Алаштың ұраны болған

1136

0

Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды ұйымдастырушысы, Ғани Мұратбаев ХХ ғасыр басындағы жастар ұйымының аса талантты өкілі болатын. Қазалы қаласындағы орыс-түзем мектебін оқып жүргенде-ақ уезд басшыларының көзіне түскен ол 1917 жылдың күзінде, яғни, он бес жастан  сәл асқанда революциялық кеңестің құрамына алынады. Кеңес құрамында жүрген қысқа мерзім Ғанидың өмірге, жалпы, қоғамға деген көзқарасын күрт өзгертті. Ең бастысы, оқымаса болмайтынына көзі жетті.

1918 жылы Ташкентке оқу іздеп барды. Жүрексінбей, алдына зор мақсат қойып, өрге ұмтылып келген Ғаниды Ташкент те жатсынған жоқ. Қазақ-қырғыз педагогикалық училищесіне оқуға түседі.

Педучилищеден кейін Халық ағарту институтында оқи жүріп, Финкельштейн атындағы мектепті де  үздік бітірген. Институт қабырғасында жүріп-ақ, қазақ, қырғыз, өзбек жастарынан қамқорлығын аяған жоқ. Жанарында оты бар, келешек осыдан қоғамға қажетті тұлға шығады дегендердің барлығын Ғани Шығыс университетіне оқуға түсірді.

1921 жылы Ұлыстың Ұлы күні 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Ташкент қаласында Түркістан Республикасы комсо­мо­лының үні – «Жас Алаш» газетінің тұңғыш номері төте жазу үлгісінде жарыққа шықты. Бұл жылдары Ғани Түркістан атқару комитеті жатақханасының №18 бөлмесінде тұрды. Бұл бөлме жастардың жиі жиналатын орнына айналады. Жұмыс жайлы мәселелер талқыланып, қызу айтыстар өтетін. «Жас Алаш» газетінің алғашқы редакциясы осы бөлме болды. Газеттің адресі Ташкент қаласы, Түркістан өлкелік атқару комитетінің жатақханасы, 18-бөлме деп көрсетілген.

Ілияс Жансүгіров Ғани туралы естелігінде былай дейді: «Бұл жылы біз Ташкентте оқитын едік. Ғани университетте оқитын. Оқуынан ұйымда істеуі көп болушы еді, сол жылы жазға салым жастардың жиналысында Ғани көптің ортасына «жастар газетін шығару» деген ойды тастады. Жиылыс мұны мақұлдап, бұл жұмысты ұйымдастыруды Ғаниға тапсырды. Мен хатшылық мін­детін мойныма алдым. Садуақас, Әлижан, Шамғали секілді азаматтар атсалыса бастады. Ғани жоқтан бар құрап, газеттің қағазын, ақшасын тапты. Соңынан екі бетті ғана қазақ жастарының тұңғыш газеті – кішкене «Жас алаш» газеті Наурыз күні жарыққа шықты.

Әлі ұмытпаймын. Газеттің бетін тізіп, енді баспаға жібергелі тұрғанда Ғани келіп: «бұған бір ұран жіберелік, тұңғыш жастар газетінің, жастар жұртшылығының ұранын осы газеттен бастап жариялайық!» деп еді. Қаріп терушілердің еңбегін төлеп, тізілген газетті қайта бөлектетіп, ұранды қыстырдық. Сондағы Ғанидың газеттің маңдайына қойған ұраны міне: «заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті – бірігіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!»

Міне, осы ұран – әлі ұран, осыдан басталып, қазақ жастарының арасында әлеуметтік сезімі өсе бастады. «Жас алаш» газеті жастар баспасының алғашқы демі болды. Бұған мұрындық болған – Ғани» дейді.

1921 жылы 22 наурызда шыққан араб қарпінің төте жазу үлгісінде басылған «Жас Алаш» газетінің алғашқы санының көшірмесі, Ташкент қаласындағы «Жас Алаш» газетін шығарған баспахана үйінің сыртқы көрінісі түсірілген фотосурет – Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіндегі құнды экспонаттардың бірі де бірегейі.

2001 жылы «Жас алаш» газетінің 80 жылдығы құрметіне газеттің бас редакторы, белгілі журналист, қазіргі Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бастаған «Атамекен» экспедициясы музейде болып, Ғани рухына тағзым етіп, құрмет кітабына қолтаңба қалдырды.

2012 жылы Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толу  құрметіне «Жас алаш» газетінің редакциясы газеттің бас редакторы Рысбек Сәрсенбаевтың құттықтау хатын,  әр кезеңдегі редакторлар туралы мәлімет, ұжым мүшелерінің фото­суреттері жіберіліп, қорды толық­тырды.

Ғани салған сара жол өз ағынымен ағып, асулардан асуда. Ғанидың бастамасымен ашылған «Жас Алаш» газеті де өзінің ғасырлық мерейтойын  атап өтуде.

Газеттің әр жылдағы атауына келсек,  1924 жылдың ақпанынан 1925 жылдың желтоқсанына дейін «Лениншіл жас», 1926 жылдың 30 қазанына дейін «Жас қайрат», ал 1927 жылдың 27 қыркүйегінен «Лениншіл жас» атанады. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен 1991 жылдан бастап оның байырғы, тарихи «Жас Алаш» атауы қайтарылды. Басылымның атаулары өзгергенімен, мазмұны мен идеясы өзгермей, турашылдығымен, шыншылдығымен, қоғамдық оқиға­ларға байыпты талдау жа­сайтын, ұлттық рухты басылым бүгінгі таңда республикалық қоғам­дық-саяси газет деңгейіне көтеріліп, қалың  оқырмандарының  жүрегіне Ғани салған соқпақпен жол табуда.

Роза АСАНОВА,

Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<