Ахат аға

590

0

  …Әлі есімде біздің «Бірлестік» ауылы ақбас толқынды Арал теңізінің жағасына қоныстанған. Таң білінер-білінбестен жағаны ұрғылайтын толқын дүбірі мен ақ шағалалар шаңқылы шырт ұйқыдан оятатын. Ол кезде теледидар өңімізде түгілі түсімізге де енбейтін. Ауылымыздағы жатаған клуб үйінің маңдайшасында қара қазан іспеттес радио болатын. Саңқылдайды дейсің. Қалқан құлағымызды түріп тыңдаймыз.
– Әуе толқынында Алматы. Қай­ырлы таң, радио тыңдаушылар!
Біз сілтідей тынып, тыңдаймыз.
– «Шалқар» бағдарламасы. Мик­ро­фон алдында Қызылорда облысын­дағы меншікті тілшіміз Ахат Жанаев.
Қоңыр дауыс қоңыраулатып күм­бір қағып қоя береді. Теңіз төскейінен салқын самал соққан іспеттес. Тың­дай бергің келеді, тыңдай бергің. Өйткені, қоңыр дауыс тұла бойыңды баурап-ақ барады. Арыла алмайсың.
– Хабарды жүргізген Ахат Жанаев.
Ой, шіркін-ай! Құлағымыздың құ­рышын қандырдың-ау. Жо…жоқ… Әлі, әлі күнге дейін Ахат ағаның қо­ңыр үні құлақ түбінде.
Ендігі сөз кезегін бүгінде 85 жас­тың сеңгіріне шықса да тұла бойынан мейірімділік шапағаты төгіліп, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп,  жайраңдай күліп жүріп келе жатқан Ахат ағаның өнегелі өмір жолына берелік.
***
Ахат ағамыз сонау бір зұлмат жылдары, яғни 1934 жылы өмір есігін ашты. Өкініштісі сол, бары-жоғы үш жасында әкесі Әбжаппар Жанаев «халық жауы» деген жаламен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Атышулы Волгалаг ла­ге­рінде дүние салған жарының күйі­гін көтере алмаған Айткүл анасы да өмірмен мезгілсіз қош айтысты. Өзіне тетелес ағасы Нұрханмен екеуі әжелерінің қолында өсіп, тәлім-тәрбие алды. «Халық жауының баласы» атанған Ахаңның басында жалғыздық та болды, жетімдік те болды, түртпек те көрді. Содан да ерте есін жиды. Тағдырдың таяғын жеп, қияметтің қыл көпірінен өтіп Ахат ағамыздың есімі елге танымал, айтулы азамат болғанына қалайша қайран қалмассың?!
Балалық бал дәурені де Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Ерте есейген ол толарсақтан саз, тобықтан құм мен су кешті. Егін екті, масақ терді, шөп шапты, мал бақты. Қойшы, әйтеуір, күн-түн көз ілмей үлкендермен иықтаса жүріп еңбек етті.
– Тағдырыма мың тәуба деймін, – дейді бізбен әңгімесінде әріптесіміз,  – 1957 жылы Қызылордадағы педа­гогикалық институтының филология факультетінен дәріс алып, еңбек жо­лымды Тереңөзек қыстағындағы Калинин атындағы мектепте орыс тілінен сабақ беруден бастадым. Сол жылдары облыстық радиоға бас­шылық жасаған марқұм Дәуірхан Ай­даровтың шақыруымен қызметке келдім. Бертін келе Алматыдағы Жоғары партия мектебінің радио-теледидар бөлімінде білімімді жетіл­діріп, бірыңғай қиын да қызықты салаға бетбұрыс жасадым ғой. Айт­қандай, ұмытпасам, 1964 жылы Мәс­кеуде тәжірибеден өтіп, аты аңызға айналған Юрий Левитаннан дәріс алғаным бар. Ал, «қазақтың Левитаны» Әнуарбек Байжанбаевпен қыз­меттес қана емес, дос болдым.
Қос тілді қатар меңгерген Ахаң­ның даусы орысшасы Мәскеуден, қазақшасы Алматыдан бүкіл қазақ­стандықтардың құлақ түбінде күмбір қағып тұратын. Республиканың мемле­кеттік телера­дио­компания­сы­ның бастығы Кенжебай Шалаевтан шақыру келді. Содан 30 жыл бойы Ахат аға қазақ радиосында Сыр аймағын айшықтады.
Жанаевты «төртінші биліктің тарланы» десе әбден болады. Қолына микрофонын ұстап, отыз жыл бойы күн-түн көз ілмей жүріп, небір айтулы азаматтардың жүрек жазбаларын алтын қорға қалдырған Ахаңды қалайша дарабоз дарын, таңғажайып тарлан демеске?! Сыр аймағында Ахаңның табаны тимеген жер де жоқ шығар, сірә? Онымен сұхбаттасқан есімдері елге танымал азаматтарды айтып тауысу әсте мүмкін емес. Десе де, жазбалары алтын қорда сақтаулы тұрған бірлі-жарым азаматтар есімін атап, ұрпақтарға ұлағат еткеніміз жөн болар. Алдымен сөз кезегін бүкіл еліміздің тыңдаушыларын тамсан­дырған Сыр сүлейлеріне берелік. Олар көне мұраның көмбелері – Рах­­мет Мәзқожаев, Нұғыман Молы­баев, Қуаныш Баймағанбетов, Сүйін­­­бай Ақбаев, Мырзағали Ақжо­лов, Ақмырза Тұяқбаев, Әбілда Жөрген­баев, Көшеней Рүстембеков, Шәмшат Төлепова, Қуандық Бүрлібаев, Ал­мас Алматов, Әбілаш Әбуов, Әлмыр­за Ноғайбаев, Манап Көкенов, Бек­сұлтан Байкенжеев, тағы басқалар. Осы жазбалар Қазақстан және облыс­тық радионың алтын қорында ғана емес, көнекөз тыңдармандардың жү­ре­гінде де мәңгілікке жазылып қал­ған. Айтқандай, Ахат аға кезінде кос­монавт Герман Титов, моңғол космонавты Гуррагча, Шыңғыс Айтматов, қазақтың біртуар тұлғалары Шахмардан Есенов, Сәбира Май­қа­нова, Ыбырай Жақаев, Роза Бағла­нова, Шырынкүл Қазанбаева, Жәлел Қизатов, Тәйімбет Көмекбаев, А.Ха­­лы­қ­ов, Ұлбала Алтайбаевалармен ди­дарласып, емен-жарқын әңгіме­лескенін біреу білсе, біреу білмес.
– Жоғарыда есімдері аталған­дар­мен сұхбаттасып, сөзге тартып, пі­кірін білу – инемен құдық қазғанға пара-пар десем, қателеспеймін. Ең болмағанда сол саланың ақ-қарасын білетіндей білім-парасатың болуы керек-ақ. Сондай-ақ, дауыс мәнеріңді құбылтып, оқып тұрған жазбаның мә­нін келтіре сөйлеу де әртістік қа­білетті қажет етеді. Материалдың мазмұнына қарай дауыс ырғағы да өзгеріп отырады. Кейде мұңлы, кейде ойнақы дегендей, эфир жасандылық пен жалғандықты қаламайды.
– Кезінде, – дейді Ахаң, – аты әлем­ге әйгілі Қорқыт атаның он екі күйін үнтаспаға түсіріп алдым. Сондай-ақ, 1975 жылы Нышан абыз атанған (қарт қобызшы Смайыл Шәкенұлы) қартты тауып, оның «Әуіпбай», «Бәшбай», «Ұшардың ұлуы», «Желмаяның желісі», тағы басқа, яғни 12 күйін жазып алғаным бар. Өткен жылы Қорқыт күйлері ЮНЕСКО-ның тізі­міне еніп, қазақтың бай мұрасы күллі әлемге паш етілді. Демек, ғасырлар тереңінен сақталып келе жатқан осын­дай мәдени мұраларды жұртқа жа­рия, бүгінгі ұрпаққа ұлағат ету керек. Мені осы бір толғақты сұрақтар ойландырады. Айтпақшы, Әуекең (Әу­елбек Қоңыратбаев) «Ахат, се­нің басқа еңбегіңді айтпағанда осы еңбегіңмен тарихта қалдың. Осы ең­бегіңнің өзімен өмірді босқа өткіз­бедім деп айта аласың» дегені бар. Шү­кір, Әуекең айтса айтқандай, ғұ­мырды саналы өткізіп келе жа­тқа­ны­ма ризамын.
– Аха, сөз орайы келгенде Ыбырай Жақаевпен тұз-дәмдес болған бір әңгімені айтсаңыз?
Өзіне тән қарапайымдылығымен жымия күлген Ахаң:
– Ыбырай Жақаевты сөйлету оңай болмайтын. Ол кісі сөзден гөрі істің адамы ғой. Өте қайратты болған. Бала күнінде «Алыпсоқ» деп атайды екен. Бір күні үйінде отырып: «Ыбеке, сізді жас кезіңізде «Алыпсоқ» атапты ғой» деп әңгіме жібін сабақтағаным сол еді, рахаттана күліп, әңгімесін бастағаны бар. Жазып алдым. Кейін осы жазбаны өзі тыңдап, тағы бір рахаттана күлген еді.
Дарабоз дарын, тумысы бөлек тұлға, айтулы азамат Ахат аға жайлы том-том етіп жазуға әбден болады. Ол келешектің еншісінде. Айтпағым, кезінде Қазақ радиосының І және ІІ бағдарламалары негізінде тәулігіне 52 сағаттық хабарларға, сондай-ақ, тәулігіне 22 сағат хабар тарататын «Шалқар» бағдарламасына қалай тө­теп бергені таңғалдырады. Бүгінгі жаңалық сол күні эфирге шығатын. Тікелей эфирге шығу тағы бар. Ал, шұғыл хабарлар телефон арқылы жіберілетін. Екі тілде де хабар дайындалатын. Санамалап айту мүмкін емес. Осының бәріне 30 жыл бойы төтеп берген Ахаңды қалайша төр­тінші биліктің тарланы демеске?!
