Береке – бірлікте

498

0

Қаз дауысты Қазыбек пен Әлібек батыр ел аралап келе жатса, жол бойында бір қария жолығады. Қарияға сәлем беріп, Әлібек батыр мынадай сауал қояды:

– Уа, ақсақал, ауыл берекесі қайтсе кетеді?

Ақсақал сәл ойланып былай дейді:

– Ауыл ақсақалы шала болса, жігіттері алты ауызды ала болса, жасы үлкеніне жасы кішісі сен десе, сол ауылдың берекесі кетеді. Сонда Қаз дауысты Қазыбек би тұрып:

– Уа, қария, ал үй берекесі қайтсе кетеді? – дейді.

– Әйелің қабағын түйіп керілсе, шай құйып беруге ерінсе, ұлың ұрысқа сай болса, келінің керіске сай болса, қызың сумақай болса, сол үйдің берекесі кетеді, – деген екен қария.

– Ал ақсақал, не жақсы?

Ақсақал мүдірмей жауап беріпті:

– Атың жақсы болса – тіршілікте мінген пырағың. Балаң жақсы болса – жанып тұрған шырағың. Әйелің жақсы болса – досың жаныңа жиналып, риза болар қонағың.

– Ал не жаман?

– Атың шабан болса – тіршілікте көрген азабың. Балаң жаман болса – ғұмырлық көрген азабың. Әйелің жаман болса – досың сенен безініп, үйіңнен кетер қонағың, – депті қария.

Дайындаған Р.АРЫСТАНБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<