Батаменен ел көгерер (Атам  айтқан  тәпсірлер)

194

0

Батаның қадір қасиетін, киелі құдіретін атам қазақ «Батадан асқан сөз болмас», «Бата – сөздің атасы»  деп бір-ақ қайырған. Қазақтың әрбір игі ісі батамен басталып, батамен аяқталған. Ұлтымыздың үй салу, ұзақ сапарға шығу, отау көтеру, серттесу, жаңа қонысқа көшу, үйлену, бесікке салу, тұсау кесу, әскер қатарына аттану, ас беру, той жасау, тіпті мал бауыздау сияқты күнделікті тіршіліктегі барша шаралар – батамен басталады. Бұл ықылым заманнан бері қанына, жанына, санасы мен сүйегіне сіңген, өшпей-өлмей халықпен бірге жасасып келе жатқан, қазақпен бірге мәңгі жасай беретін  киелі де қастерлі дәстүр. Егер осы жағдайларда бата берілмесе, істеген ісіміз өз орнын таппай қалуы мүмкін деген ой жан-жүрегімізден әбден орын алған, шынында да солай, оған еш күмәныңыз болмасын. Қазақ бар жерде бата болған, бола да береді. Ассыз дастархан болса да, батасыз дастархан болмаған. Өйткені, бата – ұлтымыздың өшпес мұрасы, іргелі істердің ұйымдастырушысы, санаға дем берушісі. Бата – қазақтың үрдіс-дәстүрлерінің ішіндегі ең қастерлісі, ең қасиеттісі, ең құдіреттісі, еш жоғалмайтын киелісі. Сондықтан, ұлтымыздың игілігі болып саналатын бата беру салтын өзімізден кейінгілерге өз қалпында жаңғыртып жеткізіп, жастар санасына сіңіру – үлкендердің  парызы. Себебі, осы заман ұрпағы халқымыздың көп дәстүрін ұмытуда, тіпті тосырқай, менсінбей, мән бермей қарайтындар да табылуда. Бата – ұлтымыздың мәдени мұрасы. Құлдырап, тіпті жоғалып бара жатқан құндылықтарымызды уақыт талабына сай өркендету, насихаттап  түсіндіру, үлгі етіп көрсету аға буынға маңызды міндет болып қалып отыр.    

Бата – халқымыздың өшпес мұрасы, ұлттық қазынамыз. Сондықтан, мұны кейінгі жастардың, келер ұрпақтың санасына сіңіріп, жетесіне  жеткізіп, көкірегіне құйып, жүрегіне ұялату – біздің, аға ұрпақтың, әкелік те, аталық та, азаматтық та парызымыз. Алдыңғы толқын ағалар осылай етті. Ал біздер осы үдеден шыға алсақ, Құдай біледі, жастарымыздың да жолы ашық, болашағы жарқын ұлтжанды болып өсері даусыз. Қазіргі кезде батаны жатырқайтындар болса, ол аға буынның кейінгілерімізге ұлттық тәрбие бере алмағандығынан.

Батаның мақсаты – елді елдестіру, адамдарды достастыру, жұртшылықты бейбітшілікке, тыныштыққа, төзімділікке шақыру, ар алдында, Алла  алдында таза болуға үндеу. Бата – алдағы күндерден күтер үмітіміз, мақсатқа жетуге жетелейтін жолбасшы тілегіміз, асыл арманымыз, жанымызға шапағат-шуақ сеуіп, күш-жігер беріп қанаттандырушымыз, салиқалы сенім мен жоспарымызды жүйелейтін киелі ұлағат. Бата алған адамның мерейі тасып, көңілі жайланады, іс-шаруасы ілгері жылжиды. Ақ батамен ақ тілек тілеп, мерейімізді тасытып, болашаққа жетелеп, келешекке үміт артып жол сілтеу жастар бойында ұлтын сүйетін, ізгілікті қасиеттерді қастерлейтін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатын, жан-жағына сүйіспеншілікпен қарай алатын қасиеттерді қалыптастыратыны ақиқат. 

Бата – қазақтың бойтұмары. Бата – серт. Бата – ант. Бата бұзылмайды. Ұлтымыздың ұғымында да, өмірлік тәжірибеде де бата бұзғандар оның кепиетіне ұшырап, көсегесі көгермейді, көктеп өнбейді, өз қылықтары үшін пұшайман болып, өзінен-өзі  іріп-шіриді. Бата бұзып, серттен тайғандар бай болып, барша мұратына жетпейді, мақсаты орындалмайды. Мұндайлардың талайын көзбен көріп те жүрміз. Анттан айнығандар имансыз деп танылып, ел жұрт алдында қарабет болып, атамекенін тастап кетуге мәжбүр болады.

Халқымызда «баталасқан», «батасын берген», «батасын алған», «батаңды бер», «бата бұзған» деген киелі сөздер тектен-текке ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жай гәп емес. Ол халқымыздың тәу етер пірлі ырымы, жанымызға серік демеушіміз, арғымақ қиялымыз.

Ал «теріс батаның» жөні тіпті бөлек. Қазақта «теріс бата» ең бір күнәһарларға, өрескел қылық көрсеткендерге, халыққа, отбасына шектен тыс қасірет әкеліп, опасыздық жасағандарға, онда да ерекше жағдайларда ғана берілген. Өйткені, халық батаның құдіретінен қорыққан, батаны ерекше қастерлеген, анау-мынау жерге жұмсамаған.

Батаны кім береді? Батаны жасы үлкен, көрсетер үлгісі мен өнегесі мол, айтар ұлағаты көп, өмір тәжірибесі мен көргені де жетерлік, ел-жұрты мен ағайын арасында абыройлы да сыйлы, беделді адамдар береді. Ата- ағалар болмай қалған жерде елге елеулі болып, қадір-қасиетімен, тәлімді ісімен, өнегелі тәрбиесі бар апа-әжелеріміз бата беріп жатса оның еш сөкеттігі жоқ.

Иә, көсегең көгеріп, көктеп-көркейгің келсе үлкендердің, халықтың ақ батасын алу қаперлеріңде жүрсін!   

Атамыздың бір батасының жобасы былайша  болатын:

Жарылқасын жасаған, аман  болсын  қосағың.

Сұрқиялар сығалап, оқ атпасын  тасадан.

Бөле, жиен, немере, көбейе берсін  дос-жаран.

Дұшпанның беті аулақ боп, болмасыншы  қас  адам.

Алауыздық, араздық,  барымызды жалмаған.

Жалғандық пен жамандық, алмасыншы  жағадан.

Тату болса ағайын, ырыстың гүлі солмаған.

Ағайын-бауыр бірлікте, ұрпағымыз өссін қиналмай.

Тілеген осы тілекті, Қабыл еткей бір Алла-ай!     

Оразбай ҚОСАНОВ,

Қызылорда қаласы