Бағаев мектебі

1181

0

Бауыр басқан Зекең – Зейнулла Жарқынбаев редакторлықтан босады. Қым-қуыт әңгіме өрбіді. Неге босады? Арыз жазғыштардың қардай борап тұрған кезі. Бірер азаматтың арызымен мұның алдындағы редакторымыз Хамза Сыздықов орынбасарлыққа төмендеген еді. Ал, Зекең төмендемеді, облыстық Кеңес төрағасының орынбасары болды. Ол кісі – әскери адам. Ешкімге илікпейтін, Кеңес төрағасы Ә.Асқаровпен шәлкем-шалыс келді деп еститінбіз. Зекең үзеңгі қағыстырып, тік айтар мінезін кеңес төрағасымен қызметтес болғанда да байқатты. Туымы бөлек атбегі Көштай атаның тәрбиесін көрген Зекеңнің тура бидей тура айтатын мінезіне қайран қалатын едік.

Сонымен Зекең кеткен соң редакторсыз біраз уақыт өтті. Кім келеді? Әркім әр­түрлі топ­шылады. Біреу Сейіл Боран­баевтың, енді біреу Қалқабай Әбеновтің есі­мін атады. Мұның бәрі бос сөз бо­лып шықты. Орталық коми­­теттің бұйрығымен «Социа­листік Қазақстанның» ауыл ша­руашылығы бөлімінің мең­герушісі Ұзақ Бағаев редак­тор болып келді.

– Қай жердің азаматы? – деп гу-гу еттік. Алматы об­лысы Кеген ауданының жігіті көрінеді.

– Тым жас екен. Отызға жет­пеген, тез көтерілген, – дестік. – Билік басында отырған Сапар Байжанов, Кәкімжан Қазы­баев­тардың ықпалы болған, – деп топшыладық.

– Жоқ, КазГУ-да емтихан ко­мис­сиясының төрағасы болған Қасым Шәріпов қолдаған-ау, – дейміз.

– Жігіттер-ай, тым жас екен демеңдер. Қазақтың осы сөзінен арылмай келеміз. Жиырмадан асқан жасында Саттар Ерубаев, Ғани Мұратбаевтар танылды емес пе? 17 жасында «Еңлік-Кебекті» Мұхтар Әуезов бар шартымен жазып шықты ғой, – деді ақын Асқар ата.

Әңгіме тыйылды.

Ұзекең 1962 жылдың жа­зында «Ленин жолына» ре­дактор болып келген бойда бәрімізді жеке-жеке қабылдады. Не жа­зып жүргенімізді сұрады. Содан басқосу жиынын өткізді. «Ше­бер­лікті шыңдау үшін көп оқу, іздену керек, – деп бастады әң­гімесін редактор. – Сөзді дұрыс қолдану – шеберлік. Жат­танды сөзді қойыңдар. Еңбек адамын әр қырынан көрсетіңдер. Мен келген бойда Дарханның, Қомшабайдың жазғандарына зер салдым. Қомшабайдың «Қы­зыл нар» очеркі әсерлі, ұтым­ды. Рыстының өлеңдерінде лири­калық шешімдер байқалады. Қайыр­бектің әзіл-оспақтарында мысқыл-әжуа бар. Өтеген қа­ламы ұшқыр, ұштай түссе биік­тейді, – деп ой түйді редактор. Ұзекең іссапарға шыққанда қаламы ұшқыр авторларды кө­бірек тар­туға ықыласты еді. Аралға бар­ған бір сапарында қабілетін  бай­қап, Шәкірат Дәрмаған­бе­тов­ты, фототілші Арзымбек Мә­де­­диновті арнайы шақырып қыз­метке алды, олар сенімді ақтады. Тоқсанға шық­қан Шәкең әлі тың, қаламы қолынан түскен жоқ.

Апта сайын лездеме-ле­тучка. Әр журналист шығар­машылық есеп береді. Әр қыз­­меткер не жазды, қандай та­қы­рыпты қозғайды, Ұзекең жұртты тынымсыз ізденіске, ең­бекке жұмылдырушы болды. Жеке сөздердің қолданылуы жа­йында сөздік-кітапша шыға­рып, таратты. Жақсы дүние­лер жазған журналистерді көтер­меледі, қаламақыны өсірді. Қыз­меткерлерді кеңседе отыр­ғызбай, іссапарға жиі аттан­дырды. Әсіресе, басылымға жа­зы­лу кезінде бұл  үрдіс ұлғайды. «Сендердің қырқың, менің Мырқым бір өзі неге тұрады?» деп Мырқы Исаевты одан әрі желпіндіріп қоятыны ұзақ әңгіме.

