Ел ағалары

3055

0

Мынау заман, қай заман дейтін жыраулар. Бұл ел-жұрт қиын жағдайға тап болғанда айтылатын сөз. Алайда осылай деп күңіренетін бүгінде жыраулар жоқ. Тіпті, жыршының өзі тапшы. Бұл жырлайтын тақырыптың жоқтығынан ба, әлде жырау, жыршылардың қажет болмай қалғандығынан ба?!

Айтар болсақ, себеп те көп, сылтау да көп. Сонда қазіргі за­ман, қандай заман? Асан Қай­ғы айтқан қилы заман ба? Жоқ дейміз, қазақ қилы заман­ды ба­сынан өткеріп барып, жы­ғы­лып-сүрініп тәуелсіздікке жет­ті. Оның өзінде өзгелердің дүм­пуімен, шындығын айтсақ, Қызыл Кеңестік империяның іштей азып-тозып ыдырауы, біз осы түстен есімізді жиып, егемен ел болдық. Тәуелсіздікке жет­кізген тарихи тұл­ғалар ту­ра­лы сөз айту әлі ертерек. Оны келешек көк тұманның ар жа­ғында өмірге енетін ХХII ғасырдың жастары айтсын. Оған небәрі жүз жыл қалды.

Біз өткен жүзжылдық төл тарихымызды әлі де саралап, игере алмай жатқан қалпымыз бар. Бәрі араласып кетті. Санада тазалық шамалы. Тәуелсіздіктің тарихына коммунистер, социалистер араласқан соң не болмақ. Тәуелсіз елдің тарихын ХХІ ғасырдың тәуелсіз жастары жазуы керек, олар бүгінде жиырмалар шамасында. Жиырмадағылар белсенді топ деген, олар өзінен бес жас кішілерді және бес жасқа ілгерідегілерді қосып алмақ, бұл қазіргі он бес пен жиырма бес жас аралығындағылар.

Ел де, тарих та, келешек те осылардың қолында. Шындық – осы. Бұдан ешкім де аттап кете ал­мақ емес. Бұл – қазақ халқының «алтын ұрпағы». Мәселе, осы ұрпақтың арбасына біз аға ұрпақ нені салмақпыз? Бар жауапкершілік осыда. Осы істе қателессек, ол біздің келешек алдындағы кінәміз де, күнәміз де болмақ.

Тәуелсіздік логикасы осы. Бұдан бұра тартсақ, сірә да жақсылыққа бастамаймыз. Қа­зір тарих сахнасына отыз- отыз бестегілер шығып келеді. Сөздері, ұрандары сан алуан. Аталы сөз де, заман өте атаусыз қалатын сөздер де баршылық. Сөз көп. Бірте-бірте іс те басталмақ. Осыны көріп-біліп отырған Ел Ағалары не демек?!

***

Ел Ағасы деп айтып қалдық. Бүгінде ел қамын жеген Ел Ағалары бар ма? Халқымыз айтушы еді, «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» деп. Сол сөз тірі ме? Ел-елде Ағалар бар ма? Айтуын айтсам да, ойланып қалдым. Ел Ағалары деген – сакралды ұғым, қазақшаласақ киелі түсінік.

Бәріміз «Жаужүрек мың бала» деген фильмді әлденеше рет қай­талап көрдік. Сырт дұш­панға бір кісідей қарсы тұрғанда Ел Ағалары жиналған. Қазақтың рулық құрылымы ел боп топтасудың таптырмайтын тәсілі екен. Ұран Ел Ағаларына жетті, ол ру-руға жетті деген сөз, содан халық тас түйін болып топтасып шыға келді. Несі жаман? Тамаша. Ел Ағалары өз руларына ие. Олардың айтқан сөздері екі етілмейді. Бұл демократия емес пе? Ойланайық!

