«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді»

1775

0

Қайда жүрсең атамекен,

Көкейіңде жатады екен.

(Қ.Мырзалиев)

Бақ тек адамнан ғана емес, табиғат жаратылысынан да таятыны белгілі. Арал теңізіне құятын Әмудария мен Сырдария суының күрт азаюына байланысты 1960 жылдан бастап теңіз айдыны тартыла бастады. Келесі онжылдықтың басында экологиялық апаттың қысымына шыдамай көк теңіздің ортасындағы аралдар мен жағалауларда орналасқан «Ауан», «Ұялы», «Бектау», «Қасқақұлан», «Көкарал», («Аққұм») сияқты бабалардың ізі қалған, бүгінде соры менен тұзы қалған оннан астам елді мекен жабылып бітті. Халық жаппай үдере көшуге мәжбүр болды. Ынтымағы жарасқан, ұрпақ өргізіп тату-тәтті ғұмыр кешкен олар, амалсыздан құтты қоныстарын тастап кетуге көздері қимай, арттарына жаутаңдап қарай-қарай көшті.

Содан бері бір ұрпақтың ғұмырына жетер-жетпес уақыттың ішінде кезінде үйлерінің іргесін теңіз суы шайып жататын осы ауылдардың бүгінде ізі де жоқ. Орындары жермен-жексен болған…

…Міне, ол көлігінің тұмсығын биіктеу құмдауытқа тақап қойып, төңірекке көз жіберді. Көңілі пәс. Жүзі жабырқау. Қабағы қатыңқы. Әр келген сайын туған жерінің орнына елжірей қарап, жанарына жас үйірілетін болып жүр.

Бұл толғауы тоқсан тіршілік күйбеңінің арасынан саңылау тауып, балалықтың балдәурені мен жастық шағының жалынды жылдары өткен «Ұялысына» тағзым етіп, кіндік қаны тамған топырағын құмарлана бір иіскеп, төсіне аунап-қунап, мауқын басып кететін әдетімен биыл да келіп, қызығы мол, қиындығы да жетерлік өткен өмір жолдарына ойша шолу жасап тұрған «Қазалының атымтай жомарты» атанған Бекқали Бекбауылов еді.

Айнала мүлгіген тыныштық… Ол терең күрсінді. Көңілі құлазып, көкейіне мұң ұялап, жабырқау күйге түсті. Анау жерде… Иә, болған. Бәрі де болған. Бүгінде сол кездегі ауылдың тыныс-тіршілігіне жараған инфрақұрылымдар мен ырыс-несібелерін теңізден тауып, тіршілік еткен, ұядай ұйысқан 17 ұлт өкілінен тұратын, түтіндері түзу шыққан 400 отбасының бірі де жоқ. Әр төбе басындағы ескі қорымдардан басқа көзге ештеңе ілінбейді. Сәл әріректе бұрынғы көк теңіздің ортасында құмға шөккен нар түйелер сынды теңкиіп-теңкиіп жатқан балықшы кемелерінің тат басып, шіри бастаған қаңқалары көрінеді. Аралдықтардың құлағына әбден сіңісті болған кәдімгі «Кемелер қорымы». Айналасы көшкен құм. Тандыры кепкен теңіз ұлтаны. Жел қуалаған қаңбақ. Ең болмаса қураған бір тал ағаш не бағана болсайшы! Осы бір келеңсіз көріністер «Ұялы» ұланының ет жүрегін езіп, бауырын сыздатып, өзегін өртегендей болды…

Сонда қалай?! Ол өзіне өзі осындай тосын сұрақ қойғанын байқамай да қалды. Адамның туған жері тек оның тіршілігі қайнап, табиғаты жайнап, ажары асып, дәулеті тасып тұрғанда ғана керек болғаны ма? Ал бағзы заманнан бері ел кәдесіне жарап, ашыққан, тарыққан, қамыққан халыққа ырзық-несібе болған, тарихы терең шалқар теңіздің басынан бақ тайғанда біз неге одан бас тартуымыз керек?!

