ҚАЙРАТКЕР ҚАРЫМЫ

823

0

 Қытай ойшылы, адамзат тарихындағы ең ұлы ұстаздардың бірі Конфуцийдің «Адамдық қатынастың әуелгі үлгі мектебі – үй ішінен басталады. Әрбір отбасы – шағын да болса дербес қауым, мемлекеттің ең кішкентай қайталамас бөлшегі. Ата-ананы сыйлау, оның айтқанынан шықпау – тәрбиенің отбасылық ғана емес, ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі тәрбиенің көрінісі» – деген қағидасын Қытай елі қазірде өз өркениетінің мызғымас негізі ретінде қабылдағаны баршаға аян.

Түркі әлемін айдай әлемге танытқан, XI ғасырда ғұмыр кешкен атақты шайыр және ғалым Бируни аударған көнеден жеткен жәдігерлердің бірі Үндістанда шыққан «Панчатантра» кітабында «Ата мен анадан, бірге туған бауырдан артық жанашыр әрі мейірімді ешкім болмайды, сосын шын досың ғана келелі кеңес беріп, игілікке баулиды» – деп жазылғаны да бекер емес.

Тек қана осындай ауызбіршілігі мықты, бір-біріне бауырмал отбасында өскен талапты бала талай биікті бағындырса керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Сыр бойының парасатты перзенті Жонтаева Жаңыл Алпамысқызының өткеніне көз жүгіртіп, осындай ой түйдік.

Иә, баланың бас ұстазы – ата-анасы екенін талай данышпан айтып кеткен. Ұлылардың осы ұстанымын Жаңылдың ата-анасы Алпамыс ақсақал мен Раушан анамыз зерделеріне мықтап түйген сыңайлы.

Туған ауылы Калинин атын­дағы совхоздағы (қазіргі Бұхарбай батыр ауылы) №33 орта мектепті бітірген табанды да ізденгіш Жаңыл Алпамысқызы арман қуып Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға қабылданып, 1981 жылы «Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік аяқтады. Одан кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінің қаржы және несие факультетін «эко­номист» мамандығы бойынша бітіріп, адам баласының алға қойған мақсатына тек табандылығы арқасында қол жеткізе алатын­дығын дәлелдеді.

Ұстаздық – ұлы іс. Даналар мен данышпандардың бәрін ұстаздар тәрбиелеген. Адам баласы өзінің асылдығы мен абзалдығы үшін алдымен ұстазға қарыздар.

1981 жылы еңбек жолын  орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған Жаңыл өзі оқыған №33 орта мектептің мектептен тыс және сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырушысы, Жалағаш кентіндегі №31 орта мектептің және туған ауылындағы №33 орта мектептің директоры болды.

Дүниедегі барша тіршілік иелерінен адамды айырып тұратын төрт-ақ қасиет: білімділік, ұстамдылық, ақыл, әділдік. Осы қасиеттерді бойына түгел жинаған Жаңыл Алпамысқызы еңбекқорлығы мен жігерлілігі, талабы мен табандылығы арқасында Жалағаш аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі, Арал ауданы әкімінің орынбасары қызметінен бастап Қызылорда облыстық білім беру басқармасының бастығына дейінгі барлық қызмет сатыларынан табысты өтті.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы ретінде аймақта Елбасының «Балапан» бағдарламасының жоғары деңгейде орындалып, мектепке дейінгі оқу мен тәрбие жұмыстарының сапасын арттыруға басшылық жасады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттік қаржы көздеріне қарағанда мемлекеттік – жеке меншік әріптестік бағытында қаржы тарту көлемі еліміздегі ең жоғары көрсеткішке жетіп, «Балапан» бағдарламасының орындалуы бойынша облыс республикада І орынға шықты.

Сонымен қатар, осы жылдары облыстағы мектеп, лицей, гим­назиялардың саны артып, дарынды балалардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалды. Осы­ның арқасында аймақтың мектеп оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында топ жарып, ҰБТ бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Қызылордада мектеп оқушылары арасында респуб­ликалық пәндік олим­пиадалар өткізіліп, білім сала­сы­ның өзекті мәселелеріне ар­нал­ған ғылыми конференция­лар жиі ұйымдастырылып тұрды. Облысқа Ресей бі­лім акаде­мия­сы­ның академигі В.М.Монахов, әйгілі ма­тематик, академик Асқар Жұмаділдаев және т.б. ғалымдар жиі келіп, білім са­ла­сындағы күр­делі мәселелер түйі­ні­нің шешілуіне мұрын­дық болды.

Аймақ дең­гейі­нің биіктей тү­суіне көп үлес қос­қан кейіпкеріміз ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры қызметін 2017 жылға дейін абыроймен атқарды.

Бұл жылдары Жаңыл Алпамысқызының бас­шы­лығымен 12 жылдық білім беруге көшу­дің бағдарламалары жасалып, оған ке­зең-кезеңімен көшу жұмыстары жүргізіле бас­тады. Бағдарламаларда қазақстандық оқу­шылардың бойында функционалдық сауат­тылық қалыптастырып, оны барынша да­мытуға айрықша көңіл бөлінді. Еліміздің барлық мектептеріне Назарбаев Зияткерлік мектеп­терінің тәжірибесін енгізу жұмыстары оңтайлы басталды. Мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру бағытында үлкен өзгерістер жасалды. Ұстаздар үшін үш деңгейлік және жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылды. Еліміздің ұстаздары әлемнің алдыңғы қатарлы орталықтарда біліктіліктерін еселеп, жаңа инновациялық технологияларды отандық білім жүйесіне батыл ендіре бастады. Осындай маңызды реформалардың тиімді жүргізілуде Жаңыл Алпамысқызының үлесі мол.

Білім саласында 40 жылға жуық атқарған еңбектері лайықты бағаланып, білікті маман «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2017 жылдың желтоқсанында білім беру саласындағы және қоғамдық жұмыстардағы сіңірген еңбегі үшін Жаңыл Алпамысқызына «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Еліміздің білім жүйесінде жүріп жатқан түбе­гейлі өзгерістерге методологиялық тұрғыдан сүбелі үлесін қосып, қазіргі кезеңдегі білім парадигмасы мәселелерімен терең айналысып, оның даму бағыттарын бағамдап жүрген педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жаңыл Алпамысқызы 2017 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін Назарбаев университетінде департамент директоры қызметін атқаруда.

Отбасылы. Жұбайы Төреғали Қожабер­генұлы облысымызға белгілі азамат, кәсіпкер. Қызы Нұрай қазіргі уақытта Венгрияның Дебрецен қаласындағы жоғары оқу орнының үздігі.

Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты – жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. «Елiңнiң перзенті болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», – дейдi Елбасы бiр сөзiнде.

Сондықтан, осындай ұлы мұрат жолында еселі еңбек етіп, Отан алдындағы перзенттік парызын өтеп жүрген Сыр өңірінің қарымды қайраткер қызының өмір жолы кейінгі жастарға үлгі болмақ.

Бауыржан Елеусінов,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

 Қызылорда облысы

бойынша ПҚ БАИ

директоры,

профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<