Азамат. Идеолог. Қайраткер

1065

0

Уақыттан жүйрік не бар? Кеше ғана ортамызда жүрген  Сыр бойының абзал азаматы, тамаша идеолог, қажырлы қайраткер Әбекеңнің, Абдолла Дәулетұлының соңғы сапарға аттанғанына да бір жылдан асып қалыпты. Егер тірі болғанда сексенді толтырып, тоқсанға аяқ басып, қауымымыздың көркі болып отыратын еді. Тағдыр оны жазбады.

Осы мақаланы жазбақ ой­мен қолыма қалам алғанда Әбе­кеңнің өзі ерекше құрмет тұт­қан Мұстафа Шоқайдың «Ұлт­тық зиялы» атты мақаласы еріксіз еске түсті.  Автор «Ұлт зиялысы деген кім?» деп бірден сұрақ қояды да, нақты жауабын береді. «Оқығанның барлығын олардың біліміне және белгілі бір ұлттың өкілі болғанына қарап, оны сол ұлттың зиялысы деуге болмайды» деп кесіп айтады да, белгілі бір ортақ идеяларды жете түсінген және сонымен өзара байланысқа түс­кен білімділерді, сол сияқты саяси, қоғамдық немесе мәдени салалардың қайсысында бол­масын өз халқына қызмет ету идеясын терең ұғынғанды  ұлт­тық зиялы дейді. Осы қағи­даттарды берік ұстансақ, күр­делі өмірден көргені мен түрлі тірліктен түйгені мол, сергек саналы, зерек зерделі Әбекеңді бүгінгі зиялы қауымымыздың нағыз белді мүшесі еді деуге толық болады.

1952 жылы Қызылорда мем­­лекеттік педагогикалық инс­титутының тарих факуль­тетін үздік бітірген Әбекең са­на­лы ғұмы­­рының алғашқы жыл­дарын мектеп жаста­ры­ның тәрбиесіне арнаса, 1957 жылдан партия кеңес жұмы­сында болып, бар қажырлы да қайратты қызметін Сыр өңірінің дамуына жұмсады. Тағы бір ерекшелік, өзі өс­кен ортасы туралы, туған өлке­міз­дің өркендеуіне ерекше үлес қосқан алдыңғы толқын ағалар, замандас, тағдырлас тұл­ғалар мен азаматтар туралы сыр­лы шығарма, қызғылықты кітап­тардың да қарымды иесі болды.

Сонау тарихымыздың аса бір күрделі кезеңі, өткен ғасыр­дың отызыншы жылдары қа­рапайым колхозшы шаруа Дәу­­­лет ақсақалдың отбасында дү­ние есігін ашқан  Әбекең, Абдолла ағамыз жасынан ма­ңайының ауызбірлігі мен ең­бекке жүгінген құт-берекесін көріп өсті. Өзіне өмірлік серік еткен бұл шынайы адами қа­сиеттер Әбекеңді шыңдады, ши­ратты, абзал азамат етіп қа­лыптастырды. Әбекең кейін об­лыстық партия комитетінде жиырма жылдай қызмет ет­кенде де өзіне тән стильдің бірі – облыстық партия комитетінің күрделі жұмыстарына жас кадр­ларды ұйыстыра жүру бо­латын. Ондағы мақсаты – пар­тиялық қызмет бабы мен мұратын ап­параттағы өзінен ке­йінгілерге ертерек байқату, ертерек таныту еді. Бірақ осы­ны жете түсіне бермеген кез­деріміз де болмай қалмады. Шындығына келгенде, бұл қыз­мет бабында ертерек өсу­дің де әдемі кепілі болатын. Осындай шыңдаудан өткен жас­­тар кейін өз қабілеттеріне ла­йықты қызметтерін алып жат­ты. Сондай шәкірттерінің бірі болғанымды мен де мақ­таныш етемін. Осы ойды кейін әлде­қалай сөз арасында айтып қалсам, келісе қоймай, бірге қыз­меттес болдық қой деп ылғи  қара­пайымдылық танытатын еді.

Әбекең әділ сөзге тұратын түсінігі мол абыз ақсақал бо­латын. Бірде арамызда  биыл туғанына 90 жыл толған Сыр бойына ерен еңбек еткен Ер­кін Нұржанұлы Әуелбеков ту­ралы  әңгіме болды. Сол кезде  Ас­танада тұратын Ерекеңнің ке­зінде облыс партия комите­тінде қызмет еткен бір топ аза­­маттар оның есімін есте қал­дыру мақсатында облыстың бір мектебіне атын беру туралы өті­ніш жазған болатынбыз. Мұны облыстағы кейбір аза­маттар орын­сыз санап, осы­дан пәлен жыл бұрын марқұм болған кісіге  ренішін қайта тұ­татып, өтінішке өріс бер­мепті. Мен осыларды айта ке­ліп: «Осындай жағдайда Әбе­ке, ағайындар, Әуелбеков сіз бен біздің талқылауы­мыз­дан жоғары тұрған қайраткер ғой деп бір ауыз сөз айта алма­ғаныңызға таң қалдым» дедім. Бетіме қарады да: «Ен­дігі ұсы­нысқа өзім де қол қойып бере­мін» деді. Кейін мәселе шешімін тапты ғой.

Тағдыр облыстық комсомол және партия комитеттерінде жиырма жылдай қызмет еткі­зіп, бір ғимаратта тұруды жа­зыпты. Талай алдыңғы толқын ағалардың сөзін естідік, қызме­тін таныдық. Солар­дың ішінде айтулы іскер, талап қойғыш, жұмысқа жауапкершілігі жо­ға­­ры, жаңалыққа жаны жа­қын болған Абдол­ла Дәулетұлы бөлек жан, ай­тулы қызметкер болды де­сем, артық айта қоймаспын. 1957 жылы Шиелі аудандық партия комитетінің қарапайым насихатшысынан бастап, 1972-1979 жылдары облыстық пар­тия комитетінің насихат және үгіт бөлімі меңгерушісі қызметін  жарқырата жүргізді, сан салалы жұмысты барынша көрсете білді. Идеологиялық жұ­мыстың барлық дерлік бу­ындарынан өткен, оның  жүйелі де күрделі қыр-сырын жетік білу, одақтық, республикалық партия орталықтарымен тікелей байланыс жасау, пікірлесу, сан салалы ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияларға қатысу бел­сенді бөлім меңгерушісін идео­логия саласының өзің ара­лас­пай байқата бермейтін та­лай қалтарыстарын аңғаруға көмек­тесті, алынбаған асуларға жете­леді. 

 Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Одақ көлеміндегі ең­бек ұжымдарының әлеу­мет­тік-экономикалық ке­шен­ді даму жоспарын жасау респуб­ликаның қай жерінде жалғасын тапқанын баспасөзден оқи қой­ғаным жоқ. Ал шынында осы маңызды мәселе Сыр бойында жалғасын тауып, Одақпен үн­десіп жатса, бұл тікелей Әбе­кеңнің өзіндік қайраткерлік еңбегі болатын. Ол осы тәжірибені облыста ендіруге күш салып, мұндай жоспарлар Жалағаш ауданы «Мәдениет» кеңшарында, Қызылорда қала­сындағы 2585 автоколонна ұжымында жасалып, ол кейін об­комның бю­росында арнайы ма­құлданды. Өндірістің тиім­ділігін арттыру мен тәрбие жұмысын жақсартуда еңбек ұжымдарының рөлін одан әрі көтеру мәселелері 1975 жылы облыстық партия комитетінің пленумында талқыланды. Бұл бағыттағы облыста жүзеге ас­қан жұмыстар кейін «Еңбек ұжымдарының дамуын ке­шен­ді жоспарлау әлеуметтік эко­­но­микалық міндеттерді же­­місті шешудің маңызды фак­­то­ры» деген ғылыми-тәжі­рибелік кон­ференцияда  қоры­тын­дыланды. Сол сияқты об­лыстық партия комитетінің ар­найы бюросында КПСС Орск қалалық комитетінің идея­лық-тәрбие жұмысының мә­­селелерін кешенді шешу ту­ралы тәжірибесін облыс өмі­ріне ендіру қаралған болатын. Мұн­дай күрделі шараларды да­йындау мен өткізуде де Абдолла Дәулетов айрықша белсен­ділік танытты. Бұлардың бар­лығы белгілі жағдайда Әбекең­нің іскерлік өресін, өзіндік ізде­німпаздығын, саяси танымын, қажырлы қызметін айғақтаған факторлар болатын. Ашығын айту керек, осылардың бар­лығы ойдағыдай болып жат­паса да, ұжымдағы әлеуметтік мәселелер мен экономи­калық салалар тығыз қарым-қатынасқа түсетіндей ке­шенді жоспарлау әдісі жалпы кадрлардың әлеу­меттік өресі мен тәрбиесіне сөзсіз игі әсер ететін факторлар болатын. Бірақ бұл жұмыстар Одақ көлемінде жаппай өріс алып кете алмады, мерзімдік тірлік болып қалды. Оның өзіндік себептері болды. Қо­ғамды қайта құрамыз деп жүріп, көптеген адам тәрбиесі үшін асыл қазыналарымыздан айырылдық та ғой.

