Бір ауылдан түлеп ұшқан

601

0

Жалағаш ауданы бұрынғы Ленин колхозындағы №117 Мақпалкөл орта мектебін 1959 жылы бітірген түлектер бас қосуды жоспарлап, алдын ала да­йындық жұмыстарын ерте бастады. Сол жылы осы мектептен түлеп ұшқан 62 түлектің мекен-жайы, жұмыс орны іздестіріліп, деректер жиналды.  Қазіргі заманауи технологияны қолданып, әр түлек туралы, оның отбасы, жұмысы төңірегінде видеокөрсетілім түсіріліп,  слайд жасалды. «Бізге 60 жыл!» атты шақыру хат да­йындалып, ұйымдастыру­шылардың және сол түлектердің бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикаға танымал ақын Махмұтбай Әміреұлы үш шумақ өлең жазды.

Аяулы сыныптастар, армысыңдар,

Бас аман, бауыр бүтін, бармысыңдар.

Мектепті бітіргелі  60 жылдық,

Жиынға келгеніңе алғысымды ал.

Бала едік кеше ғана ойнақтаған,

Мектептен үлкен жолға енді аттаған.

Жарқ етіп өтіп кетті жанымыздан,

Жастық шақ ештеңені ойлатпаған.

Көп істі бітірейік, бітірмейік,

Қайсысын көп жыртықтың бүтіндейік.

Алдымен 60 жылдық кездесуге,

Аман-сау жеткенге де шүкір дейік.

Алпысжылдық кездесуді ұйымдас­тырушылардың басы-қасында жүрген Жұмабек Аққұлов пен Сәбит Иманғалиев осыдан 60 жыл бұрын бір ауылдан түлеп ұшқан өз сыныптастары туралы  өмірбаяндық деректер жинас­тырып, алғы сөзімен шағын кітапша шығарды. Онда әр  сыныптастың өмірі, атқарған қызметі, алған  атақтары, отбасы жайлы  деректер айтылып, өзінің, балалары мен немерелерінің суреттері берілген. Кей түлектің мектептегі, жастық кезіндегі суреттері мен қазіргі кездегі бейнесі салыс­тырмалы жағдайда беріліп, арада өткен алпыс жылдың ізі айқындалған.

– Шынын айту керек, кей сыныптас­тарымыз бірін-бірі танымай да қалды, – деді бізбен әңгімесінде кітап авторының бірі, ҚР білім беру  ісінің  құрметті қызметкері Жұмабек Аққұлов. – Сұрастыра келе құшақ қауыштырғандар, көзіне жас алғандар да кезікті. Сол жылы мектеп бітірген 62 түлектің  30-ы бақилық болыпты. Олардың кейбірінен ұрпақ қалмаған, кей жандардың мекен-жайын қанша іздесек те таппадық. Өкінішті, әрине. Дегенмен, кездесуге 52 түлек жиналды. Алды 80 жастың сеңгіріне шыққан,  соңы 77 жастың желкенін көтерген жандар үшін мұның өзі үлкен жетістік.

Ол кездері көп колхоздағы мектептер жетіжылдық болатын-ды. 1957 жылы Ленин колхозындағы  №117 Мақпалкөл орта мектебінде бұрын оқып жатқандардың үстіне  көршілес  20 жылдық, Жамбыл, Ленин атындағы және  Жаңаталап колхоздарынан жетінші сыныпты бітірген балалары келіп қосылады. Барлығы 60-қа жуық оқушы интернатта жатып, үш сыныпқа бөлініп, жаңа ортада 8 сыныптың сабағын бастайды. 

Биыл 60 жылдық мерейтойларына қатысып отырған түлектердің  Мақпалкөл орта мектебіндегі үш жылы қызықты да қуанышты өткен.

Сонау 60-шы жылдары мектеп бітіріп, туған жерінде қалып еңбек еткен, жоғары оқу орнында білімін жалғастыр­ған  бір ауылдың  түлеп ұшқан жастары өзінің әрі ел болашағы үшін аянбай еңбек етті.  Кітапшадан олардың әрқайсысына орын беріліп, өмір деректері жарияланған, түрлі суреттермен безендірілген. Сонымен бірге кітапшада бұрынғы   Мақпалкөл, қазіргі Т.Жүргенов ауылындағы Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектептің тарихы, жеткен жетістіктері, осы кезге де­йінгі  мектеп директорлары мен  өздеріне сабақ берген ұстаздары, мектепті  Алтын медальмен, Үздік аттестатқа бітіргендер жайлы  мәліметтер берілген.

Кітапшаны парақтай отырып, оның авторларының айрықша тер төккенін аңғаруға болады.  Жастары сексенге таяп қалса да, қолдарына таяқ ұстап, көз жанары суалып, көруі төмендесе де жас кезіндегі  орнаған достық сезімдерін суытпай, бір-бірін көруге асыққан жандардың игі ісіне ризалық білдіруден басқа еш сезім таба алмадық. Өздері айтқандай, өздері отырғызған мәуелі ағаштың жемісін көріп, өмірдің шуақты кезеңін бастан кешіп отырған жандарға жарық дүние­нің бар жақсылығын тілейік. «Әркез бір-біріңізді көруге, қауышуға асығып, шуақты мезгілдеріңіздің қуанышты сәттерін үнемі еске алып тұрыңыздар» дегім келеді.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА,

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<