Биік абырой иесі еді

413

0

Халықтың тарихы дегеніміз – шын мәнінде тұлғалардың тарихы. Ел есінде қалатын тарихты да тұлғалар жасайды. Сейілбек Шаухаманов – тек қана облыс емес, республика тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі еді. 

Мен 1971 жылы Қазақ химия-технологиялық ­институ­тын инженер-құрылысшы ма­­­­ман­дығы бойынша үздік бі­тіріп, осы оқу орнында кіші, аға ғылыми қызметкер болып екі жыл жұмыс істедім. Отбасы жағдайыма байланысты өзім туған Қазалы ауданына оралып, қырық жылға жуық уақыт мекеме, аудан, облыс басшылығында қызметте болдым. Сол кезеңдерде облыстың онға жуық бірінші басшысымен бірге жұмыс істегенмін. Солардың барлығы өзінің білімі, тәжірибесі, іскерлігі арқасында облыстың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қос­ты.

Сейілбек Шаухаманов облыс тарихында аты алтын әріппен жазылатын, абырой биігінен еш төмендемеген, парасатты, қандай тыңдаушының алдында сөйлесе де, баяғының билерінше көсіле сөйлеп, сөзіне елді сендіре алатын тілге шешендігімен де, әділ шешім қабылдай білетін бітімгерлік қабілетімен де, адамгершілік қасиеттерімен де, кісілік келбетімен де, бедел-абыройымен де өзгелерден биік көрінетін тау тұлға еді.

Сейілбек ағамызды басшы­лық қызметте жарқырап көрінген жылдары ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңімен тұспа-тұс келді. Республиканың басқа өңірлері сияқты нарықтың ал­ғашқы ауыртпашылығын, экономикалық-әлеуметтік қиыншылықтарын алғашқы әкімнің арқалауына тура келді. Осындай қиын заманда елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда, халықты күйзеліске ұшыратпауда барлық мүмкіндіктер қарастырылды.  Жауапты да сындарлы сәтте, елдігімізге сын болар шақта, кадр таңдаудағы аса ұқыптылық, тереңдік көптеген түйінді мәселелерді, қажет десеңіз кикілжіңдерді шешуге септігін тигізді. Алмағайып ауыр кезеңдерде Шаухамановтың «шекпенінен шыққан» кадрлар осы сыннан мүдірмей өтті.

1989 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Сейілбек Шаухаманов сайланды. Сол жылы конкурстық жолмен балама негізде Қазалы аудандық Халық депутаттары атқару Кеңесінің төрағасы болып, сессияда жасырын-жабық дауыспен сайландым.

1991 жылы Сейілбек Шау­хамановтың ұсынысымен Қы­зыл­орда облыстық Халық де­пу­­таттары атқару Кеңесі төр­аға­сының орынбасары қызметіне келдім.

Осы кезеңде партия, кеңес органдарында небір құрылымдық өзгерістер болды. 1992 жылдың басынан бастап рес­публикада әкімдік институты енгізіліп, Сейілбек Шаухаманов облыстың бірінші әкімі болып тағайындалды. Ақпан айында мен облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалдым. Осы күннен бастап Сейілбек Шаухамановтың тікелей басшылығымен жұмыс атқара бастадық.

Байқағаным, Сәкеңнің табиғи болмысының беріктігі, басқару әдістері, істің қажеттілігіне адамдардың көзін жеткізуі, жұмылдыруы, істің тетігін білуі, кеңдігі, кешірімшілдігі, кадрларды тәрбиелеуі, сақтығы, тағдырлы мәселелерді шешуде байыпты ұстанымы, келешекті болжайтыны, мықты ерік-жігері дер едім. Қандай бір маңызды мәселе туындамасын оған кадрлардың жауапкершілігін арттырып, зор сенім артатын еді.