Иә, кезінде қандай «Ұялы» еді бұл?! «Аққу көлін аңсайды, адам туған жерін аңсайды» дегендей, атақоныс мекені ешуақытта оның есінен шығып көрген емес. Айдынды Аралдың оңтүстігінде Қарақалпақ жерімен шектесетін, жан-жағы көк теңізбен қоршалған, ұзындығы 30, ені 7-8 шақырым шамасындағы аумақты алып жатқан, құс самғар биіктен қарағанда жарты айға ұқсас аралда орналасқан жер жаннаты еді ғой, шіркін, «Ұялы»! Жер бетінен жойылған, атамекенінің қасиетті де қастерлі атауы ендігі жерде көңілден көшіп, санадан өшіп, ұмытылып, тарих қойнауына кетпеуі керек. Осы бір көрікті ой оның туған жер туралы қиялына нүкте қойғандай болды. «Нар тәуекел!… Атам қазақ «Туған жерге туың тік!» деп бекер айтпаса керек. Сенің төсіңе атың өшпестей етіп тұғырлы ескерткіш-белгі қоям. Бұл – менің перзенттік парызым» деп қалай айтқанын Бекқалидың өзі де сезбей қалды.

Сөзі мен ісінің арасында алшақтық бола бермейтін, ойға алған жұмысын аяқсыз қалдыруды жаны сүймейтін Бекқали көп ұзамай ойға алған жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Ол әдейі Каспий теңізінің жағалауында терең престеліп, тас болып қатып қалған бақалшақтар (ракушки) кенішіне жол тартты. Сол жерден арнаулы техникамен аумағы үлкен, салмағы 5 тонна тартатын қызыл тасты тереңнен ойғызып алып, Қазалыға жеткізді. Оны жондырып, кескізіп, бетін ойғызып, ортасына қара мрамор тасты орнатты. Оның бетін қашатып, «Бұл жерде 1973 жылға дейін «Ұялы» елді мекені болған» деп жаздыртты. Белгінің биіктігі 3 метр, енінің 4 қыры да 1 метрден өңдегеннен кейінгі салмағы 3,5 тонна тартты. Оны 361 шақырым қашықтықтағы «Ұялыға» жеткізді. Жолда «Кәукейдегі» халыққа ас беріп, аруақтарға Құран оқытып, аудан орталығынан өнерпаздар апарып, концерт қойғызды. Барлық шығынды Бекқали бауырымыздың бір өзі көтерді. Ол осылайша туған жердің атын өшірмей, туын жықпай, жерлестерінің еңсесін түсірмей, келер ұрпақтың талай буынына ғибраты, сауабы мол өнеге қалдырды.

Бүгінде алыстан менмұндалап көрінетін өткен күннің белгісіндей, осы зерлі тастың бетінен жолы түскен жолаушының «Ұялының» кешегі өмірін, тарихы мен шежіресін көргендей әсер алатыны сөзсіз.

Осындай үлгі аларлық игі бастама туған топырақтың қадір-қасиетін бір адамдай бағалай білетін, оған деген ықылас-ниеті қашан да ыстық, тілегі ақ, пейілі кең, тарыққан мен жабыққандарға, әсіресе жетім балаларға қол ұшын беріп, көмектесуге дайын тұратын аралдық азамат, «Дәулетэнерго» ЖШС директоры, Көкаралдың тумасы Ердіхалықов Қуанышбай ағамызды көп ойландырып, көп толғандырды. Оның өмірінің ең қызықты да думанды жастық шағы осы киелі, құтты қоныста өтті.

Іргесі 1930 жылы қаланған «Көкаралдың» құт қойнауында уақытында Ленин атындағы колхоз, ауылдық Кеңес кеңсесі, балық қабылдау пункті, кемелер тоқтайтын шағын флот, электрстанция, мұзқала, балық өңдейтін цехтар, жетіжылдық мектеп, клуб, дүкен, почта, рация халыққа қызмет көрсеткен. Бүгінде теңізі тартылып, ыстығы жер қуырып, толассыз соғатын дауылы тұз бен құм суырып, тіршілігі тоқтаған «Көкаралдың» орнын табудың өзі қиын.