Сонда Ел Ағасы деген кім? Алдымен ойға келетін нәрсе, ол ел ішінде ағайын-туыс, ортасында сыйлы болуы керек. Елге сыйлы болу – аса қиын шаруа. Қолында еш билігі жоқ, бірақ елге сыйлы, ол қалай болмақ? Хакім Абай отыз тоғызыншы қара сөзінде айтып еді, «…Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен». 

Елге қадірлі болу? Оны кім ойлаған? Авторитарлық бас­қару жү­йесінде елге қадір­лі болуды ой­лаудың еш қажеті болмады. Бәрі билікке жұмыл­дырылған.

Заманды заманмен салыс­тыруға болмас, әйтсе де Қазы­бек биге қатысты бір мысал келтірмекпін. Өткен жылдары Қазыбек бидің Қарағандыда мерейтойы болып, арнайы ғылыми конференция өтті. Кон­ференцияда баяндамада XVIII ғасырда Төле би, Әйтеке би, Қазыбек билер бастаған заманда қазақ елінде либералды-демократиялық басқару жүзеге асты деген кесімді пікірімді айтып, дәлелдеуге тырыстым.

Конференциядан кейін мен көтерген осы мәселе дау ту­ғызды. Заң жүйесінде көрнек­ті қызмет атқарған азамат:

– Ғареке, конференция үс­тін­де сұрақ қоюды жөн көр­медім, енді айтарым, сіз қа­лайша қазақ жерінде XVIII ға­сырда либералды-демо­кра­тия­лық басқару мүмкін дей­сіз, әрине, бұл жағдай Еуропа ел­дерінің бірінде болса түсінікті, қалай қазақ даласында мұндай мүмкін болуы – деді, қасында оны құптаушылар да бар екен.

Жауап беру үшін облыс әкіміне бұрылып, Қазыбек биге бағынышты болған қазіргі Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Петропавл, Қостанай облыстары емес пе дедім. Әкім құптады. Осы өңірлерге Қазыбек би сөзі жүріп тұрды. Сонда Қазыбек биде бүгінгідей самсаған аппарат, жүздеген қызметкер жоқ.

Төле биге қаншама облыс қа­рады, Әйтеке биге ше? Олардың еш­қайсысында аппарат болмаған. Сонда билік қалай жүзеге асты? Мәселе, беделде. Беделді Ел Ағалары болған. Олар қазақ елінде қалыптасқан ли­бералдық-пирамидалық би­лік бас­қару жүйесінде қызмет атқарған. Олар билер, Ел Ағалары, топ басшылары. Олардың беделі – тазалық. Төле би айтқан қағида «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ». Әрине, ол заманда да жемқорлық болған, бірақ ондайлар, негізінен, биліктен қағылып қалып отырған. Бедел бірінші орынға шыққан. Ру басшылары, Ел Ағалары халық сөзін сөйлеген. Қилы заманда жұрт Ел Ағаларын тыңдаған. Олар елді тыңдата білген. Мұндай жағдайға қазақтың ру­лық құрылымы – таптырмайтын тәсіл.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбай қажының жүргізген билігі – ру басшыларына сүйену. Ел ісін ру басшылары біледі. Ру басшылары жиналып ынтымаққа келеді. Ол – халықтың, мемлекеттің мүддесі.

***

Кеңес заманында қазақтың рулық құрылымын мейлінше қараладық. Бұл жүйені іске алғысыз еттік. Оның орнын комсомол, партия бас­ты. Ру­шылдық – трайбализм дедік. Сонда трайбализмнің не екенін кім білген?! Айтылды, ол қате деп, біз де алып-соғып трайбализм деген­нің ұйпа-тұйпасын шығардық. Мұ­ны­мыз мүмкін дұрыс, мүмкін қате болды. Оны бүгінде кім ашып, анықтап айта алмақ?

Ел Ағалары билік, хандық кеңес­терде әрбір рудың мүд­десін қорғап, биліктегі әділет­тілікті саралап, тең-теңдік сая­сатын ұстанған. Осы қағида қазақ елінде әбден бұзылды, себебі ру-рудың Ел Ағалары болмады. Ақсақалдар деген жойылды. КПСС Орталық ко­митетінің ақсақалдарға қарсы арнайы қаулысы шығып, соның нәтижесінде Ел Ағалары тегіс «Халық жаулары» болып қудаланды. Бұл «Халық жау­ларының» соңғы легінің бірі – «семіздерді» ұстау. Себе­бі, ақса­қалдар шынында да көрнекті, келісті жандар болатын. Айталық, Сәкен Сейфуллин әкесі Сейфолла осы дүрмекке ілінді. Менің аға­йынды Есім, Әлім атты екі атам осы «семіздер» тізіміне ілінгендер еді.

***

Кеңес заманында Ел Ағасы негізінен жойылды. Барларына жол берілмеді. Себебі, Ел Ағалары дінді, дәстүрді, кісілікті айта бастайтын. Ол коммунистерге ұнамды. Ел Ағасы болатындарды шетке шығара бастады, оның орнына қолдан «Ел Ағаларын» жасау саясаты жүре бастады, ол – депутаттыққа сайлау, Социалистік Еңбек Ері атағын беру, ордендермен марапаттау, кезінде НКВД, КНБ және өзге де құқық қорғау органдарында қызмет атқарғандарды «ардагерлер» деп марапаттау. Ақыры, ел жағасыз, яғни Ел Ағаларынсыз қалды. Сол қалыппен Тәуелсіздікке жеттік. Сон­дықтан, Ел Ағалары жоқ. Жағ­дайымыз солай. Қариялардан бата тілесек, тост айтады. Халық дәс­түрі іріген. Құндылықтарымыз құлды­рауда. Осындай жағдайда ілгері ұмтылған жастарымыздың халі не болмақ?

Ата тарихымыздың өне бойында жастарға тілекші, қамқоршы аға буын болып келіп еді, енді не болды?

Жастарға жөн, ақыл айтатын Ел Ағасы бар ма? Тіпті мен Ел Ағасымын дегенмен жұрт оған илана ма?! Міне, мәселе қайда?!

***

Мүмкіндікті жіберіп алдық, қате айтсам, түзетіңіздер. Тә­уелсіздік – мүмкіндік еді. Отыз жыл аз мерзім емес, неге жұмылған жұдырықтай ынты­мақты халық бола алмадық? Кінә кімнен? Бәрімізден. Елдің Ағалары болмағандығынан. Мем­­ле­кетті басқару жүйесі табиғи өрісін тапты ма? Қазіргі айғайдың негізінде не жатыр? Неге бір ұлт бөлшектеніп барады?

Олигархтарды Ел Ағалары деуге бола ма? Жұмысынан босаған облыс әкімдерін Ел Ағалары деуге бола ма? Ми­нистрлерді ше?

Партия жетекшілерін Ел Ағалары деуге бола ма? Біз айтқанмен, ел қабылдай ма?

***

Енді не істеуіміз керек? Бі­лемін, сенемін, қазірде жер-жерде, ру-ру ішінен Ел Аға­лары шығып келеді. Рас. Ел Ағасыз, тон жағасыз болмайды. Тонның жағасы болмаса тоңамыз, Елдің Ағасы болмаса азамыз. Алмағайып заманда қазақтың рулық құрылымы тағы да бір тарихи қызметін атқаруы қажет. Ел Ағалары рулық жүйеден шығады. Ел Ағасының мүддесі ру емес, елдік мүдде. Ру – оған жетудің тәсілі ғана.

Ел Ағасы, ақсақал атану осал шаруа емес. Ел арасында тараған Бауыржан Момышұлы айтты деген бір тәмсіл бар. Баукеңмен қатарластау біреу, батырға «Әй, шал!» деген болуы керек.

– Иә, дұрыс айтасың, адам жасқа жетіп қартаяды. Адам шайтан емес. Бірақ, қартаюдың үш мәнісі бар, тыңдап ал, – депті.

Бірінші мәнісі, адам қартая­ды, анық сөзін ешкім құлаққа ілмейді, ол әйтеуір ас ішер, аяқ босатар халде. Мұны, сен айтқандай «шал» дейді.

Екінші мәнісі, адам жасқа жетті, бірақ отбасына, көрші-қолаңға, ағайын-туысқа қадірлі, айтар сөзі бар, тыңдаушылары және бар, оны «қария» деп атайды.

Үшінші мәселе, адам шайтан емес, қартаяды, бірақ оның сөзін ел боп тыңдайды, руластары қадір тұтады. Ол адамның аталы сөзін жастар тыңдайды, үлгі-өнеге тұтады, оны «ақсақал» деп атайды.

Сен, мені осы үшеуінің қайсысына жатқызасың? – депті Батыр ағамыз.

Ендігі жердегі мәселе. Шал атанбай қария атану үшін не істеу керек? Шал атанбай, ақсақал деген деңгейге жету үшін, ол нендей қызметті атқаруы ләзім.

Бұл ресми қызметтермен анық­талатын жағдайда емес, биліктегі адам билікте қадірлі болғанымен, елге қадірлі ме? Қызметтен кеткен соң, қадір-қасиетін сақтап қала ала ма? Оның беделі билікпен ғана анықталған ба? Мәселе!

Бүгінгі күн үшін Ел Ағалары ауадай қажет. Ел сөзін сөйлей алатын жасы жеткен ақсақалдар қайда? Бұл да – мәселе.

***

Ел Ағасы атану үшін Елге айтар сөзі болуы керек. Жұрт сөздің өтіріксіз, алдаусыз, шын болғанын қалайды. Халық рас пен жалғанды бірден саралап алады. Халықты алдаймын дейтіндер – алаяқ, пы­сықтар. Олар қай заманда болмасын жеткілікті. Хакім Абай заманында өрбіп-өсіп шыға келген соң, пысықтар туралы өлең жазды. Сонда бір заңдылық ашқан, ол пысықтарға елдің бүлінгені керек. Осындай жағдайда олар еркін. Ел тыныштық болса, олар тұншыға бастайды. Пысықтарға бүлік қажет. Осындай пысықтар хакім Абай заманынан бүгінгі күнде әлдеқайда өсіп кеткен. Олар биліктің әр деңгейінде жамырап тұр. Биліктен құтылып, өздерінше «Ел Ағалары» тонын жамылуда. Ондайлар туралы хакім Абай «іші залым, сырты абыз» деген. Ал енді айырып көр, кімнің кім екенін.

Мен оларды бір-ақ мәселе арқылы ажыратамын, ол тә­уелсіздікті қа­былдау не қабыл­дамаулары ар­қы­лы. Тәуелсіздік туралы барынша ынталы топ, әрине, Ел Ағасы, Ақсақал. Ал, тәуелсіздікті сырттай мойындағансып, іштей комсомол, коммунистік партия, социализм, марк­сизм туралы маңырап отырса, ол қалай Ел Ағасы, Ақсақал бол­мақ?!

Тәуелсіз ой, талғамы жоқ жаннан Ел Ағасы да, Ақсақал да шықпайды. Осы тұста жоғарыда сөз болған Бауыржан Момышұлы туралы айтсақ. Мен бір мәселеде Баукеңнің алдында басымды иемін. Ол сонау, қылышынан қан тамған кеңес жылдарында қасқая қарсы тұрып, өзінің кім екенін дұрыстап жазғызып алғаны, қараңыз оның есімі – Бауыржан, ал тегі – Момышұлы. Сол заманда кім осындай ерлікке бара алды? Болды, бірақ олар шағын топ, мысалы Әлкей Марғұлан секілділер.

Бүгінде тәуелсіз елміз, аты-жөнімізді дұрыстап алуға арнайы заң қабылдадық, бәрібір құжаттарда -ов, -ова,  -ин, -ина дегендер қаптап жүр. Өзгеріс жастар жағында. Ендеше, Ел Ағаларын жастардан күтеміз. Ол үшін өкінішке орай мерзім қажет. Олар тәжірибе жинақтап, Ел Ағасы дәрежесіне көтерілулері үшін біршама уақыт кетеді.

Қазіргі халымыз мәз емес. Жұрт тыңдайтын Ел Ағаларын мен біле қоймаймын, мүмкін қателесемін. Билік тыңдайтын Ел Ағалары бар, ал халық тыңдайтын Ел Ағалары өте тапшы, жоқтың қасы. Бұл не? 

Бұл – ауыр жағдай. Дәстүрлі қазақ қауымында толқындап жастар шығатын, оларға естияр сөз айтатын қария, ақсақалдар болатын. Бүгінде билік пен халықтың, әсіресе жастардың арасы тым алшақтап барады. Бұл – аса қауіпті жағдай, себебі байлар мен кедейлер арасы мүлдем алшақтап кетіп еді, енді билік пен жастар арасы ашылса, жағдай мәз емес деген сөз.

***

Аузы дуалы Ел Ағалары қажет. Ел Ағалары топтасуының қажеті жоқ, онда олар партияға айналып кетуі ықтимал. Ел Ағалары партиядан тыс болуы табиғи жағдай. Ел мүддесі партия мүддесінен биік. Партия мүддесі – негізінен билікке жету. Ел Ағаларының мүддесі – ел болу. Бұл – мағыналық айырмашылық.

Партия – партия болып билікке таласу бір мәселе. Ру-рудан, өңір-өңірден шығып, елдік мүдде үшін қарекет жасау – өзге мәселе.

Ел Ағалары билік пен халық арасындағы көпір болуы – табиғи жағдай. Тағы да айтамын, партия билікке қызмет ететін – феномен. Сондықтан, биліктегілер партиядан тыс болуы – тағы да табиғи жағдай. Биліктегілердің партияда болуы да – қазақ халқының таби­ғатына кереғар шаруа.

***

Ойланайық. Қазақ халқы­ның рулық құрылымы әншейін ойдан шығарылған нәрсе емес. Ол – өзінің өмір сүруге қа­жет­тілігін ғасырлар бойы дәлелдеген феномен. Қа­зақтың рулық құрылымында, ойланып қараңыз, либерализм де, демократия да бар. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» романы – оқулық. Оқыңыз, ойлаңыз, тыңдаңыз. Рушылдық деген – біз­дің жауларымыздың үрлеп-үрлеп өршіт­кен айла-шаралары. Дана қазақ еш­қашанда ру мүддесін елдік мүддеден биік қоймаған. Ру-ру елдік мүддеге табиғи түрде қызмет еткен. Халық басына күн туғанда ру басшылары (Ел Ағалары дей беріңіз – Е.Ғ.) бір­кісідей атқа қонған. Сондықтан, Ұлы Далаға ие болғанбыз.

***

Тәуба, Әбу Насыр әл-Фарабиден хакім Абайға дейін 9 ғасыр. Осы уақытта әлемде не болмады.

Империялар құлады, ха­лықтар жойылды, қырғын-алапаттар орын алды, бірақ әл-Фараби ойлары шашырап қалмай, хакім Абай­ға жетті. Рухани сабақтастық үзіл­меді. Мұсылман-түрік халқы өзінің құндылықтарына ие болды. Бүгінде осы мол мұраның мұрагері біз – қазақ елі болып, екі ғұламаның басын қосып мерекелеудеміз. Бұл теңдесі жоқ, тарихи оқиға, осы сана, сөзсіз ел ішінен Ел Ағаларын өсіреді. Олар билік пен халық, билік пен жастар арасындағы көпір болмақ. Басқа амал жоқ, ағайын! 

Ғарифолла Есім,

академик, жазушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<