Асыл ер өзін биік санамайды

597

0

Сырдың жыр-дүлділі Нұр­туған Кенжеғұлұлының «Бір кеңес» деген өсиетінде:

Асыл ер өзін биік 

санамайды,

Ел үшін еңбек, 

күшін аямайды.

Бір өзі білсе-дағы,

білдім демес,

Сынатып көпке салып ша­малайды, – дегендей, солардың бір-жары туралы ертеректе ма­қалалар жазғанмын. Жыр өл­кесінің нәрімен сусындаған жандардың өнер-ғылымсүйгіш болмауы мүмкін емес. Солар­дың бірі –  Бақдәулет Кен­жалы­ұлы Кенжалиев.

Сонау Кеңес үкі­меті құрылған жылдардан бас­тап, соғыс, одан кейінгі ауыр жылдары ауыл ағасы болған Наурызәлі ақсақал (Кен­жа­лы­ның әкесі) осы немересі дү­ниеге келмей тұрып, есі­мін қалай атасам екен деп ойла­нып­ты. Туған-туыстарын,  ел-жұртын жинап, үлкендердің батасын алып, ақылды, рақым­ды, мейірімді, адал азамат бо­лады, атын Бақдәулет деп қоямын деген. Бұл жайлы Кен­жалы ағамыздың аузынан та­лай рет естігенмін. Қазақтың қағазға жазылмаған дала заңы – ақсақалдардың, үлкендердің батасын алу. Болашаққа жақ­сылық тілеу – адамзат бала­сының ежелден асыл мұраты. Сол дуалы ауыз үлкендердің батасын алған кешегі жас жігіт  Бақдәулет Кенжалыұлы – бүгінде Металлургия және кен байыту институтының бас директоры, Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық зерттеу уни­верситетінің ғылым жөніндегі проректоры.

«Білім қайда болса, биіктік сонда, парасат қайда болса, ұлылық сонда» дейді дана хал­қымыз. Атақ-абыройға ілі­гіп, ие болып, дүйім жұрт­тың шексіз құрметіне, сүйіспен­шілігіне бөленудің өзі – үлкен мәртебе. Бақдәулеттің еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үле­сі телегей-теңіз. Еңбегі баға­ланбай қалған жоқ.

Бақдәулет Кенжалиев – Қазақстан Республикасының әл Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының Құр­метті мүшесі, техника ғылым­дарының докторы, профессор. Осындай қыруар жұмыстың басында жүрсе де, туған жері – алтын бесігінен қол үзген емес. Ол Қызылорда өңіріндегі «Шалқия» кен орнынан жа­ңадан негізделген өндіріс ашуды ұсынғандардың бірі болды. Бұл ұсыныс кезінде Үкімет отырысында қаралып, ұқыпты, тиімді екені аталып өтіп, шешім қабылданды.

Бақдәулет Кенжалыұлының сан-қырлы қызметі туралы за­мандастары айтатын, жазатын болар. Жақсының жақсылығын айтып, оның еңбегін жас ұрпаққа, әсіресе жерлестерге таныстыру біздің міндетіміз емес пе?! Олай болса, өзім алпыс жылға жуық араласып, ағайын болып кеткен інім туралы көпшілікке танымал деректерді қайталамай-ақ, оның тынымсыз еңбекқорлығына, өзімше баға беріп, балықшы қауымының тегінен шыққан дарынды ға­лым туралы сыр шерткенді жөн көрдім.

Бақдаулет Кенжалыұлы Кен­жалиев 1948 жылы 15 тамызда Қызылорда облысы Арал  ауданы  Аманөткел ауыл­дық кеңесінің Ақшатау ауы­л­ында дүниеге келген. 1957 жы­лы Ақшатау бастауыш мек­­те­бінің бірінші сыныбына барды, одан кейін Аманөткел мен Шөмішкөл ауылдарындағы сегізжылдық мектептерде оқы­ды. 10-сыныпты 1967 жылы Жаңа Қазалы станциясындағы № 421 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте бітірді. 1967-1969 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. 1970 жылы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1975 жылы осы жо­ғары оқу орнының химия факультетін инженер-химик жә­не химия пәнінің оқытушысы ма­мандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын Шымкент қор­ғасын зауытында бастап, өн­дірістік қызметтегі алғашқы тәжірибесін алды. 1975 жылдың қараша айында Металлургия және кен байыту институтына қабылданып, онда 2009 жылға дейін жұмыс істеп, қарапайым инженерден институттың бас директоры лауазымына  дейін көтерілді. 1983 жылы «Ақтоғай кен орнының баланстан тыс кендерінен мысты үймелеп ері­тінділеу» тақырыбы бойын­ша кандидаттық, 1998 жы­лы «Баланстан тыс мыс жә­не құрамында алтыны бар кен­дер­дің геотехнологиялық өң­деуін әзірлеу және енгізу, олар­дың теориялық негіздері» тақырыбы бойынша докторлық диссертацияларын ойдағыдай қорғап шықты. 

2009 жылы «Қазақстан-Бри­тан техникалық универ­си­теті» АҚ-ға ауысты. Осы жылдан 2017 жылдар арасын­да зертхана жетекшісі, басқа­рушы директор, прорек­тор лауа­зым­дарында универси­теттің инно­вациялық қызметіне басшылық жасады.  

Б.Кенжалиев – түсті жә­не асыл металдар гидро­ме­тал­лургиясы саласындағы отандық ғылыми мектепті құ­ру­шылардың бірі. Ол метал­лургия және кен ба­йыту институтын басқар­ғалы бері республика кәсіпорын­да­рында мыс, алтын, осмий, рений және басқа металдарды алу технологиялары жасалды жә­не өндіріске енгізілді. Тіке­лей басшылығымен  Ақтоғай, Айдарлы және Васильковск кен орындарында жаңа техноло­гиялар өндіріске енгізілді. 

Ғалым университет пен инс­титуттың ғылыми-зерт­теу базасын дамыту үшін ин­вестиция тарту бойынша жұ­мыстарды үйлестіреді, тиіс­ті жобалар мен бизнес-жоспар­ларды әзірлеу бойынша жұмыс­тарды басқарады, ғылыми-техникалық әзірлемелерді іске асыруды ұйымдастырады және «Көмірсутегі және тау-кен ме­таллургия секторлары және олармен байланысты сервистік салалар үшін технологиялар», «Нанотехнологиялар және жа­ңа ма­териалдар», «Ақпа­рат­­тық және ғарыштық техно­ло­гия­лар»  бағыттары бойынша қаржыландырылатын бағ­дар­­ла­­малар мен жобаларға ен­гізу бойынша ұсыныстар да­йын­­дайды. Атап айтқанда, «Ақтоғай»  кен орнында (эко­но­­микалық тиімділігі – 1981 ж. бағасы бойынша 1 мил­лион 043 мың рубль), «Айдарлы» кен орнында (эко­номикалық тиімділігі – 360 мың рубль) мыс алудың гео­технологиясы әзірленіп, ен­гізілді. ТМД тәжірибесінде алғаш рет құрамында алтын бар шикізатты үймелеп ері­тін­ділеудің экологиялық та­за технологиясы енгізілді (эко­­но­микалық әсері – 1992-2002 жылдар кезеңінде 35 мил­лион АҚШ доллар болды). Кон­дициялық емес концен­трат­тар мен кендерден бағалы ме­талдарды алудың биохи­миялық технологиясы әзірленді жә­не енгізуге дайындалды (ҚР, ҚХР, Үндістан, Египет, Ка­на­да және т.б. компания­ла­ры мүдделі). Іргелі, қол­дан­балы зерттеулерді, ҒЗТКЖ мен ин­новациялық техноло­гия­лар­ды өнеркәсіптік практи­каға ен­гізу бойынша үлкен тә­жі­ри­бесі бар. 2000-2010 жыл­­дары металлургия және кен ба­йыту саласындағы іргелі жә­не қолданбалы зерттеу­лер бағ­дарламалары мен жоба­ла­рының жетекшісі, 2009 жыл­дан қазіргі уақытқа дейін мұ­най-газ саласындағы ақ­па­рат­тық технологиялар жөнін­­дегі бағдарламаның жауап­ты орын­даушысы болды. Ме­тал­­­лургиялық кешенде 4 жә­не 5 шектік өндіріс­терді құ­руды ғылыми-техника­лық қам­тамасыз ету тұжырым­дама­сының авторы. Бұл кон­цепция Үкімет отырысында баян­да­лып, қолдау тапты.  

Профессор Б.Кенжалиев инс­титут қызметкерлеріне көп қамқорлық көрсетіп келеді. 1989 жылы үйлестірушісі бол­ған шаруашылық келісім-шарт бойынша орындалған жұмыс­тарға түскен қаржыға 30 пә­терлік үй салынды. Осылай көп­теген қызметкерлердің тұр­ғын үй мәселесі шешілді. Ал 2017 жылы өзі басқарған инсти­туттағы 2 жас ғалым «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша Алматы қаласының Атлетикалық қалашығында пәтерге ие болды.

ҚБТУ басшылығы оған ҚБТУ – ЕЭА ПИТ «Алатау» көп функционалды кампустың құрылысын, оның ішінде Дрил­линг орталығының, қазақстан­дық теңіз академиясының гер­маниялық аналогтарынан асып түсетін ҚБТУ-дың күн бата­реяларының негізінде жасалған тәжірибелік шағын электр стан­­циясының құрылыстарын үйлестіру жұмыстарын тапсыр­ған болатын. Ол жұмыстар ойда­­ғыдай аяқталды. Бақдаулет Кен­жалиевтің тікелей басшы­лығымен  Металлургия және кен байыту институтының Тә­жірибе-эксперименталдық ме­таллургия өндірісі қайта іске қосылды. Онда бокситтерді өңдеудің инновациялық тех­нологиясын елімізде енгізу үшін алғаш рет тәжірибе-өнер­кәсіптік қондырғы жасалды жә­не сынақтан өткізілді. 

Ол Қытайда, АҚШ-та, Ка­надада, Индияда, Мысырда, Ресейде өткен халықаралық кон­ференциялардың жұмысына қа­тысты. Минералдық шикі­затты өңдеу бойынша Дү­ние­жүзілік конгрестің 2 бағ­дар­ламалық комитетінің мүше­сі болды. Соның ішінде Авст­ра­­лияда өткен конгрестің са­рап­тау кеңесін басқарды. Ин­дия­да өткен келешегі бар мате­­риалдарды алу техноло­гия­лары бойынша 11 халық­ара­лық семинарды ұйым­дастыруға қатысты. 

Профессор ғылыми маман­дарды дайындауға көп күш салуда. Ол басқарып отырған инс­титуттың жүздеген маман­дары – ғылым кандидаттары және докторлары. Өзі байыту және түсті, асыл және сирек металдар металлургиясы, ме­тал­тану және металдарды тер­­миялық өңдеу салалары бо­­йынша техника ғылымдары­ның 15 кандидатын және 2 док­торын дайындады.

Ол басқарған Металлургия және кен байыту институты ірі ғылыми орталыққа айналды. Институт Ресей, Германия, Қы­тай, АҚШ, Түркия елдерінің  зерттеу институттарымен бір­ге қызмет жасап келеді. Ме­тал­лургия және кен байыту инс­титуты алғаш рет және бүгінгі күні Қазақстанда бі­рін­ші болып КРОССРЕФ (Cros­sref) нысандарды сәйкес­тен­діру бойынша сандық кітап­ханаларды байланыс­тыратын Халықаралық ассоциацияның мүшесі болды. Профессор Б.Кен­жалиевтің еңбектері Қытай, Израиль, Канада, Ук­раи­на және АҚШ елдерінің ғылыми топтарында кең түрде мойындалды. Ол – 500-ден аса ғылыми еңбектің, соның ішінде 90 патенттің, оның ішінде АҚШ пен Германияның 2 патенті (2019 ж.), 7 монографияның  авторы. 

