Еңбек анасы, Еңбек Ері – Шырынкүл

1522

0

Тағдырын күрішпен байланыстырған жандар Сыр өңірінде жетерлік. Бір ғана Шиелі ауданының өзінен 41 Социалистік Еңбек Ерінің шығуы – соған дґлел. Таңның атысынан күннің батысына дейін атыз жағалап, борбайына дейін су кешіп, бейнет шеккен ата-ґжелердің қажыр-қайратына қайран қаласың! Бақытын ақмаржаннан тапқан сондай даңқты диқандардың бірі – Шырынкүл Қазанбаева. Соғыс жылдары тракторды тізгіндеп ауылдың тұңғыш механизатор қызы атанған батыр ананың туғанына 100 жыл толды.
Сырдың ақмаржанын еккен, ел жүрегіне ақ көңілін қондырған батыр ананың өнегелі өмірі мен еселі еңбегін дәріптейтін құжаттар Қызылорда облысының мемлекеттік архив қорында сақтаулы.
Шырынкүл Қазанбаева 1920 жылы Шиелі ауданы Коммунизм колхозы, қазіргі Нартай Бекежанов ауылында  дүниеге келген. Ол 1938 жылдан бастап Коммунизм ауылында жұмыс жасаған. Батыр ана бір ғасырға жуық ғұмырында өз айналасына тек қана жылы шуағын сеуіп, үлгілі іс-әрекетімен өзгелердің жүрегіне жылылық сезімін сездіріп келді. «Дала академигі» атанған атақты күрішші Ы.Жақаевтың тәлімін алып, ер-азаматтармен бірдей еңбек етіп, мемлекет байлығын еселеп өсіргендердің қатарында Шырынкүл Қазанбаева да болды.  
Ол 1940 жылы механизаторлар курсында оқып, ең алғашқылардың бірі болып, трактор руліне отырды. Сұрапыл соғыс жылдарында ер азаматтардың орнында тылда еңбек етіп, ауыл шаруашылығының сан салалы жұмы­сына атсалысты.  Ш.Қазанбаеваның егіншілік өмірбаяны соғыстан бүлінген халық шаруа­шы­лығын қалпына келтіру дәуірінен басталады.
Шырынкүл  тұйық, сөзге сараң кісі болған. Өзі жайында толғанып сыр да шертпейді. Келген адамға жинаған өнімінің көрсеткіші жазылған қойын дәптерін ұсынады. Оның дәптерінен  үздік жұмыстарын көруге болады. Дегенмен, ол осындай жетістіктерге жету үшін қамырдан қыл суырғандай жұмыс атқарды және оның жолында көптеген кедергілер туындаса да, Социалистік Еңбек ері қиыншылыққа мойынсұнбай, алған бетінен қайтпады. Мысалы, 1972 жылы Шырынкүл Қазанбаеваның еншісіне біраз жылдан бері соқа түрені тимеген «Қорған төбе» алқабы тиді. Ол құмдауыт жерді «ДТ-75» тракторының руліне отырып өзі жыртты, тұқымын да өзі септі. Осы жылы күрішті шылау баса бастады. Әйтсе де, диқан мұның сырын дөп басып тапты. Ол агроном Сұлтанхан Төрениязовқа жолығып, суды жаңартуын сұрады. Дегенмен, ол судың жеткіліксіз екенін алға тартып қоя берді. Осы жылы еккен егіні үшін шырылдаған апамыз бен диқан арасында бірнеше рет қақтығыс туындады. Суды жаңартқаннан кейін күріш бітік өсіп,  тағы бір рекорд орнатылды. 25 гектар күріштің әрбір гектарынан 125 центнер күріш жинап алынды. 1966-1971 жылдар аралы­ғында Шырынкүл колхозға 61 мың 272 сом пайда келтірген.
Бірде Шырынкүлге көршісі Гүлжан келіп күрішінің кей жері түптеп, кей жерінің енді шығып келе жатқанын айтады.
– Бұның мәнісі мынада, – деді тәжірибелі диқан. – Екеуміздің де жеріміз бірдей, тыңайтқышты да бірдей бердік, бірдей сепкенбіз. Әңгіме күтімінде. Атыз суларын бірқалыпты ұстау керек, сонда күріш біркелкі өседі. Сенің атыздарыңа су бірқалыпты бармаған, ала-құла болып өсуінің себебі сол.
Гүлжан дереу білікті диқанның айтқанын орындаған. Ш.Қазанбаева жастардың ізашары болып, тәжірибесін бөлісіп отырған.
Шырынкүл Қазанбаева қиыншылықпен ес   білгелі күресіп келді.  Себебі ол ата-ана­сы­нан жастайынан айырылып, кішкентай кезінен тағ­дырдың тауқыметін тартып, бір үйдің ауыртпалығын жалғыз көтерді. Сондай-ақ, ол ел тіршілігіне де белсене араласып отырды. Мысалы, 1974 жылы өткен облыс әйел­дері слетінде сөз сөйлеп, өз жұмыс тәжіри­белерін, еңбектегі табысын, ой-пікірін ортаға салды. 1946 жылдан бастап одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққанға дейін осы шаруашылықта күрішші болып, тапжылмай еңбек етті. 1961 жылы депутаттыққа сайланып, 1973 жылы Коммунизм колхозының звено жетекшісі болған. Барлық уақытта да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, жарыс жеңімпазы қатарынан табылып отырды.
Ел анасы еңбегіне орай марапаттан кенде болған жоқ. 1964 жылы әр гектардан 63 центнерден өнім жинап үкімет пен партияның ең жоғары наградасы – Ленин орденін иеленді. 1948 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1966 жылы есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылды. 1972 жылы ерен еңбегі үшін ол Социалистік Еңбек Ері атанады. 2008 жылы Қызылорда облысының, 2010 жылы Шиелі ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.  
Архив қоры құжаттарында мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Ы.Жақаевтың 1974 жылғы 22 қаңтарда Ш.Қазанбаеваға арнаған марапаттауында: «өзіңізге бекітіліп берілген жерді күріш егуге дайындау, айдау, суға бастыру жұмыстарында алшақтыққа жол бермей, дер кезінде егіп бітірдіңіз, оны бүкіл жаз бойы агротехникалық ережелерге сай күтіп баптадыңыз. Мен сізді шешуші қол жеткен табысыңызбен құттықтаймын. Деніңіз сау, отбасыңыз бақытты болып, табыстан-табысқа жете беруіңізге тілектестігімді білдіремін» деп жазылған деректер келтіріледі.
Ол 2018 жылы 98 жасында дүниеден озды. Еліміздің, халқымыздың дамып, өркен­деуі үшін еңбек етті. Өнегелі өмірінде еселі еңбегімен елдің елеулісіне айналды.
Өмірде адал еңбектің ақ туын көтеріп, ақиқа­тынан айнымаған жандар болады. Шырын­күл Қазанбаева сол саптағы бірегей болмыс иесі еді. Сондықтан оның ғазиз бейнесі ел есінде мәңгі сақталады.
Аманкүл ҚАПАНОВА,      
облыстық архивтің архивисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<