Еліне еңбегімен еленген

399

0

Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»  деуі тегін болмаса керек. Еліне еңбегімен танылған сондай азаматтың бірі – Мәжит Сағидатов.
Ол 1929 жылы Жамбыл атындағы колхозда дүниеге келген. Еңбек жолын 1944 жылы өзі туған ауылдағы №32 орта мектепте есепшіліктен бастаған. Содан кейін аудандық партия ко­митетінде қызмет атқарды. 1960-1964 жылдары Алматы қа­­ласындағы Жоғары партия мек­тебінде оқыды. Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін «Мәдениет» совхозы партия ко­митетінің хатшысы, 1988-1989 жылдары совхоздың халықтық ба­қылау тобының төрағасы қыз­метін атқарды. Ол ауданның, ауылдың белгілі азаматы болды. Бүгінде тірі болғанда 90 жасқа келер еді.
Мәкең «Мәдениет» совхо­зын­да қызмет атқарған жыл­да­ры шаруашылық жылдан-жыл­ға өсіп, құлашын кеңге жайды. Жаңа үлгідегі мектеп, клуб, балабақша, қонақ үйі, әуез мек­тебі салынды. Сауда ор­та­лығы жұмыс жасады. Совхоз есе­бі­нен демалыс үйлері мен ту­рис­тік сапарларға тегін жолда­ма­лар берілуге ықпал етіп отыр­ды. Парк ашылып, ағаштар отыр­ғызылды. Ол кісі адамға деген қамқорлықты бірінші орынға қоя­­тын. Өздерінен ауысқан ет, сүт өнімдерін мемлекетке өткізуге белсене араласып, ха­лық­­тың әл-ауқатын арттыруға, жағ­дайын жақсартуға күш сал­ды. Әр аптаның дүйсенбі кү­ні партия ұйымының есебін тың­дап отыру дәстүрге айналды. Мұн­дағы мақсат – ұжымдағы моральдық, әлеуметтік ахуалдың қандай дәрежеде екеніне көз жеткізіп, істің жайын жақсартуға нақты ықпал ету.
Ауыл ақ күріштің фабрикасы атанды. Облыста алғаш рет жүз мың центнер күріш алынды. Күріштен тау тұрғызылды. Ол  іскер басшы Мәжит Сағидатов, совхоз директоры, Социалистік Еңбек ері Ұ.Еспановтың еңбегі еді.
Мәкең партия жұмсаған бар­лық учаскелерде өзінің күш-жігерін аямай еңбек етті. Ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды, «Ауданның құр­метті азаматы».
Мәкеңнің ниеті таза, кісілігі мен адамгершілігі, ақыл-пара­са­ты, кішіпейілділігі, қарапайым­дылығы мол жан еді. Қабілет-қарымы, ұйымдастырушылық да­­­рыны, айналасындағыларға қам­­­қор-қайырымдылығы сол кез­­ден-ақ байқалып тұратын.
Өмірде оқыған-тоқыған, парасат-пайымы мол, ел басқару дағдысын меңгерген азамат болып шыңдалуына оның өзінің мінез-құлқы әсер етті. Қазір ардақты ағам мен Үмітжан жеңгемнің артында қалған ұрпақтарын көргенде көңіл ажарымыз ашылып, бір серпіліп қаламын. Жеңгем сауда саласында қызмет жасады. Достары, жолдастары көп болатын. Алтын жүректі ағамның артында қалған ұрпақтары – оның мәңгілік байлығы. Барлығы да жоғары оқу орындарын бітіріп, әртүрлі салада қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Екеуінің арман-мақсаты, көре алмаған қызықтарын, жете алмаған үміт­терін жалғастыратын балалары бар.
Қуандық АХМЕТОВ,
ҚР Құрметті спорт қайраткері.
Жалағаш ауданы,
Мәдениет ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<