Несін жасырайық, 20 жыл­дан астам облыстық партия ұйымының идеологиялық май­данының алдыңғы шебін­де болған, қайраткерлік болмы­сын жақсы таныған біз сияқты шәкірттері Әбекеңді келесі биіктен көргіміз келгені рас. Ондай мүмкіндіктер болмады емес. Бірақ ол кезде де қабілет, іскерлікпен өсе бермейтін жағ­дайлар аз болған жоқ. Рес­ми құжаттарда ең таза  деп саналған партиялық жүйеде де кейбір басшылардың күрделі деген мәселелерді жеке би­леп, жеке төстеп жататын кез­дері жеткілікті болды ғой. Қазір де бұл күшейе түспесе, әсте әлсірей қойған жоқ. Ал шын­дығына келгенде, мұн­дай ұстанымдар жалпы жұ­мысымызды ақсатып, қоғам­ның серпінді дамуына тұсау болып келе жатыр. Алда да тұсау бола береді.

Арал ауданының бірінші хатшысы болған Тәкей Есетов обкомға басшылыққа келді де, аудандық, облыстық партия комитеттеріндегі аппараттық қызметте көп жыл ысылған, кәсіби партия жұмысының май­талман маманына айналған А.Дәулетұлын басқа қызметке, партиялық ұйымдастыру бө­лі­мінің меңгерушілігіне бе­кітті. Әбекең жаңа қызметте де қамшы салдырмай алда жүр­ді, шабысты да табысты бол­ды. Басшылар мен жас кадр­лардың арасына қамқор көпір бола алды. Көп жастарға болашаққа жолдама берді. Осы кездері облыстық партия комитеті басшылығының тіке­лей қолдауымен бірсыпыра жас кадрлардың қызмет ба­бында өсіп, мәртебелері көтеріл­ген­дерін де айта кеткен артық болмас. Бұл, шын мәнісінде, ізгілікті істер болатын.

А.Дәулетұлы Одақ тара­ғанша 1982 жылдан 1991 жылға дейін облыстық халықтық ба­қылау комитетінің төрағасы болды. Облыстық партия ко­ми­тетінің бюро мүшесі бо­лып табылатын бұл беделді қыз­метте де халыққа тиесілі қаржы мен мүліктің сақталуы, қорғалуы ойдағыдай жүзеге асырылып, адал өмір сүру салтының орнығуына қарай же­місті қадамдар жасалды. Іс­керлік, мәселеге кеңінен, биі­гінен қарау, өзіндік ерекше жа­уапкершілік бұл кезде де серік бола алды. Жоғары буын­мен қоян-қолтық қызмет етті. Сондай жұмыстың бірін оқырман назарына сала кет­сек, артық болмас. КСРО Ха­лықтық бақылау комитетінің бастамасымен Орта Азия және Қазақстан халықтық бақылау органдары басшыларының біз­дің облыстағы кең көлем­дегі басқосуы болды. Мәс­кеу­ден денсаулық сақтау, су шаруа­шы­лығы, қаржы министр­лік­тері мен ведомстволарының өкіл­дері келді. Олар Арал өңі­рін, елді мекендерді тікұшақпен ара­лап, қалған қонақтар жақын ау­дандарда болып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, бас­қосуларда кең ауқымды пі­кір алмасып, проблемалық мә­се­лелер ортаға салынды. Со­ңында Аралға байланысты зерт­­теу, тексеру, талдау жұ­мыс­та­рын жақ­сартуға бағыт­талған ұсы­ныс­тар қабылданды. Мұның бәрі кейін Арал ай­мағының эко­логиялық мәрте­бесін айқын­да­ғанда қажетті құжат­тарға негіз болғанын айта кету керек.

Абдолла Дәулетұлы Одақ­тық дәрежедегі дербес зей­нет­керлікке шыққан соң 2001 жылға дейін облыстық ке­ңесте жауапты қызметтер ат­қарды. Әбекеңнің жетпіске де­йін қызмет етуі өзінің қалауы емес, қажеттіліктен туды. Көр­гені көп, көзі танитын, білгені мол, қабілеті қайтпаған зерделі зейнеткер қарап отыра алмады. Көргені қытықтап, естігені елес­теп, түйгені түрткілеп, осы­дан алпыс жыл бұрын қолға алған, кешегі аз ғана оқы­­тушылық жұмыста да,  партия қызметінде де күндіз-түні серік болған қа­ламы енді басқа сүрлеуге тарт­қылады, басқа бағытқа сал­ды. Мұның сәті де түсіп еді. Қазақстан Рес­публикасының Ақ­парат жә­не қоғамдық келісім ми­нистр­лігі 1998 жылды – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жы­лы атауы табиғатында та­рихшы, ауызбірлікті ертеден өмірлік қағида еткен, екі тілге де жүйрік Әбекең Ахас Тажутовтың «Куманы, полов­цы, кипчаки и казахи» атты орыс тіліндегі кітаптың қазақ­ша нұсқасын «Қып­шақтар мен қазақтар» де­ген атпен дайын­дады. Бұл оқыр­мандарды қазақ этносының қалыптасу бары­сындағы тарихи оқиғалармен нанымды және қыз­ғылықты та­ныстыратын тағы­лымды туынды болды. 

Ойдағыдай шыққан алғаш­қы еңбек келесіге шабыт ша­қырды. Көптен ойда жүрген, кейбір мәселелер еске түсіп мазалаған, кейде ақ қағазға түртіп те қоятын өмірбаяндық деректер, басынан өткенді ой елегіне салып, екшеп, «мұны мен айтпасам, кім айтпақ, кейін­гіге білгенімді мирас ет­пе­сем, білгендігім қайсы?» деп берік түйін түюмен  Әбекең 2001 жылы «Өмір өрнектері» атты кітабын баспадан шығар­ды. Өзім де оқып, рухани ләззат алған «Тарих тағылымдары» атты кі­таптың кіріспесіндегі мына бір сөздерді назарлары­ңызға сала кетейін: «Ғалам тарихын ой елегінен өткізген әрбір азаматқа шежіре  – аса қастерлі, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырып келе жатқан атамұра, халық қазы­насы. Құс қанатсыз, ағаш жа­пырақсыз болмайтыны тәрізді адамзаттың да ата-тексіз бо­луы мүмкін емес». Осылай басталған қызғылықты да тағы­лымды ту­ындыда автор өзінің ата-тегін, туған елін, балғын балалық кезі, қуанышы мен қызықшылығы мол жастық шағын, ұстаздық әлемін, пар­тия, мемлекет қызметкері ре­тін­де қалыптасу кезеңдерін жү­йелі де қызғылықты баяндаған. 

