Бұл пәниде кім өтпеді, патша да өтті, пайғамбар да өтті. Оларды тарих неге түгендейді, өйткені тағылымы төре. Із өшпеу керек!
Иә, мәңгілік ештеңе жоқ, қалыбы қатты темір де тот басып, тозады. Оның қасында жүрегі жұмсақ, ет пен сүйектен жаралған адам азулы емес. Маңдайға жазған тәңірдің берген жасын көреді, талқаны таусылса, оған ешқандай шара да жоқ. Бірақ өлмейтін бір-ақ нәрсе – ісі мен ізі екен.
Түптеп айтқанда, Ж.Баласағұнидің ұлағатты сөзіне бір үңілсеңіз игі: «Биіктеп кетсең – құлау бар, қуанып кетсең – жылау бар». Туасы, даңқтың жолы даңғыл емес, абыройдың жолы арналы емес ғой, «қуаныш келсе, таспа, қасірет келсе, саспа» деген, қай нәрсеге де қалыппен, байыппен барған дұрыс.
Табиғи талантты адамның өнерге деген жанашырлығы әрбір қырынан есіліп тұрады. Оның рас-өтірігін өмір дәлелдейді.
Қазақ халқындай қыздарға құрмет көрсетіп, бір үйдің көркі емес, бүкіл ұлттың ұйытқысы ретінде аялаған ел әлемде кемде-кем. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген тәмсілдің мәніне тәнтімін. Ата мен ана бала тәрбиесінің қамқоршысы ретінде отбасындағы тәлім-тәрбиенің алтын арқауы бола отырып, болашақтағы шаңырақ шырақшыларының тәрбиелі, өнегелі, ұстамды болып өсуіне ықпал жасауы үлкен мектеп десе болады.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қызметтік жағдаймен Алматыдан Қызылордаға ауысу маңдайға жазылды. Өтпелі кезең ғой, елден көшу көп. Солай бола тұрса да тағдырдан қашып қайда барасын, бұрын-соңды болмаған өңірге тәуекел етіп келдім.
Алдымнан қашанда ақжарқын Үрімхан апам шықты. Әсілі, ананың кеудесі – бұлақ, құшағы – жұмақ деген бар. Сондықтан шығар, «Әлемдегі ең бақытты адам – анасы бар адам» депті бір данышпан. Оны сөз зергері Міржақып Дулатов «бізді сүйе-тұғын, күйе-тұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүре-тұғын абзал жан – ана» депті. Бақсақ, анаға деген құрмет әрбір перзент санасында таудай биік парыз екен. Өйткені «Ана» дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осылай ештеңеден тарықпай Үрімхан апамның жанында алаңсыз күндер өтіп жатты.
Үйден кісі арылмайды, бірі ақыл-кеңесін тыңдайды, бірі қонақжай шаңырақтан шарапат іздеп келеді. Солардың ешқайсысы көңіл жығылып қайтқан емес, апамның ақеден пейілі дайындаған дархан дастарханынан дәм татып қайтушы еді. Сондай сырбаз, салиқалы анам өмірден өтіпті. Ғұмыр деген бес саулық секілді бәріне бірдей емес. Тәңірге ғана тән, бұйрық бір, құлдық құба.
Ол берекелі балықшы отбасында туған, Сағындық пен Тұрсынның тұңғышы болатын. Асау Аралдың жағасында, ақкөбік толқыны бет-жүзін шайған, балығы тайдай тулаған теңізбен тел өсті. Нағашы жұрты Нұржан ишан еді, мешіттен молда келіп азан шақырып, Үрімхан қойғаны да тегін емес. Текті жердің қызы текті ғой, әке-шешеден мол тәрбие көргенін, олардың атына кір келтірмей, қайта алғыс алғанын айтқан жөн. Біреу оны анашым десе, біреу ұстаз деді. Енді бірі қажы апа деп алдын кесіп өтпеді. Мектептен соң Ақтөбедегі Н.Байғанин атындағы қыздар педагогикалық училищесін, сосын Н.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутын тәмамдады. Мақсаты мұғалімдік еді, ұрпаққа ұлағатын сіңіруге барынша білек түрді. Мектеп бағдарламасынан бөлек, адамгершілік рухта тәрбиелеу, баланың бейғам санасына елжандылық қасиет қондыру секілді қосымша дәріс оқитын. Сол түлектері қазір қазақ қоғамын дамытуға ерекше еңбек етіп жүр. Ұстаз мерейі осындай нәтижемен мәртебелі екені рас. Үрімхан Сағындыққызы «Халық ағарту ісінің үздігі», «Аға оқытушы» атағын алса, кеудесіне «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін тақты. Аналық парызын адал өтеген ардағы да айтулы. Тоғыз ұл-қыз өсіріп, күміс алқалы ана атанды.
Көптің көкейінде бар, бірақ шама-шарқы әлі әлсіз тұс – 1993 жылы дінге біржола бет бұрып, ол қажылық сапарға жиналды. Сөйтіп қажы апа С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Қорқыт ата атындағы дарынды балалар гимназияларында «Араб әліпбиі және ислам дінінің тарихы» шариғат пәнін жүргізді. Имандылық сабағы арқылы бойға қуат, жанға шуақ сыйлады. Тіпті Әділ Омаров дейтін шәкірті құран оқу қырынан Астана мен Иранда бас жүлде олжалады. Кейінгі кезде Алматыға қоныс аударып, сол жақта да қазақы тәрбиені де дәріптеп, ел-жұртқа өзіндік өнегесін үлгі етті.
Әкеден төзім, шешеден сезім қасиетін жинаған Үрімхан қажыға қарап бой түзеген бауырлары Шәмшәрі, Үрзия, Күнзада, Мариямкүл, Бұқарбай бір-бір шаңырақтың шаттығына тілекші болса, ұл-қыздарын да биік сатыға көтеріп, өз тұтқасын ұстауға тірек болды. Қазір олармен ел мақтанады. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Гүлзира Шалқарқызы мен жолдасы қайраткер қаламгер Сапарбай Парманқұлды ғана атасақ, аздық етпес.
Иә, қариясы бар үйдің қазынасы бар дейтін еді. Жақын-жуыққа жанашыр, балалардың да тілекшісі атанған анамызды мәңгілік мекені – қара жер қойнына алды. Арулап жерленді. Қарақұрым халық жиналды. «Жаназаңды байқайын, кім екеніңді айтайын» дегенді сонда ел ықыласынан көрдік.
Бақ қолдайды, алайда әркімге әрқалай. Біреуге байлық бергенмен, бала бермеген. Біреуге оқу бергенмен, тоқу түгел емес. Қол қысқа деген бекер, қолдағынның өзі құт.
Бұрыңғылар бұрыс кетпеген, басынан өткесін басқасы қайталамаса дейді. Олар асфальтты армандаған жоқ, баянды болашақты армандады. Жаяу-жалпылап діттегенге жетті, оқу іздеп, табаны тозды. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмады. Есесіне еңбегі жанды, қиналғаны қайтты.
Бүгін бәрі бар, бірақ болған үстіне бола берсе дейміз. Жамау киім кимейміз, жаяу жүрмейміз. Пейіл тоқ, бірақ пайым көп. Аздаған ауыртпалыққа шама шыдамайды. Бір-бірімізге деген бауырмалдық сезім сыр беріп қалады. Дегенмен де, өлгеннен кейін де адамға абырой керек. Бірақ табиғат абыройға тым сараң. Ол тек адам атаулы ұсақтап кетпесін, жұрт жақсы мен жаманын, арам мен адалын ажырата алмай қалмасын дегендей, туған халқына жан-тәнімен беріле қызмет етуге құлшынған бірегей тұлғаларды іріктейді. Аузында Алласы бар, тілінде тәубасы бар игі жақсыға екі дүниенің есігі ашық. Бәлкім, ақылды адамның ағайыны көп деуіміздің мәні шын пейіліне сай өлшем шығар. Апам сондай сүйкімді, иманды жан еді.
Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<