Бақдәулет Кенжалыұлы – үлгілі отбасының басшысы. Тағдыр оны Жаңылхан есімді арумен табыстырды. Ол – бү­гінде Бақдәулеттің сансыз дос­тары мен тума-туыстарын көл-көсір дастарқанын жайып қарсы алатын отбасының са­лиқалы анасы. «Жақсы әйел – жарты бақыт» дейді. Жары өмірдегі мақсаттарына және кәсіби табыстарына жетуіне бірден-бір себепші және тірегі бола білді. Ұрпақтары ғылыми жолын жалғастыруда. 

Б.Кенжалиев ғылым және техника саласындағы Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының сыйлығымен және оған қоса лауреат белгісімен, халық шаруашылығын дамы­туда қол жеткізген жетіс­тік­тері үшін КСРО Халық ша­руа­шылығы жетістіктері көр­месінің қола медалімен 2 рет ма­рапатталды.

Ғылым саласындағы ерек­ше еңбегі үшін «Қазақстан Рес­публикасы ғылымын дамы­тудағы еңбегі үшін» төсбел­гісіне, «Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері» құрметті атағына, «ҚазТрансОйл» ак­цио­­нерлік қоғамының мұнай құ­быры бағыттары бойын­ша мұнай мен мұнай қоспала­рын тасымалдаудағы энергияны үнемдеуді ғылыми-техни­ка­лық қамтамасыз ету» та­қы­рыбындағы жұмыстар циклі үшін әл Фараби атын­дағы ғы­лым мен техника саласын­дағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 

Адам болмысынан жұмбақ екені белгілі. Қаншама ғылыми еңбектер, философиялық шы­ғармалар, трактаттар жазыл­ды десеңші. Солардың бар­лы­ғы, айналып келгенде, адам болмысының мәніне, рухани жан дүниесі қандай құнды­лықтан тұрады, өмірлік ұста­нымы қандай деген сұрақтарды айналып өтпегені мәлім. Бақ­дәулеттің көркем мінезі мен жан дүниесі, өмірге деген дұрыс көзқарасы мен парасаттылығы, біріншіден, Жер табиғаты мен тәрбие алған ортасының нәтижесі екендігіне шүбә жоқ. Екіншіден, жанкешті еңбегінің бағалануында «үйренуден жа­лықпау, үйретуден аянбауды» өз алдына мақсат етіп қоя білуінде. Үшіншіден, ұлағат­ты ұстаз, жоғары білім сала­сының білгір маманы ғана емес, сонымен бірге ірі ұйым­дастырушы болуында. Асқар Қонаев, Болат Бейсембаев сияқты ірі ғалымдармен қойын-қолтық жұмыс атқарып, ағала­рынан мол тәжірибе алып, қатарласып үзеңгілес жүруінде. Төртіншіден, Бақдәулетке тән қасиет – оның үнемі ізденіс үстінде жүретіні. Негізінен жас­тайынан қалыптасқан, жаңаға құштарлығы, ізденімпаздық ең­бекқорлығы. Оның іздегені мен тапқаны – өзіне ғана емес, ғалымның бүгінгі шәкірт­теріне, студент жастарға таптыр­май­тын қазына. Бесіншіден, ма­рапаттардың өзі-ақ оның ғылыми атақтарының ауқымды, қоғамдық өмірмен байланысы мол екенінен хабар беріп тұрған жоқ па?! Олай болса, Бақдәулет Кенжалыұлынан ғы­лымның күтері көп. Өз кезегінде ғалымның әлі берері мол. Ғұмырың ұзақ болғай теңіздің төл перзенті, інім.

Құдайберген САРЖАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы.\\

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<