Облыс алдындағы тарихи, тағдырлы мәселелерді шешуде өз өкімімен жұмысшы тобын құрып, оған бір орынбасарын төраға етіп бекітіп, жауапкершілікті соған жүктеп, оған еркіндік беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қадағалап отыратын.

Өзім жұмысшы тобын бас­қарған бес маңызды оқиғаға тоқ­тайын.

Бірінші – Арал теңізі мәселесі өткір екенін біліп, облысқа келген кезден бастап облыс әкімдігі жанынан облыстық бюджеттен қаржыландырылатын (Арал проблемасы жөніндегі) комитет құрды. 

Арал теңізі – Қазақстанның інжу-маржаны. Шөл бөліміндегі бірден-бір көгілдір су айдыны еді. Оның апатқа ұшырауы салдарынан экологиялық жағдай ушығып, теңіздің фаунасы мен флорасы жойылып, түбі құрғап қалғандықтан, жыл сайын айналаға зияндылығы жоғары 2 млн тонна тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастады. Осының салдарынан топырақтың тұздануы артып, құнарлы жерлер азайды. Мұндай көрсеткіш Сыр өңірінің елді мекендеріне ғана тән болмай, көршілес облыстарда да көрініс таба бастады.

Арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп, аурушаңдық деңгейі өсті. Сондықтан Арал теңізінің болашағы әлем халықтарын толғандыра бастады. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проблемасына Тұңғыш Президентіміз әлем елдерінің назарын аудартты. Мәселенің өткір екендігін Орта Азия елдерінің басшыларына айтып, бірлесе шешуге үндеді. Сондай-ақ Қызылорда облысының басшылығы да теңізді қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарға белсене кірісуге дайын болатын.

Осылайша Арал проблемасына арналған алғашқы Халықаралық конференция 1993 жылы Қызылорда қаласында өтті. Оған бес елдің Президенті мен Ресей Федерациясының Үкімет басшысы қатысты.

Әрине, Арал мәселесіне арналған Халықаралық конференция Сыр өңіріндегі айтулы мәселелердің шешілуіне ұйытқы болды. Конференция қорытындысы бойынша қатысушы мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйымына Үндеу жолданды. Халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін, экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеу­меттік-экологиялық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлес­кен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру жөнінде уағдаласып, халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Осы қор Арал дағдарысы салдарымен күрес­ті үйлестіріп отырды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен, экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік банк, Азия Даму банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып ХАҚҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді.

Халықаралық конференция барысында «Ғасыр жобасына» «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» САРАТС жобасы дүниеге келді. Адамзат тарихында теңізді екіге бөліп,  сақтап қалу тәжірибесі болған емес. «Кіші Аралдың» игілігін қазір халық көріп отыр. Теңіздің құрғаған табанына сексеуіл егілді. Ғаламат жобаның басы-қасында болып, кейін он жыл Арал ауданының әкімі болғанымды, жауапты кезеңде білікті азаматтардың іскерлігінің, ізденімпаздығының, жанашырлығының арқасында Арал теңізіне жан бітіп, өңір тұрғындарының қуанышын көріп, ата кәсібін жалғаған ұрпаққа куә болғанымды мақтан етемін.

Екінші – конференциядан кейін Сыр өңірінің экологиялық жағдайы Үкіметке түсіндіріліп, Қызылорданы экологиялық облысқа жатқызуға жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң жобасы жасалды. Әрі оны Ұлттық Ғылым Академиясы ғимаратында Үкімет мүшелері мен ғалымдар алдында қорғадық. Осындай пікірталастар мен талқылаулардан кейін заң жобасы Парламентте қабылданды. Тұрғындарға әлеуметтік көмектер тағайындалды.

Үшінші – Жезқазғаннан жалға алынған жерді пайдаланудың мерзімін ұзарту жөнінде Үкіметке нақты дәлелдер мен талдаудың, ыждағаттылықпен жасалған ұсыныстардың нәтижесінде облыс мұнайлы өлкеге айналды. 1991 жылы наурыз айында дербес «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылды. Облыс басшысының шақыруымен КСРО мұнай газ өндірісінің министрі болған ­Л.Филимонов облысқа арнайы іссапармен келіп, алғашқы 1 млн тонна мұнай өндіру салтанатына қатысты.

