ЕЛІНЕ ҚАДІРЛІ ҚАЙРАТКЕР

122

0

Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері И.Әбдікәрімовтің туғанына 95 жыл. Осыған орай қайраткер есімін иеленген Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінде еске алу шаралары өтті. Ардақты азаматтың өмір жолын ұлықтауға оқытушылар, студенттер және туған-туыс, әріптестері қатысты.

Сыр елінде халықты ұйымдастыра, ұйыстыра білген, елдің құрметі мен алғысына бөленген, абыройлы еңбек еткен аудан, облыс басшылары аз емес. Олардың ішінен азаматтық, парасатты қасиеттерімен ел есінде ерекше сақталған Исатай Әбдікәрімов өнегелі өмір кешті, кейінгі ұрпақ айта жүрер із қалдырды.

Ұлы перзентінің еліне сіңірген ерен еңбегін ел жадында мәңгі сақтау мақсатында ұйымдастырылған игі шараны колледж директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев ашты.

– Заманының тұлғасы болған Исатай Әбдікәрімовтің бейнесі күн өткен сайын биіктей береді. Бүкіл саналы ғұмырында адал да таза, абыройлы еңбегімен қоғамның да, халықтың да алдында сүрінбей, кейінгіге үлгі боларлықтай із қалдырған ағамыздың өмірі бізге өнеге. Қазақ елінің тағдырлы тарихында замана жүгін арқалаған азаматтар аз болмаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз алдыңғы ұрпақтың абыройлы істерін жалғап, бізден кейінгі ұрпақ жадында жүретін жол саламыз» деген ұлағатты сөзі бар. Міне, 95 жылдығын атап өткелі отырған мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов – осындай айрықша болмыс иесі, – дей келе, азаматтық болмысы мен ел басқарушылық шеберлігі жөнінде әңгімеледі.

Шара барысында И.Әбді­кә­рімов­­тің өмір жолы жайында де­ректі фильм көрсетіліп, естеліктер айтылды.

Исекең, облыстық партия комитетін басқарған жылдары облыста ауыл шаруа­шылығы жаңа деңгейге көтерілді. Ауыл шаруашылығы маман­дарын, құрылысшыларды, инже­нерлерді даярлайтын Жамбыл гидро­мелиоративтік құрылыс инс­ти­­тутының филиалы ашылды. Қайраткердің қолдауымен ашыл­ған оқу орнынан қаншама жас мамандық алып шығып, Сыр өңірінің дамуы жолында еңбек етті.

Ел экономикасының қалып­та­суына, халықтың мәдени-рухани өмірін жақсартуға еңбек сіңірген, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов қандай құрметке де лайық.  Социалистік Еңбек Ерін еске алу шарасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, отбасы атынан аз қамтамасыз етілген студенттерге ас берілді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз