Әдістеменің дүрі еді

516

0

Қазақтағы жырауы көп шыққан, көненің көзі – жыраулық дәстүр сақталған бірден-бір өлке қасиетті Қармақшы топырағының бір перзенті Молдаш ағай. Тектінің тұяғы екенін айтып отыратын. Шораяқтың Омар, Оспан, Достан деген үш ұрпағы болған. Омарын білмейтін қазақ жоқ. Біздің Молдаш ағай – Шораяқтың Достанының баласы. «Қармақшы», «Шарайна» деген өлеңдерінің алғашқы екі қатарын «Поэтика» деген пәннен дәріс оқығанда бізге жаздырып, әрі қарай ұйқас құрастыртатын. Өлеңін оқығанда, Қармақшы жайлы естісек те, көрмеген біз үшін жердің жәннаты сияқты болатын.
«Мамандыққа кіріспеден» Молдаш ағай берді бізге. Ян Амос Коменскийді осы ағай арқылы білдік, «Ұлы дидактиканы» оқып үй­рендік. Бастауышта тек ана тілінде ғана оқыту керек, өзге тілді жоғары сыныптарда оқы­ту керек дегенді санамызға сіңірдік.
Ұстаздық, қай заманда болмасын, фанатиктердің кәсібі. Достанов сияқты біз де ұстаз болып, байыған адамды нағыз ұстаз деп мойындамаймыз. Ұстанымы мықты еді ағамыздың.
Молдаш аға институтты соғыс жылдары оқыған. Көшеде келе жатып «Затаевичтің мың әні» деген нота кітабын тауып алып қатты қуандым дейтін. Бізден неге қуанғанын сұрайтын. Біріміз әнді, өнерді жақсы көргендіктен дедік, екіншіміз басқаша пәлсапа жасадық. Сонда ағай «Ей, ақымақтар, лекция жазатын дәптер тапқаныма қуандым» деп қарқылдап күлетін. Дидактика деген сол шығар. Сұрапыл соғыстағы қиын сәттерді сонда ұғындық. Нанға карточка жүйесі жойылған кезде дүкеннен нанды еркін алып тұрған кезін әңгімелегенде, ағай­дың орнында өзіміз тұрғандай күй кештік. «Нашар мұғалім шындықтың өзін береді, жақсы мұғалім шындыққа жетудің жолын көрсетеді» деген Сухомлинскийдің қанатты сөзін қайталап отыратын. Мұғалім әртіс болуы керек дейтін, өзі де образға еніп кететін. Кейде шәкірттің алдында әртіс болып кететініміз сол ұстазымыздан жұқса керек.
«Достановтың салпыншақтары» арқылы тілдік талдауды жетік меңгердік. Сөздердің фо­не­тикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін қатар талдау арқылы тәп-тәуір маман болдық деп айта аламыз. Институтқа кештеу келді Молдаш ағай. Білім саласында көп жылдар табысты еңбек еткен, облысымыздың жаңашыл ұстаздарының көшін бастаған кезінде. Талай жыл мектеп директоры болған.  Жоғарыдағы тілдік тал­дауға қатысты ғылыми еңбегін көп жылдар тәжірибеде сынақтан өткізген. Әдістемеден қорғаған ғылыми жұмысын. «Ағай, институтқа екеуіміз қатар келгенбіз, мен студент болып, сіз оқытушы болып» дейтінмін әзілдеп. Біз мектепке ағайы­мыздың арқасында дайын мұғалім болып аттандық, ұстаздық жұмысымыздың алғашқы жылдарында-ақ ағайымыздың әдісін пайдаланып, тамыз конференциясында баяндама жасағанбыз, амбициямыз күшті болатын.
Бірінші курста Әли Байжолов тәлімгер болса, әскер қатарында болып келгесін, екінші курста Молдаш ағай тәлімгерлік еткен К-14 оқу тобында оқыдым. Группамыздан Айман Айтбаева, Гүлзада Әбенова және мен ғылым кандидаты атандық, екі-үш мектеп директоры шықты, көбісі мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарып жүр. Бұл да ұстазымыз мықты болғасын шығар, Достановтың шәкірті болғасын болар.
Тектілік деген болады қазақ­та. Шораяқтың Омары атанған мықты шыққан әулетінен. Сөйлер сөзінен, жүріс-тұрысынан, білімінің молдығынан тегі тегін емесі көрініп тұратын.
Нұрлыбек Тасқараев деген досым болды. Қазір Өзбекстанның Тамды ауданының бұрынғы Ленин ауылында мектеп директоры, сол өңірге аты белгілі жырау. Халықаралық айтыстарға да қатысты Өзбекстанның атынан. Шет жерде жыраулық өнерді дәріптеп жүр бұл күні, шәкірттерім де баршылық дейді хабарласқанда. Өзбекстаннан келіп оқитын бауырларымыздың білім деңгейлері бізге қарағанда сәл төмендеу болатын. «Сахнаға шығып бір ән орындап болғасын, жұрт қолпаштағасын екінші ән орындамақ болып залға қарасам, Молдаш ағай отыр екен, ағайдың сабағынан қаупім жоғары еді дейді. Шораяқтың Омарының «Өсиетін» орындадым. Шыққасын Молдаш ағай «Әй, Тасқараев, сені нашар бала ма десем, тәуір бала екенсің ғой!» деп арқамнан қақты, кейін сабағынан «бес» қойды» деп еске алатын. Өнерін сыйласа керек, сағын сындырмайын десе керек.
«Екі нәрседен ақшаны аяма: бірінші жолыңнан, екінші ішер асыңнан» дейтін. Ұшаққа мінетін, болмаса жайлы вагонға билет алатын, тағамның тәуірін жегенді ұнататын. Дүние қумаңдар, өмірің зая болады дейтін. Дүние мен атақ қуып ғылымдағы абырой-беделінен айырылып жүрген азаматтар да жоқ емес, бұл күнде.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі және Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәндерінен дәріс берді, мектептегі тәжірибеге өзі жетекшілік етті. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кім жазықтысын» оқытқанда, ағайымның ақылымен әдебиеттің тегі мен түрін Грибоедовтың «Горе от ума» атты еңбегімен салыстыра отырып түсіндіріп шықтым. Тәжірибеден «бестік» алдым. Орыс топтарына қазақ тілінен сабақ бергізді, қазақ тіліне ғана тән дыбыстарды орыс тобында оқыту тәжірибесін қолдандым, жақсы нәтижеге жеттім, ешкімге көңілі тола бермейтін «Комсомол» мектебінің директоры Дауылбаевтан мақтау естідім.
Достановты ұстаз тұтатын, Достановтың арқасында адам  болдым, Достанов дұрыс жол көрсетті дейтін көп адамды танимын. Қазақстанға белгілі журналист Өтеген Жаппархан журналист деген мамандықтың барын, оның қандай мамандық екенін, ол үшін қайда оқу керектігін мендей ауыл баласына түсіндірген, жолын көрсеткен Молдаш ағай деп айтып жүреді үнемі. Облысымыздағы жаңашыл ұстаздардың барлығы дерлік Молдекеңді әдістеменің корифейі санайтын. Университетіміздің білікті ғалымдарының бірі Айтжан Оразбақов «Молдаш аға, қорғауға бара жатырмын» дегенде Лениннің суреті бар жүз сомдықты қалтасынан суырып бергеніне біраз жігіт куә болғанымыз бар. Айлығымыз жүз алпыс сом еді ол кезде, Айтжанның да, менің де.
Бұл пәниден кеткеніне биыл 25 жыл өтіпті, 90 жасқа толар еді ұстазымыз. Ізі бар, артында қалған дүниесі бар. Із болғанда ұрпағы ғана емес, ұстаз тұтар шәкірттері бар. Артында қалған дүние – ғылымы, ескірмейтін, түгесілмейтін.

Болат БОРАНБАЙ,
шәкірті, филология
ғылымдарының
кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<