Тарихы аңыз бен ақиқатқа толы атақонысына қарап тұрып, үлкейгендіктің белгісі ме, әлде сағымға айналған жылдардың сағынышынан туған терең тебіреністің әсері ме, кім білсін, бір сәтке көңілі босаңсып, ішкі жан-дүниесі алай-дүлей болып, әлем-тапырақ күйге түсті. Көшкен жұртының орнына қарап тұрып, жанары жасаурады. Бәрі де күні кешегідей көз алдында. Кезінде ұзындығы 70, ені 20-25 шақырымдай қарт Аралдың солтүстік бөлігіндегі теңізге ұмсына кіріп тұрған біршама үлкен аралда 130-дай отбасы мекен еткен. Олардың басым бөлігі жылдың төрт мезгілінде тынбай су кешіп, мұз ойып, аянбай еңбек етіп, еселенген ел байлығына өздерінің қомақты үлестерін қосқан нағыз теңіз тарландары, мәрт балықшылар болатын. Сонымен бірге «Көкаралдың қарыштап дамуына, өсіп-өркендеп іргелі шаруашылық болуына мал шаруашылығының да қосқан үлесі зор болды. Балық колхозының жанынан ұйымдастырылған мал фермасы бүкіл ауылды етпен, сүтпен, маймен қамтамасыз етіп қана қоймай, жоспардан артық өнімдерін аудан орталығындағы «Маслопромға» жіберіп отырған. Шаруашылықтары шалқыған осындай ауылдың жер бетінен жоқ болып ұмытылып кетеді деп кім ойлаған.?! Енді сол ауылымның ең болмаса орнын көріп, өткен өмірімді ойша шолып, бір сәт болса да сырласып қайтайын деп, жүрегі алып-ұшып, алыстан ат арылтып келген жандардың көшкен жұртының ізін де таба алмай, көңіл күйі құлазып, келген ізімен кері қайтқанын көру қандай қасірет, қандай аянышты десеңізші!…

Осылайша ой құшағына берілген Қуанышбай ағамыздың «Көкаралына» барған сапары оның санасын сансыратып, туған жерге деген ыстық махаббаты мен сарғайған сағынышын қайта қоздатты.

«Жоқ, бұлай болмайды! Туған жерің – тұғырың. Оның тарихы – аудан тарихының құрамдас бір бөлшегі. Анау төбе басындағы қорымда мәңгілік тыныс тауып жатқан киелі ата-бабаларымыздың рухы бізге риза болуы үшін, өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың туған жер тарихын ұмытпауы үшін міндетті түрде бір белгі қою керек» деп шешті ол.

Тамырын туған жерден айырмаған, жүрегі «Көкаралым» деп соққан, алтын ұясын ардақтаған азамат игі тілектен туған ізгі ниетін тездетіп іске асыруға асықты. Аудан орталығынан 230 шақырым жердегі көне жұртының орнына бетондап көрнекті етіп, белгі қою үшін халыққа қол жаюдың реті жоқ деп, өзі тәуекелге бел буды. Дегенмен көк теңіздің мөлдір суын, жағасындағы ақшағыл құмын кешіп, бірге өскен жекелеген жерлес туыстары Қуекеңнің ізгі ойын мақұлдап, көмек қолдарын созды. Киелі қоныстың қасиетті топырағынан нәр алып, жан-жаққа түлеп ұшқан, қазірде Ақтөбеде тұратын кәсіпкер інісі Жақсылық Орекешов қаржылай көмек көрсетсе, Алматыдан Алғазы Жалауұлы биіктігі 2 метр, ені 0,7 метр қызыл гранитке қысқаша ауылдың тарихын ойып жаздырып алып келді. «Ақбастыға» көшіп барған Бауыржан, Досым, Жақсылық, Бекет, Берік, Жеңіс, Қаржаубай, Абай, Қуанғали сынды інілері аға бастамасын қостап, игілікті істен шет қалмады. Олар 100 шақырым жерден қатынап, құрылыстың қара жұмыстарын атқарысты. Қомақты қаржылай көмектен басқа сайлы техникамен, әртүрлі құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мәселесін Қуекең өз мойнына алды. Ол бір ай бойы бел суытпай, өзінің інілерімен шағын құрылыс алаңына қайта-қайта барып, игілікті істің басы-қасында болып, тікелей басшылық жасады. Келешекте ысылдаған көшпелі құм фундаменттің астын қазып, жалаңаштап тастар деген оймен 2х2 метр жерді жарты метрден астам тереңдікте қаздырып, темір бетон құйдырды. Оның үстіне арматурланған фундамент құйып, арнайы тұғырға қызыл гранитті орналастырды. Ескерткіш белгінің айналасын бетондап, темір қоршаумен қоршатты.

