ЕҢБЕГІМЕН ЕР АТАНҒАН БАЛДЫРҒАН

737

0

Сыр бойы – ежелден-ақ күрішімен танылып келген ырысты аймақ. Мұнда күріштен мол өнім жинау жөнінде дүниежүзілік рекорд туды. Күріш өсіру барысында тамаша дәстүрлер қалыптасты.

Облыстың мем­лекеттік архи­вінде сақталған жеке тектік қор­лардың қата­рында Социалистік Еңбек Ері, күрішші Балдырған Мұста­фаеваның құжаттары сақ­таулы.

Балдырған Мұстафаева  1939 жылы Қараөзек станция­сы маңындағы «Қараөзек» кеңшарында дүниеге келген. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келді. Еңбек жолын Қараөзек бақша өсіру тәжірибе станциясында бастады. 1960-1962 жылдары Қызылорда қаласындағы целлюлоза-картон комбинатында жұмыс істеп, 1962 жылдан бастап «Қазақстанның 50 жылдығы» кеңшарында күріш­ші болып абыройлы еңбек етті.

«Сыр күріші – ел ырысы» дегендей, Сырдың бойын күріш өсірудің ірі базасына айналдыру, сөйтіп оның даңқын шығару жөнінде 1964 жылы үлкен серпіліс жасалды. Бұған басты себеп атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың облыс диқандарына арнап жазған хаты еді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, күріш өсіруде көп тәжірибе жинақтаған Ыбырай Жақаев жастарды Сыр жерінің жомарттығын арттыруға, бұрын-соңды болмаған күріш тауларын тұрғызуға, Сырдың даңқын бүкіл әлемге паш етуге шақырды. Жақаевшылар қозғалысы Балдырғанды да ізденіске жетеледі, жеңіске ұмтылдырды.

1970 жылы «Шіркейлі» кеңшарына көшіп келіп, бір жылдан кейін «Құмкөл» учаскесінде 45 гектар күріш егіп, әр гектардан 58 центнерден өнім жинады.

Күндіз-түні атқарған тынымсыз еңбегі, төгілген маңдай тері өз жемісін бере бастады. 1977 жылы күріштің әр гектарынан алғаш рет 103,6 центнерден өнім алды.

Тындырымды, адал Бал­дыр­­ғанға зор сенім көр­се­тіл­ді. Ол КОКП қатарына қа­­­­былданып, облыстық Кең­ес­­­­­тің депутаттығына сайланды.

Еңбек еткен жылдар ішін­де Қазақстан Комму­нис­тік партиясының ХІV, ХV съез­деріне делегат болып қа­ты­сып, сол съездерде екі рет ор­талық комитетке мүше болып сай­ланды, облыстық партия ко­митетінің бюро мүшесі болды.

Сонымен қатар, Балдырған Мұстафаева КСРО Жоғарғы Кеңесінің 13 желтоқсан 1972 жылғы Жарлығымен «Ең­бек­те үздік шыққаны үшін» ме­да­лімен, 1974 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1976 жылы «Ленин» орденімен марапатталды. 12 наурыз 1984 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістігі көрмесінің (ВДНХ) 20 наурыз 1985 жылы алтын, 6 мамыр 1988 жылы күміс медальдарын алды. Ауылшаруашылық өндірісінде көп жылдар бойы жемісті қызмет атқарғаны және қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1989 жылдың 28 ақпандағы Жарлығы бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылды.

1981 жылы 19 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­диу­мының Жарлығымен Бал­­­­дырған Мұстафаева со­циа­­листік міндеттемесін орын­дағаны, сондай-ақ оныншы бес­жылдықтың қорытындысы және көп жылдар бойы жемісті еңбегі, өзіне бекітілген күріштің әр гектарынан 103,6 центнерден өнім алғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алып, «Алтын жұлдыз» және «Ленин» орденімен марапатталды.

Халық Балдырған Мұста­фаеваның жетістігіне бірге қуанды, мактанды. Жан-жақтан құттықтау телеграммалар келіп жатты. Осындай құттықтау телеграмма Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтан келді.

Онда «Құрметті Балдырған Мұстафаева жолдас! Сізді отанымыздың ең жоғарғы наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Ең­бекте зор табыстарға жете бе­руіңізге, жеке тұрмыста зор денсаулықта, бақытты бо­луыңызға тілектеспін» деген ықыласын арнаған еді.

1981 жылы Қарақалпақ АКССР  «Қараөзек» кең­шары­ның күрішші қызы Қара­қал­пақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Амангүл Хожалепесова  Балдырғанды социа­листік жарысқа ша­қырып,  былай деп хат жолдайды: «Құрметті Бал­­дырған Мұстафаева!  Хал­қымыздың ырысын мо­лай­ту жолында өз­ара тәжірибе алмасып, социа­листік жарыста жүлделі болу үшін қажырлы еңбек етейік. Елімізге, хал­қымызға берген уә­де үдесінен шығып, ел құр­метіне бөленейік, абыройлы болайық».

Бұл шақыруға Б.Мұс­тафаева өзі еңбек ететін  «Шіркейлі» кең­шарының,  облыстың та­быс­тарына талдау жасай отырып: «Құрметті Амангүл! Өзіңіз айт­қан­дай, қарақалпақ пен қазақ халқы ежелден туыс­қандық ынтымағы жарасқан ел. Оның ішінде біздің облыс пен Сіздің автономиялы республикаңыздың диқан­дары көп жылдан бері бір-біріне достық қолын созып, тәжірибе алмасып жүр. Бізден күріш өсіру тәжірибесін үйренсеңіздер, біздер Сіздердің жүгері өсірудегі озық әдістеріңізді игеріп келеміз. Осы орайда күріш өнімін арттыру жөнінде Сіздің мені социалистік жарысқа қосылуға шақырған инициативаңызды өте жоғары бағалаймын. Сон­дықтан мен Сіздің бұл шақы­руыңызды аса ризалықпен қабыл алып осы хатты жазып отырмын. Екеуміздің ара­мыз­дағы социалистік жарыс­тар шеңберінде қалмасын, екі облыс күрішшілерінің достық еңбек бәсекесіне айналып, еліміздің байлығын арттыруға ықпал жасайтын шын мәніндегі қозғаушы күшке айналатын болсын. Ол үшін Сіз бен бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біздер өз көрсеткіштеріміз үшін ғана күреспей өз әріп­тестерімізді де қатарымызға теңеуге күш салатын  болайық. Сөйтіп, партияның ХХVІ съезі­нің шешімдеріне сай баға­лы жармалық дақыл-күріш өн­діруді арттыруға және ел байлығын молайтуға лайықты үлесімізді қосайық» – деп жауап береді.

Ол өзімен қатар еңбек еткен, жастары кіші болғанымен, үлкен жетістікке жеткен әріп­­­­тес­терін мақтан тұтып, егіншілікке жаңа келіп жатқан жас­тарды қамқорлығына алып, жинақтаған тәжірибесін үйретіп отырды.

Өмірде қарапайым қазақ қызы өзі туралы былай дейді: «Сыр бо­йында күріштен мол өнім жинаумен аты шыққан қыз-келіншектер жеткілікті. Мен солардың бірімін. Сәлима, Ұлмекен, Қамар… О, же­тер­лік-ақ! Табысым да солармен деңгейлес. Асып алысқа кет­кенім жоқ».

Социалистік Еңбек Ері 1989 жылы Одақтық дәрежедегі дербес зейнетке шықты. 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, аналық парызын абыроймен өтеді.

Балдырған Мұстафаева өзі­нің бүкіл ғұмырын Қазақ­станның экономикасы мен мәдениетінің дамуына, қоғамға еңбек  етуге, отбасына, бала тәрбиесіне арнады. Оның өмірі, елге еткен еңбегі жас ұрпаққа үлгі  болып қала бермек.      

Жанат АЛТЫНБАЕВА,

облыстық мемлекеттік 

архивтің бөлім басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<