Бұл кісінің бойына дарыған тағы бір таңғажайып қасиеті – көнекөздер шежіресі мен жәдігерлерін мол жи­нағаны. Бүгінде Ахаң жинақтаған жүз­деген жәдігерлер мен үнтаспаға түсіріп алған талай текті тұлғалардың жазбалары музейде тұр. Оларды санамалап шығу әсте мүмкін емес. Де­се де Ахаңның Бұқарбай батырдың қы­лышын табыс еткенін айтпасқа болмас.
– Ертеректе, – дейді Ахат аға, – Мыңбаев Ерман есімді азамат Те­реңөзек аудандық атқару комите­тінің төрағасы болатын. Ерманның айтуынша, өмірге келген балалары бір жасқа жетпей шетіней береді. Бертін келе балалары тұрақтай бастаған кө­рі­неді. Бұған себеп Бұқарбайдың қылы­шы болған. Тарқатып айтайын.
Бұқарбай батыр қылышын Қай­қыға береді. Қайқының Нарша есімді баласы оны Ерманға табыстап, «мы­нау Бұқарбай батырдың киелі қы­лышы еді. Алла жазса, енді өмірге келер балаларың көп жасайды» деген екен. Айтса айтқандай, Ерман көп балалы-шағалы болыпты.
Кеңес үкіметінің дүркіреп тұрған шағы. Ел арасында «Ерманда суық қару бар екен» деген лақап тарап, бойын үрей билеген ол қылышты киізге орап, жер астына тығады. Кейіннен Ерманның баласы Бұқарбайдың қы­лышын маған, ал мен бұл аса құнды жәдігерді алтын қорға табыс еттім.
Ахат ағаның айтпасқа болмас тағы бір тағылымды ісі бар. Ол ондаған жылдар бойы іздеуде жүрген талай тағдырларды табыстырған кісі.
– Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қолыма Мәскеуден шығатын «Ветеран» газеті түсті. Қарап отырсам, «Награды ждут своих героев» деген көлемді мақала жарияланыпты. Мерт болған жауынгерлер тізімінде хабар-ошарсыз кеткен Мәдениет ауылының тумасы Ернияз Сәтов тұр. Дереу сол күні облыстық радионың кешкі хабары арқылы елді құлағдар еттік. Ертеңіне туыстары табылды. Көп ұзамай бауырларына әскери наградасын да табыстадық.
Сондай-ақ, Шаған ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, Брест қа­малын қорғаған Ж.Бекбанов туралы деректі «Правда» газетінен тапқаным бар.
Әңгіме үстінде Ахат аға өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында «Аққыр» ауылында болған бір жағымсыз жағдайға да араша түскенін айтқан-ды. Осы ауылдың Тазнұра, Бекей деген жерінен байқоңырлық әскерилер жерасты су құбырын тартып, Қызылқұмды жайлаған малшы ауылды сусыз қалдырмақ болған көрінеді. Ахаң совхоз директоры Тынарбай Тө­легенов, дәрігер Ханзулла Каметов, тағы басқа шопандардан сұхбат алып, радио хабарлар әзірлейді. Ақырында  заңсыздыққа тосқауыл қойылады.
Бүгінде 85 жастың сеңгіріне шық­қан Ахат аға көргендері мен көңілге түйгендерін кітап етіп те шығарып жүр. Оның қарымды қаламынан туын­даған «Бұқарбай батыр», «Алмас тілді ағалар», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Асылы еді Алаштың» атты кітаптары бар.
Ахат ағаның журналистика саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі де ескерусіз қалған емес. Ол «Қазақ радиосы мен теледидарының үздігі», «Қазақстанның Құрметті журналисі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төс­белгісімен марапатталған. «Соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары тағы бар. Сондай-ақ, облыс әкімінің Құр­мет грамотасы мен Алғыс хаттары, ондаған диплом мен мақтау қа­ғазын алған. Айтқандай, Ахат Жа­наев Сырдария мен Жалағаш аудан­дарының Құрметті азаматы.
– Маған, – дейді Ахат аға, – ел-халқымның айтар алғысынан артық марапаттың да, сый-сыяпаттың да қажеті жоқ. Қараңыз, бұл күндері қар­ға адым жерге шыға алмай, отбасы, ошақ қасында отырған маған замандастарым жиі-жиі телефон шалып: «Эфирге неге шықпайсың, қоңыр дауыс­ыңды сағынып жүрміз ғой» деген­ді айтады. Осының өзі көңілімді қуанышқа кенелтіп, терең тебіреніске түсіреді. Өмірімді босқа өткізбеген екенмін ғой деп тәубеге келемін. Мұнан артық маған марапаттың қан­шалықты қажеті болсын. Шүкір ғой, шүкір!
Иә, Ахат аға бәріне шүкір дейді. Әлі де Алласы аузында, қаламы қо­лында. Қоңыр дауысы, қоңыраулы атақ-абыройымен 86 жасқа аяқ бас­ты. Жан жары Ұлболсын апа екеуі екі ұл, үш қыз  тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қа­ра шаңырақты биіктетіп, керегеле­рін кеңейтіп, немерелері мен шөбере­лерін сүйіп отыр.

Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<