Бейнет пен береке

1130

1

«Даламның иісі бұрқырап,

Қарттарым аман-сау жүрші».

Жаныңды тербеген әсем әуенді тыңдап тұрып, селеу-жусаны желмен тербелген сайын дала, қырқаны жапқан төрт түлік, берекелі тірлік кешкен ауыл көрінісі, елдің құты – қариялар санаңда қылаң береді. Ең ғажабы, ағайынға – мақтан, өскелең буынға – өнеге, сырт көзге айбат тұтар ғибратты ғұмыр иелері ауыл арасында аз емес.

Социалистік Еңбек Ері, Қа­залы ауданының «Құрметті азаматы» Кәрібоз Әлимаев ата­мыз – дәл осындай керемет жан. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды…». Кеуде­сін­де «Ал­­тын жұлдызы» жар­қы­раған Кәрі­боз атамыз – ау­дандағы көзі тірі жалғыз, Сыр өңіріндегі санаулы Еңбек Ері­нің бірі. «Қарапайым­дылық – ұлы қасиет» деген ұғым бар. Ол кісінің бойына осынау ұлы қасиет, яғни, кішіпейілдік дағ­дысы атаның қаны, ананың сүті­мен дарыған.

Кәрекең маңғаз даласының қыры мен сырын есін біл­ген­нен са­насына құйып өсті. Туған топы­рағының тынысын тамыршыдай дөп басқан перзенті. Олай демегенде ше?! Жаздың ми қайнатар аптабы, күздің қара суығы, қыс­тың аязды дауылында шаруа қа­мын күйттеген еңбек адамы та­биғаттың тосын мінезіне сыралғы болары тағы рас. Ал мұндай мол тәжірибе, өз ісіне жауап­кер­шілік, қиындықтан жасымау кейіп­кері­міздің жұл­дызының жануына сеп­тігін тигізді десек, жаңыла қой­маспыз.

Кәрібоздың балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына дөп келді. Өзге қатар-құрбыларындай елдегі ауыр жұмысқа араласты. Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосты. Мектептен соң Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығын механика­ландыру техникумын механизатор мамандығымен бітірді. Ең­бекке араласты. Абырой биігінен табылды. Трактормен егін ал­қа­бында жер жыртып, өзіне бекі­тілген нормасын асыра орындады. Талай мәрте ауыспалы «Қы­зыл туды» жеңіп алды.

«Кәрібоз Әлимаев 1964-1966 жылдар аралығында жер жырту нормасын 141-158 процентке орындаған. Мау­сымдық жұмыста өзіне бе­кітілген 528 гектардың орнына 1031 гектар жер жыртып, тұқым себуге әзірлеген» дейді уақыт табы сарғайтқан деректе.

Кәрібоз Әлимаевқа 1967 жы­лы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл кезде біздің кейіп­керіміз ордабұзар жас­та болатын. Арада бірнеше жыл өтті. Кең­шар басшылығы Кәрібозға шопан болуға ұсы­ныс жасады. Кеу­десінде «Ал­тын жұлдызы» жарқы­ра­ған еңбек батыры тар­тын­ған жоқ. Ата-баба кәсібін жал­­ғас­тыруға бел байлады. Қан­дай жұмыстың да өзіндік қиындығы болатыны белгілі. Бірде Кәре­кеңнің отар қоймен бірге түні бойы адасқаны бар. Ақ түтек боран көз аштырмайды. Дауылда ыққан малдың адамға бой бермейтіні, қайырымға көнбейтіні малсақ ағайындарға жақсы таныс. Оған қоса отардың ізінен ажалдай аңдыған аш қасқыр ермесі бар ма?! Ердің нағыз сыналар шағы. Алайда, дала сырына қанық шопан сыр бермеді. Арада тәулік өте өзін іздеп табанынан таусылған топпен жүздескенде отардың да, батырдың да дін аман екенін көрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады.

Кәрекеңнің табысты жолы жал­ғаса берді. Бірнеше рет ауыл­дық, аудандық кеңестің депутаты атанды. «Адам ұрпағымен көрікті». Көкеміз жұбайы «Күміс алқа» иегері Байхожаева Зейнегул анамызбен бірге 3 ұл, 3 қызы­нан 32 немере, 30 шөбере сүйіп отыр.

«Еңбектің даңқы өшпейді» деген осы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<