Әже мектебінің тәлімі

2057

0

Сәрсенкүл апай мәуелі бәйтерекке айналған, тоғыз перзентті ұядан ұшырған ата-ананың тұңғышы болып дүние есігін ашты. Әкесі Дүйсенбайдың қан майданнан оралғаннан кейінгі көрген қызығы. Біздің халық «арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сонда барады» деп тұңғыштарға үміт артқан, ауыр жауапкершілік жүктеген.

Туыс-бауырдың тілекшісі қыз баланы ізінен ерген іні-сіңлілеріне қамқор, ата-анаға жанашыр деп сый-құрмет көрсеткен. Тоғыз ағайындының тұңғышы да барлық бауырына үлгі, қамқор болып өсті. Іні-сіңлілері де ортақ істі үлкендерінің көшбасшылығымен атқаруға, ақылын тыңдап, бастамасын іліп әкетуге дағдыланды.  

Сәрсенкүл Мусаева Шіркейлі ауылындағы №129 «Қызыл ту» орта мектебінен кейін 1969-1974 жылдары Н.Гоголь атындағы пединститутта биология пәнінің мұғалімі мамандығында оқыды. Жас маман қолына дипломын алған соң №1 кәсіптік лицейде 22 жыл қызмет атқарды. Абыройлы еңбектің нәтижесінде жоғары санатты мұғалім атанды. Кәсіптік лицейде білім кәсіподағының төрағасы бола жүріп қызметкерлер мен жас мамандардың әлеуметтік мәселелерінің дұрыс шешім табуына  ықпал жасады. «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің, облыстық білім департаментінің «Құрмет грамотасының»  иегері.

Зейнет демалысына дейін №173 Ә.Молдағұлова  атындағы орта мектепте ұстаздық етті, шәкірттерді ғылымға баулыды. Биология пәні бойынша бірнеше әдістемелік құрал құрастырды. Еңбегі қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, «Ең үздік мұғалім» номинациясымен бағаланды. Өзі түлеп ұшқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінің  «Үздік түлек» және осы оқу орнының 70 жылдығына орай медальдармен  марапатталды.

Ұстаздықтан зейнеткерлікке шыққаннан кейін уақыт ағымына бейімделіп, кәсіпкерлікке ден қойды. Немересі Абылайханның атынан жеке кәсіпкерлікті тіркеп, жеңілдетілген қаржылай несие алды. «Абылайхан» жеке кәсіпкерлігі бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Немерелер  отбасылық бизнес, қаржы сауаттылығының әліппесін әже мектебінен үйренуде. Өміріне керек болатын тәжірибе жинақтағаны үшін әжесіне алғыс айтатын күн әлі алда.

Сәрсенкүл апай қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытады. Өзі тұратын Әл Фараби шағын ауданы Ж.Зиман көшесінің көше комитетімен бірлесіп тазалық, жастар тәрбиесі мәселелеріне өз үлесін қосып отыр. Немерелері оқитын С.Әлжіков атындағы №144 мектептің ата-аналар комитетінің белді мүшесі.

Жолдасы Оразбай Қуатовпен 45 жылдан аса отасты. Екі ұлы әскери қызметкер ретінде ел қорғаны саласында қызмет етеді. Қызы мен келіндері – өзінің жолын жалғаған ұстаздар. Қазір жан-жағын қаумалаған 14 немеренің тәтті қылығын қызықтап, бейнетінің зейнетін көруде. Өмірдің ауыр жүгін арқалай жүріп, еңбек еткенде ғана табан ет, маңдай тердің ақталатынын ата-анасы үнемі ісімен де, сөзімен де дәлелдеп отыратын. Сол кісілердің өнегесімен барлық қиындықты жеңді, уақыт талабын ұғынып, алға ұмтылды. Осы табандылығы, жаңалыққа жаны құштарлығы қазіргі жас отбасыларға үлгі боларлықтай табысқа жеткізді.

Адам баласы барды бағалай алғанда, қиындықта сабыр еткенде ғана  бақытқа жететінін осындай қарапайым жандардың өмірінен мысал етуге болады.

М.Мерей

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<