ДАРИЯ КЕУДЕ, ТАУ МҮСІН тумысы бөлек тұлға еді…

526

0

«Ұлықтардың басқан әрбір ізінде бір медресе жатқандай» деп Абай атамыз айтқан екен. Қайсыбір заманда қара қылды қақ жарарлық турашылдығымен де, қара сөзге қаймақ тұрғызар шешендігімен де, көш бастар көсемдігімен де алты Алашты аузына қаратқан данагөйлеріміз бен ұлықтарымыз аз болмаған ғой. Кейінгі ұрпақ соларға қарап бой түзеп, сол кісілерге қалайда ұқсап бағуға барынша күш салған. Сондай тектілерден қалған абыз ақсақал, тумысы бөлек тұлға, қайталанбас қаржыгер болған Биекең – Бименді Баймаханов ағамыз десек, асыра айтқандығымыз болмас. Ол кісі туралы естігендеріміз, көргендеріміз бен көңілге түйгендерімізді талғам таразысына салар болсақ, туа бітті тектілігіне, қарапайым қалпымен ақ жолдан адаспай жүріп, кішіліктің өзін ұлылық еткен айтулы азаматтығына қайран қаласың. 

Бағзы заманда Бекасыл бабамыз «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген ғой. Қожахмет айтқандай, арғы аталары Бидас «бала би» атанған. Ол кісі Арқа жаққа бір той-томалаққа барғанда «бала биді» көреміз деп нөпір халық жиналыпты. Әлдекімнің көзі өтсе керек, жастай қайтыс болған. Құлшық аталары өз заманының айтулы биі, яғни он бес жыл бойы болыс болған. Құлшықтан өмірге келген Баймахан мен Құлмахан болыстың баласы болғандар деген желеумен қуғын-сүргінге ұшырап, қашып-пысып өмір кешеді. Бұл әулеттің туған топырақтары Жалағаш ауданына қарасты  Тобыр елді мекені көрінеді. Құлмахан ұсталып, Ақмешітте түрмеде қайтыс болады. Қашқында болған Баймахан Тобыр ауылынан  (қазіргі Ақсу ауылы) Ақмешітке, одан Темір станция­сына, ақыраяғы Өзбекстаннан бір-ақ шығады. 1937 жылы Ақмешітке қайта қоныс аударса, 1938 жылы Жалағаш ауданына барып қоныстанады.

Баймахан мен құдай қосқан қосағы Өтебике өмірге бес бірдей ұл мен қыз әкеліп, ашаршылық, асыра сілтеу заманында масақ теріп, бидай орып, бертін келе саудамен айналысып, бала-шағаларын жетілдіреді.

Көзі тірісінде Бименді ағамыз толарсақтан саз, тобықтан қан кешкен балалық шағын көз жасын ұшқындата отырып еске алушы еді.

– Біздің үлкен апамыз Күнсұлу өмірден ерте озған. Мәдібай аға, апам, мен – үшеуміз «Ақсу» ауылында өстік. Ауылымызда мектеп жоқ, содан да арқалана жүріп Жалағашқа қатынап оқитынбыз. Тұрмыс тауқыметін тар­тудай-ақ тарттық қой. Содан болар ерте есейіп, ат арқасына енді міне міндік дегенде тағы да таяққа ұшырадық.

Әлі есімде, ағам Мәдібайды би-болыстың тұқымы деген желеумен оқуға алмай, бесінші атасы Байтөреев тегіне жазылып, бір техникумға әрең түскені бар. Ол 1939 жылы, ал мен 1942 жылы сұрапыл соғысқа аттандық қой, – деген Биекең толғаныс үстінде көз жасын сүрткен-ді.

Қожахметтің айтуынша, 1941 жылы 22 маусымда соғысқа аттанған әкесі Мәдібай бар-жоғы алты күн ішінде, яғни 28 маусым күні тұтқынға түсіп, 1943 жылдан Францияда партизан-маки болған. 1945 жылы Постдам қаласында Сталин, Черчиль, Трумендер бас қосып, тұтқындарды айырбастауға байланысты келісімге келеді. Сталин тұтқындағы немістерді босатса, ал олар Еуропа еліндегі түрмедегі Кеңес Одағы азаматтарын айырбасқа қойған. Содан Мәдібай әкесі 1946 жылы Түркия арқылы еліне оралады. 1947 жылы Қараөзек орта мектебі директорының орынбасары қызметінде жүргенде басына тағы да бұлт үйіріледі. Тұтқында болған деген желеумен 22 жылға бас бостандығынан айырылады.

1953 жылы И.Сталин қайтыс болып, 1955 жылы ол Кемеровадан елге аман-есен оралады. Айтқандай, Мәдібай Байтөреев 1994 жылы Францияның немістерден азат етілгеніне 50 жыл толу мерекесінің салтанатына Алматы қаласына арнайы шақырылып, Франция­ны қорғаудағы ерлігі үшін «Комаботон волонтер» ордені салтанатты жағдайда табыс етіледі. Франция елінің мұндай жоғары наградасын алған бірден-бір қазақ Мәкең болса керек.

– Әкеміз елге оралған соң, – дейді үзілген әңгіме жібін қайта сабақтаған Қожахмет – Күлжахан есімді анамызбен шаңырақ көтереді. Екі үй арасында бес бала өсіп-өндік қой. Екі отбасы бір қара шаңырақ астында қоян-қолтық араласып тұрушы еді. Мәдібай әкеміз Жалағаш аудандық коммуналды-шаруашылық мекемесіне шебер болып жұмысқа орналасады. Бертін келе Мәкең осы мекемеге басшылыққа тағайындалған. Содан соң құрылыс мекемесінде басшылықта болған ол зейнетке шыққанша қызмет етеді.

***

Жоғарыда айтқандай, Бименді аға Баймаханов 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, елі үшін кеудесін от пен оққа төсейді. 1943 жылы снайперлік взводтың құрамында қырық күн жаумен шайқасып, оларды біраз шығынға ұшыратады. Осы ерлігі үшін «Кавказды қорғағаны үшін» медальімен, ал кейіннен «Германияны жеңгені үшін» медальімен марапатталады. Ұлы Жеңісті Шығыс Пруссияда қарсы алған ол Прибалтика елінің Вильнюс қаласында қалып, 1949 жылға дейін офицер шенінде әскери қызмет атқарады. Осында жүріп орыс қызы Зинайдамен бас қосып, 1948 жылы Светлана есімді қызы өмірге келеді.

Биекең анасының «ауылға қайт» деген тапсырмасымен 1949 жылы елге оралады. Оқымаса да тоқығаны бар, көргендері мен көңілге түйгендері мол оның өмір баспалдақтарының бас­талу жолының  сәті түседі. Жалағаш аудандық  қаржы бөлімінің бас есепшісі Шәймерденов Жорабектің оқуға кетуіне байланысты қызмет орны босап, оған  қаржы бөлімінің басшысы Қыстаубаев Төлегеннің нұсқауымен Биекең тағайындалады.

Бименді ағаның айтуынша, бірде осы Жалағаш ауданына Қаржы министрінің орынбасары іс-сапармен келеді. Биекеңнің алғырлығын аңғарса керек «Оқу бітіргенсің бе?» деген сауал тас­тайды. Күндердің бір күнінде Биекеңе Алматыдағы қаржы техникумынан «кезекті семестрге» шақыру қағазы келеді. Барса, осы техникумға Қаржы министрі орынбасарының тапсырмасымен оқуға қабылданыпты. Кезіндегі Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінің бастығы Дүйсенбаев Бекмахан «Биекең оқуға менен кейін түсіп, ерте бітіріп кетті» дейді екен. Техникумнан білім алған ол кейіннен Ленинградтағы қаржы институтында сырттай оқып, жоғары білім дәрежесін иеленеді.

Биекеңді 1955 жылы облыстық қаржы басқармасы қызметке шақырып, бақылау-тексеру басқармасына (КРУ) аға ревизор қызметіне тағайындалады.

Бар ғұмырын қаржы саласына бағыштаған Биекеңнің өмір керуені өз ағынымен жүріп жатады. 1957 жылы облыстық бюджет басқармасына орынбасар болып тағайындалған ол 1959 жылы облыстық қаржы басқармасы бастығының бірінші орынбасары орнына отырып, 1984 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Қырық жыл бойы қаржы саласында жүргенде оның басынан не­бір «кереметтер» өтпеді дейсіз. Бие­кеңнің Сыр аймағында қаржы-несие қатынастарын жетілдіруге, қаржы қапшығын толтырып, оның ел игілігіне жұмсалуына сіңірген еңбегін санамалап шығу әсте мүмкін емес.

Иә, 27 жыл бойы облыстың қаржы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болған Биекеңе Ақтөбе, Жезқазған облыстарының қаржы саласына басшылық қызмет ұсынылғанымен туған жерін қимаған. «Мен туған жерімді әрі толық танығаным жоқ. Еңбек етіп, бақытына бөленіп, тынығатын жерім – туған топырағым» деген екен. Мұнан артық қандай қанағат қажет.

Бүгінде 85 жастың сеңгіріне шығып отырған, абыз ақсақал Қаһарман Табынбаев ағамыз:

– Мен Биекеңді сонау 1949 жылдан бері білетінмін. Бұл кісі қаржы саласының тарихын жасады, шежіресін жазды.

Әлі есімде, облыстық қаржы саласын Миракупов, Романшук есімді азаматтар басқарған. Олар қызметтен кеткенде орынтақтарына бірінші орынбасар қызметінде жүрген Биекеңді отырғызуға әбден болар еді. Мінезінің тіктігінен бе, жоқ әлде, білімділігі мен  біліктілігінен бе, әйтеуір бір себептермен облыс басшылығы тарапынан ұсыныс болмаған. Қарағандыдан Сақауов деген біреу келіп, қаржы басқармасы басшылығына қонжия отырсын. Біз білетінде Сақауов білімі саяз, қабілетсіз жан болатын. Оны айтасыз, ішкілікке салынып, аузынан боқтық сөз арылмайтын. Қаржының бүге-шүгесін өз мойнына алған турашыл да тік мінезді Биекеңнің мұндай шәлкем-шатыс басып жүрген жанға шыдас берер шамасы жоқ. Облыстық атқару комитетінің төрағасы Ә.Асқаровқа барып:

– Мынау ақылсыз итіңді алып кет, – деп төтесінен талап қояды.

Сонымен Сақауов қызметімен «хош» айтысып, орнына жас кадр керек деген себеппен Камал Шөкенов та­ғайындалды. Білмейміз, туралығы мен әділдігінен болар Биекеңді облыс басшылығы құп көрмеген. Мен біле­тінде Қаржы министрлігі облыстық қаржы басқармасының басшысын емес Биекеңді шақырып, ақыл-кеңес алушы еді.

Сөз орайы келгенде Биекеңнің тағы бір қырынан дерек айтайын. Өздеріңіз білесіздер, Айтмұрат Шәменов Сыр аймағының айшықтануына өзінің қол­таңбасын қалдырған азамат. Қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің құрылыс саласына басшылық жасайтын орынбасары қызметтерінде болған ол қаладағы шағын аудандардың бой көтеріп, өндірістік нысандар мен мәдени-әлеуметтік ғимараттардың салынуына өлшеусіз үлес қосты.

Айтмұрат өзіне де тұрғын үй салады. Сол-ақ екен, үстінен арыз түседі. Салық комитеті мен қаржы басқармасынан комиссия жасақталып, тексеріс басталады. Акт жасалады. Айтмұратқа кеңесші болған, қаржы заңдылықтарын бүге-шүгесіне дейін білетін Биекең толғақты мәселенің оң шешімін табуына қолғабысын тигізеді. Бір бұл емес. Талай белгілі азаматтар, кәсіпкерлер кешегі өтпелі кезеңде Биекеңнен ақыл-кеңес алып, аяқтарынан тік тұрып кеткен.

Қаһарман аға айтқан осы бір әң­гімеден соң біздің ойымызға шамасы 1979-шы жылдары болса керек, «Правда» газетінде «Бәрі обкомның көз алдында» атты айтулы сын мақала орала кетті. Биекең Қаржы министрі Р.Байсейітовке барып: «зейнет жасына келіп қалдым, тұрғын үй салуға көмектессеңіз» деген өтінішін айтады. Министр құп алып, құны 138 мың сом тұратын тұрғын үй үш айда бой көтереді. Бұл үйден қозғағысы келгендер жетіп, артылған. Заңды салынған үйден табар кінә болмаған.

Көзі тірісінде Бименді ағамызға есімдері елге танымал талай-талай текті тұлғалармен сыйлас та сырлас болғаны жайлы сауал тастағанымыз бар. Сонда Биекең:

– Шүкір, министрлер алдында, облыс басшылары мен аға-інілерімнің алдында абыройыма дақ түсіргенім жоқ. Бұл өңірдегі менімен сыйластықта болған айтулы азаматтарды санамалап айта алмаспын. Десе де айтайын. Менің тұстастарым: кезіндегі Қаржы министрі Рымбек Байсейітов, заңгер Пазылбек Әбдірахманов, Мақаш Қалымбетов, Алмағанбет Бержекеев, Сүлеймен Қалыбаев, Жұмабай Бәкішев, Еламан Жүнісбаев, Өтежан Жақсыбаевтардың биік адамгершілігі, досқа деген адалдығы бөлек болатын. Облысты басқарған М.Сужиков, И.Әбдікәрімов, М.Ықсанов, облыстық кеңес төрағалары І.Еділбаев, Ш.Бәкіров, С.Құбашов, Ы.Қалиевтардың елге сіңірген еңбектері Сыр елі жұртшылығының жүрегінде мәңгілікке жазылып қалған болар. Бұл басшылардың есігі мен үшін әрдайым айқара ашық тұрып, өздері орындарынан түрегеліп, құшақ жая қарсы алатын. Қарымды қаламгер Шыңғыс Айтматов, Қалтай Мұхамеджановтармен де сыйлас та сырлас болу адам басына бере бермейтін бақ болар…

Өзін-өзі дәріптеуден бойын әсте аулақ ұстайтын Биекең талай танымал қаржыгерлерді тәрбиелеп шығарды. Уақытында Қаржы министрінің орынбасары, Кірістер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Рахымберген Тоқсейітов, облыстық қаржы саласын басқарған Дайрабай Ысқақов, Қамбарбек Әжібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған марқұм Ыдырыс Құттықожаев сынды азаматтар ондап саналады.

– Биекең өте терең білімді, ұйымдастырушылық қабілеті аса зор, қатаң да талапшыл қаржыгер болатын. Жұмыс бөлмесі түгілі коридорда шыбын ызыңы естілмейтін, – дейді Рахымберген Құрманғалиұлы.

Жоғарыда айтқандай, Биекең қарамағындағыларға өте талапшыл да қатаң болатын. Десе де ешкімге қиянат жасамайды, қайта қамқор қолын созып, қолдау жасайтын. Ол кезде мен Қаржы министрінің бірінші орынбасары қызметінде едім. Ал, Қаржы министрі Александр Сергеевич Павлов болатын. Күндердің күнінде Қызылордадан ат терлетіп Биекең келсін. Маған қаржы басқармасының бір қызметкері жазықсыз жапа шегіп, қызметінен қуылғалы жатқанын жеткізіп, министрге кіріп, мән-жайды жеткізуге өтініш жасады. Өсек пен өтірік айтудан бойын аулақ ұстайтын Биекеңді қалайша қолдамасқа. Министр қабылдауына өзі кірген Биекең Александр Сергеевичке нақты деректерді егжей-тегжейлі жеткізіп, әлгі мәселе оң шешімін тапқан болатын. Міне, біздің Биекең өз қарақан басына емес, барлық қаржыгерлерге қолұшын созатын.

Тағы бір айтпағым, Биекең бүгінде қоғам қайраткерлері атанып жүрген талай қаржыгерлерге тәлімді тәрбие берген ұлағатты ұстазы еді. Ал, «әке көрген оқ жонар» дегендей, Биекеңнің алтын тұяқтары – балаларының есімдері елге танымал болды. Қожахмет Жалағаш ауданының, Қызылорда қаласының әкімі болып, қыруар жұмыс атқарғанын жұртшылық жыр етіп айтады. Сондай-ақ Парламент депутаттығына бір емес екі рет сайланып, ел-халықтың қаншама ұсыныс-пікірлерінің іске асуына қолдау жасағаны көпке мәлім. Айтқандай, Қожекеңнің ұстанымын да айнымаған Биекең дерсің. Жасқануды білмейтін талапшыл да шыншыл азамат қой.

Ал, медицина ғылымының докторы, академик Болатбек болса талай жандарды ажалдан арашалап жүрген білікті де білімді дәрігер-оташы. Әке жолын қуған, Жапониядан дәріс алған Болатбекұлы Жасұланның науқас­тарды емдеудің жаңа тәсілдерін тауып жүргенін біреулер білсе, біреулер білмес. Тоқетері сол, Баймахановтар әулеті – Сыр еліне ғана емес, бүкіл елге әйгілі әулет.

Рахымберген Құрманғалиұлының айтуынша, Биекең қаржы саласының талай-талай майталмандарымен, яғни басшыларымен аса сыйластықтағы дос болған көрінеді. Айтар болсақ, кезіндегі Қаржы министрі бүгінде 93 жасқа келген Александр Ефимович Бацула арнайы телефон соғып, Биекеңе көше атауының берілуіне аса қуанышта болғанын жеткізіп, ол кісінің жаратылысы, яғни талапшылдығы мен турашылдығы, білімділігі мен іскерлігіне кезінде аса тәнті болып жүргенін мақтан еткен.

Ал, уақытында Қаржы министрінің орынбасары, Президент әкімшілігі іс-басқармасы басшысының орынбасары, қазынашылықтың ең алғашқы басшысы болған Мырзахмет Ауанов та арнайы хабарласып, Биекең туралы былай деген-ді.

– Әлі есімде, 1965 жыл болса керек. Оқу бітірер алдында Қызылорда облыстық қаржы басқармасына іс-тәжірибе жинақтау үшін барғанмын. Сол сапарда Камал Шөкенов пен Бименді Баймаханов ағаларымыздан теңдесі жоқ тәжірибе жинақтадық. Кейіннен  Қаржы министрлігінің шығыс жағында жұмыс істеп жүргенде Биекеңмен жиі-жиі хабарласып, ақыл-кеңес алушы едім. Менің қатардағы адам ғана емес, азамат атануыма Биекеңнің тигізген шарапаты орасан зор. Биекең – менің мақтан етер ұстазымның бірі ғана емес, бірегейі. Содан болар қай жерде жүрсек те Қызылордаға барғанда Биекеңе соқпай кетпейтінмін. Бүгінде Биекеңнің бала-шаға, отбасымен хабарласып тұрамын.

Заманында үш рет Қаржы министрі, екі рет Премьер-министрдің бірінші орынбасары болған, бүгінде «Халық банк» директорлар Кеңесінің төрағасы болып жүрген Александр Сергеевич Павлов та Биекеңнің отбасына өз құттықтауын жолдап, ол кісінің бітім-болмысы жайлы өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіпті.

Биекең кезіндегі Қаржы министрі­нің бірінші орынбасары болған Ж.Мұқа­шов, орынбасары болған Мүлкин, кі­ріс департаментінің бастығы болған А.Сатымбеков, бас бюджет басқарма бастығы Т.Құттымұратов, тағы да басқа ондаған тұлғалармен сыйлас та сырлас болған. Бұлар да бүгінге дейін Биекеңнің отбасымен хабарласып тұрудан жаза баспай келеді.

– Кеңес  Үкіметі кезінде, – дейді уақытында Қаржы министрінің орынбасары, кейін Еңбек министрі болған Сейітсұлтан Әйімбетов, – қаржы саласы ең мықты да жауапты сала болған. Бұл салада адал қызмет істеу екінің бірінің қолынан келмейтін. Біздің Биекең осы бір жауапты саланың нағыз хас шебері, майталманы болды. Туған топырағым Қызылордаға барғанда Биекеңе арнайы ат басын бұрып, қуана қауышатынбыз.

Биекеңнен бүкіл облыстық қаржы саласының басшылары ақыл-кеңес алушы еді. Олар Биекең не айтса соған  тәк тұратын. Тағы бір айтпағым, Биекеңнен тәлімді тәрбие алған қаржыгерлер аса көп. Қызылорда облысы қаржыгерлерінің бәрі дерлік сол кісінің шәкірттері.

– Бименді ағамыз, – дейді Қаржы министрлігінің кадр бөлімін басқарған Сайын Ердіхалықов, – біздің министрлікке қарасты кадрлардың көш басында тұратын. Ол кісі қаржының кіріс жағын басқарды. Бір сөзбен айтқанда, қалтасын емес, облыстың қаржысын кіріспен толтырумен ғұмыр кешіп, зейнетке шыққан-ды. Биекеңнен өзге мұндай кадр біздің министрлікте болмаған.

Қаржы министрінің бірінші орынбасары болған Жомарт Мұқашев:

– Биекең менің әкем Жанкелді Мұ­қашевпен Ұлы Отан соғысында бірге болған. Кейіннен әкем Қаржы минист­рінің бірінші орынбасары қызметінде болғанда екеуі тонның ішкі бауындай аралас-құралас жүрген. Біздер ми­нистр­міз ғой деп Биекеңе тапсырма бермек түгілі қайта ол кісіден ақыл-кеңес сұрайтынбыз. Қаржы саласының қайталанбас тұлғасы еді ғой.

Есімі елге танымал, Сыр елінің ай­тулы азаматы, кезінде Қызылорда облысының әкімі ғана емес, талай басшылық қызметте болған, бүгінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев:

– Биекең ағамыздың есіміне көше атауының берілуін мен қуана құптаймын. Өйткені Биекең есімі Сыр аймағы ғана емес, бүкіл елге танымал дарабоз адам.

Мен Биекеңді сонау Қаржы министрлігінде қатардағы қызметте жүргеннен білетінмін. Ол кезде Қаржы министрі Рымбек Байсейітов еді. Биекең ағамыз министр Рымбекпен ерекше достық қарым-қатынаста болатын. Әлі есімде, ол кісінің ұтымды ұсыныс-пікірлерін министр мырза ешқашан қағыс қалдырмаушы еді.

Қырық жылға жуық қаржы тайқазанын қайнатып, өзінің адал қызметі арқасында ел-халықтың алғысын арқалаумен ғұмыр кешкен ағамыздың есімі біздің жүрегімізде мәңгілікке жазылып қалған.

Биекеңнің кезінде Тұрғын үй және әлеуметтік даму банкі бастығы, облыс әкімінің орынбасары, облыстық қаржы басқармасының бастығы қызметтерін атқарған шәкірті Қамбарбек Әжібеков:

– Мен Биекеңнің қарамағында қызмет істегендіктен Сыр елі айма­ғының айшықтануына қыруар қаржы табуына сіңірген еңбегінің орасан зор екенін жақсы білемін. Ол кезде қаржыны арақ-шарап саудасы қом­дандыратын. Нақтылай айтар болсам, облыс бюджетінің 50 пайызы арақ айналымының салымынан түседі. Арақ зауыты өнімдері облысымызға ғана емес, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Гурьев облыстарына да жіберілетін. Кейбір жылдары таза спирт пен бос бөтелкелер де жетіспей жататын. Өйт­кені, спирттің қорын Тамақ өнер­кәсібі министрлігі бөлетін. Ал, жаңадан үш-ақ пайыз бөтелке берілетін. Содан да Биекең ай сайын арақ зауытына барып басшылығына да иелік ететін. Биекеңнің «өнімді анда жібересің, мында жібересің» деген тапсырмасы мүлтіксіз орындалады. Жоғарыдағы об­лыстарға бос бөтелкелерін беріп жіберсе ғана арақ-шарап өнімдері босатылатын.

Бірде мынадай бір жағдай болған. Бір облыс арақты біздің зауыттан емес, басқа жақтан алатын болады. Сол жылы тамақ өнеркәсібі тарапынан бөлінетін спирт қоры да азайған. Демек, бюджет түсімі күрт төмен түспек. Облыстық атқару комитетінің төрағасы Шәймерден Бәкіров Биекеңді алып, Тамақ өнеркәсібі министрінің орынбасары Мәжікен Бутинге барады. Оларды орнынан өре түрегеліп қарсы алған М.Бутинге Биекең «мына кісі облыстық атқару комитетінің төрағасы Шәймерден Бәкіров» деп Шәкеңді таныс­тыра бастаса керек, ол оған мән берместен «Биеке, қашан келдің, келетініңді неге айтпадың, қашан қайтасың?» деген сұрақтарды бастырмалата қояды ғой. Биекең келген шаруаларын айтады. Сонда министр: «Биекең келді екен, шаруаларыңды қазір-ақ шешемін» деп қарамағындағыларға шұғыл тапсырма береді. Иықтарындағы ауыр жүкті түсіріп, сыртқа шыққанда Шәкең Биекеңе: «мен бекер келген екенмін, мәселені өзіңіз-ақ шешеді екенсіз. Досыңыз екен ғой» деп иығынан қаусыра құшақтапты.

Тағы бір айтпағым, Биекең сол кездегі үрдіс болған преферанс ойынынан талайларды шаң қаптыратын. Шахмат әлемінде преферансты жақсы ойнау жоғары бағаланатын. Бұл ойында ойлау қабілеттілік, сезімталдық, логика мықтылығы мен психологиялық тұрақтылық аса қажет. Айтайын дегенім, есімі елге ғана емес, көптеген шет елдерге мәлім, білікті басшы, қарымды қаржыгер Мәжікен Бутин шашасына шаң жұқтырмаған ойыншы болса керек. Мәжікенмен достық қарым-қатынасына қаяу түсірмей жүретін Биекең онымен де преферанс ойнап, ойсырата жеңеді екен.

Өзін-өзі дәріптеуден әрдайым бойын аулақ ұстайтын Биекең көзі тірісінде әлдекімдер тәрізді 60, 70, 80 жасқа келген мерейтойын тойлаудан үзілді-кесілді бас тартады. Ол кісі 85 жасқа келгенде балалары тағы да мерейтой жасауға өтініш жасайды. Келісім берер Биекең жоқ. Содан 2008 жылы Қожахметтің қолдауымен спорттық преферанстың халықаралық дәрежеде турнирін өткізу бастау алады. Көзі тірісінде бұл сайысқа Биекеңнің өзі де қатыса жүріп, талайларға тәжірибе берген көрінеді. Бүгінде бұл халықаралық дәрежедегі преферанс турниріне елі­міздің ғана емес, Ресей, Украина, Белоруссия, тағы да басқа ондаған шет елдіктер қатысады.

Десе де Биекең өз айтқанынан қайт­пайтын. Бірде салыққа өзгерістер енгізілуіне байланысты Қаржы ми­нистр­лігіндегі семинарға барғанбыз. Сон­да мемлекеттік кірістер басқармасы бастығының орынбасары А.Сатымбеков салық түсімінің өзгерістері жайлы баяндап тұрған-ды. Орнынан түрегелген Биекең «Ай, Арыстанбек, сені тыңдаған сайын бұрынғы білетінімізден айырылып қалып жатырмыз ғой» дегені бар. Бұған қатты ашуланған басқарма бастығының орынбасары сәлден соң сабасына түсіп: «Биеке, инструкцияны, яғни өзгерістерді біз емес, мәскеуліктер даярлайды ғой» деп құтылған-ды.

Биекең туралы айтар әңгіме көп қой, бірақ оны жазба көтермейтін болар.

***

Биекең құдай қосқан қосағы Айқын Нұрашқызымен 60 жылдан астам уақыт бойы сыйластықпен күн кешіп, барынша бақытты өмір кешті. Айқын жеңгеміз де барынша бауырмал, көпшіл, күні-түні қазаны оттан түспейтін, шаңырақтарынан қонақ арылмайтын ашық алақанды, жомарт жүректі жандар еді. Қашан келсеңіз де ойдан-қырдан ағылып келіп жатқан ағайын-туыстарды, құда-жекжат, дос-жарандарын көріп марқайып қайтатынсыз. Бұл екі кісінің адами қадыр-қасиетін, парасат-пайымын, ағайын-туысқа деген алғаусыз адалдығын бір-ер ауыз сөзбен түгендеп шығу тіпті мүмкін емес.

Жоғарыда айтқандай, «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Қос қария өмірге бес ұл мен қыз әкеліп, 50 немере, шөбере, оны айтасыз шөпшектердің бетін шөпілдете сүйіп, шұғылалы шаңырақта шуақты ғұмыр кешті. Биекеңнің ұл-қыздарының бәрі де өмірден өз орындарын тапқандар. «Ұл-қыздарымды жұмысқа ал» деп тықпалаған Биекең жоқ. Үлкендері Қожахмет Баймаханов есімі елге танымал азамат атанды. Құрылыс саласында еңбек жолын бастаған ол кезіндегі Калинин атындағы совхоз (бүгінгі Бұхарбай батыр ауылы) директоры, Жалағаш ауданының әкімі қызметтерін абыройлы атқарды. Қызылорда қаласының әкімі қызметінде жүргенде қалада сан алуан құрылыстар бой көтеріп, жасыл-желекке оранып, сән-салтанат құруына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде де қаланың көркеюіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан белгілі кәсіпкер, «Асар-Холдинг» ЛТД президенті. Қожахметтің екі рет Сенат депутаттығына сайланып, сан алуан заңдардың қабылдануына, ел-халықтың ұсыныс-пікірлерінің іске асуына бар күш-жігерін жұмсағаны көпшілікке аян.

Әке жолын қуған Бақыт – қаржы қызметкері болса, Болатбек – медицина ғылымының докторы, академик. Кезінде Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болған ол бүгінде хирургия институтының директоры қызметін атқарады.

Айтқандай Болатбек – еліміздің елеулі 100 есімді азаматының бірі. Болатбектің елімізде ең алғашқы болып бауыр ауыстыруды қолға алып жүрген оташы екенін біреулер білсе, біреулер білмес. Болатбекұлы Жасұлан да Жапонияда бес жыл бойы медициналық дәріс алып, бүгінде әке жолын қуған ол да бауыр, бүйрек ауыстыру оталарын жасауда, оны айтасыз, науқастарды емдеудің жаңа тәсілдерін зерттеуде көрінеді. Сәуле – кәсіпкер, Бақтыгүл – дәрігер.

***

Қаржы саласында еңбек етіп, Сыр аймағының айшықтануына өзінің өшпестей қолтаңбасын қалдырған Бименді Баймаханов ағамыздың айналасына шашып жүрген шапағаты да ескерусіз қалған емес. Өсек пен өтіріктен, мақтау мен марапаттаудан, данагөйлік пен даңғойлықтан бойын аулақ ұстайтын Биекеңе «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген экономист» деген мәртебелі атақ беріліп, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордені және де басқа көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Дүниеге келер бір рет,

Дария кеуде, тау мүсін, – дегендей, Биекең ел-халықтың алғысын арқалаумен ғұмыр кешіп, артында өлмейтұғын іс, өшпейтұғын із қалдырған тумысы бөлек тұлға. Содан болар көпшіліктің қолдауымен Қызылорда қаласының көрікті бір көшесінің атауы беріліп, өнегелі өмір жолы бүгінгі және келер ұрпақтарға мәңгілікке ұлықталып жатыр.

Ахат ЖАНАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Еркін ӘБІЛ,

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<