– Біз разъездердегі жұрт­тың хал-ахуалына назар ауда­руымыз керек. Әрбір разъезде мектеп, теміржолшылар тұра­ды. Осылар басылымдарды ала ма? Мәдени-тұрмыстық жағ­дайлары қалай? Осы жайында сериялы дүниелер жазуға шы­ғуымыз керек. Кәне, бұл жұмысты кімнен бастаймыз, – деді редактор.

– Қайырбектен бастайық, жүрісі шалт, жас, – деді Құр­манғали Ажаров.

Сонымен Қызылор­дадан Жаңа­қорғанның «Сатым­сай» разъезіне дейінгі аралыққа іссапарға аттандым. Ұзекең темір жол басшыларымен сөй­лесіп қо­йыпты, кез келген теп­ловозға отырып, әр разъезге түсіп, жұрт­пен сөйлесетін бол­дым.  Бір аптадай жүріп, бір­неше материал жаздым. 200-дей азаматты «Сыр бойына» жаз­дырып қайттым. Бұл жайында Ұзекеңе есеп бердім. Риза болды.

Редактор қатты қуан­ды. Сол жолы «Ленин жолының» таралымы елу мыңға жуықтады. Темір жол бойының Арал мен Түркістан шека­расына дейінгі аралықтағы түйт­кілді мәселелері көтеріліп, оң шешімін тапты.

– Өте сақ жүріңдер. Ісса­парда ішімдіктен аулақ болың­­дар. Қа­лам тартысы бөлек жур­на­листердің жазған­дарын оқыңдар. Очеркті мөлді­ретіп жазатын Байжігіт Әбдіра­зақовтан үйре­ніңдер. Шерхан, Қалдарбек, Камал Смайлов­тардың жазғанда­рына зер са­лыңдар. Менімен бірге оқыған жерлестерің Әбі­рәш, сонан соң Балғабектің фе­льетондарын қалт жібермей оқыңдар, – деп жиі айтатын Ұзекең сөзі бізге сабақ болды.

Телефон шылдыр етті, кө­тердім. Ұзекең екен.

– Маған соғып кетші…Қаламыңды шыңдай түс, Қайреке. Қыстың күні қырауда киіз үйде отырған Жалағаштағы шопандарды «Киіз үйдің түңлігі желпілдейді» деген мақалаңда нанымды, ұтымды көрсетіпсің, риза болып отырмын. Ертеңгі нөмірге жіберуге қол қойдым.

Редактордан мақтау алған соң төбем көкке екі елі жетпей сыртқа шықтым. Содан қанат бітті. Ұзақ Бағаев обкомның бюросында отырғанда газет дүниелерін сол жерде оқып, суыт баспаханаға жіберетін. Бір сәт бос отыруды білмейтін ғажап кісі болды. Оқта-текте өзі төгілте очерк жазып тастайды. Бірде «Адамның мықтылығы» деген очерк жазды. Таласып-тармаса оқыдық. «Құрыш қа­зақ» деген екінші очеркі шық­ты. Бұл екеуі ақын, жазушы қазақтың Павел Корчагині атан­ған Зейнулла Шүкіров жайын­дағы толғаныс-тебіренісі еді. Ұзекеңнің төрт-бес очерк, топтамасы жеке кі­тап болып шықты. Барлық кейіп­керлері – Сыр өңірінің азаматтары еді. Бұл дүниелер 2005 жылы Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленді.

Өмірде бәрі болады ғой. Жас­тық шақта жұмырбасты пенде әртүрлі кездейсоқ оқи­ғаларға жолығады. Менің бар ғұ­мы­рым партия тұрмысы, хат бөлімі, «Мәдениет және әде­биет» бөлімінде, бірер жыл Сыр­дария, Тереңөзек ауданында меншікті тілші болдым, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде өтті. Әлі есімде «Ленин жолы» газетінде «Сырласу беті» деген бөлім ашқанбыз. Оны жүргізетін мен. Таңертең кеңседе материал әзір­леп отырғанмын. Кенет бір кісі кіріп келді. Бет-аузы көгерген, қан ізі бар. Өзін Елғановпын деп таныстырды.

– Иә, аға әңгімеңізді айта отырыңыз?

– Қарағым, түнде үйіме жа­қындай бергенде көршімнің ба­ласы ақша сұрады. Бергенім жоқ. Содан жұдырықтың астына алды. Осы баланың әрекетін газетке әшкерелеп жазу керек.

– Арызыңызды жазыңыз, аға. Тіркетейін. Бөлім басшысымен ақылдасамын.

Жазды. Бөлім бас­тығы Қомшабайға көрсеттім.

– «Сырласу бетіне» әзірле!

