Қарбаласқа толы өмір

362

0

Бір атаның баласындай, қазақы салт-дәстүрлері бұзылмаған, бірін-бірі қолдап, өмір кешкен шағын ауыл адамдарының сол замандағы тұрмыс-тіршілігі қиыншылықтарын қалай бірге көтеріскені осы кезде аяушылықпен еске оралады. Ал, соғыс басталған кезде дүниеге келіп, соғыстан кейінгі өскен жастардың көрген ауыртпашылығы мен бейнетін айтып жеткізе де, оған ешкімді сендіре де алмайсың. Оны тек сол кезді басынан өткізген адамдар ғана жете сезінеді.

Біз, Аманкелді Әбдібаевпен бірге «Коммунизм», «Сталин», «Андреев» кол­хоздарының негізінде ұйымдасқан Бозкөл совхозының аумағында, сол аласапыран жылдары дүниеге келгенбіз. Әкелеріміздің бірі колхоздың қойын бағып, қойшы болса, енді бірі сиырын бағып, бақташы болды. Аналарымыз сиырын сауып, мал қорасын тазалап, колхоздың таусылмайтын бейнетке толы жұмысынан қалған емес.

Ауылдағы бастауыш мектепке бардық. Сол кездегі білімді, көзі ашық, көңілі ояу, жаны ашып тұрса да бала тәрбиесіне қатал талап қоятын Дербісәлі, Әлмембет, Құлназар сияқты ұстаздардан сабақ алуымыз келешегімізге сенімді қадам басудың іргетасын қалады.

Кейін Аманкелдімен Қазалы қаласын­дағы жетім балаларға арналған интернатта жатып, №17 Молотов атындағы қазақ орта мектебінде оқыдық. Жетім балалар дегенмен, оған теңестірілген малшы балалары да мектепке қабылданатын. Аманкелді менен үш класс төмен оқыды. 8,9,10 кластың балалары бір үйдің үш бөлмесінде, бір керуетте екеуден жататынбыз. Аманкелді төменгі кластың балаларымен, қыз балалар жататын үйдің бір бөлмесінде болды.

Сол кездегі елдің жағдайымен салыс­тырып қарағанда, интернатта жату әлде­қайда тиімді. Тегін тамақ, киім беріп, апта сайын моншада жуындыру сияқты балалар қажетінің бәрін жасайтын. Арнайы тәрбиеші ұстаздар тәртібіңді, жү­ріс-тұрысыңды қадағалайды. Осындай қамқорлық, көп балалармен бірге тұрып, араласу, біздің болашақта дұрыс қалып­тасуымызға ерекше әсері болғаны анық.

Аманкелдіден мектепті бұрын біті­ріп, жоғары оқу орнына оқуға кеттім. Аманкелді интернатта қалып, оқуын аяқтаған жылы ол да жоғары оқу орнына түсуге талап қылып, Қарағанды мем­лекеттік медицина иниститутының түле­гі атанып, оны абыроймен бітіріп шықты.

Осындай жастық шақты бірге өткізген екеуміз, 1994 жылы мен Қызылорда қаласына әкім болып қызметке ауысып келгенімде қайта кездестік. Ол қалалық санитарлық-эпидемиологиялық стансаның басшысы екен. Қоғамда жүйе өзгеріп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы біз түсіне бермейтін жаңа өмір басталды. Мемлекеттік мекемелер тарап, жекешелендіру жүре бастады. Халықтың келешек қандай жұмыспен айналысып, қалай күнкөріс жасайтынының айқын бағыты нақтыланбаған кез еді. Айлық табысы жоқ, зейнетақы уақытылы берілмейді. Халық егесіз қалғандай заман болды. Қашанға дейін созылатыны белгісіз. Шүкіршілік ететіні соғыс жоқ. Бейбітшілік. Бірақ осындай алмағайып шақты бастан кешіруге тура келді.

Осы кезеңде адамдар жеке кәсіппен айналысуға бет бұрды. Көп адамдар ба­зарға шығып, сауда-саттықпен күн көріп, нәпақасын тапты. Ал мұның бәрі елдегі қалыптасқан санитарлық-эпидемио­логия­лық жағдайдың нашарлауы­на қатты әсер етті. Бұл оны қадағалайтын орындарға аса қиын болғаны көз алдымызда. СЭС тарапынан қойылған талаптарды көп адамдар түсіне де, орындай да бермейді. Наразылық та жеткілікті. Оған халықты кінәлай алмайсың. Өйткені бұрын ол саламен мемлекеттік мекеме басшылары айна­лысып, жауап берген. Халықтың көпшілігінің СЭС талаптарын жете түсініп, орындауына деңгейі жете бермейді. Орынды талаптың өзі реніш туғызады. Жұртшылықтың ыза-кегін оятып, толқу туғызуы да мүмкін.     

Осындай қиын да жауапкершілікті ке­зеңде Аманкелді өзі басқаратын ұжымымен бірге халықпен тіл табысып, кемшіліктерді ушықтырмай, олармен бірге ретке келтіріп, өздеріне жүктелген міндеттерін сақтықпен әрі абыроймен атқарды.    

Жасыратыны жоқ, халықта наразы­лық, реніш көбейген кезде, басшылар жағдайды жөндеуге қатаң шара қолданып жатқан сияқты көріну үшін, сала басшыларын жиі өзгертіп, елдің назарын аударып, уақытша болса да тыныштандыруға тырысты. Ол жағдай Аманкелдінің басынан да өтті. Қызметтегі тазалығы, тынымсыз еңбегі бірлігі мол ұжымды тіл табыстырып, қалыптастырудың арқасында осындай ауыр саланы табан аудармастан зейнетке шыққанша мінсіз басқарды.   

Ұзақ жылдар бойы қала халқының ойынан табылып, тіл табысып жасаған қызметі ескеріліп, зейнеткер Аманкелді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Мен бұл қоғамдық ұйымның жұмысын аса ауыр қызмет деп есептеймін. Қарт адамдардың көңілін тауып, ойынан шығу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оны жаны жайсаң, жарқын жүзді Аманкелді сияқты абзал адамдар ғана атқара алады.

Қолында билігі, қаражаты бар мемле­кеттік қызметтегі басшылар ардагер­лер­ді риза етуге бар күш-жігерін, мүм­кін­шіліктерін жұмсағанымен, жеке сұ­ра­ныстарын толық қанағаттандыра алмайды. Ал ондай кісілер жағдайын айтып ардагерлер кеңесіне, оның төрағасына келеді. Қолында билік те жоқ, қаражат та жоқ қоғамдық ұйымның жәрдем етуге қауқары аз. Жұмысы бітпегендер ренжіп, ренішін ащы сөзбен тигізіп айтып та кетеді. Бұл адамның жүйкесіне қатты әсер ететін ауыр салмақ емес пе? Соған қарамастан, Аманкелді осы қызметті де ұзақ жылдар абыроймен атқарды, ыстық-суығына көнді. Мұқтаж адамдардың жағдайын биліктегі азаматтармен бірлесіп шешуге шаршаған жоқ. Мүмкіндігі бар, қолы ашық кәсіпкер азаматтарға да сөзін өткізіп, қолдау тапты.  

Аманкелдінің мемлекеттік және қо­ғамдық қызметтердегі еңбектері лайық­ты бағаланып, мемлекеттік медаль­дармен, құрмет грамоталарымен мара­пат­талды. Қызылорда қаласының  «Құр­метті азаматы».

Жиырма бес жыл қалалық санэпид­станциясының бас дәрігері болып тын­дырымдылықпен жаңашыл­дығымен өне­гелі қызмет істеді.

Кімнің болса да қызметі, уақыты өте салыстырмалы сараланып, бағаланады. Аманкелдінің қала халқының зиялы аза­маттарының есінде жоғары баға, жақсы атпен қалатынына күмән келтірмеймін.

Аманкелді жары Гүлсарамен тату-тәтті өмір сүрді. Баласы Берік, қызы Дана отбасылы, өскен орталарында абыройлы. Аманкелдінің күтпеген жағдайда ауырып, ұзақ жатпай тез дүниеден өтуі бізді де есеңгіретіп тастады. Алланың ісіне амал бар ма? Содан бері бір жыл уақыт өтіпті. 

Осы кезге дейін қатар жүрген аға, інілеріміз, замандастарымыз дүниеден өткенде, бауырларымен бірге қайғырып, шығарып салушы еді. Ал Аманкелдінің қайтыс болуы, қайғырумен бірге біздің де бұл дүниеге уақытша келгенімізді, уақыты келгенде осылай мәңгілікке кететінімізді санамызға терең сіңіріп, ескерткендей әсерде қалдық. Қалай десек те асыл аза­маттың орны ойсырап тұр.

Жарылқасын ШӘРІПОВ,

Қызылорда қаласы және 

Қазалы ауданының 

«Құрметті азаматы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<