «Болашақ» универ­ситетінен технолог-инженер мамандығын алып шығады. Отбасында сегіз баланың ортаншысы. Жастайынан үй шаруасына икемді болды. Тігін тігіп, түрлі тәттілер пісіруді жаны сүйетін. Кітап оқуға да құмар. Оның да жұрт секілді жастық арманы, мақсаты көп еді. Бірақ адамның емес, Алланың дегені болады ғой. Мамандығына сәйкес тігінмен айналысып, атақты дизайнер болам деген арманы, тәттілер пісіруге деген құлшынысы да екі көзден қалғанда қол жетпестей болды. 

Уақыт – емші. Қайсар қыз басына түскен ауыртпалыққа мойымады.  Мүмкіндігіне қарай мамандық алуға ниеттенді. Алма­тыдағы зағип жандарға арналған респуб­лика­лық медициналық колледжге оқуға түсіп, оны қызыл дипломға бітіріп, массажист мамандығын алып шықты.

– Көзім көретін кезде тігін де тіге­тін­мін, түрлі тәттілер де пісіретінмін. Кітап оқығанды да жақсы көремін. Қазір жағ­дайыма қарай қолым қалт еткенде кітап оқимын, – дейді ол.

Әмина Әбиева облыстық балалар ауруханасында 2018 жылдан бері жұмыс істейді.

– Өзім балажан адаммын. Олар періште ғой. Қылықтары тәп-тәтті. Алдағы уақытта өз кәсібімді ашсам деймін. Сондай-ақ, «өз үйім – өлең төсегім» деген емес пе, баспанам болса деп армандаймын, – дейді ол.

Сенім алдамайды емес пе, асқақ арман­да­рының орындалуына тілектестік білдірдік біз де.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<