Содан «Түнделеткен көр­шім­нің баласы екен» деген тақы­рыппен  мақала жарияланды. Ара­ға бірер күн өтпей жатып, Елға­нов, соққыға жыққан көр­шісі Асанбаев әкесімен үшеуі келіп тұр. Редакторға кірген.

– Газеттің беделін төктің? – деді Ұзекең. – Піспеген дүниені жарияладың, Мырзахметов!

– Ау, Ұзеке, өзі келген, арызы, қолы мынау. Енді келіп «мені ұрған Асанбаев емес» деп тұр Елғанов. Сірә, түнде Елға­новтың үйіне барып, кешірім сұраған. Елғанов кешірдім деп уәде бергенге ұқсайды.

Сонымен, іс насырға ша­байын деді. Менің қызметпен қош айтысатын кезегім келді. Дереу қалалық прокуратураға барып, Асанбаевтың ұрғаны рас, ол бізде бақылауда тұр деген қатынас хат әкеліп, редакторға табыс еттім. Редактор сабасына түсті. Прокурордың жауабын газетке жариялатты. Арыз жазғандар содан соқпай кеткені бар.

Тағы бір әңгіме. Бөлім мең­герушісі Қомшабай Сүйеніш екеуміз газетке кезекші едік. Бас хатшының ұзын-сонар баянда­масы кешікті. Түні бойы теле­тайптан күттік. Содан түнгі сағат 2-3-тің кезінде Қомшабайдың үйіне барып, ұйқыға кеттік. Бір кезде көзімді ашсам, таңертеңгі сегіз. «Ойбай, тұр, Қомшеке!» Бас­паханаға келсек, газет басылып кетіпті.

Баспа машинисіне: «Бұл қалай? Біз қол қоймай, газетті қалай басқансың?», – дейміз.

– Сіздерді таба алмадық. Со­дан түн ішінде Бағаевқа теле­фон соқтық, өзі келіп қол қойып кетті, – деп қарап тұр. Ал Қомшекеңе бұл үлкен қателік шыбын шаққан құрлы әсер ететін емес.

– Құрыған жеріміз осы шығар. Мен арызымды жазып кетейін, – деп бел будым. Қом­шекең екеуміз Ұзекеңе кірдік.

– Шырақтарым-ау, бұл газет қой. Мен үйде едім. Түн ішінде қол қойдым. Бұлай жасамаңдар! – деп тұр редактор. Ашу-ыза жоқ, не деген кеңдік?! Сірә, ашу әлсіз адамдардың әрекеті екенін байқатты.

Бұған қалай таңырқамассың? Басқа басшы болса сөгіс не жұмыстан боссың, арызыңды жаз дер еді. Ұзекең бұған бармай, бізге кешіріммен қарағанына әлі аң-таңмын. Бойға дарыған мейірім-шапағат осындай-ақ болар.

Үлкен жүректі азамат, шебер журналист Ұзақ Бағаев бар-жоғы қырықтан асқан шағында дүниеден өтті. Осы жасқа дейін Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде бес жылдан аса, бұдан соң Талдықорған облыстық «Октябрь туы», «Со­циалистік Қазақстан» газетінде редактор, Жоғарғы Ке­ңеске депутат болды. Талай марапатты иеленді. өшпес із, мұра қалдырды, ұрпақ сүйді. Сыр бойының даңқты ди­қан­дары мен шопандары, ел ағаларын мөлдірете жазды. Біз редактордың жазу шеберлігіне қарай бой түзейтінбіз, ой тү­зейтінбіз. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын алды.

Әлі есімде Ұзекең дүниеден өткен соң Алматыдағы Шев­ченко көшесі, 32 үйдің 21-пәте­ріне соқпақшы болып қойын дәптердегі 61-23-11 номерлі телефонды бұрадым. Сүйікті жары Нұрбибі көтерді.

– Кел, қалқам, Қайырбексің бе?

Үйге кірдім. Құшақ жая қарсы алды. Бір кездегі сым­батты келіншек аяғын басу­дан қалыпты. Үй ішінде арба­мен жүретін болған. Біраз сыр ақтарып, Сыр еліндегі аза­маттарды еске алды. Шер тарқатты. Ұзекеңнің жастық шағын, бір ауылдағы бір мектепте оқы­ғанын айтты.

Биыл үлкен жүректі азамат, шебер журналист Ұзақ Ба­ғаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Қоғам және мемле­кет қайрат­керінің туған жерін­дегі мектеп оның есімімен аталады.

Қызылорда қаласында темір жол вокзалынан басталатын үлкен көше Ұзекеңнің есімімен аталып, жазуы алыстан күнмен шағылыса жарқырайды. Өшпеу, ұмытылмау, өмір жал­ғасы деген осы болар. Біз өзі­мізді Бағаев мектебінің түлек­теріміз деп мақтанышпен әркез тағзым етеміз.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<