Жұмыс толық аяқталғаннан кейін, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда т.б. ауыл-аймақтардан келген жерлестеріне арнап 100 адамдық палатка ішіне дастархан жайып, ас берілді. Ата-баба рухына арнап, Құран бағышталды. Оларға «Ақбастыдан» төсек-орындары мен қазан-ошақтары, ыдыс-аяқтары тиелген арнайы көлікпен ақбастылық 8 келіні келіп, қызмет жасады.

«Туған жер топырағында 50-60 жылдан кейін кездескен ауылдастарымның көңіл-күйлерінің көтеріліп, балаша қуанғандарын көріп ерекше сезімде болдым. Олар өздерінің өсіп-өнген, ұшқан ұяларына деген іңкәрлік сезімдерін жарыса айтып, тауыса алмай, өзара қауқылдасып, сырласып, мұңдасып, өткен өмірлерін бір сәтке болса да, көңіл сүзгісінен өткізіп, бір жасап қалды. Атамекенінен еріксіз ерте ажырап қалған, елім десе еміреніп, жерім десе елжіреп тұратын жерлестеріме арнап жасалған осы бір тағылымды шараның басы-қасында жүріп, бастаушысы болып, еңбегімнің еш кетпегеніне мен де қуанып, бір марқайып қалдым» деп еске алады Қуекең.

Иә, осылайша теңіз жағасында туып, теңіз суымен жөргектері жуылған, киелі топырақтарынан кіндіктері үзілмеген, қос азамат: Қазалы, Арал аудандарының Құрметті азаматы, «ҚР Құрметті автокөлікшісі» атағының иегері Бекқали Бекбауылов пен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик, Арал ауданының Құрметті азаматы Қуанышбай Ердіхалықов қай жағынан алғанда да ғибратты да өнегелі істерімен келешек ұрпаққа үлгі болатындай иманды іс тындырды. Осы арқылы олар атақонысқа деген перзенттік махаббаттың, азаматтық парыздың бір парасын өтегендей болды.

Бекқали Бекбауыловтың қамқорлығы мен адамгершілігі туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрперзент Домбайдың «Алғыс арқалаған азамат» атты кітабы бар.

Сондай-ақ Қуанышбай Ердіхалықов та «Тарихы кенен Көкарал» деп аталатын ғұмырнамалық танымдық жинағы арқылы оқырмандарына ауылдың танымал азаматтарын, ел үшін қан төккен боздақтарын танытып, атакәсіп – балықшылық жайында мол деректер келтіреді.

Біздің екі кейіпкеріміз де елді мекен атауларын жер бетінен жойылып кетпей, өскелең ұрпақ санасында өшпестей етіп қалдырудың, киелі орындарды қадірлеудің тағы бір жолы – оларға көше аттарын беру деп есептейді. Біз «Ұялы» атауын Қазалының көрікті көшелерінің бірі иемденгенін білдік. Атажұрттың шежіресінен сыр тартатын «Ұялы» атты көше Арал қаласында да бар. Ендігі кезек – Көкаралдыкі. Қуанышбай Ердіхалықовтың ұсынысы көп ұзамай орындалатынына сенеміз.

Жалпы, сенім дегеннен шығады. Егер жолыңыз түсіп, Көкаралға бара қалсаңыз, гранит тақтаның астыңғы жағына көрнекі етіп, ірі әріптермен ойылып жазылған «Туған жердің қайта түлейтініне сенеміз» деген жазуға көзіңіз түседі. Шындығында да, сенім дегеніміз – жұмырбасты пенденің бойындағы ең қуатты, ең ұлы күш. Ал өмірлік ұстанымдары мен адами болмыстары бөлек, ниеті өздерінің «Ұялысы» мен «Көкаралын» қоршаған теңіз суындай мөлдір де таза Бекқали ініміз бен Қуанышбай ағамыз келешекте шалқар теңіздің қайта толатынына, құтты қоныстарының қайта түлейтініне де нық сеніммен, үлкен үмітпен қарайды.

Әнес ӘУЕЗОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі