Әр санада сәулеленіп, әр кеудеде жарқыраған

1819

0

Халқымыздың аса көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, балалар әдебиетінің негізін қалау­шы, этнограф ғалым, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин туралы тамаша әңгімелер айтуға болады.

Қазақтың біртуар тұлғасы Ы.Алтынсарин 1841 жылы қазіргі күнгі Қостанай облысының өз есімімен аталатын ауданында өмірге келген. Шын есімі – Ибрагим.  

Ибраһим есімін иеленген ұлы тұлғалардың бірі қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев, екіншісі – жалпақ тілде Ыбырай аталып кеткен осы Алтынсарин атамыз.

Әкесі Алтынсары Кенесары Қасымұлы бастаған ­ұлт-азаттық көтерілісі кезінде мерт болып, Ыбырай үш жасында әкесінен айырылады. Ал, атасы Балғожа Жаңбыршыұлы жүзбасы, Қыпшақ руының Ұзын тармағын басқарған. Ол – ұзақ уақыт Орынбордағы погран комиссиясы қол астында, старшина болып қызмет істеген, патша үкіметінен шен-шекпен алған ірі феодалдың бірі. Белгілі би, дәулетті кісі болған. Ыбырайдың шешесі Айман Шегенқызы  – жаужүрек, хас батырдың ұрпағы.  Әскери «тархан» атағын қазақта тұңғыш алған батыр, мәмілегер Жәнібек Қошқарұлы – Ыбырайдың нағашы ұлы ­атасы.

Ыбырай 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түскен. Мектепті бітірген соң, 1857-1859 жылдары әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады. Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы оған Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Ол кісі сот саласында да қызмет атқарған.

Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда 1868-1874 жылдары төрт рет уездік судья болып, онан кейінгі жылдары Торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екікластық орыс-қазақ мектептерін ашып, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елдің көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қолөнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіпті, Қостанайдан ашылатын ауылшаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады.

Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді.

Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде Ушинскийдің «Балалар дү­ниесін», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды. 1879 жылы оның «Қазақ хрес­томатиясы» атты оқулығы және дидактикалық оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. Ыбырай атамыз орыс ғылымын терең меңгеріп қана қоймай, орыс зиялыларымен етене қарым-қатынаста болған.  Ол әсіресе әйгілі орыс ағартушысы, миссионер Ильминскиймен жақын араласқан, онан да басқа орыс достары көп болған. Бұл жайтты мектеп оқулықтарынан да білеміз. Алайда, біздің білмейтініміз де көп. Атамыз дінді жетік меңгерген адам, шариғат заңдарын берік ұстанған. Бірақ, кеңестік идеология ол кісінің бұл жақ­тарын ашқан жоқ. Тіпті, «Кел, балалар, оқылық» дейтін өле­ңіндегі «бір Аллаға сыйы­нып» деген тіркесті сызып тас­тады. Атамыз шариғатқа сай өзі дүниеден өткенде жаназасына орыстардың қатыспау керектігін айтыпты. «Менің қазамды аза тұтуға бірде-бір орыс адамын араластырмаңдар, тіпті маған етене жақын жүрген жандар болса да жуытпаңдар», – деп тапсырған. Ғалым-ұстаздың этнография саласындағы еңбектері халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын қарас­тырады. Оның бірінде өлген адамды жерлеу және оған ас беру, екіншісінде құда түсу, қыз ұзату салттары туралы айтылады. Сонымен бірге, атамыздың «Мұсылмандық шарты» деген діни оқулық жазғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз.

Ыбырайдың әйелі Айғаныс анамыз үй ішінде немесе ауылдас адамдардың үйлеріне қонаққа барғанда жаулық тартып жүретін болса, орыс таныстарының үйлеріне ерімен барғанда мақпал қамзол, кәмшат бөрік киіп барған.

Ы.Алтынсарин жазба әде­биетке тән проза жанрының да негізін қалады. Ол – тұңғыш рет балаларға арнап әңгіме жазған қаламгер. Қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, техниканы игеруге шақырушы Ыбырайдың:

«Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ табылар», – дейтін өлеңін бәріміз де жаттап өскенбіз. Бұл өлең – баланы жігерлендіру, арманға талпындыру қызметімен қай заманға да дөп түсе беретін өсиет. Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән береді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал, оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады.

 Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді.

«Ата-анаң қартайса,

Тіреу болар бұл оқу.

Қартайғанда мал тайса,

Сүйеу болар бұл оқу», – дейді ұстаз.

Жастарды өнер-білімге ша­қыру, техниканы игеруге үндеу ақынның басты тақырыбы болды. Өйткені, ол қазақ балаларының басқа жұртпен тең өскенін қалады, өз ұлтының жарқын болашағын жасауды көкседі.

Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не деген секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденеңдей тартты.

«Адамды құстай ұшырды,

Мал істейтін жұмысты,

От пен суға түсірді.

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді», – деген өлең Ыбырайдың сә­уегейлік, көріпкелдік деңгейін де паш ететін еңбегі. Өйткені, Ыбырай өмір сүрген дәуірде ұшақтар болмаған. Әлемдегі ең алғашқы ұшақты ағайынды ағылшын инженерлері Райттар 1903 жылы құрастырған. Ал, зауыттар «сусыздан сусын ішкізген» құрғақ сүт құтыларын әлі ойлап таппаған еді.

Ыбырай Ушинский, Толс­той, Крылов, Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды.

Ыбырай мен Айғаныстан екі ұл, бір қыз бала өрбіген. Отбасының тұңғышы Абдолла 1880 жылғы. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы өмірге келген. Балалары Әбдірахман мен Шарипа жас кезінде ауырып қайтыс болады. Нағима Абдоллақызы – Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немере қызы. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған Айғаныс­тың көзін көріп өскен екен.

Аса көрнекті ұстаз Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы өмірден өткен, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған.

Қазақстан Үкіметінің 1989 жылы 22 желтоқсандағы қау­лысымен Ыбырайдың туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педагогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды. Тобыл бойындағы Ыбырай қыс­тауы жанында, мүрдесі қойыл­ған жерде, күмбезді мазар орнатылды.

Атамыздың туған жерінде «Омар құдығы» аталатын орын бар. Ол Қостанай облысы Алтынсарин ауданының ­М.Хакімжанова атындағы ауыл­дық округінің Сатай ауы­лынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан.

Сөз реті келгенде қазақ өлеңінде өзіндік өрнегімен қалған Мариям ­Хакім­жан­ова туралы айта кеткеніміз де орынды. Көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы М.Хакімжанова 1906 жылы Қостанай облысында өмірге келген. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Әйел теңдігі» журналында қызмет жасаған. Қазақстан Жазушылар одағында, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында еңбек еткен. Көптеген шет ел әдебиеттерін қазақшалаған. Өзінің де өлеңдер жинағы – орыс, өзбек, қарақалпақ, қыр­ғыз, қытай, беларусь, армян тілдеріне аударылған. Алматы қаласының көшелерінің біріне М.Хакімжанова есімі берілген. Ақын атымен аталатын мектеп, кітапхана, басқа де мәдени ошақтар бар.

Енді жоғарыдағы деректерді жалғастырайық. Біз айтып отыр­ған «Омар құдығы» маңында Балғожа бидің ауылы болған. Ыбырай дәл осы жерде дүниеге келген.

2017 жылдан бастап ­Ы.Алтынсариннің туған жері «Омар құдығы» Қостанай облысы киелі нысандардың аймақтық тізіміне енгізілді. Қазақстанда Ыбырай Алтынсарин атында аудан, ауылдар, жоғары оқу орындары, саябақтар бар, тіпті ол кісінің атына тау шыңы да берілген.

Шын мәнінде Ыбырай тұлғасы – биік шың, халық санасына түскен сәуле.

Жыл сайын мұғалімдер мерекесі қарсаңында білім саласына сіңірген еңбегі ескеріліп, білім беру және тәрбиелеу бағдарламаларын іске асырудағы елеулі жетістіктері есепке алынып, озат мұғалімдер ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталады.

Осылайша, Ыбырай атамыздың бейнесі мыңдаған мұғалімдердің кеудесінде жар­қырап тұрады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<