«Аза» кітабы қалай жазылды?

1562

0

Қазақстан Республи­касы­ның Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiнге ұшы­раған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына кел­тiруге, жазықсыз жала құр­бандарын ақтап, оларға келтірілген моральдық және материалдық залалды қазіргі заманға сай мүмкіндік  шеңбе­рінде өтеудi қамтамасыз ету мақсатында 1993 жылы «Жап­­пай саяси қуғын-сүргiн құрбан­дарын ақтау туралы» Заң қабылдады. Сол сияқты, 1997 жылы Қазақстан  Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Жалпұлттық тату­лық пен саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын еске алу жылы» аталып өтті.

Тарихшылардың айтуын­ша, сол 1930 жылдары Қазақ­станда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Бұдан бөлек, ашаршылық нәубетінен қаншама қандастарымыз көз жұмған. Бізге белгілісі, 1929 жылғы әдепкі ашаршылықта және 1932 жылғы екінші толқынында миллиондаған адам қырылған. Иә, қазақ халқының басына қара бұлт үйірген саяси қуғын-сүргін Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ, облыста 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған. Білуімізше, облыстық ішкі істер депар­та­ментінің архивінде сол жылдары қозғалған 6000-нан астам қылмыстық істің құжаттары сақталған.

Ашаршылық жылдары қаза болғандардың нақты саны белгісіз десек те,  сол бір зұлмат заманда өзгелерге қарағанда қазақ халқының көбірек зардап шеккені шындық. Оның үстіне ел ішіндегі шала сауатты «шолақ белсенділер» де әміршіл жүйенің сойылын соғып, талайдың тағдырына тас атқанын жасыруға болмас. Бір сөзбен айтқанда, бұл ұлттың дамуына қарсы бағытталған сая­си жоспар болды. Халықтың төрттен бірі бас сауғалап шет елдерге көшкен. Ал, Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлерге корейлер, поляктар, Еділ бойы немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да этнос өкілдері қоныс аударып келді. Өз басындағы тауқыметке қарамастан, қазақ халқы жер аударылып келген қаншама ұлт пен ұлысқа ыстық құшағын ашып, пана болды.

Сол заманғы тарихтың ащы шындығынан тағылым алу мақсатында қуғын-сүргіннің құрбанына айналған 100 мыңнан астам адам туралы ақпарат қамтылған «Мемориал» веб-порталы іске қосылып, еліміздің әр аймағы бойынша «Аза» кітабы жарыққа шықты.

Қызылорда облысы ­бо­йынша 2000 жылы шы­ға­рылған Боз­дақтар – «Аза» ес­телік кіта­бының бас редакторы Х.Ембергенов. Кітаптың құ­рыл­­тайшылар алқасына сол кездегі облыс әкімі С.Нұр­ғисаев төрағалық етсе, редак­циялық алқаға И. Құт­тықожаев жетекшілік жасады.

«Аза» – отызыншы-қыр­қыншы жылдарда және елуінші жылдың бастапқы кезеңінде орын алған репрессия құрбандары туралы кітап. Бұл естелік кітапқа Қызылорда облысының боздақтары енген.

…«Еліміз егемендік ал­ғаннан кейін тарих пердесін айқара ашып,  тоталитарлық   зо­балаң  кезеңдегі  шаш   ал   десе, бас алған зорлық-зом­бы­лық пен асыра сілтеушілік оқи­ғаларын тұтас күйінде еш­қандай боямасыз, бүкпесіз ашықтан ашық, толыққанды мағынада айтуымызға мүм­кіндік туды. Мұның өзі ескі қателіктерді қайталамас үшін қажет.

Жариялылық  кезеңіне де­йін бұйрықшыл әкімшіл-әмір­шіл, бюрократтық жүйе мен тәртіп – зұлмат науқаны 20-жылдардың аяғы мен 30-40 жылдардағы репрессия құр­бандары жө­ніндегі шын­дық нақты айтылмады. Осы жылдарда қауіпсіздік орган­дарының қо­­лымен мыңдаған адам, ең ал­дымен, қазақтың зиялы азаматтары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл қанды жылдар халық есінде мәңгілік өшірілместей жазылып қалды. Осының бәріне себеп болған жеке адамға табынушылық, зорлық-зом­былық және заң­сыздық. Ста­линның индустриялизациясы өкіметті жеке басқару режимін  жасаудың алғашқы қадамы болды. Ал екінші қадамы – бұл коллек­ти­визация болғаны белгілі. Бұларды жүзеге асыру про­цесінде ол партияны  қанау­шылар мен жендеттер ұйы­мына айналдырды.

Міне, арада 70 жылдан астам уақыт өткен соң сталиндік қаулылардың кү­шін жоятын бірқатар заң актілері мен  Үкімет  шешімдері қабылданды. Соның ең бас­тысы – Қазақтан  Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып саналады» деп жазылған «Аза» кітабының алғысөзінде.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<