Алаштың анасы атанған Сыр бойының қай өңірі болмасын қасиетті, қадірлі. Дегенмен, әр­кімге туған жері ыстық, туған топырағы киелі. Бақ құсы қон­ған Ыбырай еңбек еткен, тұ­ғырлы тұлғалар – мұраты биік Мұстафа, тұлпар ақын Әб­діл­да, даңқы қазақ қауымына кең тараған Иманжүсіп, хал­қы­­ның Қалқаманы, ғұлама ғалым Шахмардан, академик Мұхаметжан Қаратаев, халық ақыны Нартай Бекежанов, т.б. дүние есігін ашқан Шиелі өңірі Абдолла Дәулетұлы үшін ерекше ыстық. Сондықтан да Әбекеңнің айрықша шабытпен жазылған «Нұрлы жол» атты кітабы та­рихи-шежірелік си­паттағы киелі  өлкесінен түлеп ұшқан алып ұландардың бейнебаяны іспетті.

Міне, осылай екінші өмір­ді, шығармашылық өмірді сәт­ті бастаған Әбекеңнің жүй­рік қаламынан «Мәуелі әулет» (2002 ж.), «Ыбырай тағы­лым­дары» (2002 ж.) (2010 ж.), «Сыр саңлақтар» (2010 ж.), «Иман ұялаған мекен» (2011 ж.), «Ардагерлер – ел тірегі» (2011 ж.), «Толымды тұлғалар» (2011 ж.), «Қорқыт Қойлыбай» (2015 ж.) атты кітаптар шықты. Қолдарыңызға енді тиетін, бір кезде осы Мурад Аджидің шы­ғармасынан бастаған, енді оның  «Кипчаки. История великой степи и древних тюрков» атты еңбегінің аудармасымен Әбе­кең қаламгерлік қызметке нүкте қойып еді. Өмірлік қыз­меттің күнделікті қалам ұстат­қаны зая кеткен жоқ, ол мол мұраның иесі, тамаша тарих­шы, қажырлы қаламгер атанды. 

Әбекең кітаптарын оқып отырып, таңғалмасқа бол­май­­тын бір мәселені айта ке­тейін. Сыр бойына қажырлы қызметтерімен, ақыл-парасат­тарымен белгілі болған отыз­ға тарта партия-ке­ңес қызмет­­керлері туралы сү­белі еңбектері өңіріміздің тари­хын зерттеген ғалымдар үшін таптырмайтын дүниелер. Шы­нына келгенде, Сырдария­ның сол жағасын игеруді алғаш мә­селе етіп қойған, кезінде облысты қалыптасқан қиын­шылықтан шығару үшін оның мәселелеріне Мәскеудің, пар­тияның Орталық комитеті мен Үкіметінің бетін бұрып, Республиканың отыз алты тар­мақ, жетпіс екі тармақшадан тұратын қаулыларын шығарт­қан М.Ә.Сужиков, Сыр бойы­ның кезінде бірден-бір байлығы болған күріш егістігіне шынайы реформа жасаған, қажырлы қайраткер М.Б.Ықсанов, облыс жұртшылығы тәуелсіздіктің ты­нысындай қабылдаған, ерен іс­терімен ел есінде қалған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, т.б. қай­раткерлер туралы мақа­лаларды тебірен­бей, толғанбай оқи ал­майсың. 

Міне, кешегі Кеңестік ке­зең­де облыстың билік эшело­нын­да қажырлы қызмет ат­қар­ған, белсенді азаматтық по­зи­циясын әрқашан берік ұс­тан­ған, Сыр еліне сыйлы болған Абдолла Дәулетұлы ағамыз жа­сы ұлғайған шағында төбе бидей төрде ақыл-кеңесін айтып, жақын-жуықты жақсылыққа ұйытып отыратын еді. Құдайға шү­кір, аз жасаған жоқ. Адами да, азаматтық та, қайраткерлік те парызын адал атқарды. Өзі өмір сүрген қоғамға қарыз болып кеткен жоқ. Барын бере алды, аянбады. Әбекең үлкен әулеттің де иесі болатын. Ар­тында не­мере-шөберелі ұрпағы, оларға қайталана бермейтін үлгі-өнегесі қалды. Енді жары Сыздыққызы Елена апамыз солардың қызығын молырақ көрсін дегіміз келеді.

 Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<