«Біз – бақытты ұрпақпыз»

1021

0

«Қандай ас ішемін, не киім киемін?» Қарап отырсақ, біз бұл сұрақтарға келгенде ұзақ ойланбаймыз. Аштықты көрген жоқпыз. Бейбіт өмірде ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, ешкімге алақан жайып, жалтақтамаймыз. Ал, бұл жолда талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы отан соғысы мен Желтоқсан оқиғасы, қатал сыннан өткен жандардың жанқияр ерлігі тарих қойнауында сақтаулы. «Қашан егемен ел боламыз?» деген бір кездегі мазалы сұрақ – бүгін біздің бақытымыз.

Тарих парағын ақтарсақ, тәуелсіздік жолында халқымыз түрлі сынақтан өтті. Ата-бабаларымыз жерді жауға бастырмады. Ұлын құл, қызын күң етпеуге барын салды, досына адал, дұшпанына қаталдық танытты. Қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алатын көтерілістер Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер болды. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қынадай қырылған, ел тізгінін ұстаған азаматтардан 1938 жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жақан далада өмір сүруі, тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса, Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар ел қорғауды ұран етіп, сол жолда құрбан болды. Ызғарлы Желтоқсан оқиғасы да кім кімді болмасын селт еткізбей қоймады. «Тәуелсіздік алдық, енді оны қалай сақтап қаламыз?» деген сауал көптің көкейін күпті еткен тағдырлы уақыт та болды. Ата-аналарымыз ол кезеңнің өтпелі болғанын, айлап-жылдап жалақы алмай, зейнетақыларына жете алмай зарыққан жандар жайлы күрсіне айтып отырады. Олар қиналды, бірақ, шыдады. Қиын күннің желдей есіп өтеріне сенгендіктен…

Осыған қарап-ақ, қазақ деген елдің ежелден бергі арманы – азаттық екенін байқауға болады. Сол азаттық қаншама ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өткен қазақтың пешенесіне бұйырыпты. Өзгелермен иық тірестіріп тұрып, тәуелсіздік алдық. Тәубе. Ақиқатын айтсақ, қаймана қазақ бұл жолда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздар. Сонау 90-шы жылдардың басында жаңа заман туды. Осы қиын-қыстау тың жолда Қазақстанды сүріндірмей, адастырмай алып жүру екінің бірінің қолынан келмес еді. Бүгінде әлем сахнасынан сыйлы орынға жайғасып үлгерген егеменді еліміздің осынау жылдардың ішінде жеткен жетістігі мен бағындырған белесі биік. Экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыда жедел қарқынмен дамып жатқан Қазақстан әлемді аузына қаратқан елге айналды.

Табалдырығымыздан аттаған биылғы жылда Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскеніне екпін берілген. Мемлкет басшысы «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауал толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» деген орамды ой айтқан. Иә, тәуелсіздікті алу бар, бірақ оны қорғап қалу, баянды ету мың құбылған, алмағайып заманда оңай емес. Сондықтан да «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген сөз мәңгілік ұранға айналғаны абзал. «Азаттық пен тыныштық, көксегенім» деп Абай атамыз жырлағандай, қазіргі қазақ қоғамына ең қажет дүние де – бейбіт өмір мен тату тірлік. Сондықтан әрбір азамат осы екеуінің қадірін біліп, соның қамын жемек керек.

Қасым Аманжоловтың «Сен неткен бақытты ең, келер ұрпақ. Жүзіңе көп қараймын мен таңырқап» деген жалынды жырын біздерге қарата айтуға болады. Себебі, мен бала күнімде таңдаған құтқарушы мамандығын серік етуіме, арманыма қанат байлауыма себепші –  ұрпақтарының алаңсыз өмірі жолында күрескен ата-бабамның ерлігі мен талай жылғы тар жол, тайғақ кешумен келген Тәуелсіздік деп білемін. Жаратқан жаны жайсаң, дарқан жұртымызды осы бірлік-ынтымағынан ажыратпасын! Қауіп-қатерден, апаттан аман болайық!

Хасен АМАНЖОЛОВ,

Қызылорда қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз