Айт ата ардақталды

1016

0

Қазақтың сайын даласында өткен ғасырлардан бүгінгі қоғамға жеткен тарихи жәдігерлер, көне қорымдар мен ескерткіш белгілер аз емес. Дерегіне терең үңілсеңіз, тылсым әлемге енгендей сезімге бөленесіз.

Өткен сенбіде Жанқожа батыр ауылының аумағындағы «Әлсе­йіт» көпіріне жақын маңда қасиет қонған Айт Торымұлы бабаның өмірге келгеніне 300 жыл толу құрметіне ұрпақтарының демеу­шілігі, тікелей араласуымен салынған еңселі ескерткіш-кесененің ашылу рәсіміне куә болдық. Ұлы жолдың бойындағы, ескі қорымның шетінде күн нұрымен жарқыраған еңселі ескерткіш өткен-кеткен жолаушының назарын еріксіз өзіне аударады.

Арада үш ғасыр өтсе де Айт атамыздың есімі көмескі тартпады. Міне, өнегелі өмір сүрудің мән-мағынасының шынайы үлгісі.

Енді қабырғалы қауымның сүйіспеншілігіне бөленген Айт Торымұлы туралы өзім естіген деректі оқырман назарына ұсынсам:

Айт атамыз ХVІ-ХVІІ ғасырда өмір сүрген. Торымның Ырыскелді атты қызы, Айт, Кенжес, Қожас деген ұлдары болған. Ал Айттан Қарабақсы, Тоңаша, Мырзакелді, Мырза, Арал, Теңіз, Доңазақ тарайды. Қарабақсы мен Тоңашадан тараған ұрпақтары кесене салып, ас беруде. Қалған ұрпақтары аласапыран кезеңде өзге өңірлерге қоныс аударып кеткен. Олардан мағлұмат жоқ. Осы маңайда Қос­терек аталатын жер бар. Сол екі теректі ағайынды Төлеке мен Төлеміс отырғызған екен. Күні кешеге дейін теректер жайқалып тұрды. Оңтүстік беткейін жағаласаңыз, «Айттың аралы» деген арал кездеседі. Сырдария өзені сол жерден екіге бөлініп ағып жатады.

– Қостеректе кезінде «Интернационал» деген колхоз, жетіжылдық мектеп, күйдірген кірпіштен салынған монша болған. Сәдібас, Мырзағұл аталарымыз колхоз басқармасы қызметін атқарып, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен колхозды озат шаруа­шылықтың қатарына қосқан. «Коммуна» аталатын каналды қолмен қаздырып, елге су әкелген. Төкеш атамыз «Сарықұл қожа» мешітінде дүкеншілік жұмыс істеп халыққа қызмет жасаса, Қуаныш атамыз заманында болыс болып, ел басқарған. «Коммунаның» «Дүңкілдіге» қараған беткейіндегі «Масақ қорымы» деген үлкен қорым тасқын судың салдарынан жойылып кеткен, – дейді Айт баба ұрпағы, шараның басты ұйымдас­тырушысының бірі, Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектептің байырғы мұғалімі Думан Төкеш.

Шара барысында Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, өзге де ел ағалары, баба ұрпақтары өз лебіздерін білдірді. Баба аруағына арналып ас беріліп, құран бағышталды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы,

Жанқожа батыр ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<