ҒАСЫР БЕЛЕСІН БАҒЫНДЫРҒАН БӘТИ ӘЖЕ

527

0

«Көп жасаудың құпиясы неде?» деген сауал көбімізді мазалайтыны рас. Оған әркім әртүрлі топшылау жасап жатады. Мысалы, Жапон елінде жалпы халықтың 20 проценті жүзден аса жасайды екен.  Әлбетте, бұған ең біріншіден, ауа райының қолайлылығы,  екіншіден, адамның салауатты өмір сүру дағдысы, содан соң, әлеуметтік-тұрмыстық мәселенің түбегейлі шешілгені себеп болса керек. Ғалымдардың пайымдауынша, адамның ұзақ өмір сүруіне алғашқы екі фактор тікелей әсер етеді.

Биыл өмірінің жүзінші көк­те­мін қарсы алып отырған абыз ана Бәти Аманбаева әжеміз Жалағаш ауданы, Еңбек ауылында тұрып жатыр. Әлі күнге дейін  ағайын-туыс, көрші-көлемнің тойы, ас-құдайысы болса, бір мез­гіл барып, көппен қауышып, көңілі сергіп, батасын беріп қай­тады.

Бүгінде Бәти әжеміздің ғасыр белесін бағындырып отырғаны да сол – өзіне тән өмір сүру дағдысын қалыптастырғанынан болса керек. Бұл жерде «өзіне тән өмір сүру дағдысы» деп отырғанымыз, асты талғап ішіп, арнайы бір ереже  ұстану емес, күні-түні тынымсыз еңбек, одан кейін табиғат берген табанды мінезімен талай-талай қиындықты белден басып өткен батылдығы болса керек. Иә, расында, ол кісінің тағдыр жолы тауқыметке толы.

Сонау 1919 жылы Жаңадария ауылында дүниеге келген ол, алты жасында ата-анасынан айы­рылып, бауыры екеуі Аламесек аудандық жетімдер үйінде өсті. Бұл оның алғашқы көрген қиындығы еді. Жетіжылдық мектепті бітірген соң «Қызыл октябрь» колхозындағы апасының қолына барып, колхоз жұмысына араласады. Таңның атысы, күннің батысы, дала жұмысында жүріп, шаруашылықтың жайын біліп, ширығып, шыңдала түсті. Он тоғыз жасында осы ауылдың Болтай есімді жігітіне тұрмысқа шығады. Шаңырақ көтергендеріне төрт жыл өткенде, яғни 1942 жылы жолдасы Болтай Аманбаев соғысқа аттанып кете барды. Қолында кәрі енесі, құндақтағы баласы бар, қала берді. Қайткенмен, күнкөріс керек. Белін бекем буып, колхоз жұмысына қызу кірісіп кетті.

Бас көтерер ер азаматтар түгел майданда, амал жоқ, елдегі шаруаның тізгінін әйелдер ұстап қалды. Күнделікті қарбаласып жатқан тірлік, ауыр, жеңіл деп таңдайтыны жоқ. Басқарма қандай  жұмыс тапсырады, соны атқаруың керек. Сол уақыттарда ауылдағы жас келіншектер ер азаматтардың орнында небір ауыр жұмыстарда жүрсе де, олардан кем түспейтін күш-қайрат көрсетті. Жігерлі жас келіншек Бәти де техника тілін үйреніп, тракторға отырды. Жер жыртып, егін екті.  Осы күнгі  «Шіркейлі» каналын қолдап қазуға атсалысты. Күн батқанша дала жұмысында, ал түнімен  соғыстағы азаматтарға шұлық, қолғап тоқып жібереді. Ұйқысыз, күлкісіз өмір өтіп жатты…

Көптен күткен Жеңіс те кел­­ді. 1945 жылы ауылдан ат­тан­­ған азаматтардың аман орал­­ғаны некен-саяқ, жаралы, мү­ге­дек күйінде келіп,  отбасымен қауышып жатты. Ал мұның жары Болтайдан еш хабар-ошар жоқ, аман екені, иә мерт болғаны белгісіз. Көңіл күпті, әйтсе де бір жақсылықтан үмітін үзбейді. Осылайша, арада жыл өткенде  құдай қосқан жары соғыстан аман оралды. Кеш оралған себебі, соғыстан кейін көмілген миналарды аршу жұмысында болған екен. Бұл – асқан ептілік пен сақтықты талап ететін шаруа, дегенмен Болтай атамыз өзіне артылған міндетті мүлтіксіз орындап, елге есен-сау оралады. Ауылға келген соң әдеттегі шаруашылық жұмыстарына араласып, еңсесі түскен елдің тұрмысын түзеуге еңбек етті.

 – Әкесі соғысқа аттанғанда екі жасар қалған тұңғыш перзентіміз Қуанышбай ол оралғанда алты жасқа толған еді.  Екеуміз бірдей колхоз жұмысында жүрдік. Бұйырған асты іштік, табылған киімді кидік. Ел қатарлы қиын-қыстау күндерді бастан кешіп,  қуанышымызды бірге бөлістік. Өмірге жеті бала  әкелдік, оның үшеуі ғана аман. Қуанышбай, Ыдырыс, Маржанкүлім бір-бір әулеттің шаңырағын ұстап, түтінін түтетті. Солардың тілеуін тілеп, Алланың берген жасын жасап отырмыз. Балаларым мен келіндеріме ырзамын. Кешегі көрген бейнетімнің бүгінде зейнетін көрдім, осыған шүкір, – дейді әжей.

 Бәти әжеміз бүгінде сол үш баласынан тараған жиырма шақты немересінен  40-тан астам шөбере, 20-ға жуық шөпшек сүйіп отыр. Тұңғыш перзенті Қуанышбайының келіншегі Айым­торы апамыз да бүгінде жетпіс жасты еңсерген. Десек те, әлі күнге енесінің қас-қабағына қарап, жағдайын жасап отырады.  Осы күні өзі де  келін жұмсап, немере сүйіп отыр. Сонда да  енесінің алдындағы келіндік міндетінен танбайды.

Бүгінде ауыл арасындағы құдайы, тойдың төрінде отырып, тебірене батасын беретін Бәти әжеміздің бітім-болмысы адам баласына тән ерекше бір қажыр-қайраттың үлгісіндей көрінеді.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<