«Оңтүстікмұнайгаздың» аймаққа жасаған көмегіне баға жетпейді. Облыстағы егін егу мен жинау науқанына, қыста қаланы жылумен, электр қуатымен қамтамасыз етуде, «Қайсар», «Сейхун» спорт командаларына және басқа да мәдени-спорттық шараларға демеу­ші болды.

Төртінші – мұнай өндірудің игілігін Сыр елі халқы көру үшін Үкіметке  ұтымды ұсыныс­тар қою арқасында, об­лысқа шикі мұнай квотасы бөлініп, соны шетелге сату арқылы түскен қаржыға респуб­лика ғана емес, ТМД-да теңдесі жоқ облыстық медицина орталығының құрылысын салу басталды.

Небәрі екі жылға жетпейтін уақытта Қызылорданың өз жобалаушылары, құрылысшы­лары, сәулетшілерінің кү­шімен түрлі қаржыландыру көздері арқылы озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қам­тылған денсаулық объектісі – диагностикалық орталық іске қосылды.

Бесінші – сол кездері облыс әкімінің тапсырмасына сай аймақта кіші кәсіпкерлікті дамытуда халықтың ынта-ықыласымен, жасампаздығымен үш жарым мың кіші цехтар ашылды. Олар ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек өңдейтін, күріш ақтайтын, ұн тартатын, жем дайындайтын, май сығатын, нан жабатын, макарон жасайтын, кілем тоқитын, киіз басатын, киім тігетін, сағат, аяқ киім жөндейтін, т.б. цехтар еді.

Облыста балалар бақшасынан бастап, барлық мекеме, кәсіпорын, азық-түлік тұтыну тауарларын өндірумен айналысатын болды.

Бұл шынайы нарықтың жаңа көріністері еді.

Жаздың ортасынан бастап жыл аяғына дейін әр жексенбіде облыстық үлкен  жәрмеңке ұйымдастырылды. Тұтыну рыногы ауданнан қалаға көшіп келгендей болды. Тіпті, сол кезде облыстық газеттің бас редакторы, ақын Әскербек Рахымбеков «Жәрмеңке жыры» атты өлең жазып, оған жергілікті композитор ән шығарып, ол жәрмеңке сайын орындалып,  орталық базар халықтың сауда жасау ғана емес, ән тыңдап, көңіл көтеретін, тынығатын орнына айналды. Бұл облыс басшысы болған Сәкеңнің ұйымдастырушылық, қайраткерлік, іскерлік жұмыстарының бір парасы еді.

Сәкеңнің өтпелі ­кезеңнен елді, халықты алып шығу жө­ніндегі сан-салалы жұмыс­тарын баяндау бір мақаланың шеңберіне сыя қоймайды. Ал осы қиын, күрделі кезеңде атқарылған ауқымды шаруаларды шындығында, жасампаздыққа теңеуге болар еді. 

Алдыңда ақылды, білгір басшың болса, оған бағынышты қызмет атқарудың өзі ғанибет емес пе?! Сондықтан мен Сәкеңнің  басшылығымен жұмыс жасаған жылдарымды үнемі сағынышпен, ыстық ықыласпен еске алып отырамын. Сәкең зейнетке шыққаннан кейін де біздің ағалық-інілік, ұстаздық-шәкірттік қатынасымыз үзілген емес. Үнемі ақыл-кеңесін беріп, тілегімізді тілеп, сырттан қамқор пейілін сезініп жүретінбіз.

Бір сөзбен айтқанда, Сейілбек Шаухаманов ағамыз биік абырой иесі болып, облыс тарихында ел есінде мәңгілік қалады деп білеміз.

Нәжмәдин МҰСАБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<